Сабақ тақырыбы: Мағжан мен Жүсіпбек. Ритм



Дата07.02.2022
өлшемі19,35 Kb.
#94483
түріСабақ
Байланысты:
Ритм


Сабақ тақырыбы: Мағжан мен Жүсіпбек. Ритм
Оқылым
«Орынбор. 1924-жыл. Майдың - 16.

Ардақты Мағжан!


Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.
Ақылды - не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.
Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің "көгіне өрмелеп шығып күн болатын" үміткер ақын да сенсің. "Жаралы жанды", "Қорқытты", "Баянды" берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен "әттең ғана" деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің "сұм өмір" деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, "бүгіннен" жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?
Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса, күйінсе, оны "жиһан күйігі" деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?
Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? "Торықпа, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) "от" бар - деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды - "болды" деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз - әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?
Пушкинді - Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен - туысың қазақтың, адымың - қарға, елің - мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. "Қу өмір, сұм жалған", "жауыз жазым" дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы - адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның ( иманына - ?) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.
Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.
Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түрткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.
Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали".
Ырғақ, ритм (грек. rhythmus – үйлесімділік, réo – ағу) – музыкалық дыбыстардың заңдылық өлшемде алмасуы. Ырғақ - музыка, поэзия, бейнелеу өнері мен архитектурада негізгі мәнерлеу және түр тудыру құралдарының бірі. Кез келген шығарманы белгілі бір ырғақпен, белгілі бір әуен жүйесіне салып айтатынымыз жасырын емес. Керек десеңіз, қолына қалам ұстамаған кез келген әңгімешінің өзіне ғана тән әңгіме айту машығы, өзіне ғана тән ырғағы бар екенін көз алдыңызға елестете аласыз. Поэзияда мынадай да түсінік бар, кей ақындар мойындағандай бірінші ырғағын тауып алып, сосын оны сөзбен толықтырады деген. Мұның да астарында аз да болса шындық жатуы әбден мүмкін. Ал ырғақ ол кез келген істің, ол мейлі шығармашылық болсын, мейлі қарапайым тұрмыстық болсын, атқарылуының негізгі тетігі екенін көбіміз мойындағымыз да келмейді. «Ырғақ деген не? Ырғақ, яки ритм – қимылдың, құбылыстың, үннің, жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақ – жасанды емес, – дейді З.Қабдолов – табиғи нәрсе, өнерге ғана емес, өмірдің өзіне де тән нәрсе, мезгілімен келіп, мерзімімен кетіп тұратын жаз бен қыс, көктем мен күз, күннің шығуы мен батуы, толқынның жағаға соғуы мен қайтуы, – Тютчевше айтсақ, мәңгілік тасу, тартылу – түп-түгел ырғақты құбылыстар». Адамның қимыл-қозғалысы, жүрек соғысы… – бәрі ырғақ. Ырғақ өнерге де қатысты, көркемөнердегі бейнелі, суретті, эмоциональды ұғымдар көңіл-күйден туындайды, олай болса көркем проза ырғақтан тыс болмауы тиіс.
Тапсырмалар:

  1. Жүсіпбек Аймауытовтың Мағжанға жазған хатын оқыңыз.

  2. Хатта Жүсіпбектің берген пікірінен Мағжанның поэзиясына тән ерекшеліктерді теріп жазыңыз.

  3. Жүсіпбектің Мағжанға берген бағасына сүйене отырып, «Мағжан қандай ақын?» сұрағына шағын ойтолғау арқылы жауап беріңіз

  4. Хат арқылы Жүсіпбек пен Мағжан арасындағы достыққа баға беріңіз.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет