Ғұлама профессордыоп-оңай құлатқан, институт ректоры Мұса Байларов деген бар. Әлдебір жоғары мансапты партия қызметкерінің жегжаты. Сөзде майда, істе аяусыз. Өз заманының әдіс-амалын жете меңгерген. Бір көрімге тәуір адам, ал қулығына құрық бойламайды. Ар-ұят жағы атымен жоқ. Ең ақырында, Желтоқсан дүрбелеңі кезінде өкімет әрекетіне қайшы сөз айтып, көзге шалынып қалған туған әкесін өз қолымен жындыханаға әкеп тығып жібереді. Бұрын құдайдай табынып, сыртынан жағынып, жер-көкке сыйғызбай мақтап отыратын «үлкен кісіні» енді жау ретінде әшкерелеп сөйлеп береді. Роман авторының байыптауынша, бұл Мұса Байларов та отаршылдық сананың жемісі. Бірақ құрбаны емес. Құрбан – Алмас деген жас жігіт.
Басындағы еркінен, аузындағы сөзінен айрылған, әй десе жазаға тартылатын отар жұрттың санасын үрей жайлаған. Табиғи жағдай. Адам – темір емес. Үздіксіз қуғын қажытады, тынымсыз сүргін мұқалтады. Мұндай кезде жүйкесі жұқа, дәті босаң жандар жай ғана бас сауғалаушы емес, бас сауғалау жолындағы жандайшап сатқынға айналуы мүмкін. Алмас қабілетті жігіт, әуелде оң жолда болады, бірақ тиесілі кісілер осы бір жолының ресми саясатқа қайшы келетінін ескерткеннен соң-ақ берекесі қашады. Өзімен ниеттес, тілектес жігіттерді жалаға береді, ақыр түбінде ұстазына пәле жабады. Бірақ жеме-жемге келгенде, ар-ұяты жеміріп, ақиқатын айтады. Ақыры, қайтадан қолға түсіп, жалған куәлік жасап, Желтоқсан қозғалысына қатысқан барлық таныстарын түрмеге, бұл оқиғаға мүлде араласпаған ұстазын өлімге кесіп береді. Үрей – тауансыздыққа, тауансыздық – опасыздыққа бастап әкелді.
Әдетте, ұнамсыз кейіпкер бейнесін жасау жеңілірек деп есептеледі. Шындығында олай емес. Жамандықтың өлшемі біреу болғанымен, сыр-сипаты сан қилы. Баққожа бейнелеген мансапқор Мұса, жандайшап Жақия, әщады Мақсұт, опасыз Алмас- өзара нақты дараланған, әрқайсысының ішкі жан әлемі терең ашылған, іс-әрекеттері сенімді, қай-қайсы да өмірде бар тірі тұлғалар ретінде көрінеді. Советтік шындық дүниеге әкелген, шебер қалам айна-қатесіз кейіптеп шыққан.
Баққожа «Өмірзая» романында ажалға қарсы шапқан азамат туралы жазыпты. Басты кейіпкері де сол – Аяған Қуатов. Зерделі тарихшы, жасы отыз беске жеткен, қалыптасқан азамат. Парасаты, кісілігі, мейірбандығы... бар мінезіне тәнті боламыз. Бірақ роман үшін ғана емес, біз үшін де ең басты қасиеті – туған халқын сүйетіні. Намыс, жігері. Ақыр түбінде мінге айналған, басын алып жейтін тағы бір мінезі – қызбалығы.