Әдебиеттер: [17; 18; 19; 20; 21; 22]
4 Музыкалық білім беру педагогикасының өзге ғылымдармен байланысы
Жоспары:
1 Музыкалық білім беру педагогикасының философиялық ғылымдармен байланысы;
2 Музыкалық білім берудегі психологиялық білімдердің ролі;
3 Музыкалық білім беру педагогикасының адамды индивид ретінде қарастырушы ғылымдармен байланысы;
4 Музыкалық білім беру педагогикасының музыкатану, музыкалық білім берудің теориясы, тарихы, әдістемесі пәндермен арақатынасы.
Музыкалық білім беру педагогикасы – зерттеу аясы кең ғылым саласы. Зерттеу пәнінің кеңдігі өрісті болғандықтан оның мәнін тек өзге ғылымдармен байланысы негізінде ғана түсіндіруге болады.
Философия ғылымы жеке тұлға мен қоғам проблемесын қарастырады. Оның міндеті - әлеуметтік дамудың өте-мөте жалпы заңдылықтарын анықтау. Философиялық ғылымдар (диалектикалық және тарихи материализм, ғылымтану, әлеуметтану, этика, эстетика және т.б.) музыкалық тәлім-тәрбиенің мәні мен мақсаттарын анықтауға, оның адамның тұрмысы мен ой-санасына ықпал-әсерін дұрыс есепке алуға көмектеседі, тәрбие бағытын дұрыс жобалауға септігін тигізеді. Ғылым мен қоғамда болып жатқан уақиғалар жөніндегі мағлұматтармен қаруландырады.
Жаңа музыкалық-педагогикалық білімді екшеп алу философияның өзі зерттейтін ғылымтанудың жалпы заңдарына бағынады. Музыкалық-педагогикалық тәжірибенің таразылануы және жаңа педагогикалық тұжырымдамалардың жасалуы философияның теориялық негізіне жүгінеді. Философияның кездейсоқтық пен қажеттік, жалпы мен жеке, ерекше заңдар мен заңдылықтар, өзара байланыс пен өзара тәуелділік, даму және оның қозғаушы күштері сияқты категориялары қайсыбір музыкалық-педагогикалық ой- пікірлердің өзегін құрайды.
Педагогика сияқты музыкалық білім беру педагогикасы да өзінің барлық даму кезеңдерінде философиялық заңдылықтарға негізделеді және өз проблемаларын шешуге, жинақталған практикалық тәжірибесін сараптауда, сонымен қатар оларға баға беруге философияға сүйенеді. Психология ғылымы жетістіктерінің музыкалық білім беру педагогикасы үшін маңызы зор. Психология – психикалық процестердің және адамның тұлғалық сапа-қасиеттерінің даму механизімі мен заңдылықтарын қарастыратын, сондай-ақ жеке тұлғаның дамуын зерттейтін заңдарды жасайтын ғылым. Оқыту мен тәрбие бағытының қай-қайсысы болмасын адам психикасының дамуына негізделеді. Психологияның көптеген ғылыми-зерттеу әдістері музыкалық-педагогикалық проблемалардың шешімін іздестіруде кеңінен қолданылады.
Музыкалық білім беру педагогикасы музыка теориясы, музыка тарихы, музыкалық іс-әрекет психологиясы жөніндегі біліммен қаруландыратын музыкатану ғылымымен тығыз байланыста. Адамзат баласы көне заманнан бері музыканың тегі мен мәнін ұғынуға талпынып келді. Осылайша музыканы тануға деген қажеттілік музыка мәдениетінің интонациялық ерекшеліктерін жинақтаған сан түрлі трактаттарды, ілімдерді, теориялық тұжырымдамаларды өмірге әкелді. Музыкатанушылардың ғылыми ізденістері музыкалық құбылыстарды (музыка жанры, сазгерлердің шығармашылық өмірбаяны), музыкалық мәдени өмірдегі түрлі процестерді, музыканы орындау, музыка тыңдау іс-әрекеттерін, музыканың заңдылықтары және зерттеу әдістері кіретін күрделі иерархиялық және көпфункциялық жүйе ретіндегі музыка өнері мен музыка мәдениетін зерттеуге бағытталады.
Музыкалық білім беру педагогикасы жалпы және музыкалық психология ғылымымен ажырамас бірліктегі тығыс байланыста. Екеуінің зерттеу пәні бөлек болғанымен, объектісі ортақ, ол – даму үстідегі жеке тұлға. Музыкалық білім беру педагогикасының музыкалық психология теориясымен басты байлынысы алдымен категориялық аппататтарының ортақтастығымен сипатталады. Музыкалық білім беру педагогикасы музыкалық білім беру мен тәрбиелеу мәселелерін әр уақытта музыкалық-психологиялық ғылыми мәліметтерге сүйене отырып зерттейді. Егер музыкалық психология музыкалық қабілеттер (музыканы есту, музыкалық сезім, музыкалық ес), музыкалық іс-әрекеттер (музыканы тыңдау, хормен ән салу, музыканы орындау, музыкалық сауаттылық, музыкалық-ырғақтық қозғалыстар), музыкалық-психологиялық танымдық процестер (музыкалық сезім, музыкалық қабылдау, музыкалық ойлау, қиялдау және т.б.) және жеке типологиялық ерекшеліктер (темперамент, мінез, қабілет) жөніндегі білімдер мен қаруландырып, адам психологиясының даму заңдылықтарын зерттейтін болса, музыкалық білім беру педагогикасы музыкалық білім беру мен тәрбие берудің тиімді әдістерін, құралдарын анықтап ашады.
Музыкалық педагогика үшін физиологиялық білімдердің мәні зор. Өйткені физиология адамның биологиялық мәнін (жоғары жүйке жүйесінің жұмысы және жүйке жүйесінің типологиялық ерекшеліктері, сезім мүшелері мен қозғалыс аппаратының, қан тамыры мен тыныс алу жүйесінің қызметі) ұғыну базасын құрайды. Адамның дене күшінің дамуы, организмнің өмір әрекетінің, әсіресе жоғары жүйке жүйесі қызметінің заңдылықтары туралы білімдер түрлі музыкалық іс-әрекеттерді тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
Музыкалық білім беру педагогикасы адамды индивид ретінде зерттейтін ғылымдармен (биология, анатомия, антропология, медицина) табиғи байланысады. Бұның өзі музыкалық білім беру педагогикасының әрқайсына өзіндік ерекшеліктер тән, әлеуметтік ғылымдар кешені мен өзара тығыз байланыста, өзара әрекеттестікте өмір сүріп қызмет атқаратын ғылым саласы екендігін танытады.
Музыкалық білім беру педагогикасының «Музыкалық білім беру тарихы мен теориясы» пәнімен табиғи байланысы – заңды құбылыс. Осы пәннің көлемінде қарастырылатын музыкалық білім берудің заңдылықтары, негізгі қағидалары жөніндегі білімдер музыканы оқытудың теориялық негіздерін меңгеру процесін зерделеу, музыкалық білімдердің тереңдігі мен беріктігін, жан-жақтылығын қамтамасыз етеді. «Музыкалық білім беру тарихы» пәні музыканы оқытудың теориясын және әдістемесін тарихи аспектіде қарастырады. Бұндағы білім мазмұнының тарихилық принципке негіделуі өткенді ұғып-түсінуге, болашақты болжауға септігін тигізеді. Өткендегіні зерделеу, оны бүгінгімен салыстыру қазіргі таңдағы музыкалық-педагогикалық құбылыстардың мән-маңызын, негізі даму кезеңдерін байыптауға, болжамдық ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді.
Болашақ музыка пәні мұғалімінің даярлығында «Музыкалық-педагогикалық білім беру әдіснамасы» пәні бойынша меңгерілетін әдіснамалық білімдер үлкен роль атқарылады. Пәнді оқыту студенттердің кәсіби мақсатты бағытталған әдіснамалық даярлығын қамтамасыз етеді. Музыкалық білім берудің әлеуметтік, қоғамдық маңыздылығы, музыка пәнінің әдіснамалық мәдениетінің мазмұны, музыкалық білім беру педагогикасының басқа ғылымдармен әдіснамалық байланыстарының мәні жөнінде әдіснамалық түсінік береді. Музыкалық білім беру педагогикасымен байланысты философиялық, жалпы ғылыми және жеке ғылыми сипаттағы әдебиеттерге кәсіби талдау жасау, әдіснамалық білімдерді шығармашылық пен қолдану музыкалық білім беру процесін конструкциялау іскерліктері қалыптасады.
Музыкалық білім беру педагогикасы «Музыкалық-педагогикалық практикум» пәнімен байланысты. Оның мақсаты болашақ музыка пәні мұғаліміне оқушылардың барлық музыкалық іс-әрекетіне жетекшілік ету, оларды педагогикалық тұрғыдан ұйымдастыру бойынша практикалық дағдыларды меңгерту.
Соңғы кезде музыкалық білім беру педагогикасы ғылыми-техникалық аппараттық жүйе бойынша техниканың ғылыми жетістіктерін кеңінен пайдалана бастады. Аппараттық жүйе, жаңа оқу технологиялары педагогикалық әдебиет беттерінде жиі айтылып жүр. Оның себебі – техникалық ақпараттандыру бірте-бірте практикалық құбылыстарға молынан еніп, күнделікті білім беру практикасында берік орнығуы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |