Сабыр Шарипов (нағыз аты-жөні, тегі Давлетшин Мұхаммедсабыр Шарифұлы 1882, Татарстан Республикасы Агрыз ауданы Гарзет ауылы– 1942) – жазушы, қоғам қайраткері. Ата-анадан ерте айырылып, үйілмелі-сүйелмелі екі кішкентай қарындасымен бірге жоқшылық пен мұқтаждықтың бар қиындығын көрген жасөспірім Сабыр Татарстанның өзі туған Варзи селосынан кеңпейіл қазақ жеріне келеді. Бауырларын аяғынан тұрғызып, тәуелсіз күн көру үшін Семей, Павлодар губерниясының бай-бағландарына жалданып жұмысқа тұрады. Өзінің көп адамда кездеспейтін пысықтық, алғырлығымен жаңа ортаның төл баласындай жағдайға қол жеткізеді. Жүсіп Ғұбайдуллин деген бақуатты қазақтың жалғыз қызы Хадишаға үйленеді. Бұл неке бойындағы қабілет-қарымы қашанда қиындықтан жол табатын татар малайын қазақтың дархан даласымен мәңгілікке туыстастырады. 20 жасында Павлодардағы ауылшаруашылық мектеп-интернатын аяқтаған Сабыр Ертіс төңірегіндегі елге біршама танылып қалған тұлғалар Сапарғали Мақышев, Сәкен Сейфуллин, Захар Катченкомен танысып, РСДРП мүшелігіне қабылданады, елді ынтымаққа шақырған «Бірлік» газетін шығарады.
Омбы, Ақмола, Көкшетау қалаларындағы төңкерісшілдік істерге белсенді түрде араласады. Кейіннен көрнекті мемлекет қайраткері болған Әбілқайыр Досов, кейін еске алғандай, С.Шәріпов ол сол кездерде солтүстік облыстарындағы қазақ жастарының «революциялық ұстазы» болады. Сібір аймағы, Омбы қаласында ақгвардияшыларға қарсы астыртын іс-әрекеттер ұйымдастырып, Атбасар уезінде партизандық қозғалысты басқарады. Белсенді күрескер ретінде талай рет сыннан сүрінбей өткен С.Шәріпов ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы В.Куйбышевтың жарлығымен Ақмола уезінің әуелі ревком төрағасы, кейіннен губерниялық атқару комитетінің председательдігіне тағайындалады. Осы қызметтері ауқымында ол Сібір мен оңтүстік облыстар арасындағы қарым-қатынасқа делдал бола жүріп, қиыншылық құрсауындағы Түркістан аймағына дер кезінде көмек көрсетеді, өлім тырнағына ілініп, аштыққа ұшыраған қазақ ауылдарын ажалдан құтқарады, Перовск атқару комитеті мен «Бағаналы хандығы» арасында байланыс орнатып, қызылордалық ағайындарға 150 түйеге тиелген 2000 пұт астық пен 300 қойды аяқтай жеткізетін арнайы керуен ұйымдастыруы Сабыр «абзидің» (сейфуллинше айтсақ) сол кездегі КазЦИК төрағасы Сәкен Сейфуллин айрықша бағалағанса маңызды үлкен бір ісі болса, оның Отан тарихында ерекше із қалдырған екінші бір іргелі қызметі (С.Сейфуллиннің тікелей басшылығымен жүзеге асқан жұмысы) – Петропавл уезінің көпұлтты Баженовка деревнясында, Көкшетау уезінің Еңбекшілдер ауданындағы алтын өндіріліп жатқан Жөкей көлі жағасында, Ақмола уезінің қазақтар көп шоғырланған Өрнек пен Қорғалжын аймағында және сол төңіректің Ұлытауға жалғасатын елді мекендерінде жедел қарқынмен жаңа типті үлгі-тірек кенттерін салғызады.