Алдар би мен Сырым
Сырым үлгі алып, ұстаз тұтқан батырлар мен шешендер үлгілі сөз үйретіп қана қоймай Сырымның тапқырлық сөздерін, өжеттік ерлік істерін, құптап, көтермелеп отырған. Алдар би Сырымның алдынан шығып:
-Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың,
Жоқтан бар болдың.
Көнеден дәурен озды,
Көндей боп қамқа тозды,
Атадан ұл озды.
Анадан қыз озды – деп тақпақтап қарсы алады. Сонда Сырым:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам,
Атым жараған болар.
Көнеден дәурен озса,
Жасы жеткен болар.
Көндей боп қамқа тозса,
Дәурені өткен болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Еркелігі болар- деп жауап береді.
Әрине, Алдардың сөзі – мақтау, оны Сырым жақсы түсінеді. Батыр масайрап бас шұлғымай, шешендік жұмбақтың шешімін тауып өзіне айтылған мадақтауды ел-жұртының атына аударады.
Достарыңызбен бөлісу: |