Сабақтың тақырыбы: Ұлыстың ұлы күні. Қазақтың ұлттық тағамдары. Грамматика



Дата13.08.2017
өлшемі138,51 Kb.
#23383
түріСабақ
Қарағанды облысы

Көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, магистр

Бажикова Анар Кадыровна
Сабақтың тақырыбы: Ұлыстың ұлы күні. Қазақтың ұлттық тағамдары. Грамматика: Сабақтас құрмалас сөйлем. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Наурыз мерекесінің шығуы туралы мағлұмат беру. Студенттерді мәнерлеп, орфоэпиялық норманы сақтап сөйлеуге дағдыландыру. Студенттің дүниетанымын, ойлау қабілетін арттыру. Жазба тілі мен ауызша тіл байлықтарын, шығармашылық қабілетін дамыту. Мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемді пысықтау.

Дамытушылық: логикалық ойлау қабілеттерін, қазақ тілінде сөйлеу тілін дамыту, білім мен білік дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік: Туған жерін, елін, қазақтың салт-дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру.

Сабақтың түрі: интерактивті тақтамен аралас сабақ.

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, жазу, баяндау, тест, топтық, мәтінмен жұмыс, ұлттық ойын ойнату.

Технологиясы: интерактивтік оқыту, жобалау технологиясы.

Өткізілу уақыты: 50 минут.

Пәнаралық байланыс: Әдебиет, тарих.

Көрнекілігі: Слайдтар, интерактивті тақта.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Амандасу, студенттердің сабаққа даярлықтарын тексеру.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

1. Үйде жазып келген сөйлемдерін оқыту.

2. Карточка арқылы сұрақтарға жауап бергізу.

ІІІ. Жаңа сабақ.

Оқытушының сөзі:

22-наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Наурыз күні көрісуден басталады. Ер адамдар қос қолдасып, төс қағыстырады. Ал әйелдер құшақтасады. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады. Наурызда табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейді, жаңарады. Наурыз достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Бұл мерекенің басты тағамы наурыз көже болған. Наурыз көже 7 түрлі тағамнан жасалған. Наурыз көжені тойып ішсең, жыл бойы тоқшылық болады деген сенім бар. Дастархан басында отырған жастар үлкендерден бата алған. Бата үлкендердің өзіне жасы кішілерге берілетін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!» - деп бата береді.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу» ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталады. Жүрек жылуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын достық мерекесі.
Ал енді мен сіздерге наурыз туралы қысқаша айтып бердім, енді сіздер наурыз туралы өз түсініктеріңізді айтыңыздар.

Тапсырма. Мына схеманы толтырыңыз.




1. Наурыз – ұлыстың ұлы күні. Наурыз- жыл басы. Бұл күні күн мен түн теңеледі. 22-наурызда күн ұзарады, түн қысқарады.

2. Наурызда наурыз көже дайындалады. Наурыз көже 7 түрлі тағамнан дайындалады. Олар: бидай, тары, арпа, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады.

3. Наурызда бата-тілек айтылады.

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қайда барса жол болсын!

Жақсылық болсын!

Татулық болсын!

4. Ұлттық тағамдар.

Қазақ халқы тағам түрлерін сүт тағамдары, ұн тағамдары, ет тағамдары деп бөлген.


Сүт тағамдары

Ет тағамдары

Ұн тағамдары

қымыз

шұжық

шелпек

шұбат

қазақша ет

нан

ірімшік

қуырдақ

таба нан

уыз

қазы, қарта

күлше

май

сүр ет

бауырсақ

балқаймақ

бүрме

құймақ

айран

кеспе

жент


5.Ұлттық ойындар.

«Бәйге», «Көкпар», «Арқан тартыс», «Алтыбақан», «Тоғызқұмалақ», «Бестас», «Ақсүйек», «Қыз қуу».

Оқытушының сөзі: Жарайсыңдар. Наурыз туралы біраз мәлімет біледі екенсіңдер. Сіздер бағанадан «Наурызды» жыл басы деп айтып отырсыздар, сонда Қазақстанда жаңа жыл неше рет тойланады? Енді бағанадан айтып жатқан наурыз туралы білімімізді жинақтайық. Қазір сіздермен Венн диаграммасы бойынша жұмыс жасайық.
Тапсырма. Венн диаграмманы толтырыңыз. Екі мерекенің ұқсастықтарын сөйлем арқылы беріңіздер.


Мәтінмен жұмыс.

1. Мәтінді аудиодан тыңдайды.

2. Жаңа сөздерді аударады.

3. Мәтінді студенттер мәнерлеп оқып, аударады.

4. Мәтін бойынша сұрақтар қойылады.
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ
Шығыс елдерінде жыл басы наурыз айынан басталады. Сондықтан 22 наурыз – бүкіл шығыс халықтарының мерекесі. 21-22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз – табиғат мейрамы: құстар келеді, қар ериді, бәйшешек гүлдейді, Жер-Ана оянады.

Бұл күні адамдар бір-біріне жақсы тілектер айтады, бірін-бірі мынадай сөздермен құттықтайды: «Ұлыс құтты болсын!», «Төрт түлік ақты болсын!», «Ақ мол болсын!», «Ұлыс береке берсін!», «Бәле-жала жерге енсін!» Бұл күні қандай күнә болса да, кешірілуі тиіс.

Бұл күні әр үйде қуаныш дастарханы жайылады. Дастарханға ұлттық тағамдар қойылады. Мерекенің үлкен асы – Наурыз көже. Наурыз көжені азықтың жеті түрін қосып жасайды. Олар: бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су. Бұл дәмнен бәрі ауыз тиеді.

Наурыз мерекесі – аса зор салтанат, ұлы жиын. Халық ауылда, қалада, үлкен көшелерде, алаңдарда киіз үйлер тігеді. Осы күні ұлттық ойындар ойналады, өнер көрсетіліп, ән салынып, күй тартылып, би биленеді. Мейрам көңілді өтеді.


Жаңа сөздер:

теңеледі

бәйшешек гүлдейді

басталады

күнә

оянады

бидай

жайылады

ойналады

тілектер

құттықтайды


Бүгінгі біздің грамматикалық тақырыбымыз: Сабақтас құрмалас сөйлем. Мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем.

Құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғысына
бағына байланысқан құрмалас сөйлемнің түрін сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Мысалы: Емтихан тапсырғаннан кейін, үйге барамыз. Сабақтас құрмалас сөйлемнің алты түрі бар.
Мезгіл бағыныңқы – бағыныңқысы басыңқыдағы істің мезгілін білдіреді. Қашан?, қашаннан бері?, қашанға шейін? деген сұрақтарға жауап береді.

Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің баяндауышы мынадай жолдармен жасалады.


Бағыныңқы сабақтас

Бағыныңқының баяндауышы

Мысалдар


Мезгіл бағыныңқы

1.Есімшеге –да,-де жалғауларының жалғануы арқылы

Баласы сегізге келгенде, әкесі оны оқуға берді.

2. Есімшенің барыс жалғаулы түріне шейін (дейін) шылауының тіркесуі арқылы.

Шешесі жұмыстан келгенге дейін, қызы тамақ пісіріп қойды.

3. Есімшенің шығыс жалғаулы түріне кейін, соң, бері шылауларының тіркесуі арқылы.

Емтихан тапсырғаннан кейін, үйге барамыз.

4. Етістікке көсемшенің –қалы,-келі,-ғалы,-гелі жұрнақтарының тіркесуі арқылы.

Ол ауылға кеткелі, екі жыл болды.

5.Есімшеге -ша,-ше жұрнағы жалғануы арқылы.

Мен келгенше, сен үйде отыр.


Ал енді сіздермен «Арқан тартыс» (Білім тартыс) ойынын ойнаймыз. Бұл ойында грамматикалық тақырыпты қаншалықты меңгергендіктеріңізді көрсетесіздер.

Ойынның шарты: Сіздер екі топқа бөлінесіздер. Сіздерге шашыраңқы сөздер беріледі, содан мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем құрайсыздар. Қай топ барлық сөйлемдерді дұрыс құраса, сол топ жеңімпаз атанады. Дұрыс жауаптарын тақтадан тексереді.
Тапсырма. Мына шашыраңқы сөздерден, мезгіл бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем құраңыздар.


I-топ

II-топ

1. Бұл, наурыз, болушы, маңда, еді, айы, той, туғанда.

1. Мереке, тазартылып, ағаштар, соң, бұлақтар, отырғызылған, басталды.

2.Басталғанға, наурыз, дайындалады, наурыз, тойы, көже, дейін.

2. Қолданылған, ұйқысынан, мынадай, адамдар, қызық, оянған, дәстүр, соң.

3. Тазартылды, күніне, шейін, ұлы, көшелері, қала, ұлыстың.

3. Әзірлеген, құрғанша, бойжеткендер, алтыбақан, көже, жігіттер, наурыз.

4. Наурыз, тойланбады, 1988, дейін, Қазақстанда, жылға, мерекесі.

4. Жарысқа, палуандар, дайындалуда, өнерпаздар, салғанш, өнерлерін, ортаға.



Жаңа сабақты бекіту.

Бүгінгі сабағымызды инсерт стратегиясы бойынша бекітеміз. Сіздерге қазір слайд арқылы таблица көрсетіледі, сол таблицаны сіздердің толтыруларыңыз қажет.
Тапсырма. Мына инсерт стратегиясын толтырыңыз.


Не білемін?

Білгім келеді?

Не білдім?











Бағалау (Сабаққа жақсы қатысып отырған студенттерді бағалаймын).

Үйге тапсырма.

  1. Жаңа сөздерді пайдалана отырып, мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмаласқа 3 сөйлем жазыңыздар.

2. «Ұлттық тағамдар» туралы сөйлесім құрастырыңыздар.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет