Сабақ тақырыбы: Сынның идеялығы. Негізгі сұрақтар



бет1/2
Дата11.12.2021
өлшемі37,16 Kb.
#99500
түріСабақ
  1   2
Байланысты:
14 Апта Әдеби Сын



14-практикалық сабақ тақырыбы: Сынның идеялығы.

Негізгі сұрақтар:

1. Сынның идеялылығы

2. Идеялылықтың  сыншыға берер пайдасы.
Қазақ халқының рухани-мəдени мұрасын ғылыми негізде игеру мен зерттеуде өрескел қателіктер, бұрмалаушылықтар белең алып, партиялық қаулы-қарарлар арқылы жүзеге асырылып отырған тұтас кезеңдер болды. Оның туындау себебі — Сталиннің «Большевизм тарихының кейбір мəселелері туралы» хаты кейінгі идеологиялық өктемдікке жол ашып, қатерлі роль атқаруында. Мəселен, аталған хат бойынша 1932 жылы дайындалған ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің мəдениет жəне насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» нұсқау-құжаты түсіндірме хат түрінде жарияланды.

Идеология қызметкерлері басшылыққа алуға тиіс болған аталған нұсқау-құжатта əдеби сынның қай бағытта жұмыс істеу керектігі анық көрсетіліп, «Қазақстанда социализм құру кезеңінің міндеттері мен əдеби сынның мəселелеріне ерекше назар аударылсын», — деп жазылды [1; 242]. Сол арқылы «ұлтшыл», «алашшыл» атанған ақын-жазушыларға қарсы күрес науқанына жол ашты да, соңы «халық жауларын» əшкерелеу, қуғын-сүргін, атып-асуға ұласқан-ды. Бұл, біріншіден, ұлт зиялыларын құрту арқылы тұтас халықты мəңгүрттендіруге бағытталған қатал саясат болса, екіншіден, идеологиялық қыспақтың ұстанған, діттеген бағытын да анық танытты. 1939 жылдың 7 ақпанында қабылданған «Қазақстандағы искусство мен əдебиетті бұдан былай да өркендету туралы» Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен ҚК(б)П Орталық Комитетінің қаулысы «халық жауларын» əшкерелеп болған саяси науқаннан соңғы əміршіл-əкімшіл жүйенің əдебиет пен өнерге жанашырлық кейіп танытқан қитұрқы амал болғаны анық. Сталинизм əкелген қасірет пен зобалаңның КСРО кеңістігіндегі рухани өмір мен қоғамдық өзгеріске тигізген залалы туралы орыс ғалымдары «Сталинді жəне сталинизмді зерттеп білмейінше 30–50-жылдардағы кеңестік өнердің зор трагедиясын білу мүмкін емес, одан қандай құнарлықтар қалды, тіпті қалмады ма, сол ауыр кезеңде талантты адамдар қалай өмір сүрген?» — деп жазады [2].
Ал қазақ əдебиеті мен мəдениеті, тұтас əдебиеттануы дағдарысқа қаншалықты ұшырағанын жəне де ойранды жылдардан соң жандануы мен қалыпты арнасына түсуінде қандайлық қиындықтар болғанын байыптау қиын емес. Осы мəселеге қатысты қазақ əдебиеті сынының тарихын зерттеуші Т.Кəкішев 30-жылдар ойраны туралы айта келіп, «қабындап өсіп келе жатқан жас толқынның ағалар арқалар көркемдік ауырлықты белдері қайыса, бақайлары майыса əзер дегенде мертікпей көтеріп кеткендері абырой болды. Əйтпесе «Қазақ əдебиеті» деген ақтаңдақ пайда болуға əзер-ақ қалған еді» — деп жазса [3; 328], 1930-жылдардағы əдеби сынды əдебиеттанудың бір саласы ретінде қалыптасуымен сабақтастықта қарастырған Д.Ысқақұлы «Біздің бүгінгі таңда да мəңгүрттік, нигилистік көзқарастардың шылауынан шыға алмай келуіміздің басты себептерін де осы отызыншы жылдарда Сталин жүзеге асырған саясаттан іздеуіміз керек сияқты» деген пікір түйеді [4].

Қазақ əдебиеттануында қолға алына бастаған ізденістердің маркстік-лениндік дүниетаным талаптарына сай емес деген желеумен теріске шығарылуын көрнекті ақын-жазушы, əдебиетші- ғалымдарды қуғын-сүргінге түсіргенін айтумен бірге ұлттық сын мен əдебиеттануды белгілі бір идеология қолшоқпарына айналдырғанын байқаймыз. Сол себепті де сын мен əдебиеттану ғылымы маркстік-лениндік əдіснаманы түпкілікті басшылыққа ала отырып, дəуір талабы жүктеген келелі істерді қолға алуға, яғни өзінің өткен жолын, біржақты терістей отырса да, жаңа бағыттағы ізденістерге ден қоюға мəжбүр болды. Бұл жерде ұлттық əдебиеттану, соның ішінде əдеби сын идеологиялық қыспақ пен теперішке толы 1937–38-жылдар қасіретінің қиянатын өткергенімен, 1940 жылдары өзінің жетілу, қалыптасу кезеңіне қадам басқанын атап өткен жөн. Ашығын айтсақ, ұлттық əдеби сын өзінің тарихи туу жолындағы қиын-қыстаулы кезеңдерінде ерінбей-жалықпай, тіпті ұлтшыл атандыратынын біле тұра, басын бəйгеге тіккен сын сардарлары мен сарбаздарының 1940 жылдардан басталатын жаңа дəуіріне қадам басты. Профессор Т.Кəкішев оны «қазақтың ұлттық əдеби сынының қалыптасу дəуірі» деп атағаны мəлім. Оның алғашқы қадамдары 30-жылдардың соңында-ақ белгі бере бастағаны анық. Біріншіден, А.Байтұрсыновтың «Əдебиет танытқышы» ғылыми қолданыстан шығарылып тасталса да, ұлттық əдеби-теориялық ой-пікірде ізденістердің жалғасып жатқанын дəлелдеген Қ.Жұмалиевтің «Əдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Əдебиет теориясының мəселелері» (1940) секілді еңбектері жарық көрсе, екіншіден, мектеп оқулықтары мен оқу құралдары жазылды. Сондай-ақ қазақ əдебиеті тарихын жасау, дəуірлеу мəселесіне қатысты Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев мақалалары, классикалық мұра, соның ішінде С.Торайғыров, М.Өтемісұлы, Ш.Уəлиханов, Нарманбет, Əріп, Ақмолла сынды ақындарға қатысты 1939–40-жылдары жарық көрген мақалалар əдебиеттанудың өзекті мəселелерін көтерумен қатар, оның ғылыми сипатынан таза айрылып қалмағанын аңғартты.

Отызыншы жылдардың соңында əдеби сынның көлемі азайғанымен де, оның зерттеушілік жағы, ғылыми сипаты анықтала түсті. 1939 жылдан бастап «Əдебиет майданы» журналы «Əдебиет жəне искусство» деп аталды. Журналда «Сын жəне библиография» деген айдар ашылып, онда сыни мақалалар жүйелі түрде жариялана бастады.

Əдебиеттанудың қалыптасу барысында сын мен əдебиет туралы ғылым қанаттаса, дамығанын да назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Өз кезегінде əдеби өркендеу үрдісі үзілген жерде сынның да дамуы тежелетіні, дағдарысқа ұшырайтыны мəлім. Қазақ əдебиеті тарихында есімдері ерекше аталатын Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, Б.Майлиндердің атылуы, М.Əуезовтің қуғын-сүргін көруі, ұлттық сөз өнерін дағдарысқа ұшыратқаны, оның көркемдік дамуына зор нұқсан келтіргені — бүгінгі əдебиеттануда аз айтылып жүрген жоқ. Ең бастысы, əдеби өркендеудегі тарихи сабақтастыққа, дəстүр мен жаңашылдық арнасына сызат түскені ұлттық сөз өнерінің шынайы даму бағытына, жанрлық сипатының кемелденуіне кереғар əсер етуінде десек, М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды қаламгерлердің əр саладағы ізденістері əдебиетімізді заман талабынан туған осы дағдарыстан арылтты. Бұл мəселеге байланысты қазіргі əдебиеттануда «1937–38-жылдардағы ойранға дейін де жəне одан кейін де көркем сөз өнері, оның ішінде, əрине, проза тұйыққа тірелді деу — артық. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды алыптарынан айрылып, əдебиет тоқырау індетіне душар болса да, мүлдем тосылып қалған жоқ. Алдыңғы буын айта алмай кеткен өрелі ойды, аяқтай алмай кеткен іргелі істі С.Мұқанов, М.Əуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин есімді көрнекті жазушылар одан əрі жалғастырды. Əңгіме, повесть, роман жанрларында елеулі-елеулі шығармалар жазылды» деген байыпты пікірлер айтылуда [1; 196].

Ал поэзияда Т.Жароков, Ə.Сəрсенбаев, Ə.Тəжібаев, Қ.Бекхожин, Ж.Саин, Қ.Аманжолов, Д.Əбілов, А.Тоқмағамбетов, Қ.Əбдіқадыров, Ж.Сыздықов, И.Байзақовтар жаңа өлең, поэмаларымен көрінсе, 1939 жылы Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», С.Мұқановтың «Ботагөз» романдары жарық көрді. Шынын айтқанда, 40-жылдардан бастап қазақ əдебиетінің қай жанрда болса да жазылып жатқан туындылары социалистік реализмнің əдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялығы секілді қағидаларын басты назарда ұстануына мəжбүр болды. Кеңестік идеология талап-тілектері əдеби сынды да осы қағидаларды негізге алуына, кез келген шығарманы талдап-талқылауда, баға беруде саяси жəне социалистік тұрғыда келуіне мəжбүр етті. Бұл тек қазақ əдебиетіне ғана емес, тұтас кеңес əдебиетіне де тəн құбылыс болатын. Қазіргі кезде сол тұстағы идеологиялық өктемдікті орыс əдебиеттануы «Кеңес империясы құлағаннан кейін кеңестік əдебиет империясы да біржола құлады» деп түсіндіреді. Ал қазақ кеңес əдебиеті де саясат шоқпарының құқайын аз татқан жоқ.

Қазақ кеңес əдебиетінің əр жанрдағы серпілісі, өрісі тарылып солақайлыққа ұрынуы — əдеби сынның заман талабына сай жаңаша жандануына белгілі бір дəрежеде ықпал етті. Мысалы, 1930- жылдар ортасындағы əдеби сындағы формализм мен натурализм туралы, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров шығармалары туралы сыншылдық пікірталастың репрессия тұсында желісі үзілсе, мұндай үрдіс 1939 жылы қайта жалғасын табуға ұмтылыс жасап, əдеби-теориялық тұрғыда талдаудағы ізденістерге мұрындық болды.

Мəселен, 1939 жылы 3 маусымда С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романына əдеби талдау болып, сыншы Е.Ысмайылов шығарманың тақырыптық-идеялық жəне көркемдік сипаты туралы баяндама жасады. Ал баспасөз бетінде Б.Кенжебаевтың «Жұмбақ жалау», Е.Ысмайыловтың «Жұмбақ жалау туралы», Ж.Жұмахановтың «Жұмбақ жалау» атты сын мақалалары жарияланып, романның жетістіктері, кемшіліктері сөз болды. Əрине, аталған туындының таптық сипатына баса назар аударылғанымен, көркемдік мəселесі де өткір қойылды. Бұны əдеби сынның репрессиядан соң өзінің шын мəніндегі табиғатын, басты мақсатын, яғни туындыны теориялық жəне ғылыми негізді сын тезінен өткізу болып табылатынын, байыптаған талпынысы еді деп бағалауға болады.

Əдеби сында орын алған солақайлық пен олқылықтардан арылу жолында оған белгілі бір дəрежеде қозғау салатын сын жанрлары қатарында проблемалық сын мақалалардың алар орны маңызды. Бұл орайда Ғ.Мүсіреповтің «Өсер əдебиетке өсірер сын керек», С.Мұқановтың «Проза жəне сын туралы», М.Əуезовтің «Жақсы сынға жанпида», Е.Ысмайыловтың «Келелі үш мəселе» мақалалары сынды жандандыру, оған эстетикалық сипат дарыту мақсатын көздеуі де соның нақты дəлелі болса керек.

Егер де 30-жылдар ортасында, яғни репрессиялар тұсындағы, сында полемикалық мақалалар табиғаты «халық жауларын» əшкерелеу, шығарманың «ұлтшылдығы» мен «буржуазиялық» белгісін айқындау тұрғысында өрбігенін айтар болсақ, 30-жылдар соңында ондай басты кемшіліктен арылуға деген талпыныс айқын байқалды. Мысалы, Ғ.Мүсірепов «Өсер əдебиетке өсер сын керек» мақаласында «сыншы емеспін, жазушымын, сынаушы емен, сыналушымын. Бірақ, сыншы кім оны да білгім келеді» дей келіп, сынның ғылыми сын, халық сыны түрлерін нығарлай ескертеді. «Арзанқол, құр айқай» сынның орын алуы, оның əдеби дамуға тигізген зардабын байыптай кеп, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов баяндамаларындағы əдебиет мəселелеріне қатысты кейбір үстірт пікірлерімен ғылыми негізді, эстетикалық сипаттағы полемикаға түседі.

Полемикалық сынның эстетикалық арнаға бет бұруының ендігі бір көрінісі ― «Жақсы сынға жанпида» атты М.Əуезов мақаласы болды.
М.Əуезов С.Мұқановтың «Проза жəне сын туралы» сыни мақаласындағы кейбір даулы мəселелермен ой бөлісіп, өзінің байыпты пікірін білдірді. Жазушы полемикалық сынның тамаша үлгісін таныта отырып, өзінің «Айман–Шолпан» пьесасына қатысты айтылған С.Мұқанов пікірімен келіспейтін тұстарын дəлелдеп көрсетеді. Қаламгер халық ауыз əдебиетіндегі «Айман–Шолпан» жыры мен өз пьесасының сюжеттік желісі, тартыс сипаты жəне кейіпкерлер сомдау ерекшелігіне салыстырмалы тұрғыда баса назар аударады. Əсіресе Көтібар бейнесіне қатысты ғылыми пікірлер түйеді. Лиро-эпостағы, либреттодағы, пьесадағы жəне нақты өмірдегі Көтібар болмысының ара-жігін ашуда С.Мұқанов тарапынан кеткен ғылыми алшақтықты парасатты пайымына, ғылым тезіне салады.

«Сынай көрме» деп сенің қаламыңа ешкім жармаспайды. Бірақ айтқанын дəлелдеп, таратып алып, объективті келіп қорытсақ болмай ма?» деген пікірінен де ғылыми нақтылыққа шақыруын көреміз [5; 155]. Дүдəмал ділмарлық емес, парасатты пайымға шақырған М.Əуезов туындап отырған дəйексіздікті түзету қажеттігін лиро-эпос, либретто жəне пьеса негізінде ғылыми екшеу арқылы жүзеге асыру керектігін де ескертеді.

«Тек сын атынан қиястық жүрмесін, дəлел орнына далбай жүрмесін» деген пікірі қатты айтылғанына қарамастан, С.Мұқанов пікірінің үстірт топшылауын сын тезіне салудағы М.Əуезов байыптылығын тағы бір дəлелдей түседі [5; 156].

Ғ.Мүсірепов М.Əуезовтің полемикалық мақалалары, біріншіден, ендігі кезекте сын əдебиеттің мүддесін көздеп, ғылыми-зерттеушілік, əдеби-теориялық нақтылықты темірқазық етіп ұстану қажеттігін көтерсе, екіншіден, сынның объективтілігі, эстетикалық, ғылыми негіздеріне үңілуге жəне оған нақты бағыт-бағдар беруімен ерекшеленеді. Шын мəніндегі сын табиғатына қатысты Ғ.Мүсіреповтің «өткір сын», М.Əуезовтің «жақсы сын» деген анықтамалары да ғылыми жəне эстетикалық сынға ғана жүктелер келелі міндетті күн тəртібіне өткір қоюымен де дараланады.

Соғыс жылдарында қазақ əдебиетінде бірсыпыра жаңа шығармалар жарияланып, мұның өзі əдеби сынға мол жауапкершілік те жүктеді де, əдебиеттің жайы мен міндеттерін, олардың жетістігі мен кемшілігін саралаған сын мақалалар молынан жазылды. Егер де 30-жылдар соңы мен 40-жылдар басындағы əдебиеттануда əдебиет тарихын жаңа мектеп бағдарламасына сай жүзеге асыруға баса назар аударылса, ендігі кезекте əдеби сын сөз өнерінің проблемалық, яғни теориялық, жанрлық мəселелеріне де ерекше ден қоя бастады. Бұл ретте М.Ғабдуллин, А.Тоқмағамбетовтің «Əдебиеттегі сын мəселесі туралы», М.Ғабдуллиннің «Əдебиеттегі жағымды образ туралы», Н.Сауранбаевтың «Қазақ əдебиет тілі жəне оның терминологиясын жасау туралы», С.Сейітовтің «Жақсы кітаптар», «Жазушы өз дəуірінің қайраткері болу керек», Ə.Тəжібаевтың «Қазақ əдебиетінің бүгінгі міндеттері», Е.Ысмайыловтың «Соғыс кезіндегі қазақ поэзиясының жайы мен міндеті туралы», «Бүгінгі өмірдің жыры туралы», «Қазіргі поэзиядағы Отан қорғау тақырыбы» атты мақалаларын атауға болады. Сондай-ақ қазақ драматургиясы мен театр, өнер сыны да даму үстінде екенін байқатты. Мəселен, М.Ақынжановтың «Арманы мол, дəрменсіз пьеса» (Ш.Құсайыновтың «Марабай» пьесасы туралы), М.Əуезовтің «Марабай мен Мардан», Қ.Бадыровтың «Жаңа міндеттің бастамасы» (Ə.Əбішевтің

«Жолдастар» пьесасы жайында), Б.Кенжебаевтың «Жолдастар», Е.Ысмайыловтың «Абай образы» («Абай» пьесасы жөнінде), А.Лекеровтің «Жеңіске шақырады» («Намыс гвардиясы» пьесасы жайында) секілді сын мақалаларында қазақ драматургиясының жай-күйі, даму жолындағы жетістіктер мен олқылықтар қарастырылды.
Осы рецензия сипатындағы мақалаларда аталған пьесалардың көркемдік сипатынан гөрі, идеялық арнасына көбірек мəн берілді. Оның өзі заңды да. Оның себебі — тарихи кезең өнерпаз тұлғалардың өнердегі асқақтығы мен Отан қорғаушы ерлердің өршілдігін дəріптеуді талап етті.

Ал соғыс жағдайындағы өмір шындығын қазақ драматургиясында реалистікпен суреттеудегі бағытындағы үстірттіктерге əдеби сын тереңдеп дендей алмағанын айта кетуіміз керек. Бұл орайда М.Əуезовтің «Намыс гвардиясы» туралы Б.Момышұлының пікірі ― əдеби сын тереңдеп бара алмаған мəселені объективті қарастыруымен құнды. «Елгезек солдатты, мойынсұнғыш, өте əділ, айбынды, ер жүрек, қарапайым жауынгерді қайда жібергенсіз? Сіздің Төлегеніңіз ұрыс даласының солдатынан гөрі, сахна сайқымазағына айналған» деген пікірі Ұлы Отан соғысы жылдары жазылған қазақ драматургиясындағы майдан даласын көрмей, білмей жазу секілді елеулі олқылықты дөп басуымен ерекшеленеді [6]. Əсіресе қазақ драматургтерінің көркемдік жəне идеялық сипаты жоғары пьесалар жазуда өмір шындығынан жырақ кетіп, оғаштықтарға баруының өзіндік себептері де жоқ емес. Өйткені майдан даласын, ұрыс алаңын, солдат психологиясын терең игеруге уақыт мүмкіндік бере бермеді.

Отызыншы жылдарда көріне бастаған жас ақындар үшін бұл кезең жаңа өрлеу дəуірі болғаны анық. Ал танымал ақындар Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Ə.Тəжібаев, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Ə.Сəрсенбаев, Ж.Саин, Д.Əбілов, Қ.Бекхожиндердің осы тұста ақындық дарындары өзіндік сипаттарымен көрінеді. Соғыс жылдарында қазақ ақындарының қатары өсіп, поэзияға қосылды. Əдебиетке Х.Ерғалиев, С.Мəуленов, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов, Қ.Жармағамбетов, Қ.Шаңғытбаев, З.Қалауова, тағы басқа ақындардың жаңа буыны келді. Аталған ақын-жазушылар шығармалары оның көркемдік дамуға ықпалын əдеби сын назардан тыс қалдырмай, көркемдік ерекшелігі, сонылығы тұрғысынан бағаланып отырды.

Əдеби сынның жанрлық сипаты да толыса түсті, атап айтқанда, проблемалық жəне шолу мақалалар, шығармашылық портрет, эссе сияқты түрлері жиі көріне бастады. Мысалы, Е.Ысмайыловтың «Ақындық өнерге жетілу — өмір шындығын ақиқат бейнелеудің дұрыс жолы»,

«Ақындық талант өз орнына жұмсалсын» атты проблемалық сын мақалаларында қазақ поэзиясын өршіл романтикамен қанаттандыру, қазақ лирикасының теориялық мəселелері кеңінен талданды. Сыншы қазақ поэзиясын көркемдік тұрғыдан дамыту келелі де өзекті мəселе екеніне басты назар аудара кеп, «бізге шын мағынасындағы көркем, идеясы терең мəдениетті лирикалар керек. Бізде жетілмеген, тумаған романс, баллада, сонет тəрізді лириканың толып жатқан қысқа түрлері поэзиямыздан көрінуі керек» деген биік өрелі көркемдік талаптар қойып, ақындарды тың жанрларда ізденістерге шақырды.

Сондай-ақ сыншы сол тұстағы қазақ поэзиясына тəн басты олқылықтарды да назардан тыс қалдырмай, көркем туынды табиғатын эстетикалық тұрғыдан бағалау керектігін ескертті. Ақындық мəдениет пен шеберлікті шыңдау, түрлі көркемдік бейнелеу тəсілі арқылы қазақ поэзиясының сапалық деңгейін көтеру мəселесіне айрықша назар аударды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ поэзиясының биік шыңы, ірі жетістігін айтқанымызда Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы айрықша аталатыны заңды. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы поэзиядан, əсіресе Қасым Аманжоловтың шығармаларының алатын орнын ерекше атап өтуге тура келеді». Сол себепті де Қасымның аталған поэмасы əдеби сын тарапынан жоғары бағаланды. Көркемдік деңгейі биік соны туындының эстетикалық сын тудыруы да заңды. Бұл ретте сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Майданнан соққан жаңа леп» мақаласы 40-жылдардағы эстетикалық сынның үлгісі ғана емес, жаңаша байыптау жəне талдау сипатындағы мақала болуымен ерекшеленді.

«Поэма майданда ерлік көрсетіп, елі үшін қаза тапқан ақын жайында, ақын Қасым жанының бар толғануын, кек күшін, сезім тереңдігін бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сөзімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін өртеп, жүрегін тербеп шыққан» деген пікірі арқылы поэманың құдіретті күшін, Қасымның ақындық қуатын жоғары бағалады [7; 187]. Сондай-ақ Ə.Сəрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңінің шынайылығын, ақындық мəдениетін асқан білгірлікпен талдай білді. «Қасым мен Əбудің осы екі шығармасы майдандағы ақындарымыздың ойлау, тереңдеу үстінде екендіктерін де дəлелдейді…, өйткені бұл өлеңнің екеуі де «байырғы даңғыл» емес. Осы күнгі барлық кеңес поэзиясының жақсы үлгілерімен салыстыруға болатын шығармалар» деген сындарлы пікір білдірді [7; 188].


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет