Астана қаласы
№ 53 мектеп-лицей
Тәрбие сағыты:
Өткізген: Мустафина А.З.
Тақырыбы: «Жігітке жеті өнер де аз!»
Мақсаты: Оқушыларды ұлттық салт-дәстүр негізінде білімін кеңейту.Адамгершілікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Татулыққа, ынтымақтыққа, бірлікке шақыру.
Көрнекілігі:
Белсенді тақта, тарихи тұлғалардың портреттері, қолөнершебелерінің бұйымдары, бес қару, ат әбзелі, қатысушылардың қолынан шыққан туындалары қойылады.
Барысы:
Мұғалім: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Сіздер бүгін «Жігітке жеті өнер де аз!» атты жігіт сұлтаны сайысына қош келдіңіздер.Жігіттеріміз өз өнерлерін ғана көрсетіп қоймай, біздің салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды, шеберліктерін көрсетеді. Олай болса жігіттерімізге сәт сапар тілей отырып, «Жігітке жеті өнер де аз» атты жігіт сұлтаны сайысын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата-жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін қолдамақ.
Ел намысын қорғамақ.
Жігіттер шықсын ортаға,
Бүгін сұлтан атанбақ!
2-жүргізуші:
Қайсысы күйші, кім биші,
Талабына қарайық.
Кімдер зерек, кім жылдам,
Таланттарын табайық!
1-жүргізуші:
Құрметті көрермен қауым! Енді сайысқа түсетін жігіттерді қол соғып, қошеметпен шақырайық.
2-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Бар өнерді салыңдар.
«Ер сұлтандар» атты лайықтап,
Тобыңмен жеңіп алыңдар.
1-жүргізуші:
Әр топты өзін таныстыруға шақырайық.
Слайдтан «Қысқа-нұсқа» атты тақырппен әр оқушыны таныстырып өту.
Жігіттер келіп жетті танысуға,
Бойындағы бар дарынды дамытуға.
Жігерленіп сахнаға келіп жетті,
Әдеппен, ізетпенен табысуға.
Әр топ өздерін таныстырады.
1-жүргізуші:
Қыран бүркіт көтерер елдің нарқын,
Қыран жігіт асырар елдің даңқын, - демекші сегіз қырлы, бір сырлы жігіттеріміздің өнерлерін көрсетуге шақырамыз.
Әр топтан екі адам ортаға шығып өнер көрсетеді.
2-жүргізуші:
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ел өнері білінбес,
Қоян-қолтық алыспай.
«Ердің асылы күшімен білінеді» дегендей, келесі тапсырма күш сынасу болмақ
(Жігіттер арқан тартысады)
1-жүргізуші:
Талаптың мініп тұлпарын,
Келдім міне жарысқа.
Белгісіз кім ұтары,
Түстік міне сайысқа.
Ата –бабаларымыздың ұлан асыр жерімізді білектің күші, найзаның ұшымен талай жаудан қорғап мәлім. Ал, енді біздің бүгінгі жігіттеріміздің ел қорғауға қаншалықты әзір екенін көрелік.
Қол күрес. Екі адамнан ортаға шығады.Жерден тартылу. Тобымен қатысады.
2-жүргізуші:
Жылдар-жылдар тарихтың мол бекеті,
Сен әкелген жақсылықтар көп тегі.
Көңілді шат сезімге бурайды,
Халқымыздың бүгінгі мен өткені, - деп енді жігіттерімізді қоржыннан асықтар алып сұраққа жауап береді.
1-сұрақ. Қазақ халқының тарихында қандай хандар өткен?
Хандар: Абылай, Әбілқайыр, тәуке Жәңгір
2-сұрақ.қазақ халқының тарихында қандай батырлар өткен?
Батырлар: Сыпатай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Кенесары, Есет, Қайдауыл.
3-сұрақ.Қазақ халқының тарихында қандай билер өткен?
Билер: Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би.
4-сұрақ. Үш ұғымы туралы сұрақтар.
1. Үш жүз: (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
2. Үш арсыз: (Ұйқы, тамақ, күлкі)
3. Үш даусыз (Мінез, кәрілік, ажал)
5-сұрақ. Бес асыл мен бес дұшпанды ата.Бес дұшпан: (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
Бес асыл: Талап, еңбек, терең ой, қанағат ету, рақым жасау.
6-сұрақ: Жеті жетімге не жатады?
Тыңдаусыз қалған сөз жетім,
Қиюсыз қалған боз жетім,
Иесіз қалған жер жетім,
Басшысы жоқ ел жетім,
Аққу-қазсыз көл жетім,
Елінен айырылған ер жетім,
Замандасы қалмаса,
Бәрінен де сол жетім.
7-сұрақ: Ұлттық ойындардың түрлерін ата.(Ақсүйек, асау үйрету, арқан тарту, тымпи, сақина салу, көкпар)
8-сұрақ. Бес қаруды атаңыз. (мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)
9-сұрақ. Аттың ер-тұрмандарына нелер жатады?
(жүген, желдік, тоқым, ер құйысқан, өмілдірік, үзеңгі, аткөрпе, тартпа, қамшы.)
10-сұрақ. Жігіттің үш жақын жұртын ата.(Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт)
11-сұрақ.Үш арысты атаңыз. (С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров)
12-сұрақ. Төрт түліктің пірін атаңыз.(Түйе пірі – Ойсыл қара, жылқы пірі – Қамбар ата, сиыр пірі – Зеңгі баба, қой пірі – Шопан ата, ешкі пірі – Шекшек ата.)
1-жүргізуші:
Қой азығы демеңіз,
Қолға жақсы сақа ғой.
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса аға ғой, - дегендей әр топтан үш мықтыны шақырып, ана, Отан, ерлік тақырыбында мақал-мәтелді қаншалықты білетінін «Білімді мыңды жығар» сайысы барысында байқап көрелік.(Жүргізушілер кезек-кезек мақалдың басын айтады, қатысушылар жалғастырады)
· Ағайын-алтау, ана-біреу.
· Ағайынның алтын сарайыннан
Анаңның жыртық лашығы артық.
· Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды.
· Анаңды Мекеге үш арқалап барсаң да,
Қарызыңнан құтыла алмайсың.
· Отанға опасыздық еткенің,
Өз түбіңе өзің жеткенің.
· Жат жердің қаршығысынан,
Өз еліңнің қарғасы артық.
· Кісі елінде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлан бол.
· Отан үшін күрес,
Ерге тиген үлес.
· Ерліктің шарты – өзіне сенгендік.
· Ер жігіт үйде туып, түзде өлер.
· Үйде шешен – дауға жоқ.
Үйде батыр – жауға жоқ.
2-жүргізуші:
Ей жігіттер!
Сендерге артар міндет көп,
Көтер биік ата салтын құрметтеп.
Ақтай білсең ата-баба үмітін,
Әрбір сөзі тәлімі бар бір мектеп.
Келесі сайысымыз «Ескірмейтін есті сөз»
1. Отқа су құйма, түкірме.
2. Мал сүйегін отқа жақпа, ақты төкпе.
3. Қазақ түнде мал, адам санамайды.
4. Пышақтың жүзін жалама, пышақтың жүзін кезбе.
5. Үйге қарай, үйді айналып жүгірме.
6. Айға қарай қолыңды шошайтпа
7. Күлді, тұзды баспа, шашпа.
8. Жағыңды, беліңді таянба тізеңді құшақтама.
9. Бас киімді теппе, лақтырма.
10. Итті теппе, итке су шашпа.
11. Есікті керме, табалдырықты баспа.
12. Нанды шашпа, баспа.
13. Түнде өзенге, суға түспе, су алуға барма.
14. Мойныңа белбеу салма.
15. Жұма күні кір жума.
16. Үш айтта кір жууға, тырнақ, шаш алуға болмайды.
17. Сыпырғышты көкке көтеріп баланы ұруға болмайды.
18. Кемпір адамға күлуге болмайды.
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық!
Топ басшысынан ауылдың,
Аталы бата алайық.
Екі түрлі әнші бар,
Біреуі сонан бата алған.
Ешқашан артық болмайды.
Атадан үлкен бата алған.
2-жүргізуші: «Жеті атасын білмеген жетесіз» - деп айтпақшы, кешіміздің соңында біздің қыран жігіттеріміздің топ басшысы жеті аталарын атап бата береді.
1-топ басшысы:
А, құдайым оңдасын,
Оң жылына бастасын,
Бастарына бақ сыйлап,
Қыдыр бабаң қолдасын.
Бүгінгі мына сынақта,
Тұғырдан таймас қыран бол.
Ел-жұртыңа ұран бол!
Цицерондай шешен бол.
Ескендірдей бекем бол!
Атымтайдай жомарт бол,
Айбаты асқан ұлан бол,
Халқын сүйер Сұлтан бол.
Еліңе ұнар Ару бол!
А, құдай жарылқа! Әумин!
2-топ басшысы:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Көк жайлауды жайласаң,
Тай құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Амин десең маған,
Құдай берсін саған!
2-жүргізуші:
Бойларыңда от бар екен, байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен, байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
1-жүргізуші:
Достарым, түсініңдер сөздің нарқын,
Әр кезде бола берсін жүздер жарқын.
Мәңгілік жоғарылап жұлдыздарың,
Бақытқа бөлеңдерші қазақ халқын, - дей отырып, ендігі сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз. «Ер сұлтаны», «Жігіт сұлтаны» деген атақты табыс етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |