Сабақтың тақырыбы: Кіріспе. Адамзаттың Абайы Сабақтың мақсаты


ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру



бет53/75
Дата02.02.2022
өлшемі236,51 Kb.
#116824
түріСабақ
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   75
Байланысты:
абайтану қмж 9-сынып
абайтану қмж 9-сынып, 482581, Бәзілжан Мадина сөж тапсырма pdf, « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2), « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2), « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2), « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2), « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2), « ыр ауылды ауылында ы аза орта мектебі» коммуналды мемлекетт (2)
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
М.Әуезовтің абайтануға қатысты зерттеу еңбектері
Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері

Мұхтар Әуезов
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!


Абай болашақ ұрпаққа осылай үн қатқан болатын. Бұл сөздерді өткендегі құлазыған заманнан өзі үшін беймәлім, басқа бір келешекке, нұрлы келешекке дұрыс жол тартқан ақын айтқан еді. Ол даланы басқан надандық түнегінің арасында алаулай жанған шырағын жарқырата көтеріп, өз халқына таң атып, күн шығатын жақты қажымай-талмай нұсқап өтті.

Иә, Абай өзі өмір сүріп, ақындық еткен заманы үшін шынында да жұмбақ адам еді.

Абайдың бізге өлең, поэма, аударма оқушы жұртшылықпен әңгімелесу (өзі «ғақлия» деп атаған қара сөздері) түрінде қалдырған әдеби мұрасы соңғы басылуында қалың екі том болып шығады. Ақынның көп жылдар бойындағы ойлары мен толғаныстарыының, ізгі жаны тебіренуінің аса бір қымбатты нәтижесіндей бұл еңбектер енді, тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының рухани мәдениетінің жиынтығы сияқты болып көрініп отыр.

Туған халқының өткендегі ауызша, жазбаша ескерткіштерде сақталған ақындық мұрасына терең бойлаған Абай сол мөлдір бұлақтан құнарлы нәр алып, өз поэзиясын молықтыра білді. Қазақ халқына ол кезде жете таныс бола қоймаған тәжік, азербайжан, өзбек сияқты шығыс халықтарының классиктік поэзиясы да Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Бірақ қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі, оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл европалық мәдениетке), ең алдымен оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мұраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факт еді.

Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Осындай асыл қазынаны қабылдаудан суретші Абайдың өзіндік айқын ерекшелігі өсіп, көркейе берді.

Абай қазақ халқы әлі меңгеріп жетпеген мәдениеттерге бой ұрғанда, жаңа көркемдік суреттеу құралдарымен ғана молыққан жоқ, рухани дүниесін жаңа идеялармен де байытты. Өзінің идеялық және творчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сияқты, Абай да қалың жұртқа ортақ, сонымен бірге анық ұлттық, халықтық ақын.

Абайдың сексенінші жылдардағы өлендерінің көпшілігі қазақ қоғамының тағдырына арналады. Сонымен қатар, ақын халқының бүкіл рухани қазынасын терең көркемдік-сыншылдықпен қайта қарап, өзінің ақындық жаңа программасын ұсынады.

Бұл шығармаларында Абай халық мұрасына жақын келеді. Алайда оның поэзиясының халық творчествосынан зор айырмасы барын дәл осы тұста айқын көреміз. Абай бірде-бір өлең жолында халық творчествосының қалыптасқан дәстүрлі сөз жүйесі мен ақындық ой бітімін қаз-қалпында ала салмайды. Абай ауыз әдебиетіндегі сөздерді де, образ жүйесін де, стиль тәсілдерін де тереңдетіп, жаңа ой, сезімдермен толықтырады, оның өлеңдерінде өзгеше бір идеялар мен жан сезімдері жүреді, алдымен, бұл шығармалардан ақынның ескілік әдет, билеуші феодалдардың азғындық мінездері, қараңғылық, дау-жанжал жайлаған, еңбекші бұқара мұқтаждық пен жоқшылықта өмір сүрген сол кездегі қазақ аулының қоғамдық қалпына бітіспес көзқарасы айқын көрінеді. Абайдың көптеген өлеңдерінде ("Қартайдық, қайғы ойладық", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Күлембайға", "Көжекбайғалардан" бастап) надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани бейшаралығы өлтіре сыналады. Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.

Абай өздігінен білім алудың ұзақ жолын өтті. Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан бастаған ол алпысыншы, жетпісінші жылдар әдебиетімен де танысты, тек ақындарды ғана құрметтемей, Лев Толстой, Салтыков-Щедрин секілді ұлы прозаиктерді де түсіңді. Орысша аудармалар арқылы Абай Гете мен Байронды, Батыс Европаның басқа да классиктерін білді. Орысша аудармалар арқылы ол көне замандардағы әдебиетпен де танысты. Ақынның достарының айтуы бойынша, Абай Батыс философиясымен де айналысқан көрінеді (мысалы, Спиноза мен Спенсерді оқығаны, Дарвин жайын сұрастырғаны мәлім). Алайда оның философиядан алған білімі белгілі бір жүйеге түспеген еді. Маркс және оның ғылымы туралы ол білмеген болса керек.

Абайдың орыс классиктеріне творчестволық жолмен келуі ақын қызметінің әрбір жаңа кезеңінде жаңаша болып отырды. Крыловты аударғанда, Абай мысал моралін қазақ ұғымы мен түсінігіне сәйкестендіре, кейде өзгертіп, өзгеше бір нақыл сөз түріне келтірді. Бірақ "Қанжар", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Теректің сыйы", "Жалау", "Демон" үзінділерін алсақ, Лермонтовтан аударылған өлеңдердің ішінде өзінің дәлдігі мен шеберлігі жағынан күні бүгінге дейін бұлардан асқан аударма жоқ.

Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. "Евгений Онегин" үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан "нәзира" үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды.

Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тамамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның ақынмен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінді: оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар.

Пушкиннің және дүние жүзінің ақындық мәдениетімен іштей терең байланысу ғана Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдер мен ақындық толғаныстарды, ақын қызметі жайындағы өлеңдерді, Александр Македонский мен Аристотель туралы поэманы жазуына мүмкіндік берді.

Ақынға арналған өлеңінде Абай ақынды қоршаған ұятсыз-арсыз, енжар ортаға оның тәуелсіздігін, шыншылдығын, өр тұлғасын, шабытты ойының шиыршық атып шарқ ұруын қарама-қарсы қояды. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады.

Абай творчествосының халықтығын зерттеу – айрықша маңызды міндеттің бірі. Өткендегі еңбектерде бұл проблеманы дұрыс шешуге қазақ әдебиеті "бір арнамен" дамыды деген аса қате түсінік кедергі жасады. "Бір арнамен даму теориясы" рухында жазылған зерттеулерге Абай өзінің тағдыры мен творчествосын байланыстырған ортадан – қазақтың реформадан кейінгі дәуірдегі шаруаларынан оқшау алынды.

Абайдың тікелей халықтығы – халықты езушілерді қаналушы бұқараның тұрғысынан әшкерелеуінде. Бұл ретте ол халықтың ауыз әдебиетіндегі нақыл сөздерді, мәтелдерді, тілдегі метафораларды, халық юморының тәсілдері мен құралдарын пайдаланады. Ол ауыл кедейін, батырағын, қазақ әйелін, қарапайым адамдардың бейбіт еңбегін жақтайды, надан әкелердің содырлы мінез-құлықтарының кесірі тиетін жас ұрпақты жақтайды. Бұл – тікелей халықтық белгілері. Ақын шығармаларын өз халқының тілінде жаза отырып, халық ойы мен арманын неғұрлым өткір, терең, нәзік түрде жеткізу үшін бұл тілді байытып, дамытады. Абай халық жыршылары айта алмаған, бірақ халық бұқарасының санасында жүрген ойларды айтты.

Осыдан келіп Абай халықтығының екінші бір саласы басталады. Халықтың саналы түрде түсініп болмаған, стихиялы тілектерін саналы түрде айтып, бұл үшін өз бойына жинаған нәрді пайдаланып, сол кездегі орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, ақын жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның творчествосында көрінген Белинскийдің, Чернышевскийдің эстетикалық принциптері, оның өлмес-өшпес лирикалық туындылары, Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты аударушы және насихаттаушы ретіндегі ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы туралы поэмалары – айрықша бағалы қазына. Бұл шығармаларда Абай халық тағдыры, халықты езушіліктен құтқару амалдары туралы тікелей айтпайды, бірақ та Абай мұрасының бұл саласы да терең халықтық болып табылады.

Бүкіл дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ақындық мәдениетінің маңызды элементтерін қамтыған Абай шығармалары қазақ әдебиетін, оның бүкіл мәдениетін ғасырлық оқшаулану, мешеулік қалпынан шығарып, қазақ мәдениетін жаңа, жоғары тарихи сатыға көтерді. Абайдың халықтығы мынада: ол өз халқының рухани көзі болып, алысты көре білді, халық үшін ойлап, халық үшін сезе жүріп, оның тарихи келешегін көрсетіп берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   75




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет