- Мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттеп, жинақтау ісі – әрі қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі. Мұғалiм өз тәжірибесін өзі зерттеу үшін шығармашылық- проблемалық тақырыбын анықтау керек. Мұғалім оқыту мен тәрбие саласындағы орын алып отырған бір мәселені шешу үшін әдіс-тәсілдерді таңдап алып, олардың оқушыларға ықпалын сабақ және тәрбиелік іс-шаралар арқылы бақылайды. Мұғалім зерттеу арқылы түскен материалдарды талдап, қорытындысын үнемі дәптерге жазып, оқушылардың ынтасы мен таным қабілетін дамыту жолдарын іздестіріп, өз жұмысындағы жетістіктер мен кемшіліктерді көріп, оларды жоюдың тиімді жолдарын табу үшін педагогикалық әдебиеттермен танысады.
Зерттеу жұмысына байланысты құжаттарды мұғалім бірте-бірте жинастыра береді. Оларға: сабақ жоспары, бағдарлама тақырыптары бойынша жасалатын тақырыптық перспективалық жоспар, мұғалімнің жазған баяндамалары, мақалалары, шығарған оқу құралдары, оқу-әдістемелік құралдары, оқушылардың жазба бақылау жұмыстары, сынып жетекшісінің тәрбие жұмысының жоспары, түрлі тақырыптарға жазылған оқушылардың баяндамалары жатады. Осы құжаттардың негізінде мұғалім өз жұмысына талдау жасайды, жүйеге келтіріп жинақтайды. Әрине, мұғалімнің өз тәжірибесін өзі зерттеп, жинақтауы оңай жұмыс емес. Оған ең кемінде бір немесе екі жылдай мерзім керек.
Зерттеу жұмысы аяқталғаннан кейін оны мектеп мұғалімдерінің ғылыми- практикалық конференциясында талқылайды, құнды деп тапса, аудандық «Педагогикалық оқуларға» ұсынады. Сөйтіп, мұғалімнің бұл шығармашылық еңбегі бірте-бірте облыстық, Республикалық талқылардан өтіп, көпшіліктің игі ісіне айналады.
|