Сабақтың мақсаты: Жас жеткіншек ұрпақтарды Отан сүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа баулу. Ұлттық патриоттық сезімін қалыптастыру; елін, жерін қорғауға, бейбітшілікті нығайтуға тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беру. Оқушылардың бойына патриоттық сезімін ояту.
Сабақтың көрнекілігі: «Олар біздің бақытымызды қорғады» ерлік бұрышы. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды». Мәншүк пен Әлияның портреті /өлең шумағы жазылған/. Альбомдар, газет-журналдар, плакаттар, мақалдар. «Майданнан хат» стендісі.
Сабақтың түрі:Тәрбие сағаты
Тәрбие сағатының барысы:
Шығыстың қос шынары: Әлия мен Мәншүктің өмірбаяны.
II. Арулар отты жылдарда: Соғыстың алғашқы әсерлері.
IІІ. Батырдың өзі өлсе де аты өлмейді /берілген атағы,
батырлар жайлы шыққан кітаптар.
Кіріспе.
Бүгінгі тәрбие сағаты Ұлы Жеңістің 67 жылдығына байланысты. Сан мыңдаған ер азаматтардың өмірін қиған Ұлы Отан соғысының әлемдік тарихтағы орны зор. Бес жыл бойы дүниені дүрліктірген соғыста небір жанқиярлық ерліктер жасалды. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан аға ұрпақтың қатарында қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары да болды. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыр қыздары Шығыстың қос шынары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова туған жерді қасиет тұтып, атамекенді ардақтау Отанын қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Қанға боялған даласы, аңыраған анасы, жетім қалған балалар үшін шайқасты.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйемін.
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған Отан деп сыбырлаған.
Бозторғайы бол оның шырылдаған
Отан, Отан
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,-деп ақын Мұқағали жырлағандай, әрбір қазақтың жүрегінде Отан туралы сезім жоғары тұрады.
Мәншүк Мәметова Жансығалиқызы
1922 жылы 23 қазанда Орал облысы, Жасқұтта Нарын ауданында туған. Отбасында 5-еу болған. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін Алматыда апасының қолында болады. Мектепте оқиды, одан кейін Мединститутта оқиды. 1942 жылы Алматыдағы медицина институтын бітірп, 1942 жылы тамызда соғысқа өзі сұранып аттанады.
Қаhарман қыз Әлия Молдағұлова Қобданың жағасындағы Бұлақ ауылында 1925 жылы шамамен 15 маусымда Нұрмаханбет Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында өмірге келген. 1933 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін әжесі Тәжікеннің тәрбиесінде, апасының сіңілісі Сапурамен бірге тең дәрежеде жүрді. Нағашы ағасы Әубәкір қызмет бабымен Әулие-Атаға көшіп келеді. Сол жерде №11 темір жол мектебіне Әлия 1-ші сыныпқа 1934 жылы қабылданады. Молдағұловтар отбасы Мәскеуге көшіп келеді де Әлия мен Сапураны 1935 жылы №35 Мәскеу орта мектебіне береді. Сол жерде 1938 жылдың наурызына дейін оқиды. Отбасының жағдайына байланысты Молдағұловтар Әлияны Ленинградтағы №46 балалар үйіне береді. Ол №140 орта мектепте оқиды. Әлия бір беткей, әділетті шындықты көзге айтатын, қорықпайтын, сыныпта староста болған. Мектепте пионер вожатый қабырға газеті редакция алқасының мүшесі болған. Тәртібі мен білімі үшін «Артек» лагеріне жіберілді. Соғыс басталғанда Әлия комсомол қатарына қабылданды.
Отан қорғау жолында қаhармандығымен көзге түскен батыр апамыз
Мәншүк Мәметова соғысқа өзі сұранып аттанды. Пулеметші болып «Максиммен» жауды топырлата қырды. Өзім өлсем де, Отаным аман болса екен,- деп армандады. Қазір Алматы қаласында Мәншүк Маметова атындағы мектеп бар. Оның алдында батырдың бюсті түр. Мектептің ішіне кіріп, дәлізбен жүрсең, бір кластың маңдайшасында былай деп жазылған : «Бұл класта Мәншүк оқыған». Бір парта ақпен сырланған. Бұл партада Мәншүк отырған. Батырдың туған қаласы Оралда Мәншүкке орнатылған ескерткіші бар. Невель қаласында да ескерткіші бар.
Вятскіде 7-ші сыныпты бітірген Әлия-Рыбинск авиа техникумына түсіп, ұшқыш болып, жауға қырғындай тиюді көкседі. Бірақ бұл мамандықты игеру үшін көп оқу керек болды, ол майданға аттануға асықты. Үш ай оқығаннан кейін Қызыл әскер қатарына өтуге арыз берді. 1942 жылғы желтоқсанында үздік мерген атқыштар даярлайтын орталық әйелдер курсы ашылды. 17 жастағы Әлия сол курстың алғашқы тобына 1942 жылы өзі сұранып, әрең қабылданады. 1943 жылы 23 ақпанда оқуын аяқтап, алғы шепке кету арманына жетті. Әлия Солтүстік майданға келді.
«Қымбатты мама».
Көптен күткен хат пен посылканы тура алғы шепке жүргелі тұрған сәтте алдым. Бүл 1943 жылдың 10-шы қыркүйегі еді. Өзіме бір-ақ алма тисе де, мен қатты қуандым. Кішкене сыйлықты мен сияқты күткен жауынгерлер мен командирлер талап кетті. Үлкен рахмет. Жолымыз сәтті болды. Ал қазір, алғы шепте пулиметіммен фашистерді мықтап аңдудамын. Түнде мүлдем дерлік ұйықтамаймыз, ал күндіз тынығамыз. Міне, қалт еткен сәтті пайдаланып, сізге жауап жазып отырмын.
Қымбатты әпкетай! Бүгін күндіз сәл тынығайын деп жатыр едім, бірден ұйықтап кетіппін. Сізді түсімде көрдім. Жалпы қазіргі өміріміз көңілді: фашистермен қару тілімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жаңіспен оралған соң, айтатын нәрсе көп-ақ. Қолыңды қатты қысып, құшып сүйемін. Қызыңыз Мәншүк. Менің майдангер жолдастарым сәлем айтып жатыр.
“Сәлем саған Отаным”
“Сәлеметсің бе, қымбатты сіңілім Сапура. Жиі-жиі хат жазамын деймін саған, бірақ жағдай мүмкіндік бермейді. Сенің жазған хатыңды алған соң бірнеше рет хат жаздым, оны алған, алмағаныңды білмеймін. Жақында менен ұзақ уақыт хат болмаса , таңданба, бұрынғы адреске жаза бер, себебін кейін хабарлармын. Көкеме, жеңешеме және басқа да туыстарға менен көп-көп сәлем айтып хат жазарсың. Егер көре қалсаң, мен үшін балалардың бетінен сүй. Өз денсаулығың, өмірің жайлы жиі хат жаз, көп жаз. Бетіңнен сүйдім Әлия”.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж.
4 маусымда Кеңес Одағы Батырыатағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
Әлия Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.
Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.
Әлия атындағы ескерткіштер
1.Новосокольники қаласы (авторы М.Айнеков)
2.Ақтөбе (Л.Рапутов, Е.Штамм)
3.Ақтөбедегі Мемориалды кешен (авторы Б.Әбішев)
4.Әліпбайсай ауылы (Б.Әбішев)
5.Алматыдағы “Шығыстың қос жұлдызы” атанған Әлия мен Мәншүкке арналған мемориалдық кешен
6.Мәскеуде ескерткіш (Б.Әбішев)
7.М.Ә.Молдағұлова атындағы көшелер
1943 жылдың қазан айында Мәншүк Мәметова ерлiкпен қаза тапты.
1944 жылдың 1-наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берiлгеннен кейiн арада көп уақыт өтпей, Мәншүктiң мәйiтi анасы Әмина Сүлейменқызының қатысуымен Невель қаласының орталық саябағында қайта жерленген.
Венн диаграммасы
Қорытынды.
Оқ пен оттан аман оралып, ортамызда жүрген аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін әрдайым мақтан тұтамыз. Елімізді ғана емес, Еуропаны фашизмнің қара түнегінен азат еткен ардагер ағаларымыз бен апаларымызды кейінгі ұрпақ - біз ешқешан ұмытпаймыз. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз. Сондықтан да біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін эрқашан қастер түтамыз. Олардың ерлігі ешқашан естен шықпақ емес. «Батырдың өзі өлсе де, аты өлмейді».
«Ақсақалдың ақ батасын құптаған,
Марқасқалар айтқан сөзін жүптаған.
Есенейге ел билетіп Ұлпандар,
Қобыланды кеңес ал Құртқадан,
Даласы кең осыншама салты бай,
Өле сүйген сүйе алмаған жартылай.
Қажет- жерде батыр қыздар туатын,
Қайран менің қазақ атты халқым-ай,»-деп Ақұштап Бақтыгерева жырлағандай Отанымыздың-өр сезім батыр қыздары. «Шығыстың қос шынары» - атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Ұлы Жеңістің 69-ші көктемі құтты болсын!