Қоғамдық-саяси және мәдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Үкімет басшылары түрлі желеулермен заңдылықтарды өрескел бұзып, мемлекеттік билікті теріс қолданып жатты. Оған өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы “Звезда” және “Ленинград” журналдары туралы қаулысы бұл құбылыстың нақты дәлелі бола алады. Қазақстан партия комитеттері өз жұмысын аталмыш қаулының аясында жүргізді. Москва мен Ленинградта “Лениградтық іс”, “Дәрігерлер ісі” жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы “Бекмахановтың ісі” ұйымдастырылды. Е.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин және тағы басқа кеңес тарихшыларымен бірлесіп Қазақ КСР тарихын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді. Алғашқыда еңбек жоғары бағаланғанына қарамастан, көп ұзамай сынға алынып, әсіресе, кітаптағы ұлт-азаттық көтерілістерге берілген баға қызу айтыс тудырды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы “Правда” газетіндегі “Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін” деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Правда” газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, “Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады”. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4-желтоқсанда 25 жылға сотталды. Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды.
Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан коммунистік партиясы «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде қаулы қабылдады. Көп ұзамай қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталды.
1944 жылы басталып, 1952 жылы Ермұқан Бекмахановтың 25 жылға сотталуымен аяқталған даудың басы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деген ғылыми тұжырым еді.
Қазіргі тарих ғылымында орныққан бұл тұжырымды әуел баста көтерген ғалым сегіз жыл әуре-сарсаңға түсіп, ақыры бір жарым жылын ГУЛАГ абақтысында өткізді. Бекмахановтың саналы ғұмырының он екі жылдық сергелдеңіне кейбір отандық тарихшылар да «үлес» қосты.
Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, осынау «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған» сол кезде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады.. Соның нәтижесінде Бекмаханов қана емес, басқа да ұлтшылдар «табыла қалып», қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, т.б. ғалымдар да сотталды. Ал Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қамауға алу туралы сөз бола бастағанда КГБ офицерлерінің бірінің астыртын жанашырлық ескертуінен кейін Мұхтар Әуезов те табан астында Мәскеуге ұшып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |