Өмірбаяны
Әкесі Ибраһим лашық үй жасаумен шұғылданған, “һайям” – осы кәсіпке байланысты туған атау.
Ғұмыры Балх, Самарқанд, Мерв, Исфаһан, т.б. қалаларда өткен. Әйгілі ғұламалардан дәріс алып, Аристотель мен ибн Синаның философиялық көзқарастарын қолдаған.
Араб, парсы тілдерін қатар меңгерген ол “Болмыс және борыш туралы трактат” (1080), “Үш сауалға жауап”, “Жалпы ғылыми пән туралы ақылдың нұры”, “Өмір сүру туралы трактат” (1980 – 91), “Наурызнама” (1095 – 98), “Өмір сүрудің жалпылық қасиеті туралы трактат” (1105 – 10), т.б. философиялық еңбектер жазды.
Салжұқ сұлтанының тапсыруымен күнтізбеге реформа жасады. Бұл күнтізбе бойынша әрбір 33 жылда 8 кібісе 7 рет 4 жыл сайын, 1 рет 5 жылдан кейін болады. Оның жыл санауы Григорий күнтізбесінен анағұрлым дәл. Омар Һайям еңбектерінің басым бөлігі математика ғылымының үлесінде. “Алгебра және әлмұқабала мәселелерін дәлелдеу туралы” трактатында математикалық тарихында тұңғыш рет үшінші дәрежелі теңдеулерді саралап, оларды шешудің жүйесін жасауға талпынды, куб теңдеулердің әр түрінің (барлығы 19) түбірін геометриялық тәсілмен шешуді ұсынды. Үш кітаптан тұратын “Евклид еңбектеріндегі қиын тұжырымдарға түсініктеме” зерттеуінің “Параллель түзулердің шын мәні туралы” деп аталатын бірінші кітабында Евклид ұғымына дәл келетін параллель түзулердің жаңа теориясы баяндалған.
Омар Һайям медицина, музыкалық теориясымен де шұғылданды.
Омар Һәйәмнің әулиелігі
Әйгілі шығыс ақыны Омар Һәйәм Низами Арузи деген жан досына бір көңілді отырыстың үстінде өз мәйітінің жылына екі рет гүл шашатын жерге орналасатындығын айтып қалады. Бірақ айтылған сөз айтылып кетті, оған ол кезде ешкім де мән бермеген шығар. Алайда жиырма үш жылдан кейін ақын дүние салғанда әлгі досы қабірдің басына барып Құран оқиды. Ол қабір көркемдікке көмілген Нишапурдағы миуа бағының іргесінде орналасқан болатын.
Рубаи-төрт жолды өлең. Тағандарының ерекшеліктері
Омар Һайям әлемге аян төрт тағандардың (рубай) авторы.
Өлеңдерін парсы тілінде жазды, оның ақындығын алғаш таныған (1176) ғалым Байхаки еді.
Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кәрілік, махаббат пен зұлымдық, құштарлық пен тақуалық парқын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызды.
Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген, ол әділетсіздікке қарсылық білдірді, қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ойларын батыл айта білді.
Өз ойын жеткізу үшін белгілі дәрежеде бейнелеу тәсілдерін қолданды. Мысалы, құмыра, пияла, дүкен, шеберхананы жырлау арқылы жаратушы мен әлемнің, адамның арақатынасын сипаттаса, адам мүрдесі топыраққа айналған жерден өсіп шыққан гүлді өмір мен материяның мәңгілік құбылысы ретінде бейнеледі.
Ақын өлеңдерінде махаббатты жырлау арқылы метафоралық терең ой тұжырымдалды.
Оның өлеңдерінен ақиқатқа талпыныс, тіршіліктің мәнін парықтау мен енжарлықты, екіжүзділікті әжуәлау сарыны байқалады.
Омар Һайям өлеңдері аз сөзбен келелі ой айтуымен, қарапайым сөздердің өзара жарасымды үйлесім тауып, әуезді болып келуімен ерекшеленді.
19 ғасырда Э.Фицджеральд ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударды (1859). Бұл аударманы ғалым Теннисон “жаңадан ашылған планетаға” теңесе, кей ғалымдар тақырып әуендерін өзінше өзгертіп, кейде қосымшалар енгізіп жіберген деген пікір айтады (Идрис Шах “Суфизм”, М., 1994, 193 – 201-б.). Омар Һайям рубайларының І.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев “Иранбақтың бұлбұлдары” атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Һайям өлеңдерін аударды (2004). Омар Һайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан
Ақын зираты
Достарыңызбен бөлісу: |