Ақын өзі бұрын қозғаған тақырыпқа қайта оралғанында өткендегі көріністерді сол қалпында қайталауды қанағат етпейді, өмір ағысында болып жатқан өзгерістерді, әсіресе билеуші топ өкілдерінің мінез – әрекеттеріндегі трансформацияларды ашып әшкерелей түседі. Бұрын жиынтық түрінде жалпылама сынап – мінеген жексұрын, пасық болмыстарды, енді жеке - даралап, олардың ұсқынсыз, жиренішті кескін – келбеттерін бадырайта бейнелейді.
«Сабырсыз, арсызда...» Абайдың кімді айтқалы отырғанын бірінші жолдарынан – ақ аңғарамыз:
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз...
немесе
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады…
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады…
Ия, мұнын, бәрі ескі, танымал көріністер. Жатыпішер паразиттің, барымташыл ұрда – жықты, ұры ұстап байыған бай – жуандарды, ел кезіп тамағын асыраған тоғышарларды Абай бұрында талай рет шенеген, ызамен түйреп, қатал үкімін айтқан. Қазақ даласында тағы қандай жаңалық бар десеңіз:
Пысық кім деп сұрасаң –
Қалаға шапса демалмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек, мақтанға
Ағып тұрса бейне су.