Аяз би Жаманұлы – қазақ халқының ежелден елге аты мәшһүр болған, аты аңызға айналып кеткен ақылгөй абыз, шешен, биі. Оның есімі бүгінгі ұрпаққа «Аяз би» ертегісі мен «Аяз биі әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» дейтін қанатты нақыл сөз арқылы сақталып жеткен. Аяз бидің ғұмырнамасы жөнінде әр түрлі деректер бар. Майқы би Мән баласының шежіресін жазған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (Жалын 1993ж.) дейтін кітабында Аяз биді және оның серігі Құмырсқа батырды Майқы би дәуірінде өмір сүрген Майқы Мәнұлының оң жағында отыратын сенімді ақылгөй билері еді деп жазады. Сонда бұл дерек бойынша Аяз би хижра жыл санауынан 711 жылы бұрын туып 800 жылы дүниеден өткен, Майқы Мәнұлының замандасы тұстас болып шығады. Ал, зерттеуші Балтабай Адамбайұлының «Алтын Сандық» атты кітабындағы шағын мәліметте Аяз би Хиуа хандығындағы дәуіріндегі өмір сүрген тарихи адам деп оны ХІ-ХІІ ғасырға жатқызады. Бұл әлі тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселе. Аяз бидің қандай би болғаны, адамгершілік қадір қасиеті жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында былай жазылған: «Бұрынғы қойшы, кедей Аяз өзінің ақылдылығы, даналығы арқасында уәзір болады. Бұл үшін Мадан ханның бірнеше сынынан өтеді. Оған шөп жаманы-қоға, құс жаманы-сауысқан екенін дәлелдеп береді. Ханның тұлпарының сиырға, өзінің қара халыққа шатыстығын айырады. Шартты жұмбағын шешіп, бай қызы Меңді сұлуға үйленеді, ханның күншіл, ақылсыз қырық уәзірін өлімнен құтқарады. Аяздың даналығын, достыққа адалдығын, сертке беріктігін, қайырымдылығын, әділдігін Мадан мойындап халық қалап, оны хан етіп көтереді».
Майқы би өзінің төңірегінде ақылды, дана, би, шешендерді, батыр, балгер, көріпкел әулелерді көп жинап, олармен ақылдасып отырады. Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Олар аспанға, жұлдыздарға қарап мал-шаруа жайын, егіншілікке қолайлы мерзімді күні бұрын болжап, халыққа пайдасын тигізеді. Ал, Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би әрі батыр жан серігі болыпты. Қайда барсада екеуі жұбын жазбай жүреді. Ол екеуі Майқы бидің сілтеуімен қазылық құрып, көбінесе елмен ел арасында тіршілік, бітімгершілікпен айналысады. Сондықтан да Майқы би Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт беріп жібереді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:
Билер бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Майқының да айтатын кебі бар,
Айтуға аузының да ебі бар.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би басарсың шоқ.
Аяз би әліңді біл,
Құмырсқа жолыңды біл.
Ел арасында «Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл» деген нақыл сөз содан қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |