Сабақтың тақырыбы: Майқы би мен Аяз бидің тіл шеберлігі
1. Сабақ жоспары:
1) Шешендік тілдің логикамен байланысы
2) Шешендіктегі сөз бен ұғым.
3) Шешендік сөздердегі ой қорытындысы
4) Сөздің дәлдігі, ойдың айқындылығы.
5) Тіл тазалығы, көрнектілігі
6) Қазіргі шешендіктегі сөйлеудің түрлері.
2. Сабақтың мақсаты: Халық даналығы мен билер сөздерінің сырын ұқтыру.
3. Қысқаша теориялық мәлімет
Майқы би Мәнұлы біздің дәуірімізге дейінгі 178 жылы туып, 89 жылы дүниеден қайтқан. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөздер арқылы атадан балаға атағы таралып келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді аталы, баталы, даналы шешен сөздердің де басы болса керек. Қазақ шежіресінде екі Майқы би болғанға ұқсайды. Оның алғашқысы Ғайса пайғамбардан он екі жыл бұрын билік құрған Мәнұлы Майқы би. Соңғысы Шыңғыс хан заманында ғұмыр кешкен Майқы би Төбейұлы (1105 – 1225 жылдар шамасы). Біздің әңгіме етпегіміз әуелгі Майқы би Мәнұлы қақында. Бұл Майқы би жөніндегі дерек бізге ертедегі шежіреші ғалым, әрі батыр Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» (1993) деген шежіре кітабы арқылы жетіп отыр. Осы айтылмыш шежіреде Майқы би Мәнұлының ата тегі былай таралған: Ежелгі Елсау биден Нулы, Абыл. Абылдан – Қайыр, Қарғын, Тарғын. Қайырдан – Бақ, Шақ, Асық. Бақтан – Таң, Таңат, Шарт. Таңнан – Пәр, Өрт. Пәрден – Мән, Кен, Кеме, Тоқ. Мәннен – Майқы, Мойыл тараған. «Майқы Мәнұлы өз заманында бүткіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты. Жұрт оны сөйлетіп қойып, аузына қарап отырады екен. Майқының заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Өйткені ол да шешендігіне байланысты болса керек. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай түннің бір шамасында сайрауын қояды екен. Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сайрайды деседі. Міне, Майқы атамыз сондай шешен болыпты». Ол кездегі Майқы бидің қол астына шығысы – Тарбағатай, терістік жағы – Көкше теңіздеріне шейін, батысы – Шу алқабы, оңтүстігі – Үйсін тауларына дейінгі кең байтақ дала қараса керек. Бұл елдің орталығы Үш Қараш тауының түбіне орналасқан Шығу шаһары екен.
Майқы би елді бейбітшілік жолымен әділ де адал басқарған. Өзінен бұрын әр тарапқа бытырап кеткен елдердің басын біріктіріп, ұйымшылдыққа, ел бірлігіне үндеген. Майқы өз төңірегіне ақылды, дана кісілерді, батырларды, би, шешендерді, ақын-жазуларды, әнші күйші, өнерпаздарды, балгер, құмалақшы, жауырыншы, зергер ұсталарды көп жинаған. Олармен үнемі бас қосып ақылдасып отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |