Тақырыбы: “Өткеніміз – өнеге, күткеніміз келешек”.
Мақсаты: Қазақ елінің жүріп өткен өмір жолдарын, тәуелсіздік туының желбіреген жылдар ішіндегі жеткен жетістіктерін айта отырып, оны мәңгі есте сақтау керектігін түсіндіру.
Тәрбиелік мәні: Оқушыларды Отанды сүюге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға, саналылыққа, ұқыптылыққа баулу.
Түрі: Әдеби музыкалық монтаж.
Көрнекіліктер: Нақыл сөздер, жалаулар, шарлар, кітаптар, Қазақстан Республикасының рәміздері.
Сабақтың жүргізілуі:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Кіріспе.
ІІІ. Негізгі бөлім
“Ғасырмен сұхбат”.
Қазақстан Республикасының рәміздерімен таныстыру.
ІУ. Қорытынды.
Әнұран орындалады.
Көрініс:
Ақырын басып қарт шығады. Немересі ойнап, жүгіріп келеді.
Немересі: -Ата, не ойлап отырсыз?
Атасы: -Ә, балам, атаң не ойламайды дейсің.
Сенің болашағыңды, еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір туралы ойлаймын.
Немересі: - Ата, “өткен өмір” деген не?
Атасы: - Ә, балам, “өткен өмір” дегеніміз – ежелгі ата-бабаларымыздың өмір тарихы емес пе?
Немересі: -Ал, ол қандай болған?
Атасы: -Ендеше, тыңда балам, атаң бір сөйлесін. /үнтаспада күй ойналады/
Ғасырмен сұхбат
1-оқушы:
ХІ ғасырда қуатты қазақ хандығын құрдық. Алайда тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт өмір сүре алмады. Ұлан-байтақ елімізге жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді.
Қазақ жері – қонақжай, төрдің жері,
Қазақ жері – қас сақтай елдің елі.
Елі кедей болмаған – жері байтақ,
Едігедей, Бабырдай ерлер жері.
2-оқушы:
Ел жайлауға көшіп қаннен-қаперсіз жатқан елімізге жоңғар тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен жұрт шұбыра қашып ақ табан шұбырынды болды. Халық Алакөлге аяңдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.
Қазақ жері көп шеккен қасіретті,
Қазақ елі - өнерлі, өсиетті.
Египетті билеген Бейбарыстың,
Елі текті, киелі, қасиетті.
3-оқушы:
Қаратаудың бауырында қалың қазақ бас қосты. Елдің елдігін, ердің ерлігін соңғы рет сынайтын күн туды. Жұртты аман алып қалу үшін данышпан ата Төле би батырларды батырлыққа, елді бірлікке шақырды.
4-оқушы:
1923-33 жылдарда адам айтса нанғысыз ашаршылықтан алты миллиондай адамның 2,2 миллионы опат болды. Асыра сілтеудің кесірі біздің қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Бейімбет, Ілиястардың түбіне жетті. Өзі өлсе де аты өлмеген ағалар рухына бүгінгі ұрпақ тізе бүгіп, бас иеді.
5-оқушы:
1941-45 жылдар. Адамзат тарихында болмаған бұл алапат соғыста ел үшін жанын қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзатты, адалдықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Халық қаһармандарына Кеңес Одағының батыры деген абыройлы атақ берілді.
6-оқушы:
Айта берсе, сөз таусылған ба? 1941-45 жылдардың ызғарлы күндері қаншама қыршынның өмірін қиды. Ержүрек ұлдар мен қыздар Отан қорғауға бір адамдай аттанды. Қаһармандықпен қаза тапқан батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті қайда қоярсыз!?
Ақыл айтып, бабалар жолға салған,
Асыл сөз даналардан мұра болған.
Ерлігі Мәншүк пенен Әлияның,
Жүректе мәңгі өшпес орын алған.
7-оқушы:
Иә, бір кезде Отан үшін деп жанын қиған жастар енді тәуелсіздік үшін ар-намысын, ата-баба дәстүрін жоғары көтеру жолында ереуілге шықты. Олардың бұл өжеттігін ұлтшылдықтың белгісі қылып көрсетті. Қаншама қан төгілді. Яғни, 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасы” тарихта мәңгі қалмақ.
8-оқушы:
Жас арудың жанарында – желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында – желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқының,
Қара тұман қабағында – желтоқсан.
Көрініс:
Дәл осы түні қаланың кез-келген тұсынан ұсталған жастарды ұрып-соғып, өлімші халге жеткізді. Осындай қатыгездікті көрген, оларға араша түсейін деп жүргендердің ішінде Қ.Рысқұлбеков те бар.
Көрініс:
Милиционер: -Ұстаңдар, бұзақыны әкеліңдер! Савицкийді өлтірген сен бе?
