Тексерілді
|
|
Мектеп
|
№64 Ж.Аймауытов атындағы мектеп - гимназия
|
Мұғалімнің аты - жөні
|
Амирова М.Т.
|
Күні
|
09.10.2021 ж
|
Сынып
|
|
11 «А»
|
|
11 «Б»
|
|
11 «В»
|
|
11 «Г»
|
|
Сабақтың тақырыбы
|
Алаш көсемі
|
Сабақтың мақсаты
|
|
|
|
Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана.
Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.
«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары осылай баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы (Қошке Кемеңгеров) «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі саясаткерлердің бірі, тарихшы, журналист, жазушы және драматург Қошмұхаммед Кемеңгерұлы бұл очеркін 1922 жылы аяқтап, 1924 жылы Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасынан шығарды. Совет өкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын осы Мәскеуде өткізіп, Кремльдің жіті бақылауында болған еді.
ҚАЗАҚ КӨСЕМІ
Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді. Бұл кез отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, оны пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кез еді.
Патшалық Ресейдің отыршылдық саясаты жыл өткен сайын күшейіп, қазақ ішіне дендеп ене түсті, соның кесірінен хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес этнос ретінде өмір сүруіне қатер төнді.
Патшалық биліктің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр еткен өз халқының
Әлихан Бөкейхан ауторы әрі редакторы болған «Голос степи» газетінің 1907 жылы қаңтардың 13-і күні шыққан саны.
салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.
1889 жылы «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уалаятының газетінде» жарияланған өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды.
«Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені... білмейді һәм солар надан болған соң қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң... (Құдайындай иланады)... Бір сорлы қазақ бар ма екен... «жақсы» атанып жүрген қазақтар менен моллалардан көрмеген?.. Сол моллалар надандығыменен дінге қарсы өтірік айтады...» деп жазды «Қ. оязындағы моллаларының баяны» деген мақаласында.
«Баспаханаға хат» атты мақаласында аутор Зұлымбай Қарымбаев секілді қазақ бай-болыстарының, сондай-ақ Мүсәпір Бейшарин тәрізді қазақ кедейлерінің жиынтық кейіпкерін жасады: «Біздің сөзіміздің растығын байқайын дегендер елдегі тілмәштің список жорналын алып, кез-келген жерінен оқып көрсе болғаны, мына жорналдан Зұлымбай Қарымбайұлын көрсе, 15 жылқысы, 100 қойы бар деп жазулы тұрады. Анығы 300 жылқы, 700 қойы болса да һәм Мүсәпір Бейшараұлын көрсе - 50 қойы бар, 5 жылқысы бар деп жазылып тұрады. Ол сорлының іліп алар һеш нәрсесі болмаса да сондай бейшаралар, яғни уақытымен алым бермеймін, һеш нәрсем жоқ деп азар да базар болады».
Ол болыстарды, писарлер мен тілмәштарды «сұм», «залым» адамдар қатарына жатқызды.
Басқа бір мақаласында аутор былай дейді: «Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».
23 жасар Әлихан сол кездегі қазақ қоғамы мәдениетінің төмендігін, адами әдеп пен ахлақтың жоқтығын өкіне отырып айтады. Халықтың жаппай сауатсыздығы, болыстық билік үшін ру аралық күрес, барымта, байлар мен күштілердің кедейлер мен әлсіздерді аяусыз езуі етек алды деп санайды.
Бұл жылдары, Әлиханның көзқарасынша, қазақ халқы бай мен надан молдалардың және отаршыл биліктің үш жақтан бірдей езгісіне түсті.
Бірақ Әлихан қазақтар туралы: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң...», – деп жазды.
КҮРЕС ПЕН ҒЫЛЫМ
Омбы техникалық училищесін аяқтаған Әлихан сол кездері жұрт жапа-тармағай ұмтылатын заңгер немесе әскери кәсіпті таңдамай, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы-ғалым дипломын алып шықты. Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды.
Міне, осылайша Әлихан Бөкейхан Дала өлкесі – Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша сарапшы маман, ірі ғалымға айналды. Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.
Ол ғылыми атаққа да, ғылыми дәрежеге де ұмтылмады, өйткені негізгі күш-жігерін саяси күреске жұмсады. Кейде ғылыми жұмыстарын еріксіз саяси күрес барысында жазуға тура келді. Академик Әлкей Марғұланның естеліктерінде, Алаш көсемінің 1925-1927 жылдар аралығында Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры болғандығы айтылады.
Қазақ жерінің отарлануы мен байырғы жер иесі – қазақ халқына сол кездің өзінде тиіп отырған және алда да тигізе беретін аса ауыр зардаптары туралы бірқатар ірі еңбектері Әлихан Бөкейханның алға қойған мұратының жарқын мысалдары бола алады. Әлихан Бөкейхан бұл зерттеулерді Семей түрмесінде сегіз ай отырған кезінде де жазған еді.
«Қазақтың суармалы егістік жерлерінің алынуы», «Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары», «Ақмола облысындағы переселендердің жер үлестері» деп аталатын мақалаларының тақырыптарынан-ақ оның қандай өзекті мәселелерді арқау еткені айқын аңғарылады. Әлихан Бөкейхан бұл мақалаларды басқа жерде емес, отаршыл метрополияның дәл жүрегінде – Петербург қаласында, «Сибирскіе вопросы» журналында жариялады. 1908 жылы, туған жерден жырақта, бостандықтықтың дәмін татар-татпастан-ақ Самараға айдалып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |