Кәсіби талаптар – бұл кәсіби бағытта ғылыми білімді және педагогикалық іскерлікті кешенді игеру қажеттілігі. Демек, мектеп директоры педагогика, психология, жас ерекшелік физиологиясы, мектеп гигиенасы, мектеп жұмысын басқару теориясы салаларындағы білімді шығармашылықпен пайдалануы қажет.
Өнегелі талаптар – бұл басшының жеке басындағы адамгершілік қасиеттерді көрсетеді. Мысалы, ұстамдылық, әділеттілік, қайырымдылық, талап қоюшылық, тілектестік қарым-қатынас, т.б..
Осындай қасиеттерде кейде бұзушылық сезілсе, онда қарамағындағы қызметкерлер тарапынан басшыға сенімсіздік туады, беделіне нұқсан келеді, кейбір жағдайларда ұжым мүшелерінің арасында теріс пікірлер қалыптасып, байқалуы мүмкін.
Мұндай жайттарды еске алып, жеке адамды басшылық қызметке тағайындау үшін оны мәдениетті және адамгершілік деңгейі жоғары, тәжірибелі ұстаздардың ішінен таңдап алу қажет.
Күнделікті іс-әрекетінде ұжымға сүйену, қоғамдық пікірлермен санасу, қабылданған шешімнің жариялылығы – мектеп директоры жұмысының жемісті болуының басты жағдайы.
Мектеп жұмысын жақсарту және оны жетілдіру оқу-тәрбие үдерісін дұрыс ғылыми-педагогикалық негізде жоспарлай білуге байланысты. Мектеп жұмысын директор жоспарлайды. Мектеп өмірінде жылдық жоспарды жасаудың бірнеше түрлері байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |