Сабақтың мақсаты : Оқушыларға мемлекет қайраткері және журналист Темірбек



Дата08.09.2017
өлшемі396,37 Kb.
#31924
түріСабақ
Тәрбие сағатының тақырыбы: Темірбек Жүргенов – мемлекет

қайраткері және журналист



Сабақтың мақсаты: Оқушыларға мемлекет қайраткері және журналист

Темірбек



Жүргеновтың өмірі мен қызметін таныстыру.Туған жерін сүюге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Суреті, кітаптары, плакаттар

Тәрбие сағаттың әдіс-тәсілдері: әңгімелесу, баяндау,ассоциация

Тәрбие сағаттың барысы:

  1. Ұйымдастыру

  2. Топтарға тапсырмалар беру

  3. Қорытындылау

Мұғалім сөзі:

Талай ғасырлардан бері басын алыстан тартқан Сыр өзені сылдырлай ағып, талай құпияны бойына бүгіп жатыр. Сан ғасырлар бойы Сырдария алабында әртүрлі аталып келген көшпелі халықтар тұрды. Оғыз, ғұн, сақ тайпалары біздің сонау түпкі аталарымыз болғандықтан, ежелге «Яксарт», «Сейхун» бойынша қазіргі ата –бабаларымыздың жалғасы-біздер тұрып жатырмыз.

Сыр бойы – талай аңыздар мен тарихи оқиғаларға бай өңір. Шашақты найза көтеріп, кеудесін жауға тосып, елін, жерін қорғаған хас батырлар мен толқынды жырлар, тақпақтап келетін назымдарды шығарған ақындар шоғыры өте көп.

Бүгінгі сөз еткелі отырған көрнекті қайраткер Темірбек Қараұлы Жүргенов те осы өңірде туған.

Бүкіл дүниеге аты мәшһүр болған дана Қорқыт ата, ел қорғасқан билер Жалаңтөс Баһадүр,Әйтеке, Досбол, Балаби, Кетебай,Жәрімбет, Бидас билер, сондай – ақ, елді аузына қаратып көріпкелдігімен аттары аңызға айналған Марал Ишан, Ер Сейтпембет, Мүсірәлі, Қалжан ахун, Ораз ахун т.б. киелі адамдар халық жағында болып, елге жанашырлық танытқан.

Жалағаш ауданы – Қызылорда облысындағы іргелі де мәдениеті дамыған аудандардың бірі. 1939 жылы аудан Қармақшы, Тереңөзек аудандарының негізінде құралады. Республикада Жалағаш ауданының аты ақ күрішімен белгілі. Сонау 1860 жылдан Масовка атанған аудан Кеңес кезінде Аламесек ауданына, одан кейін Қармақшы, Қызылорда аудандарына қарады.

Аламесектегі екі сыныптық түземдік-мектебінің түлектерінің бірі «Іздібай өзегі» бойында жалаңаяқ жүгіріп ойнаған, кейін Қазақстан мен Орта Азияға аты мәлім болған қазақ елінің өркендеп дамуына елеулі үлес қосқан, қазақ халқының мақтанышы, Сыр түлегі – Темірбек Жүргенов еді.

Сынып 3 оқушыдан 3 топқа бөлінді

1 топ «Өмірбаян»

2 топ «Саясат»

3 топ «Естелік»

1- топ «Өмірбаян»

1 – оқушы:

Темірбек Қараұлы Жүргенов 1898 жылы қараша айында қазіргі Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының «Басықара» қопасында көшпелі Сыр бойының қазақ байы Қуаң ауылында дүниеге келді деп жазылып жүр, ал кейбір деректерде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының №16 ауылы Жаңаталап серіктестігінде туды деген нақты жазбалар мен естеліктер сақталынған. Нақтылап айтсақ, Темірбек Ташкент қаласында оқып жүргенде 1925 жылы өзі қол қойған өмірбаянында Қазалы уезінде туғанын жазыпты. Темірбек басқа да ауыл балалары сияқты әуелде ауыл молдасы Мұхамбетжаннан сабақ алды. Кейіннен шығыс тілінің білгірі, танымал ақын болған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың алдын көруі, оны шығыс әдебиеті классиктарінің шығармаларынан аздап та болса хабардар еттеді. Он жасында әкесі Қара баласына орысша хат танытуды мақсат етіп, «Жаңабазар» деген ірі сауда орталығындағы орысша – қазақша екі сыныптық «Аламесек» мектебіне оқуға түсіреді. Бұл кезде Аламесек үлкен орталық болып есептеледі. «Шегіртке де Аламесек деп ұшады» деген қанатты сөздер осы кезеңде айтылса керек. Онымен бірге сол ауылда басқа да біраз бала оқиды, бірақ қиындыққа төзбей Нұржан Жұдырықов, Пірназаров Қарағұлов, Кіребай Досовтар ауыл қайдасың-деп тартып отырады.

Ал Темірбек болса ізденген үстіне іздене түсіп, оқуға шындап беріледі. Мұнда ол демократиялық көзқарастағы мұғалім, туыс Омар Самаевтан білім алады. Бастауыш мектепті үздік бағамен бітірген Темірбек Перовскідегі(Қызылорда) орыс тілінде оқытатын училищеге түседі. Ол училищеде оқып жүргенде қазақ жастарының басын қосып әртүрлі жиындарға қатысып, ұйымдастырушылық қабілетімен таныла бастайды.

Осы кезден, яғни,1913 жылдан бастап шәкірт Крылов, Некрасов шығармаларын қазақ тіліне аударуды да қолға алады. Ұлы сатириктерге еліктеп жазған алғашқы «Переводчиктің қиялы» деген сатиралық өлеңі сол кездегі оқушы қауымның назарын аударады. Перовскідегі училище мұғалімдерінің ішінде прогрессивтік бағытта болған Баубек Есенов, М.Широковтерден тәлім-тәрбие алып, солардың ықпалында жүреді.Анда – санда ауылына салт атпен барып тұратын. Қара ауылы жаз жайлауы «Жабасақ», «Сулыкөл» болса, қыс қыстауы Сыр бойындағы «Көқшоқы», «Құттыбай» құмдары мен «Іздібай» көлі бойында отыратын.Әкесі осы оқуың жетеді дегеніне қарамастан Темірбек оқу іздеп сапарға шығады.

1917 жылы Уфа қаласындағы жер өлшеушілер училищесіне түскенімен, революция дүрбелеңінен оны аяқтай алмайды. Өзінің 1937 жылдың сәуірінде жазған өмірбаянында жер өлшеушілер училищесінен кейін 1918 жылдан тікелей Кеңес органында істей бастағанын мәлімдейді.

Сөйтіп, «Ырғыз» уезінде белгілі революционер Әбдірахман Әйтиевпен, ал Торғай қаласында жүргенде азамат, үлкен қайраткер Әліби Жангелдинмен танысып, пікір алысып, солардың көмекшілерінің біріне айналады. Қолынан іс келетін өткір жасты Әлекең өз қасына қызметке алады. Осы кезеңде Темірбек Жүргенов Торғай облысындағы тұңғыш Кеңестер съезін шақыру жөніндегі ұйымдастыру бюросының әрі мүшесі, әрі жауапты хатшысы қызметін атқарады.

Ал 1918 жылдың күзінде Алашорда мен ақбандалардың қалдығына қарсы күрескеде қатысады. Бұл туралы «Әскери тапсырманы тікелей Әлібидің өзінен алатын»- дейді онымен бірге қызметтес болған Әміржан Сыдықов.

Көзбен көріп көңіліне түйген ойларын ортаға салған марқұм Нұржан Жұдырықов немере інісі туралы былай дейді.1918ж қайтадан Алашорданың билеп тұрған кезі, Ырғыз бен Торғай арасына атпен почта қатынап тұратын.

Онда темірбек Уфадан келіп ауылда жүрген болатын.Биік құм шоқысынан ауыл жақты бақылап тұрған Темірбек жағадағы жолмен суыт келе жатқан мылтық асынған салт атты екі адамның бері қарай бұрылғанын көріп: «Бұлар уақытша өкіметтің әскері болды, көлік сұрайтын шығар», - деп қабағын түйе қарады.

Шынында бұл әскер уақытша үкіметтің комиссары төре Әбілда Теміровтікі екен. Әскерлер ай-шай жоқ аттарға жармасып шу көтерді. «Уақытша өкіметке беретін көмегім жоқ, байлаңдар мыналарды», - деп бізге белгі берді. Сөйтіп тиісіп келген салт атты әскер екі күндей түйеге таңылулы жүріп, сосын ғана босатып жібердік.Алайда мұны естіген комиссар Әбілда төре Қара ауылына 350 түйе салық салған. Ауыл жігіттері қарсы ұйымдасып, Қараның 350 түйесі алынбай қалған.1918 жылы қазан айында Ырғыз уезінде Кеңес өкіметі қайтадан орнатылды. Қайтадан қалпына келтіру жұмысының басы – қасында мұғалім Бәймен Алманов, Иван Федорович Киселев және Темірбек Жүргеновтар болады.



2 – оқушы:

Әліби Жанкелдиннің тапсыруы бойынша Ырғыздан кедейлердің әскері құрылды. Сол әскерге біраз кедей қосылыпты.Кедейлердің бәрі де соған қосылды.Оларды патшаны жақтайтын ақтардың әскеріне қарсы күресетін Қызыл партизандар деп атайды. Олар көбие келе Қызыл Армия болады. Күші басым ақ бандылар аласұрып бақты. Ырғыз түрмесіне қамалған адам симай кетті, поселкеде және азаматтар Қайнарбай Қайтбаев, Қораз Алдажаров, Ермахан Қосмұратовтарды әкеліп қамайды. Оншақты күннен кейін кейбіреулердің айтуымен Могилев бандалары оларды поселке маңында қылышпен турап өлтіреді. Сөйтіп, есіл ерлер жау қолынан осылай қаза табады.

Темкең 1919 жылы Ырғыз уезіндегі Кенжеғара болысының ревкомы төрағасының орынбасары, біраздан кейін төрағасы болып қызмет атқарады.

Темірбектің өз өмірбаянында жазғанындай, ірі бай отбасынан шыққан.

Темірбектің әкесі – Қара, шын аты – Сырлыбай Жүргенұлы.1858 жылы Қаркөл болыстығында туған. Оның әкесі Жүргенов Қуаңұлы атақты бай болыпты. Қуаң турасында атақты ақын Әзілкеш өзінің Қыз – Болықпен айтысында туған жер, ел адамдарын мақтай келіп:

Ақболық, жіңішке мен жуан қандай?

Сыймайды – ау қамзолыңа сыбанғандай!

Мақтайсың оны несін, ей, Ақболық,

Қоздатқан сексен мыңды Қуан қандай?

Ақынның айтып отырғаны сексен мың қой қоздатқан Қуаңы осы Темірбектің арғы атасы. Ал,Қуаңның әкесі – Әлен,оның әкесі-Жәрімбет би, әрі әулие атанған бабамыз бір рудың атын алған адам. Қазір Сыр бойында Жәрімбет Сарқасқа деген ру бар. Темірбек Жүргенов ел ішінде Темірше деп аталған.



3 – оқушы:

Жалған жала

Қызыл империя қылышынан қан тамған кезде, елдің зиялы қауымының қаймағын құртуды әуел бастан-ақ ойлаған тәрізді. Сол зобалаңға іліккенТемірбек Қараұлы Жүргенов ССРО прокуроры Вышинскийдің санкциясымен 1937 жылы 2 тамызда ұстауға тапсырмаланып, 3 тамызда қапасқа түседі.Ал 15 тамызда Қазақстан Орталық Комитетінің ІІ пленумы халық жауы ретінде танып,пленум мүшелігінен және партия қатарынан шығарады. Ол РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 статьясының 10-11 баптарымен, яғни, 58-а, 58-6, 58-7,58-8 және 58-9 баптарымен айыпталады. Баптар: Қазақстанды ССРО-дан бөліп әкетуді, шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істерді, зиянкестік және диверсиялық жұмыстарды, шетелдік шпионаж жасағанды білдіреді. Осы статьямен 19, кейбір деректерде 23 адам ұсталады.

Темкең өзімен ұсталғандармен бірге 1938 жылдың 25 ақпанында Талғардағы «Жаңалық» Боралдай елді мекенінде, бұрынғы Диқан қыстауындағы, атылған деген дерек бар.

Құжаттарға сүйеніп тағылған айыптарды тарқатып айтсақ:



  1. Жүргенов ұлтшыл – антикеңестік, терроршыл-көтерілісші, шпиондық-диверсиялық ұйымның құрылған кезінен (1926-27жж) бастап оған басшылық еткен, жұмыстарына белсене қатысқан.

  2. Контрреволюциялық ұйымға жаңа мүшелер қабылдаған.

  3. 1930 жылы Кеңес өкіметіне қарсы Қарақұм көтерілісінің ұйымдастырушыларының бірі болған.

  4. Қазақстандағы контрреволюциялық ұйым жееткшілерінің бірі, шетел мемлекеттерінің бірі, шетел мемлекеттерінің Кеңес Одағына қарсы соғыс жариялауына туралап көтеріліс әзірлеген.

  5. Контрреволюциялық ұйымның терроршыл жұмыстары жайында хабардар болған және кадрлард сол мақсатқа дайындаған. Ұйым басшыларының тапсырмасы бойынша орталық ВКП (б) комитетінің саяси бюро мүшелеріне террорлық акт әзірлеген. Сондай-ақ Қазақстан ОК КП (б) хатшысы Мирзоян жолдасқа террорлық акт жасауға басшылардан тапсырма алған

6. Қазақстан өнеркәсіп және ауылшаруашылындағы жүргізіліп жатқан диверсиялық әрекеттерді білген. Басшылардың директивасы бойынша жеке өзі де диверсиялық топ құрып, 1936 жылы Қазақ мемлекеттік университетін әдейі өртеген. 1937 жылы Алматы қаласындағы баспахананы өртеуге дайындық жүргізген және ұйым мүшелеріне теміржолда диверсиялық әрекеттерді жүргізуге тапсырма берген.

7. Халық ағарту комиссариатының барлық саласында зиянкестік жұмыс жүргізген және бұл іске өзі басшылық жасаған деп айып таққан.

Жоғарыда тағылған айыптан 1957 жылдың 18 көкегінде ССРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы Т.Қ.Жүргеновті толық ақтады.

2-топ «Саясат»

4 - оқушы:

Саясат сатысында

Темірше 1921 жылға дейін Ырғызда жұмысшы – солдат, шаруа депутаттары Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. Осы жылдары Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны жақсы бітіреді. Рабфакта Ерғали Алдоңғаров және Серке Қожамқұловпен қатар жүреді.

1918 жылы коммунистік жастар үйірмесі ашылады.Ырғызда жүргенде жастар ұйымын құруға қатысады. Ол Қазақстан (Қырғыз) өлкелік комсомол бюросына жазған есебінде, өзінің №33 маңдатпен келіп Ырғызда комсомол ұясын ашқанын, мұндағы атқарылған істерді сөз етеді. Аталмыш жұмыстардың арқасында Ырғыз уезінің еңбекші жастары Т.Жүргеновті бүкіл Қазақстандық жастар одағының бірінші конференциясына делегат етіп сайлайды.1923 жылы ол В.И.Ленин атындағы Орта Азия университетінің экономика факультетіне студент болып қабылданады, оны 1927 жылы өте үздік бітіріп шығады.

Оның өмірі 1918 жылдан бастап шиеленіскен, күрмеуі мол, сол кездегі төңкеріс, тап күресімен тығыз байланысты. Студент кезінің өзінде-ақ ол «Орта Азия республикаларында тұратын қазақ халқының күйлері» деген тарихи – этнографиялық очерк жариялайды.1921-1923 жылдары Т.Жүргенов Орынборда оқыған кезінде қазақ халқының әні мен жырын зерттеп жүрген Александр Викторович Затаевичпен танысады. А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» деген 1925 жылы шыққан кітабындағы түсіндірмеде: «Т.Жүргенов Сырдария әндерінің ғаламат білгірі, өзімнің сонша тырысқаныма қарамастан, осы адамның өз отанындағы ежелгі ән творчествосынан көл-көсір хабардарлығын, өкінішке орай, мейлінше толық кәдеге асыра алмады», - деп жазады.

Темірбектің тағы бір айта кететін елеулі қызметі – 1926 жылдың 29 қазанында ашылған қазақтың тұңғыш педагогикалық институтына ректор(директор) болуы.Бұл кезде Темірбек Орта Азия мемлекеттік университетінің соңғы курсында оқушы еді.Өзінің «Год работы» (жыл жұмысы) атты кітабында институттың ашылуы жайы,алдағы міндеттері жайлы кең түрде баяндаған.Қазақстанға университеттің керектігі, оның қандай қаражатпен қамтамасыз етілуі және қанша факультет болатынына болжам жасайды.

Темірбек Жүргеновтың өз отанына деген шексіз ықылас, кіршіксіз тазалығын Ташкентте оқып жүрген кезінде Қазақстандағы жағдайларға байланысты жазған тұщымды сұрақ-хаттары дәлелдейді. Соның бірі-1925 жылдың 14 қазанында ВКП(б) Орталық комитетінің атына Орта Азия мемлекетінен жіберілген хат.Хатқа қол қойғандар-Өзбекстандағы қазақ өкілдігінде қызмет етуші Темірбек Жүргенов, тарихи материализимнен сабақ беретін оқытушы Ілияс Қабылов және студенттер Садықбек Сапарбаев,Саймасай Тәтібеков, А.Бимырзаевтар. Студент кезінде Т.Жүргенов Түркістан республикасындағы Қазақстан өкілдігіне қызмет істей жүріп Орта Азия ұлт тұрғасынан межелеу комиссиясына қатысады.Нәтижесінде «Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық – территориялық жағынан межелеу» деген еңбек дүниеге келеді. Еңбек Түркістан республикасының жер шегін айырып беруге үлкен үлес қосты.

ВКП(б) Орталық Комитетінің Орта Азиялық Бюросы Т.Жүргеновті 1929 жылы Тәжік республикасына финанс комиссары етіп тағайындайды, артынша Ташкентке шақыртылып, Өзбекстан Халық ағарту комиссары болып үш жылдай қызмет атқарады.Бұл кезде Өзбекстанда мәдени революция үшін күрес енді ғана жетіліп келе жатқан еді. 1933 жылы Ташкентте «Мектептің түп кемшіліктері үшін күрес» атты кітабы басылып шықты.

1933 жылы Т.Жүргенов Қазақстанға шақырылып, Халық ағарту комиссарлығына тағайындалысымен Қазақстандағы білім және мәдени ордаларын ұйымдастыруды қолға алады. 1934 жылы Қазақ университеті, Тау-кен металлургия, Қазақ журналистика инситуттары ашылады. 1935 жылы Алматы «Мәдениет революциясы» қайраткерлерінің бірінші съезі болып, мұнда «Мәдениет жұмысының кезек күттірмейтін міндеттері» туралы Халық ағарту комиссары Т.Жүргенов баяндама жасайды.1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің он күндік табысы –Темірбек ұйымдастырған темір тәртіптің темір қазығы тұрпаттас.

5 - оқушы

Осылайша Т.Жүргенов терең білімді, құлашын кеңге сермейтін мемлекет қайраткеріне айналды. Қазақ халқының тарихындағы хандық дәуіріне, қазақ пен орыс халықтарының рухани қарым – қатынас мәселелеріне жан-жақты талдау жасап, біраз зерттеулер арнады. Алматы қаласының өзінен 1933-1937 жылдары 18 мектеп ашты, әр аудан, облыс орталықтарынан оқушылардың оқуды тастап кетуін анықтап, оны болдырмау шараларын іске асырады. Шымкент, Жаңақорған, Тереңөзек,Жалағаш,Ащысай,Доссор т.б. жерлерде интернатты іске қосты. Ерен еңбегін елеген ел оған көзі тірісінде Жалағаштағы «Таң» мектебіне есімін берді. Ол өз сөзінде: «Мұғалімдік міндетті дұрыс атқару үшін, мұғалімнің ең алдымен өзі білімді болуы қажет»деген.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Мирзоян «...Артта қалған өлкеден алдыңғы қатарлы елге айналып келеміз. Біздің комиссар Т.Қ.Жүргенов басшылықты жақсартып, тұралап қалған жұмысты қайтадан жанданды,ұлттық мәдени құрылысты өркендету штабна айналдырды»-деп,Темкеңе ризашылығын білдіреді.Өлкенің бірінші басшысының аузынан мұндай жылы сөздің айтылуы Темкеңнің оқу-ағартау,көркем-өнер саласындағы қажырлы жұмысына берілген әділ баға.

1933 жылы Сейтқали Меңдешовтың басқаруымен жаңа әліппе комитеті бекітілді.Оған Т.Жүргенов,С.Асфендияров,С.Нұрпейсов,Х.Жүсіпбеков,

Ғ.Мүсірепов,Қ.Жұмаділов,І.Қабыловтар мүше болды.Оқу-ағарту саласында еселі еңбегі мен хадқымыздың мәдениетті болуы үшін қажымай-талмай еңбек еткен ұлдарымыздың бірі,шынығып өскен алғыр да зерек,жалындап туған тамірше өзінің еңбек жолын болыстық кезеңнен бастап,мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.Ол өмірінің ақырғы сағатына дейін өз халқына адал қызмет етті1933-1937 жылдар аралығында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланып,өлкедегі келелі істерге жәрдемін тигізді.Әлденеше рет облыстық,өлкелік партия конференцияларына делегат болып сайланды.Қазақ Қахзвқ халқының өнері мен мәдениетінің өсуіне белсене ат салысып,1936 жылы 26 майда «Еңбек Қызыл ту»орденімен марапатталды.

Республиканың халық-ағарту комиссары және өнер комитетінің төрағасы болып мемлекеттік қыруар жұмысты басқара жүріп Темірбек Жүргенов жоғару оқу орындарына арналған оқулықтарды шығару іс назардан тыс қалдырмады.Жан жолдасы,өмірлік серігі Дәмеш Әмірханқызы Ермекова:

«1928 жылдары И.Михайловскийдің «Саяси экономия» кітабын қолынан тастамай,тіпті тәулігіне 2 сағат көзін ілмейтін,сол кітапты аударып оқушы қауымға жеткізгенше асықты.Сөйтіп,көптен күтіп жүрген оқулық аударылып бітіп,1937 жылга дейін қазақ оқырмандарының сүйіп оқитын кітаптарының қорына қосылған,бұган ол қандай қуанып еді»,-дейді.

Т.Жүргенов тікелей басқарып отырған жұмысын өте жауапты,байсалды қарап,тындырымды істейтін.Сондықтан да халқы сүйген ұлын 1937 жылы ССРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа ұсынды.



6 – оқушы:

Зерделі зерттеуші

Қазақ әдебиетінің өркендеуіне көп үлес қосқан, бүкіл әлем таныған шығыс әдебиеті классиктерінің өшпес мұраларын қазақ тілінде сөйлету жұмысына белсене кіріскен де Т. Жүргенов. Соның мысалы – «Шаһнама» Өйткені дүние жүзінің халықтары секілді, қаазқ халқына да «Шаһнама» - өте қымбат дүние. Немістің ұлы ақыны Гете: «иранда жеті шебер ұлы ақын бар. Солардың ең нашарының өзі менен көш ілгері» - деген екен. Сол жеті ақынның бірі әрі шыңы тәжік Фердоуси (934-1040) Қазақстанда Фердоусидің мың жылдық мерейтойын өткізу жөнінде Темірбек басқарған комиссия құрылды. Комиссия Орта Азия халықтарының тілдеріндегі «Шаһнама» нұсқаларын жинап, қазақ тіліне аударды қолға алды. Соған шығыс тілінің шебері, майталман шығыс ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуовты қармақшыдан алдырды. Бұл туралы Т. Ізтілеуов 1934 жылы 14 қаңтарда «Социалды Қазақстан » газетінде жарияланған арнауында:

... Ондайша өнерімді естіген соң

Жүргенов шақырып ап, шашын тарап

Бұйырды «Шаһнаманы» сөз етуге

Ойласып Мирзоянмен ойға сарап, - дейді.

Т. Жүргенов әсіресе, «Жалбыр» мен «Қыз Жібек» операларының дүниеге келуіне бастыназар аударды. «Правда» газеті: «Халық творчествосының сарқылмас бұлағы ашылды. Қазақ театрының спектаклі және музыкасының, әні мен биінің концертін көрген астананың жұртқа әйгілі өнер шеберлері таңдай қағуда және осыншама қысқа мерзімде жеткен жетістіктеріне таңқалуда» - дейді. Осы мадақтау онкүндіктің басы-қасында жүрген Жүргенов атына да айтылған әділ баға екені даусыз.

Темірбек Жүргенов жаңалыққа бой ұрып, ескілікті қолдағандарға аяусыз соққы беріп отырды. «Бізге іс керек, Білем деушілер тіл білімін өркендетудің орнына кесірін тигізеді, бұл білгендік емес», -деп жазды Темірбек 1925 жылғы «Мәдениетқайраткерлерінің съезінде». Съезде қазақ тілі орфаграфиясын дамыту жөнінде құнды пікірлер айтты. Өзінің 1935 жылы 17,18 майда «Казахстанская правда»газетінің басылған «О чуждых явлениях в казахском литературном языке» - деген мақаласында; «Осы кезге дейін термин сөздерге мән берілмей келеді және орынсыз қолданылады, оны пайымды аудармайды. Бұл аталған кемшілікті тез арада жоюымыз қажет», -дейді.

«Қазақ халық ақындары» атты жинақтардың жалпы редакциясын басқарады.

Көрнекті көсемсөзші

Әрине, анықтама да, өмірбаян да ғылым үшін қажет, оған шұбә жоқ. Бірақта сонымен қатар, кең құлаш жайып, келешегін күткен ғалымға терең – терең түйіндеулер мен зор-зор қорытындылар да керек. Өткен тарихымызға көз жіберсек, өнер мен әдебиет техникалық ғылымға қарағанда баяу да шабан дамыды, өйткені ол материалдық өмірден гөрі рухани өмірге сана – сезімге жақын, жан сезімінің азығы.

Саяси көзқарасынанықтаған Темірбек баспасөздегі алғашқы жолын Торғай облысындағы тұңғыш газет бетіне үзбей жарияланды. Келе – келе жауапты редакторлыққа көтерілді. Бұрын – соңды газет жұмысына араласпағанымен алғашқы күннен бастап – ақ міндетті жұмысына кірісе бастады. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелеріне үн қосты. Газетте қоғамдық өмірдің жат қылықтарын еңбекші қара халыққа жатық, жүрекке қонымды, қарапайым сөздермен түсіндіре білді. Өкінішке орай, архивте – бұл газеттің бір санынан басқасы сақталмаған, ол жазған материалдарды оқып, талдай алмадық.

Әйтседе көсемсөз сарбазы, профессор Темірбек Қожакеев «Еңбекшіл қазақ қалай шықты?» атты мақаласында: «... Газет кейін «Еңбекшіл қазақты» алға бастырып... не қиыншылыққа шыдап, басқарманың бар жұмысын мойындарымен сүйреп қызмет істеген, 21-22жылдардағы «Еңбекші қазақтың» өзегі, мына төмендегі шығарушылар ұйымының мүшесі үш жолдас еді. Жүргенұлы Темірбек, Бәйділдәұлы Әбдірахман, Алдоңғарұлы Ерғали» - деп жазып, олардың суреттерін жариялады», -дейді.

1920 жылы Бүкілодақтық санақ комиссиясы жұмыс істеді. Осы үлкен істің Қазақстан мен Түркістан республикасында өз мәнінде жүргізілмегендігі жөнінде Темірбектің «Орта Азия республикаларында тұратын қазақ халқының күйлері»- деген тарихи-этнографиялық очеркі 1924 жылы 8 қаңтарда «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрді. Аталған очеркте қазақтардың саны дұрыс есептелмегені және санақтың қолайсыз уақытта жүргізілгені айтылады.

Т.Жүргенов 1926 жылы «Қала мен ауыл» деп аталатын мақаласында қазақ даласында өткен көтерілістің маңызын, себебін, бағытталу күшін көрсетіп берді: «Қазақ далаларындағы қалалардың салыну, пайда болу тарихына тереңірек үңілсек, патша өкіметінің отарлау саясатымен қабысып жатыр. Олар ең алдымен әскери-стратегиялық пункт, Қазақстан жері Ұлы Қытай жолымен, Орта Азиямен байланыс жасайтын, міне, сондықтан да орыс патшасы әскери қорған, байланыс орындарына арнап, бекеттер сала бастаған. Ұлт-азаттық қозғалыс-қала мен ауыл арасын жақындастыру. Бұл қаланың ауылды қанаушылығын жоюда әлеуметтік сипат алды»-дейді.

Ташкент қаласында шығатын «Сана» журналының қосымшасы ретінде «Терме» жинағы шығарылды. Оның редакциясынибасқарған Т.Жүргенов болатын. «Атынан» көрінгендей,-дейді ол,- әр жылдардан, әр түрлі мәселелер қамтылғандықтан да «Терме» -деп атап отырмыз. «Терме» қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылады.

Сонымен, Темірбек заманын терең түсінген, халқының тіршілік-тынысын терең сезіне білген суреткер еді. Отызыншы жылдары қазақ баспасөзіне белсене араласып, дәуір тынысын, дәуір үнін білдіре жазды. Т. Жүргеновтың әдеби мұрасы аз емес. Оның көбісі очекр, публицистика, мақала,резенция, аударма болып келеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Темірбек Жүргенов әлеуметтік үлкен қызмет атқаруымен қатар көрнекті көсемсөзші, жалынды, зерделі публтцист, зерттеуші қаламгер, абзал азамат, көреген кісі болғанын айрықша атап көрсетуіміз қадет.

3-топ «Естелік»

7- оқушы

Ел есінде/естеліктер/

Рахым Алшынбаев/Парталас досы/:

1916 жыл. Перовск (Қызылорда) қаласында Сауранбай болысқа қарсы кедей шаруалар көтерілісі болды. Осы көтеріліс жасаушыларды жазалау үшін, перовск қаласынан генерал-губернатор Кцрапаткиннің өзі келген. Осы кезеңде оқып жүрген жас Темірбек халық өкілі ретінде генералға барып сөйлесіп,уытты, отты сөздерімен генералды алған бетінен қайтуға мәжбүр етеді. Сөйтіп көтерілісшілер Темірбектің арқасында жазадан аман қалған еді. Темірбекпен 1908-11 жылдары қазіргі қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты «Аламесек» қыстағында екі кластық орысша-қазақша мектепте білім алдық. Мұғалімдер оған 5-тік бағаның үстіне қосу белгісін қоас қойып отыратын, ол сондай зерек, алғыр болатын!



Маштай Әбтіқұлов/інісі/

  • Темірбекпен бірге ойнап, бірге өстік. Жас кезінде туған-туыстары, қатар-теңі, біздер «Темірше» деп атайтынбыз. Жазда қыр елі Ырғызды жайлап, қыста Сыр бойына қоныс тебетінбіз. Дәлірек айтқанда, Жалағаш ауданы, қазіргі «Жаңаталап» совхозының төңірегіндегі «Іздібай» өзегінің бойында «Қараның қыстауы» деген жерде отыратын едік. Бір жылы әкелеріміз бізді Қауанбай молданың алдына жиып беріп, «тіл» сындыртты. Көп ұзамай ауылға Тұрмағанбет ақын келіп, біздерге дәріс берді. Оқуымыз бұрынғыдай емес, ұғынықты, көңілді бола бастады. Темірше бізден өзінің зерек, алғыр қасиетімен ерекшеленетін, Үлкендерден, ұстазамыздан естігендерін ұмытпайтын. Өзі жолаушылап не басқа шаруамен кетсе, оқуды жалғастыруды Теміршекке тапсыратын. Ал ол ешқандай қысылып-қымтырылмастан сабақтарды қайталап, тіпті өздігінен де оқытуға қабілеттілік танытатын.

Тұрмағанбет ақын Теміршенің зеректігін әкесіне жиі-жиі қызыға әңгімелеп, оның Аламесекте (қазіргі «Ақарық» ауылы) барып оқуын жалғастыруына ықпал етті. Жеңгеміз Дәмеш Әмірханқызы Ермекова Темкеңнен соң көп ұзамай ұсталды. «Халық жауының әйелі» деген жаламен 8 жылға сотталып, мерзімін өтеп қайтты. Асыра сілтеу кезеңінің «қолшоқпарлары» онымен де тынған жоқ, «Жауыздың жақыны » деп Ысқақ, Кәпназар, Пірназар, Ысмақан, Ысқақ (Жарасбаев) деген інілерін де ұстап, қайтпас сапарға аттандырып жіберді. Осы кезде бізді Теміршенің бауырына басып тәрбиелеген баласы Жұбаназардың жағдайы көп алаңдатты. Дегенмен, ол жас та болсакөп ұзамай елді, ағайын-туысты тауып, қуанышқа кенелтті. Бірақ, бала неме ғой, бірге ойнап, бірге жүретін ауыл балалары оны «жауыздың тұқымы» деп, үнемі шеттетіп, намысына тие беретін болды. Бұған ызаланған ол «Отанға адал қызмет етіп, әке-шешемді қалай да ақтапаламын. Олар ешқандай да жауыз емес» деп жасының толмағанына қарамастан өзі сұранып майданға аттанады. Есіл ер содан оралмады. Кейіннен Темірбек те, Дәмеш жеңгей де ақталды. Жеңгей ағамыздың отын өшірмей, түтінін түтетті. Қазір ол дербес зейнеткер, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері» деген құрметті атақтың иесі. Алматыда тұрады.

8- оқушы

Аяужан Әмірханқызы Ермекова/балдызы/

  • Мен 8 жасымнан бастап Ташкентте тұратын жездем Темкеңнің қолында болдым. 1933 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қызметке шақыртылды. Ең алдымен Алматыға Темірбек асырап алған баласы Жұманазар мен мені өзімен бірге алып келіп, үкімет демалыс орына орналасты, тамақты да сонда ішетінбіз. Дәмеш апам Ташкентте өзінің ғылыми жұмысын аяқтау үшін қалғанды. Көп ұзамай-ақ Дәметей келіп, бұрынғы лагерная (қазіргі Шевченко көшесі) көшесімен Фурмановтың қиылысындағы үкімет мүшелеріне арналған жеке үйге 1 этажға орналастық. Осы көшеде біз орналасқан үйлерді милиция күзететін. Бізге ең жақын жерде Киселев және Санжар Садуақасовтартардың үйі болды. Ал, біздің үйдің жоғары тұсында қазіргі Құрманғазы мен Фурманов көшесінің қиылысында Л.М.Мирзоянның үйі болатын, бұл үй қазір «Достық» қонақ үйі шарбағымен жапсарлас тұр. Темірбек Л.М. Мирзоянның үй-ішімен сирек те болса қатысып тұрды.

1938 жылдың наурыз айының басында НКВД-ның 2-3 адамы кіріп келіп, үйдегі адамдардың кім екенін тексеер бастады, олардың жүзінен қаныпезерлік сезіліп тұрды. Үйдегі заттарды олай-бұлай шашып, кейбірін бетімізге лақтырды. Бұл үйді тез босатуды және мені балалар үйіне тапсырамыз деді. Осы кезде шыдамаған менің шешем: «Бұл Жүргеновтың қызы емес, менің қызым»,-деп қолымнан ұстап сыртқа шығып кетті. Жездем өте сауатты болуымен, мәдениетті, әділ болатын. Кімге де болса тайсалмай, шындықты бетке айтатын. 1937 жылдың зобалаңын өз көмегімен көрген мен Т.Жүргеновтың тұрған үйі маңына жоламайтынмын . Күні кеше бірге жүрген азаматтың ұсталғанын, атылғанын естігеннен кейін, тіпті ол маңнан қашық жүрдім.

Еңбек ардагері Оспан Есжанов/№16 ауыл/

Мен 1929-30жж. Осы күнгі «Жаңаталап» кодхозын ұйымдастырушылардың бірі болдым. Кеңес өкіметінің сол кездегі саясаттарына іштей қарсы да едім. Үстімнен біреулер әңгіме айтып, бірнеше ай абақтыда жаттым. Ағайындардың кепілімен босанып шыққасын Ташкент жаққа азғана ағайындарыммен көшіп кеттік. Діні бір тілі жақын болғанмен басқа елдің аты, басқа ел. Кишлакқа орналасып ауылшаруашылық жұмыстарында зоотехник болып істедім. 1931 жылдың басына өзбек ағайындардың кейбір әділетсіздіктері Темірбек ініме баруға итермеледі. Темірбекпен арамыз 4-5 атаға келген ағайынбыз. Қабылдауына кіріп, өз жағдайым мен ағайын жағдайын айтып, ел жаңалығын сұрасып шұрқырасып қалдық. Айтқан өтінішімді мұқият тыңдады. Темірбектің тікелей қолдауымен ұсынысы арқасында Өзбекстанның Самарқан облысының Заминь ауданында жылқы малын асылдандырумен айналыстым. 1960 жылы №16 ауылға келдім. Жауапты қызмет атқарып жүрген Теміршенің елге деген ықыласын, тілегін, қамқорлығын мен сонда көрген едім.



9- оқушы

Қазақстанға еңбегі сіңген медицина қызметкері, Республикалық дәрежедегі зейнеткер Т.Жүргеновтың адал жары Дәмеш Ермекова

«Дос, адал дос»

Мен 1936 жылы Отан жүрегі Москвада өткізілген қазақ әдебиетімен өнерінің тұңғыш он күндігіне қатысу бақытына ие болдым. Ол азаттық таңынан бастау алған жас республикамыздың өміріндегі ұлы оқиғалардың бірі еді. Темекең қазақтың тұңғыш музыкалық театрына драма театрынан Күләшті, Қанабекті, Құрманбекті, Елеубайды, Қалибекті, Сенкені, Манарбекті, Шараны т.б. шақырып отырды. Режиссер Жұмат Шаниннің қабілет-дарынын кеңінен пайдаланды. А. Жұбанов, Е. Брусиловский сияқты композиторлардың театрға белсене араласуына ықпал жасады.

Бір күні кешқұрым Темірбек екеуміз калинин көшесінің бойымен қыдырып келе жаттық. Кенет ол тоқтай қалды да маған қарап «осы жерде біздің опера театрымыздың үйі салынады», деді. Сол Темкең көрсеткен жерде бүгін ұлттық өнеріміздің алтын ордасы жұртшылыққа айқара ашып тұр.

Темекең жазушы, әдебиетшілердің де шын қамқоршысы еді. Ол араб, парсы тілінің жетік маманы, Шығыстың інжу-маржаны атанған. «Шаһнаманы» қазақ тіліне аударушы Тұрмағанбет Ізтілеуовтың талантын үнемі қастерлеп отыратын. Тұрмағанбет бұл адал еңбегімен ақтап,бас аяғы 10 айдың ішінде ұлы шығарманы өзінің ана тіліне аударылып шықты. Темекең туралы әлі де көп айтуға болады. Бірақ, оның жанұядағы тәлімді ісін, дос-жарандарына деген жомарт жанын, тапсырылған міндетіне деген жауапкершілігін, туған халқының әдебиеті мен өнеріне сіңірген еңбегін аз сөзбен айтып жеткізу қиын. Оның қысқа өміріндегі атқарған қыруар еңбегін бүгінгі ұрпаққа жария етіп, заманнан заманға ұсынып отыру тарихшылардың, әдебиетшілердің парызы болса керек.



Аяқтау мұғалім сөзі

Қорытынды

Т.Қ.Жүргенов жайлы ғылыми зерттеу 1968 жылы белгілі фольклоршы Мардан Байділдаев пен Р.Сүлейменовтен бастау алса,1969 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ мемелекеттік университетінің журналистика кафедрасында «Темірбек Жүргенов- мемелекет қайраткері және журналист» атты тақырыпта Тынышбек Дайрабаев, 1990 жылы осы университеттің тарих факультеті кафедрасында «Т.Жүргеновтің өмірі мен қызметі» деген тақырыпта Ш.Жүнісов диплом жұмыстарын қорғаса, 1997 жылы осы институттың филология факультетінің аспиранты, әрі оқытушысы Бауыржан Иманғалиев «Темірбек Жүргеновтің публицистикасы» деген кандидаттық дисертацияға тақырып алады. Өзінің 40 жасқа толар-толмас өмірі ішінде (сонау 1917 жылдың күзінде кетеннен 20 жыл) Қара шаңырағын 1919 және 1927 жылдарға ғана қысқа мерзімге барып қайтынты. Кім білді,заман талабына сай болғысы келіп,өзіне кері пікір тудырар жағдаяттардан қашық жүргісі келеді ме,болмаса кедей таптың сойлын соғып,ірі байлардың санатындағы әкесімен көзкарасы, ой-пікір тоқайласпады ма, әйтеуір, Темкеңнің әке шаңырағына келіп аунап-кунаған кезі аз болған. Осынау кезеңде үкімет саясатын елде орнықтырушыларың бірі болған Темірбектің өзіне-өзі риза болмай,торыққан, қамыққан кездері де болған шығар.Ітшегі пікірді сыртқа шығара алмай-ақ өзі құрысқан өкіметінің қолынан өзі қаза табады.



Сыр бойының саңлағы, жүзден озған тұлпары еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет