Гальвани элементі — электр-химия реакциясының нәтижесінде тікелей электр энергиясы пайда болатын электр тоғының көзі. Гальвани элементі тұз немесе қышқыл ерітінділеріне салынған екі электроды (металл немесе графит) болады. Оның бірі — теріс электрод (катод), екіншісі — оң электрод (анод).
Гальвани элементтерінің қарапайымдарының бірі – мыс-мырыш элементі. Мұндағы өз тұздары ZnSO4пен CuSO4 ерітіндісіне батырылған мырыш пен мыс гальвани элементінің электродтары. Екі тұздың ерітіндісі өзара кеуек тоспамен бөлініп тұрады. Актив металл мырыш пластинкасының бетінде электрондар қалатындықтан теріс, ал активтігі төмен мыс пластинкасына оң иондар жиналатындықтан оң зарядталады. Егер осы екі пластинканы өзара сыммен жалғастырса мырыштағы артық электрондар тобы электрондар жетпей тұрған мысқа қарай ағады, нәтижесінде сыртқы тізбекте электр тоғы туады. Мысқа ағылып келген электрондар оның бетіндегі мыс тұзының ерітіндісінен келген Cu2+ иондарын бейтараптап (зарядын жойып) отырады, ал жаңа түзілген бейтарап атомдар мыс электродтың бетіне жинала береді. CuSO4 молекуласынан бөлініп жеке қалған SO42- сульфат иондары кеуек тоспадан өтіп мырыш пластинкадан келген мырыш оң ионы мен (Zn2+) әрекеттесіп ерітіндіде ZnSO4 түзеді. Дәл осылайша Zn2+ иондары да мыс сульфатының ерітіндісіне қарай өтіп ондағы SO42 - иондарымен қосылып ZnSO4 түзеді. Мырыш пластинкасының еруі өзінен 2 электрон беріп тотығуы, мыс иондарының бейтараптануы өзіне 2 электрон қосып алып тотықсыздануы болып табылады:
Анод: Zn° − 2e= Zn2+, тотығу процесі
Катод: Cu2+ + 2е= Cu0, тотықсыздану процесі
Элементте жүретін тотығу-тотықсыздану процесі бір мезгілде өтеді, оның жалпы реакция теңдеуі мынадай: Zn + Cu2+= Zn2+ + Cu
Гальвани элементінің негізіне алынған химиялық тізбекті арнайы кестемен белгілейді:
(+)Cu| CuSO4|| ZnSO4| Zn (-)
Сонымен, гальвани элементтерін өз тұздарына батырылған кез келген екі металдан жасауға болады.