Солтүстік Қазақтан облысы
Тайынша ауданы
Чкалово селосы
№ 2орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің оқытушысы
Бөгенбаев Байғали
Шоқан Уәлиханов – тұңғыш ғалым.
Сабақтың жоспары
САБАҚТЫҢ ТАҚЫРЫБЫ: Шоқан Уәлиханов – тұңғыш ғалым.
САБАҚТЫҢ МАҚСАТЫ:
Білімділік: Шоқан Уәлихановтың қазақ тарихында тұңғыш ғалым болғандығын, еңбектерінің маңызы туралы теориялық мағлұмат беру, оларды оқулық арқылы сатылай кешенді талдауға үйрету;
Дамытушылық: «Сатылай кешенді талдау» технологиясын қолдана отырып, әдеби қайраткерлердің өмірі мен атқарған қоғамдық қызметтерін, шығармаларын талдай білуге дағдыландыру;
Тәрбиелік: оқушыларды тілдік-эстетикалық сезімге баули отырып, елін, жерін сүйе білуге, өнер, білімді құрметтей білуге тәрбиелеу.
САБАҚТЫҢ ТИПІ: жаңа білімді меңгеру
САБАҚТЫҢ ТҮРІ: аралас сабақ
САБАҚТЫҢ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ: сұрақ-жауап, түсіндіру, СКТ технологиясы (хронологиялық карта)
ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС: Қазақстан тарихы, бейнелеу өнері, орыс тілі, жағырафия.
САБАҚТЫҢ КӨРНЕКІЛІГІ: Шоқан портреті, интербелсенді тақта, бейне жазба, слайдтар, сызба-кестелер.
САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ
І. Ұйымдастыру кезеңі: сынып кезекшісі арқылы оқушылардың қатысымын, сынып тазалығын, құрал-жабдықтарды тексеру, өтілетін сабақтың тақырыбы және оның мақсат-міндеттерімен таныстыру.
ІІ. Үй тапсырмасын пысықтау. Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы.
Сұрақтар:
Шоқан туралы қандай мәліметтер білесіңдер?
Абылай ханның Шоқанға қандай жақындығы бар?
Шоқанның орыс достарынан кімдерді білесіңдер?
«Ш. Уәлиханов» фильмінде басты рольде ойнаған актер есімі?
ІІІ. Жаңа сабақ.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Сіздермен қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны мен шыққан тегінен хабардар болдық. Шоқанның шын мәнінде үлкен ғалым болуына әкесі Шыңғыс, анасы Зейнеп, әжесі Айғаным ықпалының, сонымен қатар кадет корпусындағы оқытушылар әсерінің мол болғанын оқып білдік. Жасынан зерек табиғат берген талант иесі, асқан еңбексүйгіштік пен білімділік Шоқанды ғылымның бірнеше саласының тұңғиығына тартты. Ғылымның қай саласы болса да, Шоқанның алғашқы іргетасын қалаған көшбасшы ретінде қабылдауға болады.
Шоқан Уәлиханов
Тұңғыш-ғалым – ХІХ ғасырда қазақ даласында Шоқанға дейін Еуропалық үлгіде білім алып, шет тілдерде еркін сөйлеп, философия, физика, математика, жағрафия және батыс, орыс әдебиеттерін меңгерген қазақ болған жоқ. «Еуропаша толық білім алған ең бірінші қазақ екеніңіз есіңізде болсын. Оның үстіне тағдыр сізге адамгершілік қасиеттер дарытып,тамаша адам етіп жаратқан.» Сондықтан да бүгінгі ұрпақ Қазақ еліндегі дамыған ғылым мен білімнің бастауы Шоқаннан басталғанын мақтан тұтады.
Ағартушы-демократ – Шоқан әлем әдебиетіндегі, әсіресе, орыс мәдениеті тарихындағы озық үлгілерге, демократтық-ағартушылық жағдайларға ден қойды. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский секілді орыс орыс әдебиеті, Диккенс, Теккерей, Руссо сынды батыс әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен жете танысқан. Орыстың сол кездегі үздік баспасөз құралы «Современник» журналының тұрақты оқырманы бола отырып, сол кезеңдегі әлеуметтік-саяси, қоғамдық мәдени өмірдің бағыт-бағдарын біліп отырды. «Сот реформасы туралы жазбалар» әйгілі еңбегі Шоқанның азаматтық тұлғасын, демократтық бейнесін күллі әлемге танытты. «... адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын реформалар ғана керекті де, ал осы мақсатқа кедергі келдтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады...»
Әдебиет – зерттеушісі – Шоқан өз еңбектерінде әр дәуірдегі әдебиет өкілдері мен мәдениет мұраларына тоқталып отырады. Қазақ ауыз әдебиетінің көне мұраларын жатқа айтып жеткізген Шөже, Орынбай, Жанақ, Арыстанбай, Нұрымбай секіді жыршы-ақындардан халықтық әдебиет үлгілерін жазып алып, оны зерттеу негізінде қазақ халық поэзиясы жөнінде орынды пікірлер айтады. Қазақ ауыз әдебиетінің көне мұраларын зерделеу үстінде Шоқан оның славян халықтарының, жалпы Еуропа ауыз әдебиетімен байланысына көңіл бөледі. Көркем әдебиеттегі тақырып ұқсастығы, сюжеттердің қайталануы секілді құбылыстарды күнделікті өмір шындығының ұқсастықтарымен байланыстырып, оны араб және қазақ поэзиясының мысалдарына иек арта түсіндіреді. Шоқан көшпелі халықтарда жиі кездесетін суырып салу (импровизация) өнерінің дамығандығын айтады. Сонымен қатар ол туыстас түркі елдерінің әдеби мұраларын қағазға түсіріп қоймай, оларды терең зерттеп, насихаттап отырды. Мысалы, көрші қырғыз халқының «Манас», «Семетей» туралы жырларын көлемі жағынан теңдесі жоқ рухани құндылықтар екеніне, ондағы оқиғалардың құрылымы мен кейіпкерлер жүйесінің ерекшеліктеріне аса жоғары баға береді. «Манас» жырын қағазға алғаш түсіріп, баспаға ұсынған, оған ақпараттық- танымдық талдау жасаған Шоқан болатын. Ол сонымен қатар әдебиеттің теориялық мәселелеріне, қазақтың ұлттық поэзиясының жанр, түр, шығу тегінің ерекшеліктеріне, қазақ өлеңдерінің құрылымына байланысты салиқалы ой айтқан, орнықты тұжырым жасаған.
Этнограф – әскери қызметте жүрсе де, Шоқан Орта Азия халықтарының, әсіресе Шығыс Түркістан елдерінің тарихын, қоғамдық құрылымын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеуге арнайды. Жергілікті халықтың тарихы, салт-дәстүрі, жер-су аттары, діни сенім-нанымдарына байланысты мол материалдар жинайды. «Тәңірі» (Құдай), «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты зерттеу еңбектерін жазды. Қашқария тарихы, этнографиясы, саяси өміріне қатысты мол деректер жинап, «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Жоңғария очерктері» атты жазған еңбектері Шоқанды бүкіл ғылыми және әдеби әлемге әйгілі етті. Бұл еңбектерге орыс ғалымдары, Еуропа оқымыстылары, шетел баспасөздері айрықша көңіл аударды. Шығармалары Лондонда, Санкт-Петербургте жарық көрді.
Саяхатшы – атақты, саяхатшы-географ П.П. Семенов-Тяншанский таныстығы саяхатшы болуды арман еткен Шоқанның мақсатын іске асырды. Ол 1854 жылдан бастап, Жетісу, Шығыс, Орталық Қазақстан жерлерін аралап шығады. 1856 жылы Шоқан қырғыз еліне Ыстықкөл аймағына саяғатқа шығып, нәтижесінде «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері» атты еңбектерін жариялады. 1858 жылғы Қашқария сапарының негігі мақсаты – Ресей мен қытай арасындағы сауда- саттықты қалпына келтіру болғанымен Шоқан елдің саяси-әлеуметтік, ұлттық мәдени- рухани ерекшеліктеріне байланысты көптеген құнды материалдар алып келді.
Суретші – «Шоқан бір ауыз орысша білмейтін кезінде –ақ сурет салуды жақсы көрген...» Потанин. Жасынан білімге құмар Шоқан өзі аралаған жерлерін, саяхатқа барған елдерінің тарихи ескерткіштері мен әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне, танымал тұлғаларының бейнесін суретке салуды әдет еткен. Кейінірек жазған ғылыми жұмыстарына көрнекі материал ретінде пайдаланған бұл суреттері ғалымның тағы бір қырынан танылуына мүмкіндік берді. (Ыстықкөл, Құлжа, Жетісу т.б. саяхаттарына, Тезек төре, Қашқарлық келіншек, сонымен қатар әр елдің адамдарының суреттері.)
Жаңа сабақ сызба кесте бойынша интербелсенді тақтада түсіндіріледі. «Сатылай кешенді талдау» технологиясының талдау үлгісі бойынша, Шоқанның әрбір қыры оқулық және зерттеу еңбектер арқылы толық дәлелденіп отыруы тиіс. Оқушы оқулықта берілген материалды әр сала бойынша реттеп, жүйеге түсіре алады. Сатылай кешенді талдау технологиясының басты ерекшелігі төмендегідей болып сараланады:
оқу материалының жүйелілігі, бірізділігі;
табиғилығы;
дағдыға басым бағыт беруі;
білімнің базалық деңгейінің барлық оқушылар үшін міндеттілігі;
оқушылардың өз мүмкіндігіне қарай тек міндетті деңгейден кем емес білім алуға еріктілігі;
оқыту мен тәрбиенің бірлігі;
ұлттық құндылыққа ерекше орын берілуі;
оқу үрдісінде пәнаралық байланыстың мақсатты енгізілуі.
ІV. Жаңа сабақты бекіту
Оқулықпен, хрестоматиямен жұмыс жасау барысында Шоқанның тұңғыш ғалым болғандығын оның еңбектерімен, достарының пікірімен, жазған хаттарымен тереңірек ашып дәлелдеу арқылы бекіту.
V. Сабақты қорыту
Сабақты тұжырымдап, қорыту. Оқушылардың білімін бағалау.
VІ. Үй тапсырмасы
Шоқанның әдебиет саласына қатысты шығармашылығына сатылай кешенді талдау жасау. (Реті: Еңбектің аты, басылып шыққан баспасы, жылы, көтерген мәселесі, маңыздылығы)
Достарыңызбен бөлісу: |