НАЗҚОҢЫР
I түрі
Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,
Кел десең неге аяйын аттын терін,
Сары ағаш сазға біткен секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң белім.
Базардан алып келген күміс құман,
Жігітті адастырған қалың тұман.
Арадан қыл өтпестей тату едік,
Біздерді араз қылған қай антұрған?..
«Бір бидай»
«Сайрасаң, бауырларым, мендей сайра». Өлен алғаш рет 1948 жылы жарық көрген. Кейін де жарияланған. Бұл жинаққа 1983 жылғы нұсқа негізге алынды.
БІР БИДАЙ
Сайрасаң, бауырларым, мендей сайра,
Бақытты өмірінде күндей жайна,
Құлпырған ұлы күннің жұлдыздары,
Сәулеңмен күнмен талас, теңел айға.
Қайырмасы:
Шарықта, достар,
Бақытты жастар.
Құлпыртып ән салайық түрден түрге,
Басайық ілгері адым өрден өрге.
Шаттықтың шарықтатқан тасқынында,
Қосылып шырқатайық әнді бірге.
Қайырмасы:
Шырқатып әнді,
Әсерлі сәнді.
БІРІНШІ ЖЕЛДІРМЕ
Ал, алқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын,
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын.
Жөнелдім желдірмемен желдей есіп,
Қырандай аспандағы талмайтұғын!
Тізейін өлеңімді меруерттей;
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын.
Дабылы дауылпаздай шарықтаған,
Екпіні самолеттей заулайтұғын.
Талапты жастарымыз үйреніп ал,
Ән еді желдірме атты самғайтұғын.
Құлаштап өлеңіммен шарықтаймын,
Қарыштап шапқан сайын жалықпаймын
Гүлденген күннен-күнге Отанымның,
Өскенін айтқан сайын анықтаймын.
Шаттықтың желдірмесі, міне, қандай,
Құйылған үсті-үстіне үні талмай.
Талапты өнерпазы заманымның
Тасқыны өрге жүзген дәл осылай.
Достарыңызбен бөлісу: |