«Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмайды» деген сөз рас екен. Кикілжің кірген күннен бастап біздің үйде береке-дуа болған жоқ. Бұрын да қара кескінді, түсі суық әжем, бұл күндері шағатын бүйідей күдірейіп, мысықпен арбасқан жыландай ысқырынып, жоқ нәрсеге байланысқыш, кім көрінгенмен ұрысқыш боп кетті. Оның керісінше, соңғы жылдары сөзуар боп кеткен шешемнің, кейінгі күндері тілі байланып, әжем қисынсыз жерден тиіскенмен, кейде тілі түгіл қолы да тиіп қалғанмен, мылқау кісідей міз бақпай жүре беретін болды. Менің басыма түскен ауыр халге жаны аши ма, әлде, Қалисадан оқуға кетуге бел байлауымды естіді ме, қайсысына болса да іші елжірегендей, оңашалана қалса-ақ, ағыл-тегіл жылаудан кез ашпайды. Биылғы көктемнен бері көбінесе үйде боп жүрген әкем, үй ішіне орнаған берекесіздікті көргісі келмегендей, әлдене сылтаулармен, әлдеқайда кетіп қап, үйге жөнді жоламайды.
Сондағы сылтауы, ағасы Қоңыр қожаның жуық арада «дін үгітін таратушы» деген айыппен тұтқынға алынуы. Көбіне ол «ағама барам, халын білем» деп кетеді. Кейін ол да менің әуелі асылып өлмек болған, одан кейін оқуға кетуге бел буған «құпиямды» сезіп қалды ма деймін, Еркін арызымды алып кеткен күннің ертеңіне үйге соқты да, әлде не сылтаумен, қонбастан аттанып кетті. Бұған дейін қайда жолаушы шықса да, қанша уақытқа шықса да маңдайымнан иіскемей кетпейтін ол, мына жолы бетіме де қараған жоқ. Біздің үйдің «тәуір тұрмысы» аталатын күндерінде шет ауылдың адамдары болсын, өз ауылымыздың адамдары болсын, сапырылыса араласып, күн-түн демей қонақтан арылмаушы ек. Берекесіздік кіргеннен кейін, олардың бәрі ыдырап, өзгелер былай тұрсын, өз ауылымыздың адамдары да, шешек шыққан үйдей, біздің үйге жоламайтын болды. Бұрын үйде қонақ болсын-болмасын әлденелерді ермек қылған біздің үйдің жандары, жылдың қай мезгілінде болса да, түн ортасын өткізбей төсекке басын тигізбейтін. Кейінгі күндерде ол әдет те қалып, іңір болған соң-ақ, әрқайсымыз өз жататын жерімізге қисая кететін болдық. «Жұттың жеті ағайынды» болуынан ба, әлде «қорыққанға қос көpiнуден бе», ереуілді бұл күндерде біздің ауылдың иттері де үргіш, малдары да үргіш сияқтанып, күні-түні мазасызданды да кетті. Ондай күндері адамда берекелі ұйқы бола ма? Шала ұйқы болудан ба, әлде ауыр ойдың қалжыратуынан ба, үй ішіндегі адамдардың түгелімен түсі қашып түнде түгіл күндіз де мең-зең боп жүрді. Осындай жағдайға душар болғаннан кейін, бұрын алтын бесіктей қызғылықты сияқтанатын туған үйім, енді үңірейген көр тәрізденіп, одан қашып құтылуға асықтым.
Осындай ереуілді күндердің біреуінде, іңір шамын жақпастан, іңір асын ішпестен, әрқайсымыз өз төсегімізге қисайып жата бастап ек, ауылдың бар иті үн қоса шәуілдей жөнелді. «Неменеге үрді?!» дегендей, тың бола қап тысқа құлағымды тіксем, қатты келе жатқан бірнеше жылқының дүсірі естіледі. Басыма «маған келе жатқан адамдар болар ма?» деген ой келгенде жүрегім лүпілдей қалды. Тегі маған жақын жатқан әжем де иттердің үруіне, аттардың дүсіріне құлақ түріп жатқан болу керек, дүсір ауылға жақындап қалған шақта, үрейлі дауыспен:
— Алла бұл кім болды?!—деп төсегінен басын көтеріп алды.
Босаға жаққа қисайған шешем де елегізген ғой деймін, төсегінен үн-түнсіз түрегелген сыбдыры естілді. Ол лезде кереге басында ілулі тұратын «жарғанат» атты фонарьды тұтатты.
Абалай, бір-бірімен таласа үрген кеп иттің қамауында бір топ салт адамдар біздің үйдің сыртына кеп жапыр-жұпыр түсе бастады. Солардан қорқуы ма, басқа ойы бар ма, әжем мені құшақтай ап, бауырына қатты қыса бастады. Бұрын да қолы қатты әжем, бұл жолы қаусырған құшағына қысқанда, нәзік денемнің сүйектері бытырлап сынған сияқтанып, өкпе-бауырым езілген сияқтанып, тынысым тарылып кетті.
— Өлдім, әже!— деппін сасқанымнан.
Жарық үйге сау етіп оншақты адам кіріп келді. Біреуі аудандық милиция штабының начальнигі Найзабек Самарқанов, екіншісі кіші милиционер — Нұрбек Қасымов, үшіншісі болыстық қосшылар одағының председателі — Сақтаған Сағымбаев, өзгелерін танымаймын.
— Бәйбіше, баланы киіндіріңіз!— деді Найзабек әжеме.
— Қайдағы баланы?—деді әжем қозғалмай.
— Құшағыңда отырған қызды.
— Неге?
— Ол кәзір бізбен қызыл отауға аттанады.
— Қызыл отау деген немене еді?
— Әйелдерге бостандық беретін жер!—деп қалды Сақтаған.
— Онда менің баламның не жұмысы бар?
— Оқуға шақырады,— деді Нұрбек.
— Зорлап оқытсын деген заң бар ма екен?— деді әжем.
— Сөзді қойыңыз,— деді Найзабек қатуланыңқырап,— біз өзімізден үлкен мекеменің жұмсауымен келіп отырмыз. Қызыңның оқуға барам деген арызы бар...
— Сөйтіп пе ең, Бопаш?—деді әжем маған.
Мен үндемедім.
— «Жоқ» деген жоқ қой?—деді Найзабек.— Қалай «жоқ» дейді. Өз қолынан жазған арызы менің қалтамда.
— Бола берсін!—деді әжем.— Болса да жібермеймін.
— Неге?
— Бала менікі!.. Әкесі үйде жоқ. Ертең келген соң, оқимын деген жеріне өз қолынан апарып тастайды. Айдаладағы көлденең жүрген кек аттыға баламды ертіп жібере алмаймын.
Үйге сырттан кірген әркімдер әжемді қолдап шуласайын деп еді:
— Қойыңдар!—деп ақырып қалды Сақтаған,— қарсылық қып үкіметті жеңемін деп тұрмысыңдар? Заңға әлдерің келе ме сендердің? Және елімге я жаман жолға кетейін деп тұрған жоқ, оқуға әкеткелі тұр, оған қарсылық жасаудың керегі қанша?
— Жасамағанда...— деп Кіші-ағам (Қалисаның күйеуі Қиқым) көтеріліп келе жатыр еді:
— Саған не жоқ, қосарланатын?—деп, қолтоқпақтай кіп-кішкене байғұсты әйелі иығынан кейін қарай сүйреп әкетті.
— Бәрібір бермеймін!— деп әжем мені құшағына қыса түскенде:
— Қалай бермейсің?—деп Нұрбек қолымнан тартуға айналды.
Әжемнің құшағы мұндай қатты болар ма, атпен тартса да жазылар емес. «Жібер!» деп Нұрбек тартып тұр...
Өлдім!— деппін, тағы да мен. Сонда шешем үстіме кеп түсе қалды да:
Жібер, қу қақбас!—деді әжемнің мені қысқан құшағын жазбақ боп қолдарына жармасып. Үлкен, семіз денесі қара тастай жерге қатып қалған үнсіз әжемнің қолын жазуға әлі келмеген шешем, «қолыңды қиып жіберейін, ендеше!» деп, кебеже үстінде тұрған лөкет пышақты жалақтатып ұмтыла бергенде, қорқып кеткен әжем құшағын жазды да жіберді. Ұшып түрегелген мен, әжемнің қыспағында езіліп әлсіреуден бе, қорқыныштан ба, аяғымды аттай беріп етбетімнен түстім. Жерден жалма-жан құшақтай көтеріп алған Нұрбектің сүйемелдеуімен аяғымды әрең бастым. Расы ма, өтірігі ме, пышақтан қорқып шалқалақтаған әжем, талықсығандай демін ентіге алып төсегіне қылжия кетті. Ауылдың әлдекімдері оның басын сүйемелдей берді.
