Еңбек — адам эволюциясының маңызды факторларының бірі.
Кез келген еңбек құралдарын дайындау үшін адам еңбек етуі қажет. Еңбек құралдарын жасау қол арқылы жүзеге асады. Фридрих Энгельс адамның қалыптасуындағы еңбектің рөлін жоғары бағалады. Ол:
"Еңбек — адамзат өмірінің бірінші негізгі шарты, адамды адам еткен еңбек деген дәрежеде айтуға тиістіміз",
— деп жазды. Олай болса, еңбек антропогенездің басты әлеуметтік қозғаушы күші болды. Адам өз еңбегі арқылы еңбек құралдарын жасай алады. Кейбір адамтектес маймылдар қарапайым құралдарды пайдалана алғанымен, еңбек құралдарын жасай алмайды. Жануарлар табиғатқа өз тіршілік әрекеті арқылы ғана әсер етеді. Ал адам өзінің саналы еңбегі арқасында табиғатты өзгерте алады. Адамның табиғатқа әсері орасан зор және сан қилы болады. Еңбек етудің нәтижесінде біздің ежелгі маймылға ұқсас ата тегімізде морфологиялық және физиологиялық өзгерістер пайда болды. Оны антропоморфоз деп атайды. Адам өз еңбегі арқылы өзіне де өзгерістер енгізді. Еңбек — адам эволюциясына тән негізгі фактор. Маймылдар алғашында ағаш басында өрмелеп жүріп тіршілік еткен. Кейіннен ағаштан жерге түсіп күн көрген. Олардың тіршілігіндегі бұл өзгеріс бірте-бірте екі аяғының көмегімен тік жүріп, өмір сүруіне жағдай жасады. Адамның екі аяғымен тік жүруі — "маймылдан адамға өтуде шешуші қадам болды" (Энгельс). Тік жүрудің нәтижесінде адамның омыртқа жотасында "S" әрпі тәрізді иіліс-бұрылыс пайда болып, ол Денеге солқылдақтық қасиет берді. Ал аяқтың басы (табан сүйектері) күмбездене түсті, жамбас сүйектері жалпайып, сегізкөзбен байланысы артты, жақсүйектері бұрынғыдан жеңілдене түсті. Мұндай өзгерістер тұқым қуалаушылықтың нәтижесінде, миллиондаған жылдар бойы жүріп отырды. Сондықтан да адам бірден тік жүріп кеткен жоқ. Тік жүруге көшудің де өз қиындықтары болды. Тік жүру жүріс жылдамдығын баяулатты, сегізкөздің жамбаспен тұтаса байланысуы ұрпақ тууды қиындатты. Адам денесінің ауыр салмағы жалпақ табандылыққа жағдай жасады. Оның есесіне қолдың жерден босауы еңбек құралдарын жасауға едәуір жеңілдік туғызды. Қорыта айтқанда, тік жүруге көшу адам эволюциясындағы ең негізгі басқыш болды. Адамның алғашқы қалыптасу кезеңінде қол нашар дамығандықтан, ол қарапайым ғана құралдар жасай білді. Бірте-бірте осындай белгілер тұқым қуалау арқылы ұрпақтарға беріліп отырды. Ф. Энгельс: "Қол — еңбек ету құралы ғана емес, сонымен бірге — қол еңбектің өз жемісі", — деп түсіндірді. Маймылға ұқсас ата тектеріміз алғашында өздері өмір сүрген жерлердегі тастан, жануар сүйектерінен өте қарапайым құралдар жасап пайдаланды. Мұның өзі олардың ой- өрісіне, мінез-қылығына әсер етті әрі еңбек құралдарын жетілдіре түсуіне де септігін тигізді. Адамның еңбек етуге дағдылана түсуі антропогенездегі әлеуметтік әсерлердің ықпалының артуына септігін тигізеді. Биологиялық заңдылықтардың адам өміріне әсері бірте-бірте бәсеңдей түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |