Сабақтың мақсаты: Оқушылар ға 1 қыркүйек күні білім күні жайында түсінік беру



Дата16.01.2023
өлшемі23,17 Kb.
#165640
түріСабақ
Байланысты:
Білімді ұрпақ жарқын болашақ


Сабақтың тақырыбы: Білімді ұрпақ – жарқын болашақ.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға 1 - қыркүйек күні – білім күні жайында түсінік беру. Білімнің, оқудың, жалпы сауатты болудың маңыздылығына тоқталу. Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ болуға шақыру. Өз туған еліне, жеріне, Отанына деген патриоттық сезімдерін ояту, сүйіспеншілікке баулу. Өз ойын еркін айтуға, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға дағдыландыру.
Көрнекі - құралдар: слайд
Әдіс - тәсілдер: сұрақ – жауап
Қосымша қарастырылатын сұрақтар: «Денсаулық сыры», «Тәуелсіз Қазақстан Конститутциясына -25 жыл», Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы «Абай – дара, Абай – дана» (Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына – 175 жыл)

Барысы:
І. Кіріспе бөлім.
«Халық пен халықты, адам мен адамда теңестіретін нәрсе – білім»- дейді ұлы жазушы М.Әуезов.
Балалар, бүгін бізде ерекше күн, 1-ші қыркүйек - Білім күні! Бұл күн сендер үшін де, ұстаздар үшін үлкен мереке. Әрбір мектептерде, колледждерде, басқа да білім беру мекемелерінде тұңғыш қоңырау соғылады. Осы тұңғыш қоңыраудан бастап күнделікті оқу басталады. Жақсы, білімді, саналы, тәрбиелі азамат болу үшін, ерінбей оқу оқып, білім алу керек! Өздерің көріп тұрғандай осы жылғы жаңа оқу жылымыз, әдеттегі жаңа оқу жылына қарағанда ерекше. Қазіргі еліміздегі жалпы, әлемдегі пандемияға байланысты коронавирустық инфекцияның таралып кетпеу мақсатында шектеулер қойылып,сақтық шаралар негізінде, денсаулыққа нұқсан келтірмеу мақсатында 1-ші қыркүйек және І тоқсан онлайн режиминде жүргізіледі.
ІІ. Негізгі бөлім: «Денсаулық сыры»
«Басты байлық – денсаулық» - демекші, денің сау болу үшін ішетін тамағың таза болу керек. Міндетті түрде дұрыс тамақтануың қажет. Жеке бас гигиенасын сақтау қажет. Бұл өте маңызды. Әр түрлі дене жаттығуларын орындап, серуенге шығып таза ауа жұтып, күніне 10 -15 минут жаяу жүріспен айналысу керек.
«Тәуелсіз Қазақстан Конститутциясына -25 жыл»
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды. Оған дейін Қазақстанда 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды. 

Сондықтан Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қайта қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Қазақстандықтардың 89% -і жаңа Ата Заңды қолдап дауыс берді. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, мемлекеттің ең жоғарғы құндылығының адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екендігі нақтыланды.

Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдығы
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. ағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады. Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші Ұстаз" атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. Әркімнің өз шығар биігі бар десек, Әбу Насыр әл-Фараби – өзіндік шырқау биігіне шыға білген, бір өзі-ақ бір университет бола алған заңғар тұлға.

«Абай – дара, Абай – дана» (Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына – 175 жыл)

Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады.


Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.
Болашақ ақын ел анасы атанған Зере әжесінің таусылмайтын аңыз-ертегілерін естіп, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көріп өсті. Абай алдымен әкесінің өз туыстарының балаларын окытамын деп, "Ескітам" деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан. Абай дін оқуымен ғана шектелмей, білімін өз бетінше жетілдіруге тырысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұламалардың шығармаларымен танысады. Орысша сауат ашады.
Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады.
Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – "Қансонарда". Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. "Сегіз аяқ", "Қансонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай", "Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?" сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық. 
Александр Пушкиннің "Евгений Онегин" шығармасынан "Татьянаның хатын" және "Ленскийдің сөзін", Михаил Лермонтовтың "Ой", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Қанжар", "Теректің сыйы" және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.
Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты шығармалар дәлел.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.
Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды. Абай үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші өйелі Әйгерімнен - Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
Абай ғылым іздеуді өз басына ғана алмай, балаларын да барынша оқытуға тырысқан. Ең көп оқыған офицер баласы – Әбдірахман. 90-шы жылдары ол құрт ауруынан қайтыс болды. Оның артынан сүйеніші болып жүрген мықты інісі Оспан өледі. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза болып тиеді.
Сол жылдары бас қайғысымен қатар Абай өзінің дос деген адамдарының қиянатын, алдауын, өтірігін де көреді. Бір сайлауда өзінің інісін болыстыққа сайлаймын деп келгенде бұрын ешбір сыр бермейтін достары бір-ақ түнде жат болып шыға келеді. Оның інісін құлатып, өз кісілерін сайлап кетеді. Осы іспетті соққылармен күресіп келе жатқанда ең жақсы көрген баласы Мағауия өледі.
Абай ешкіммен сөйлеспей, үндемей қалады. Ал 1904 жылы 23 маусымда Мағауияның өлімінен кейін тура 40 күн өткен соң өзі де қайтыс болады. Бір жарым айдан кейін Абайдың ақын баласы Ақылбай Семейде дүние салады.

ІІІ. Қорытынды бөлім: Балалар «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні қаріп» демекші, оқуға Ұлы Ұстаз Әбу Насыр Әлфараби, ғұлама, ойшыл, ақын – жазушы Абай атамыздай оқуға, білімге, білуге ұмтылайық.


Балалалар бүгінгі алғашқы қоңырау мерекесіне арналған тәрбие сағаты өз мәресіне жетті. Оқу, білу, сауатты болу,білімді болу үшін біз күнделікті үздіксіз еңбек етуіміз керек. Осы тәрбие сағатынан өздеріңе қажетті, тиімді, әрі қызықты ақпараттар алды деген ойдамын. «Еңбек түбі- береке» мақалын арқашан жадымызда ұстайық. Сауболыңыздар!

«№ 3 жалпы орта білім беретін мектеп – кешені» КММ


Тақырып: Білімді ұрпақ – жарқын болашақ.


Орындаған: Г.А. Жилкибаева


Тексерген: Қ.З. Шиянова


2020 оқу жылы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет