Батыс Қазақстан облысы
Ақжайық ауданы
Қаршы орта жалпы білім
беретін мектебі
бастауыш сынып мұғалімі
Султанова Жаңылсын Тастемірқызы
2 сынып
Әдебиеттік оқу пәнінен ашық сабақ
Тақырыбы: Отан. Ермек Өтетілеуұлы
Сабақтың мақсаты:
өлеңді тарау тақырыбымен байланыстыра түсініп оқуға мүмкіндік беру.
Отан туралы мақал-мәтелдер арқылы өлең идеясын ашу.
Күтілетін нәтижелер:
Пәндік нәтиже: оқушы «Отан» ұғымын нақты мысалдар арқылы түсінуге әрекет жасайды. Ақынның сезімдерін тап басып тануға, оны талдап айта алуға талпынады.
Жүйелі іс-әрекет нәтижесі: оқушы шығармашылық жұмыстарға төселеді, өмірмен байланыстыру арқылы жаңа ұғымдарға шығады.
Тұлғалық нәтиже: патриоттық, адамгершілік, танымдық тәрбие арқылы жеке бастың құқығы туралы алғашқы түсініктер алады.
Сабақтың көрнекілігі: Н.Ә.Назарбаевтың портреті, еліміздің рәміздері, Қазақстан Республикасының картасы, слайдтық материалдар.
Пәнаралық байланыс: «Өзін-өзі тану» пәнімен
Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, «Топтастыру», «Бес жолды өлең», «Биопоэма» стратегиялары
Сабақ барысы:
І. Қызығушылықты ояту.
- Балалар, бүгін «Неткен сұлу, неткен көркем,
Осы менің туған өлкем!» атты тарауды бастаймыз. Сабақтың ерекшелігі – «Өзін-өзі тану» пәнімен байланысында.
Бүгін біз Отан, туған жер туралы әңгімелесеміз. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік туралы айтамыз.
Қазір, бәріміз шеңберге тұрып, қолымызды жүрек тұсына қойып, Отанымыз – Қазақстан Республикасының мемлекеттік ән-ұранын айтамыз.
(Ән-ұран орындалады).
Сұрақтар:
Ән-ұранды айтқан кезде қандай сезімде болдыңдар?
Ән-ұранды айтқан кезде неліктен қолымызды жүрек тұсына қойып, орнымыздан тұрып орындаймыз?
Мұғалім: Әрине, балалар, өйткені – бұл Отанға деген құрмет. Біз сүйікті Отанымызды сүйеміз, құрмет тұтамыз, мақтан етеміз.
Сұрақтар:
Балалар, біздің Отанымыз қалай аталады?
Оның бас қаласы қай қала?
Оны картадан көрсете аласыңдар ма?
Біздің елбасымыз кім?
30 тамыз қандай күн?
1 желтоқсан қандай күн?
16 желтоқсан қандай күн?
Кім Отан туралы мақал-мәтелдер, өлеңдер біледі?
Мұғалім: Бүгінгі сабағымыздың дәйексөзі
«Отан оттан да ыстық. Отанды сүю отбасынан басталады».
(Оқушылар дәйексөздің мағынасын түсіндіреді)
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, әр адамның өзінің туған жері, өз Отаны өзіне жақын, ыстық көрінеді. Халқымыз «Отан оттан да ыстық» деп бекер айтпаған. Біз де Отанымызды сүйеміз. Сүйікті Отанымызды озат оқуымызбен, үлгілі мінез-құлқымызбен, жақсы істерімізбен әрдайым қуантамыз. Еліміздің бейбітшілікте, ынтымақта, бірлікте, тыныштықта өмір сүруін қалаймыз. «Отан отбасынан басталады» деп те бекер айтпаған. Отанға деген ыстық сезім, жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Отбасының әр мүшесі бір-бірін сыйлауға, қорғауға, адал болуға міндетті. Отбасындағы бір-бірін құрметтеген адам, ол Отанын да құрметтейді.
ІІ. Мағынаны тану. Оқулықпен жұмыс.
Қазір біз Ермек Өтетілеуұлының Отанға арнаған өлеңімен танысамыз. Өлеңді оқымас бұрын авторы туралы мәлімет алайық.
(1938-2006)
1 қаңтарда Ақмола қаласында туған. Ақынның алғашқы өлеңдері 1960-шы жылдары жарық көре бастаған. Біраз өлеңдері балаларға арналған басылымдарға, қазақ мектебінің оқулықтарына енген.
Шығармалары: Әдептілік-әдемілік, Тілашар, Балақай, Өсіп келе жатырмыз.
(Осы мәлімет слайдттан көрсетіліп таныстырылады)
«Отан» өлеңін мәнерлеп оқу.
Оқушыларға тізбектей оқыту.
Сөздік жұмысы. (слайдттан)
Қастерлеу – сыйлау, құрметтеу.
Атамекен – туып, өскен жеріміз, ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған қоныс
Өлеңнің мазмұнын талдау.
Отанды неліктен атамекен дейміз?
Отанды неліктен сүйеміз?
Отанды неліктен қастерлейміз?
Отан не үшін қымбат?
ІІІ. Ойын-жаттығу. «Мен елімді сүйемін».
Мақсаты: әр оқушының өз Отанына деген сүйіспешлігін білдіруге ықпал ету.
Тапсырмасы: қолдарына таратылған қағаздан жасалған жүрекшелерге оқушылар Отанға деген жақсы тілектерін айтып, жазып, оны картаға жапсырады.
Мысалы.
Мен Отанымды сүйемін!
Менің Отаным кең, байтақ!
Менің Отаным көрікті!
Менің Отаным тамаша!
Мен Қазақстанның азаматымын!
Менің тәуелсіз елім мықты!
Мен елімді қорғаймын!
ІV . Топтастыру.
1-ші топқа тапсырма: Отан сөзіне топтастыру.
бауырларым ата-анам атамекен
жақындарым Қазақстан
Отан
үлкен туған жер
көрікті байтақ
кең
2-ші топқа тапсырма: «Бес жолды өлең» құрастыру.
Не? – Отан
Қандай? – Кең, байтақ, көрікті
Не істейді? – асырайды, қолдайды, қорғайды
Қанша? – біреу
Сезімді білдіретін сөйлем: Біз Отанымызды сүйеміз, қорғаймыз.
3-ші топқа тапсырма: «Биопоэма»
Аты: Отан
Сипаты: әдемі, сұлу, көрікті
Жақсы көретіні: қорғағанды, құрметтеуді
Қорқатыны: сыртқы, ішкі жаудан
Болашақтан күтетіні: 30 елдің қатарына қосылу, бейбітшілік, тыныштық
Мекен-жайы: Қазақстан
Тегі: Туған жер, Атамекен
V. Сабақты қорытындылау.
(2 оқушы алдын-ала дайындаған слайдтарын көрсетеді)
1 слайд: Астананың көрікті жерлері
2 слайд: Туған жерімнің тамаша жерлері
VІ. Жүректен-жүрекке.
Ата-бабам жанын қиып қорғаған,
Ақ тілегін ұрпағына арнаған.
Қазақстан – алтын ұя, Отаным,
Жайнай берші, мәңгі гүлдеп әрқашан!
VІІ. Бағалау.
VІІІ. Үйге тапсырма: Отан туралы эссе жазу.
Достарыңызбен бөлісу: |