— Қарсылықтан пайда жоқ,— деді сығылысқан жұртты кимелеп келген Қалиса,— киіндіру керек баланы.
Жолға даярлап қойған киімдерімнің қайда екенін білетін ол, бірбірлеп алып, қолынан киіндіре бастады. Мен сүлдерім құрыған халде сілейіп тұрмын!.. Қалиса «әзірге даяры осы» дегеннен кейін:
— Кеттік онда!— деді Найзабек. Үйден жұрт сөгіліп шыға бастағанда, Нұрбекке сүйенген мен, аяғымды әрең бастым.
— Тарантас табылмаған соң,— деді Найзабек сыртқа шыға,— ерттеулі бір атты бос әкелгеміз. Бәтес соған мінеді.
Атқа мінерде Қалиса көрісіп жылайын деп еді:
— Тарт әрі, түн ішінде барқырамай!— деді шешем.— Тілеулі жолға шыққалы тұрған балаға жамандық шақырма жылап!
— Жолың болсын, күнім!— деді шешем мені маңдайымнан сүйіп. — Ерсе Қалиса екеуміз, ермесе, жалғыз өзім артыңнан барам!..
— Ж-ж-жоқ, м-м-мен ермеймін!— деді жасқа булыққан Қалиса!
— Неге?— деген біреулерге:
— Әйел азаттығының алғашқы жарқын сәулесін Еркежанның кескінінен көрермін деп үміттенген едім,— деді Қалиса, бар қуатын бойына жинағандай ықылық ата жылдам сөйлеп,— ол үмітім де қараңғы тұманға батты!..
Ол демі бітіп талықсып кеткендей болды. Әлдекім оны сүйей берді. Енді кідірудің жөні жоғын көрген мен атқа қалай мінгенімді білмеймін. Білгенім, әлдекім «ал, тарттық!» дегенде, астымдағы атты шылбырынан біреу жетектей жөнелді. Әлсіз мені аттан құлап кетер дегендей, қатарласқан біреу белімнен құшақтап сүйей берді...
Талықсыған кісінің бетіне қазақтың су бүркетіні бар ғой, содан кейде адамның есін жинайтыны да болады ғой. Талықсыған адамдай, егер сүйеп отырмаса, аттан толықсып ауып кеткелі келе жатқан мені, туған жерімнің табиғаты аяғандай, бір өткінші жаңбыр бетіме тамшыларын себелеп кеп жібергенде, ұйқым қанып оянған адамдай сергіп сала бердім. Ердің үстінде толқыған түрімнен жиналып алғаннан кейін:
— Жібер!— дедім сүйемелдеп келе жатқанға құшақтаған қолын итеріп.
Ол босатты. Алдыңғы жағымдағы әлдекім ұстап келе жатқан атымның шылбырына ұмтыла беріп ұстадым да:
— Босат!— дедім оған да.
Ол босатпады.
— Босат!— дедім шылбырымды тартып.
— Босат!— деді сол жағымда қатар келе жатқан.
— Қашып отырса қайтесің?—деді шылбыр ұстаған оған.
— Қашса барсын,— деді анау,— зорлап әкеле жатырмыз ба біз, атының басынан айрылмайтын? Арыз беріп сұранып келе жатқан өзі.
Ол сөзінен айнығысы келсе, әлі де бара берсін!
Шылбырымды жинап ап, атымның басын да жинай ұстап, денемді ерге шегелей орнықтырғаннан кейін:
— Қамшы неге бермегенсіңдер маған?—дедім серіктеріме.
— Онымыз ұят болған екен ғой,— деп, манағы сүйемелдеген өз қамшысын ұсына берді. Қараңғыға үйренген көзбен қарасам, Нұрбек! Сол жағымдағыға қарасам — Найзабек. «Алдымдағы қайсының?» деп ем, «мен — Сақтаған!» деп жауап берді. Өзге адам көрінбейді. Жолда бытырасып қалғанын байқамағанмын ба?..
