Шыңғыс ханның Моңғол тайпаларын біріктіруі. Шыңғыс хан - есім емес, моңғолдың ұлы ханының атағы. Оның шын есімі - Темучин. Ол 1155 немесе 1162 жылы қият тайпасындағы ақсүйек батыр Есугейдің отбасында туған. Есугей Темучин он жасқа жеткенде татарлармен болған шайқаста қаза тапты. Жас кезінде Темучин қорлықты, жәбірлеуді және мұқтаждықты басынан өткізді. Бірақ ержүректілігі мен ақылының арқасында өзінің айналасына жауынгерлер жасағын жинап, көрнекті батырға айналды. Әскербасы ретінде оның теңдесі жоқ болды. XII ғасырдың соңына қарай ол көп әскер жинақтады. Әрбір сәтті жорықтан кейін Темучиннің даңқы өсе түсті. 1203 жылы Темучин керейттерді, кейін наймандар мен меркіттерді бағындырды. 1206 жылға қарай ол барлық моңғол тайпаларын өз қол астына біріктірді.