Қайрат: -Жоқ, мен емес.
Милиционер: - Сен өлтіргенсің, мойыныңа ал!
Қайрат: - Мен өлтірген жоқпын. Өтірік жала жаппаңдар (Қайратты ұрып-соға бастайды).
Қайрат: Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар.
Милиционер: - Алып кетіңдер. Бәрібір құтылмайсың, бұзақы.
Қайрат:
Шыңғырдым да, шындықты айтып шыңғырдым,
Кете бардым, жетегінде тағдырдың.
Бірге өткізген студенттік күндерді,
Хош, аман бол, оралам ба, жас құрбым.
9-оқушы:
Ол әділеттің, шындықтың жеңетініне іштей сенді. Қайрат – орысша-қазақшаға бірдей сауатты, өз ойын ашып айтатын жігерлі, отты жігіт еді. Қайраттан қорыққан Колбин мен оның қолшоқпарлары одан тез құтылу үшін “атылсын” деген үкім шығарды.
1988 жылғы мамырда Семей түрмесіне әкелінген Қ.Рысқұлбеков 11 мамыр күні таңда өмірмен қоштасты.
10-оқушы:
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
“Желтоқсан желі” әні орындалады.
Атасы: - Бұған да тәуба, Егемендік алып әлем таныды ғой елімізді.
Немересі: - Ата, “Егемендік” деген не?
11-оқушы:
Егемендік иесі – “мен” деген сөз,
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көген көз.
Мінбелерден айбарланып сөз алған.
Егемендік ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күні.
“Егеменді” деген сөзден естілер,
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
Атасы: - Міне, “Егемендік” деген осы. Қазір желбіреген Байрағымыз, айбынды Әнұранымыз, жарқыраған Елтаңбамыз төрімізде тұр.
12-оқушы:
Қандай бақыт қуанышты күн бүгін,
Дәлелдеуде Қазақстан елдігін.
Арман еткен, қыршын кеткен ағалар,
Елің алды егеменді теңдігін.
“Егеменді ел” әні орындалады.
13-оқушы:
Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған.
Несіне оны жасырам?
Әнұраным бүгінгі,
Баға жетпес асыл ән.
14-оқушы:
Қазақстан Республикасының Әнұраны бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етеді. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа, төзімділікке, еліміздің тәуелсіздігін сақтауға шақырады.
15-оқушы:
Мемлекеттік жалаудың жобасы 1992 жылы маусым айының 4-де қабылданып, 6 маусым күні күшіне енді.
16-оқушы:
Жалаудың ортасына шұғылалы күн, оның астына қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, тік бұрышты көгілдір мата. Матаның сол жағында қызыл өрнек бар. Ұзындығы 2 метр, ені 1 метр. Жалаудың жобасын жасаған Шәкен Ниязбеков.
17-оқушы:
Мемлекеттік жалау – егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің, қазақ халқының ұлттық туы. Осы тудың астында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік қоғам орнатамыз.
18-оқушы:
Осы тудың астында экономикамызды дамытып, қазақ халқының дербес ұлт ретінде өсіп, өркендеуін, ғылымы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін көркейтеміз.
19-оқушы:
Осы тудың астында Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың ұлттық мәдениетін көркейтіп, олардың өзара бірлігі мен ынтымағын, достығы мен рухани күш қуатын дамыта береміз.
20-оқушы:
Осы тудың астында біздің сүйікті Отанымыз Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, бостандығы мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғаймыз
21-оқушы:
Жалаудың ортасында қалықтап ұшқан қыран бейнесі – тәуелсіздік алып қанатын кеңге жайған Қазақстан халқының қанаты. Осы қыран құстай биіктерге самғай берейік.
22-оқушы:
Елтаңбаның көркемдік сипаты: шаңырақ, жұлдыз, сондай-ақ аңызға айналған пырақпен бірге Қазақстан деген жазу бар.
23-оқушы:
Пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ жайлы армандауды білдіреді. Ширатылған мүйіз қайсарлық пен қайраттылықты меңзейді. Сонымен егемен еліміздің Елтаңбасында қазақ елінің бостандығы мен құт-берекесі бейнеленген.
24-оқушы:
Елтаңбаның ортасындағы шаңырақ дүние жүзіндегі барлық қазақтарды бір шаңырақтың астына топталуға шақырады. Шаңырақ біздің ортақ отауымыз.
25-оқушы:
Сан ғасырлар бойы исі қазақ, жаны қазақ ата-бабаларымыз, осы қара шаңырақтың астында өсті, өркен жайды, болашаққа ұрпақ жалғастырды. Егемен еліміз бен тәуелсіз жас мемлекетіміздің Елтаңбасын білу, ол бейнелеп тұрған ойды терең түсіну – азаматтық парызымыз.
“Елім менің” әні орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |