Батыс Қазақстан облысы
Зеленов ауданы
Махамбет ауылы
Махамбет жалпы орта білім беретін мектебі
1 санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Халенов.С.Ө.
Телефон № 8-775-723-11-13
Сабақтың тақырыбы: Тұрақты сөз тіркестері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік) тұрақты сөз тіркестерінен алған білімдерін пысықтау;
Дамытушылық) алған білімдерін өмірлік практикада қолдану дағдысын жетілдіру, көркем ойлау қабілетін дамыту;
Тәрбиелік) оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіру, сөз өнерін құрметтеуге баулу.
Сабақтың типі: Сайыс сабақ
Оқыту формасы: деңгейлеп оқыту, бірлескен ұжымдық әрекет
Әдісі: сұрақ-жауап, талдау, деңгейлік тапсырма, іздендіру.
Көрнекілігі: үлестірмелі парақша, суретті парақша
Сабақ барысы: Ұйымдастыру.
Оқушылардың сабаққа қатысымын тексеру, сабақ тақырыбы мен мақсатын хабарлау.
Деңгейлік тапсырмалар
1-деңгей тапсырмасы. Еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркесін ажырату. Жүрек жұтқан, жүректі емдеу, жерге кіріп кете жаздау, үріп ауызға салғандай, ауызша айту, құлақ қою, үлгілі бала.
2-деңгей тапсырмасы. Тұрақты сөз тіркестерінің сөйлемдегі қызметін анықтау.
Бұл жолы екі кәсіпкерді өзбек саудагерлері мұзға отырғызып кетті.
Ұшақ аспанға көтерілгенде, екі өзен алақанға салғандай болып көрінді.
Ит байласа тұрғысыз баспананы тұрақ еткеніме – бүгін төртінші күн.
3-деңгей тапсырмасы. Берілген тұрақты сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құрау.
Қуанышы қойнына сыймау, арқасынан қыл өтпейтін, ат төбеліндей, көңілін қалдыру, қол ұшын беру.
Топпен жұмыс. «Суретіне қарап сөзін тап». Суретті бірнеше парақша үлестіріледі. Суреттегі нәрсеге байланысты тұрақты сөз тіркестерін тауып айту.
1-топқа: құлақ, көз (құлақ аспау, көз шырымын алу)
2-топқа: қол, қабақ (қабағынан қар жауу, екі қолын төбесіне қою)
3-топқа: ауыз, бет (аузын қу шөппен сүрту, ауызға ілігу, бетінен алу)
Жасырын тұрақты тіркес.
Үш топ бір-біріне жасырын сөз айтып, тұрақты тіркес пен оның баламасын табады.
1-топ 2-топқа: дауласу, өкіну, ұялу, таңырқау
2-топ 3 топқа: араздастыру, тату дос, қатты сасқалақтау, мазасын алу
3-топ 1-топқа: алыс, безу, үндемеу, мырза
Кубизм стратегиясы.
Тақырыпты жан-жақты қамтуға мүмкіндік туғызатын оқыту стратегиясы.
Суреттеңіз: Тұрақты сөз тіркесінің анықтамасы.
Салыстырыңыз: Тұрақты сөз тіркесін еркін сөз тіркесімен салыстырып, өзіндік ерекшелігін табу.
Зерттеңіз: Тұрақты сөз тіркесінің зерттелу аясы, сөйлеу мәдениетіндегі орны, маңызы.
Қолданыңыз: Тұрақты сөз тіркестерін қатыстырып бірнеше сөйлем құрастыру.
Төмендегі ұғымдарды тұрақты сөз тіркестерімен бейнелеп айтқанда қалай айтады.
Үш топқа бес сұрақтан беріледі.
Мұғалім Берік Омаровтың білмейтіні жоқ, бәрін де істей алады. Ол суретші де, жүргізуші де, ағаш шебері де, механик те. Музыка аспаптарында ойнап, үйіріліп би билейді. Бейнелеп айтқанда, ондай адамды қалай атайды?
(Сегіз қырлы, бір сырлы; Он саусағынан өнер тамған)
Болаттың Артекте бірге болған жақсы досы бар екен. Ол үнемі сол досын айтып, әңгімелеп отырады. Сөйтіп үнемі айтып отыруды не дейді? (Аузынан тастамайды)
Мұрат клубқа барса, онда адам өте көп, тығыз, отырарға орын жоқ екен. Мұрат кіре алмай, үйіне қайтып кетеді. «Неге кіріп отырмадың?» деген інісіне ол не деді? (Ине шаншар жер жоқ)
Жөнімен істейтін істі бүлдіріп, қырып-жойып келетін адам. (Шаш ал десе, бас алады)
Көрген-білгенінің бәрін жоққа сайып, бар да болса, жоқ деп тұратын адамдар туралы (Аузын қу шөппен сүрту)
Молшылыққа кездесіп, мол олжаға ие болу (Шаш етектен бату)
Бірдемені амалсыздан әзер істеу (Қолының ұшымен ғана)
Біреудің жаман іс, мінезін әшкерелеуді (бет пердесін жұлып алу)
Біреудің кемшілігін бетіне айтып, қатты сынау (Бетің бар, жүзің бар демейді)
Екі бірдей қайғы-қасіретті басынан кешіру жөнінде (Екі оттың ортасында күю)
Қатты ұялғандық сезімі жөнінде (Жерге кіріп кете жаздау)
Болымсыз бірдемені сылтауратып, істі істегісі келмеу, бүлдіру (Бүйректен сыйрақ шығару)
Көре тұра бірдемеден айырылып қалу жағдайы (Сақалды қолдан беру)
Дос болып келіп, дұшпандық істеп кету немесе мақтап келіп даттап кету туралы (Күле кіріп, күңірене шығу)
Біреуді біреудің өзіне тәуелді етіп алуы (Ашса-алақанында, жұмса-жұдырығында)
Үйге тапсырма: 1-деңгей: - 119-жаттығу . 2-деңгей - Бір-бірімен синоним, антоним, омоним болатын тұрақты сөз тіркестерін топтап жазу. 3-деңгей – тұрақты сөз тіркестерін қатыстырып өтірік әңгіме құрастыру.
Оқушылардың білімін бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |