Реабсорбция /қайта сіңірілу/ Түтікшелерде алғышқы несеп қайта сіңуге ұшырайды.
Несеп құрамындағы су мен онда еріген кейбір заттар кайта сіңеді, сіңбей қалған заттар мен түтікшелер эпителиіндегі синтез нәтижесінде түзілген заттар қосылып соңғы несеп құрайды.
Соңғы несеп құрамында қант, амин қышқылы, альбуминдер болмайды, бірақ мочевинаның, несеп қышқылының және тағы басқа белок алмасуы барысында пайда болған заттардың мөлшері бірнеше есе көп, кейбір тұздар (хлорид, сульфат, фосфат) концентрациясы да басым болады.
Нефронның төменгі бөліміндегі жоғары және төмен жүретін тура түтікшелерде, Генле ілмешегінде, иірім түтікшелерінің төменгі бөлімінде, несеп жинайтын түтіктерде реабсорбция тұрақсыз, деңгейі өзгеріп отырады, оның мөлшері су мен тұздар алмасуына байланысты. Сондықтан бұл бөлімдегі реабсорбция құбылмалы (факультативтік) реабсорбция деп аталады.
Генле ілмешегінде орналасқан несеп концентрациялау механизмі айналдыра кері ағызу жүйесі деп аталады.
Генле ілмешегінің өрлеу иіні мен төмендеу иіні және несеп жинаушы түтіктер бір-біріне параллель жақын орналасқан, өзара байланысып несеп концентрациялайтын тұтас бір механизм ретінде қызмет атқарады.
Генле ілмешегінің төмендеу иініндегі эпителий ерекшелігі тек суды ғана өткізіп, натрийді жібермейді: өйткені мұнда ион тасушы ферменттер болмайды (сукципатдегидрогеназа жоқ).
Генле түйінінің төмендеу иінінде судың қайта сіңуі күшейеді де, натрийдің сіңуі тоқталғандықтан несеп бірте-бірте қоюланып концентрацияланады.
Несептің несеп жинаушы түтіктерінде екінші рет концентрациялануы гипофиздің артқы бөлімінің антидиуретикалық гормонының қатысуымен реттеледі.
Несеп жинаушы түтікшелер мен Генле ілмешегінің жоғарғы бөлімі қатар орналасқан жерде эпителийлер аралығы гиалурон қышқылына толы болады. Ол түтікшелер қуысынан суды ішкі тканьге нашар өткізеді. А. Г. Гинецинскийдің болжамы бойынша организмде су азайғанда АДГ қанда көбейеді.
Қуыққа айдалатын с о ң ғ ы несеп сарғыш түсті. Құрамының негізі — су (98-99 %), қалған 1-2 %-ы көптеген (130-140) химиялық заттар, олардың көбі мочевина, несеп қышқылы, креатинин. Дені сау адамның несебінің құрамында белок пен глюкоза қанты болмауы тиіс. Несептің тәуліктік мөлшері 1300-1500 мл.
Зәрдің түзілуі
Зәр нефронда түзіледі. Ол екі кезеңенен тұрады. Бірінші кезеңде алғашқы зәр, ал екінші кезеңде соңғы зәртүзіледі. Нефрон капсуласындағы тамырлар шумағына қан қысымы жоғары, сондықтан қанның сұйық бөлігі капсула ішіне сүзіледі. Мұның нәтижесінде алғашқы яғни бірінші реттік зәр пайда болады. Алғашқы несептің құрамы қан плазмасымен бірдей, бірақ оның құрамында нәруыз бен қан жасушалары болмайды.
Екінші кезеңде бірінші реттік зәрдің құрамындағы су, глюкоза, амин қышқылдары, натрий, калий иондары т.б. ағзаға қажетті заттар қайтадан қанға кері сіңіріледі, ал несепнәр, несеп қышқылы, сульфаттар сияқты зиянды заттар Генле иінінен кейінгі екінші деңгейлі иірім каналдарда(дистальды канал) қалып, нағыз зәрдің құрамына кіреді. Соңғы зәр нефронның жинағыш жолдарымен ағып бүйректің бүртіктеріне, одан тостағаншаларына, одан бүйрек түбегіне, содан соң ұзындығы 30 см-дей несеп ағар арқылы қуыққа барады.
Қорытып айтқанда, несептің түзілуі күрделі үш қызметтің нәтижесі:
1. нефронның капилляр шумағындағы сүзілу (фильтрация).
2. иірімді каналдардағы кері сүзілу (реапсорбция).
3. екінші деңгейлі иірім каналдардың эпителий клеткаларының белсенді секрециялық қызметі. Мұнда аммиак, сутегі иондары, креатинин т.б. заттар соңғы несепке қосылады және кейбір улы заттар залалсыздандырылады.
Тәулік бойы бүйректен 2000 л қан айналады, одан 150-180 л бірінші реттік зәр өндіріледі, бірақ соңғы зәрдің мөлшері 1,5 л ғана. Мұндай қарқынды сүзілу бүйрек каналшаларының өте ұзын болуына байланысты. Қуыққа айдалатын соңғы зәр сарғыш түсті сұйықтық. Оның меншікті салмағы 1,010-1,025, реакциясы сәл қышқыл. Құрамының негізі – су (98-99%), қалған 1-2 %-ы көптеген (130-140) химиялық заттар, олардың көбі мочевина/ несепнәр, несеп қышқылы, креатинин. Дені сау адамның несебінің құрамында нәруыз бен глюкоза болмауы тиіс.