Өз атымның басы өзіме тиіп, есімді де, денемді де жинағаннан кейін байқасам, торғайлық табиғаттың бүгін аса бір маужырап тұрған тамаша түні екен. Жұлдыздары бүгін жыпырлай қалыңдаған аспанның астына әдейі ұстап қойған сүзгі пердедей, жұқа ғана алашабыр бұлт бар. Әлгі менің бетіме бүркіп өткен болу керек, аспанның теріскей жағына ауған қап-қара бұлттан үйірген қамшыдай ирелеңдеп қызғылт түсті найзағай жарқылдайды. Биіктеу бір тұста, қара қағаздың бетіне түсірген дөңгелек бозғылт сызықтың қақ жарымы сияқтанып, жаңа туған айдық жіңішке қырқа жиегі жылтырайды. Тыныс алған желсіз түнде бүкіл өсімдік атаулы бойындағы бар жұпарын бүркіп тұрғандай, ішіңе тартқан тамаша иісті сыртқа шығарғың келмегендей боласың. «Түсі қашып, түн жортып...» дегендей, қараңғы түнде, айдалада салт келе жатқан төрт адамды кезекпен іліп әкеткісі келгендей, бір жапалақ төбемізден құлия төніп келеді де, жақындай бере жалбаң етіп, қараңғы аспанға қайта көтеріледі. «Кімдер екеніңді білгелі жүрміз» дегендей, зымырап ұшқан сұқсырлар да төбемізден зу етіп өте шығады. Кей кезде өліктей тып-тың бола қалған елсіз-күнсіз далада тіршілік барын білдіргісі келгендей, ара-тұра жылқышы құстар ысқырып қояды. Анда-санда бұлақ сияқты суы я сазы бар жерді жанап өте ме екеміз, қайтеді екеміз, бізді балапандарын басып кетер дегендей, төбемізде қараңдап ұшқан қызғыштар да зар қағып, қауіпті жерден өткізіп болдым-ау деген шақта жалт беріп қалып қояды. Кісінеген жылқылардың даусы әлдеқайдан талықсып естіледі... Әлдеқайдағы алыстықта иттердің даусы шаңқылдайды, әлдеқайда қасқырлар ұлиды... Бұның бәрі жақын жерде ауыл жоқтықтың белгісі. Қай жерде келе жатқанымызды болжап білер белгі жоқ...
Осынша елсіздікте, осынша қараңғылықта, осынша тиыштықта, белгісіз жерде үнсіз жортқан адам іші пысудан жарылып өлер ме еді, қайтер еді, егер Сақтаған тізгінімді босатқаннан аз уақыт кейін, Найзабек:
Нұрбек!— деп дыбыс бермесе. Кенет естілген дауысқа мен селк ете қалғанда:
Әу!—деді Нұрбек. Ішіміз пысып кетті ғой, достым. Пыстырмау үшін не істеу керек? Азырақ «Майраңа» басып көңіл көтерсек қайтеді? Болады. Бірақ, естіген біреу, «жыты қараңғы түнде, айналадан ән салған бұл қай есер?!» деп жүрмесе.
Баса бер! Бұл маңайда дауыс жетер жерде ел жоқ. Жете қалған күннің өзінде де, бұл маңайда сенің дауысыңды, әсіресе, «Майраңды» танымайтын адам бола қояр ма екен?
Сөйт, Нұрбек!—деп қойды Сақтаған.
— Мүмкін, маған Бәтес қосылар?—деді Нұрбек қалжыңды дауыспен.
— Еркі білсін!— десті ана екеуі.
— Кәне, онда?— деп Нұрбек атын тебініп маған таянайын деп еді:
— Айта беріңіз өзіңіз!—дедім мен, қосылмайтынымды, жақындауын ұнатпаған түрде шығарған үніммен сездірмек боп. Онымды түсінбегендей:
— Білем, Бәтес, елең айтатыныңды. Былтыр жаз, ауылыңда қызбозбала алтыбақан тепкенде, талай әнді тамаша ғып айтып, түн бойы қақсағаның, қайда? Көңіл көтерейік те, үн-түнсіз жорта бермей!..
— Көтере бер, өз көңіліңді!— дедім жекіңкіреп.
— Енді қозғама!— деді Сақтаған, «қозғасаң ши шығарып аларсың» дегендей дауыспен.— Баса бер өзің!
Нұрбек «Қызы едім мен Уәлидің атым Майра» деп бастап, жіңішке әдемі даусымен, «Майра» әнін шырқай жөнелді. Мен сол уақытта, қасымдағыларға білдірмей жылап жібердім.. «Неге» десеңізші!..
Өткен қыс осы Нұрбек әлде не жұмыспен біздің ауылға келіп еді, бірер күнде қайтпақ болған оны, әніне, әсіресе, «Майрасына» қызыққан жұрт бірінен соң бірі қонаққа шақырып, жұмаға жақын уақыт ұстады. Нұрбектің әнін естіген жұрт «тамаша екен!» деп ауыздарынан сілекейін шұбыра мақтасып жүрді. Бұл сөзге мен де қызығып тыңдағым келгенмен, тым болмаса бір рет тыңдаудың сәті түскен жоқ. «Неге?» деңіздерші!
Әжем қызық кісі еді менің. Өзің атақты жердің қызымын, атақты қожаның әйелімін, жасым егде тартып, бәйбіше болған адаммын, желігетін жастағы кісі емеспін» деп есептеуінен бе, жаратылысына біткен мінезі солай ма, әлде денесінің ауырлығынан ба, аржағын білмеймін, мен ес білгелі осы кісінің ойын-сауыққа желіккенін көрген емен. Желігудің орнына ол, ән-күйге тыжырына қарап, өз алдында ешкімге домбыра да тартқызбайтын, өлең де айтқызбайтын. Өлеңі, домбырасы бар думанға кездесе қалса, не әлдекіммен кеңесіп тыңдамай қоятын, әйтпесе, әлденені сылтау ғып шығып кететін. «Ұл» боп жүрген шағымда, мен домбыраға құмарттым. Сонда, әжем «көрсетпе көзіме, ыңылдағыңды!» деп ұрсып тастамаса, әлдекімнен үйге алып келген домбырамды, «шайтанды үймелетпе үйге!» деп мойнынан омырып жанып тұрған отқа тастай бермесе, менің жапжақсы домбырашы боп кететін де түрім бар еді. Даусым да жапжақсы менің. Әнді ұғуға да қабілетім тәп-тәуір. Сол бетіммен әнші де боп кетер ме ем, қайтер ем, егер әжем, «әлдекімнің қызы ма ең, сен ән айтатын?.. Әулиенің ұрпағысың!.. Тұқымыңда «әу» деп көрген бір жан жоқ. Сонда, әнге даусы жоқтықтан емес, атасының аруағын сыйлағандықтан, дуалы аузын шайтан сөзімен былғамауынан!.. Өлең жыр шайтан сөзі. Қиямет қайымда, жыншайтан адамзатты тамыққа әндетіп, өлеңдетіп шақырады дейді. Таста, шайтанның ісіне үйір болмай!» демесе. Сондай тыйым салған әжемнен қорқатын мен, «қыз» болғаннан кейін ғана, «алтыбақан», «қызойнақ» сияқты жастар ғана бас қосатын жерде әнге қосылып жүрдім...
Ән-күйге осылай қарауынан ба, әлде «бойжетті» деген мені жас жігіттен қорғаштауы ма, ауылға Нұрбек кеп, «кезекпен қонаққа шақырған үйлерде ән айтып жатыр» дегенде, Қалисаға қоса мені де шақыра келген сол үйлердің біреуіне де жібермеді. Ауылдың жігіттері әжеме кеп:
— Сіз де шақырсаңыз қайтеді, Қареке!— деп әрі өтініп, әрі жалынғанда:
— Таста, ауыртпа басымды! Керегі жоқ маған, «жыншайтаныңның!..»—деп ақырып тастады.
— Сөйтіп, мен ол қыста, біздің ауылда Нұрбек бір жұма жатып айтқан әндерімен біреуін де ести алмай қалдым. Міне, енді ғана естіп келем оның әнін. Әні шынында да тамаша екен. Ендеше, мен неге жылаймын?
Әжем есіме түсіп кетті менің. Өз ауылымда, өз үйімде қызғыштай қорғаған балапаны, мен қайда келе жатырмын қазір? Ол қайда қалды кәзір?.. Ол мені енемнен шырылдап түскенде, шаранаммен бауырына басып бетімнен сүйген екен, сонан бастап, бүгінгі түннің ортасына дейін бауырында өспедім бе мен оның?.. Мінезінің былайша қаталдығы болмаса, не қиянат көрдім одан?.. Өзінен тумадым демесем, туған шешемнен кем болып па еді ол маған?.. Егер мені уысынан шығармай өсірсе, залалыма ма еді ол менің?.. Пайдама емес пе еді?.. Қазақ «қызға қырық үйден тыю» дегенде, ең алдымен қыздың өз пайдасы үшін айтпады ма осыны?.. Алақанына сап сонша аялаған әжеме не көрсетіп кеттім бүгін?..
Бұл ойдан жасқа булыққан шағымда, туған шешем де түсіп кетті есіме. Мана әжем мені құшағынан босатпаған шақта ғой, ол «босат!» деп пышақ ала жүгірді. Онысы несі?.. Әжем қолынан шығаруға қимағанда, оның қиғаны ма?.. Есіме әжемнен естіген бірер ертегім түсіп кетті.
Бірінші ертегі: Әлдекімнің ботасы жоғалады да, әлдекім оны тауып ап өз түйесіне телиді. Түпкі иесі бұны естіп келсе, тауып алған адам «өз түйемнің ботасы» деп бермейді. Екеуі биге жүгініске барса, екі түйені әкеліңдер де, көздерінше ботаға тақым бұрау салыңдар, сонда енесі қай түйе екені анықталады» дейді. Ботаға тақым бұрау сап бақырғанда, туған енесі боздап үстіне түсе қалады да, тумаған енесі бақырайып қарап тұрады. Сонда би, «енесінің қайсысы екені айтпай-ақ мәлім болды» депті.
Екінші ертегі: Әлдекімнің баласы жоғалып, оны да әлдекім тауып ап, бала ғып асырайды. Осыны естіген әке-шешесі іздеп барса, асыраған әке-шешесі «өзімізден туған бала» деп бермейді. Бұл екеуі де биге жүгініске барады. Сонда би, баланы екі кісіге екі қолынан тартқызып ұстатады да, таласқан екі шешеге: «Екеуіңе қақ жарып бөліп берейін!» деп қылыш көтерсе, өгей шеше: «Оған мен бейілмін!» деп баладан айырылмайды, ал, туған шеше: «Қайда кетсе де тірі кетсін!» деп баланы қоя береді...
Өгей шешемнің мені жібергісі келмей, туған шешемнің жіберуі осы ма?..
Бұл ойдың, түбіне жете алмай тұншығып бара жатқан шағымда есіме жалғыз бауырым Сейіл түсіп кетті. Бесіктен шыға менің қойынымда ұйықтап келе жатқан ол, бүгін де қасымда еді. Үйге милиционерлер келіп, шаң-шұң шыға бастаған шақта, ініне кіріп кеткелі аузында қазықтай шаншылып отырған зорманға ұқсап, төсек үстінде көйлекшең шоқия қалған еді. Сонан соң қайда жоғала қалды ол?.. Жаным бірге дейтін мені милиционерлер әкетуге айналғанда жылап неге бассалмады?.. Сонысы, жанының басқалығы болғаны ма?.. Әлде, шаң-шұңнан шошып оянып, есеңгіреген қалпында далаға шыға қашты ма екен?.. Содан кейін қайтті екен?..
Бұл ойға тұншыға бергенде, әкем түсіп кетті есіме. «Ұлым да сен, қызым да сен» деп жүретін байғұс әке, ақыры не боп шықты сол балаң?.. «Қыз — дұшпан» дейді қазақ. Рас болғаны ма сонысы?.. Өтірік болса оны жерге қаратып, мына істеп келе жатқаным не?..
Осы ойлардың салдарынан жасқа булыққан шағымда, өз дауысыма өзім ие бола алмай еңіреп жіберіппін, Нұрбектің әні тоқтала қалды.
— Өй, Бәтес, мұның не?!—деді Найзабек жұлып алғандай. Мен одан жаман еңіредім.
— Шырағым, саған не болды?!— деді Найзабек,— зорлықпен бара жатырмысың, жылайтын?.. Өзің емес пе, осы сапарға тіленген? Екі жақсылық күтіп тұрған жоқ па алдыңнан?.. Бірі — оқуың, екіншісі сүйген адамыңа қосылуың. Оң сапарың емес пе бұл?.. Баяғыдан бері малға сатылып, күңдікте келе жатқан сен сияқты қазақ қызына осындай теңдік әперіп, сүйгеніне қосылуына, оқуына жол ашқан Совет өкіметінің ісіне жылаудың орнына қуанбаймысың?..
— Үй іші есіне түсіп келеді де!—деді Сақтаған, демін соза алып.— Бұрын бұндай сапарға шықпаған бала, жатырқап я жалғызсырап келеді де!..
— Жоқты айттың, ғой, Сақа,— деді Нұрбек кейіп,— Бәтестің былай да босап келе жатқан жүйесін одан жаман босатқаның, не қылғаның?!.
— Қой, Бәтес, өйтуді!— деді Нұрбек маған,— жақсылық жолға келе жатып, жаман әдетті көрсетпе!..
— Түк те жамандығы жоқ,— деді Найзабек,— туған аулынан аттанғанда, әйел түгіл ердің де көзіне жас алатыны аз емес.
— Рас!— деді Нұрбек жұлып алғандай, көңілді дауыспен.— Алғаш Орынборға кетерде өзімнің де өлердей жылағаным бар. Ал, енді, былай етсек қайтеді?
— Қалай?
— Бәтестің көңілін әнмен көтере алмайтын болдық. Бұл өзі «ұл» боп, соңғы уақытқа дейін атқа да шауып келген қыз екен ғой. Бірде бәйге атының басына да мініп озып келді деген сөз бар. Тағы да үнсіз шоқыта бергеннен, ептеп тақым жазып алсақ қайтеді?
— Қараңғыда ат сүрініп жүрмесе,— деді Сақтаған шабуға ниеті кеткенін білдіріп.
— Сақаңның да құлқы шаба қалды ғой,— деді Найзабек.— Аттың басын бірер шақырымға жіберсек жіберіп алайық. Осы арада туып-өскен жылқылар, қапыда інге аяғын тығып алмаса, ойшұқырының, барын біледі.
— Ал, ендеше, кел!— деп Нұрбек тарта жөнелді.
Менің астымдағы елпеңдеген жеңілтек жылқы екенін көріп келе жатқам. Мана бір, әлдеқалай кісінеп қалған даусынан,—«тегі, бедеуау, осы!» деп жорығам. Қараңғы түнде түсі қылаңдау көрінген.
Нұрбек «ал!» деп жөнеле бергенде дүсірге құлағын тігіп еліре қалған бедеуім, тірсегінен қапыда ит тістеп алғандай ыршып кеп түсті де, ауыздықты сүзе шаба жөнелді. Найзабек пен Сақтаған да қосарлана шапты... Серіктерім аттарының басын ірке ме, әлде, менің бедеуім ұшқыр ма, жарысқандардан лезде оздым да кеттім... Біраздан бері мінбеген салт атты сағынып қалғанмын ба, немене, тақымымды ерге қысыңқырап ап, басын бос жіберсем атым құлар дегендей, тізгінімді бәлкім тежеңкіреп, бірақ, «бар шабысын көрейін» деп қамшыны сауырына басыңқырай сипап жібергенімде, бедеуім құс боп ұшып кетті... Екпінінің күштілігі ғой деймін, тымық түнде алдымнан жел тұрып, көз жасымды барлатып жіберді... Мына шабысқа желіккенім сондай, қалың топпен жарысып келе жатқандай қиқу сап, қамшыны аттың сауырына сипай түстім!..
— Үш, жануар!..
Ұшып бара жатқан қалпыммен артыма қарасам, серіктерім қараңдап жырақта қалып қойыпты. Астымдағы бәйгеге шауып, үстіндегі адамға басын билетпеудің әдісін алып қалған бірдеме ме, әлде қолым әлсіз бе, ауыздықты азуына басып алған жануардың басын тежететін шабысын бәсеңдететін түрі жоқ. Атқа шапқан адамның ондайда қолданатын әдісі, бір жақ шаужайынан бұра тартып, қиғаштай бұрып апарып тоқтату. Мен осы әдісті қолданам деп, шауып келе жатқан жазық жерден адырлау бір биікке көтеріле бердім...
— Айырылдық!— деген айғайы естілді, көлденеңдей шауып келе жатқан серіктерімнің біреуінің,— жеткізбейді, енді!.. Кетті!..
«Мені қашты деп ойлағаны ма?»—деген ой кеп кетті маған бұл дауыстан.
«Қашсам не істейді?» деген де ой кеп кетті. «Бірақ, қайда барам, сонда?.. Үйге ме?.. Не деп?..»
Ойым осыған тұйықталғаннан кейін, қисая тартып басын билеп алған атымды әрең деп желіске, одан аяңға түсірдім де, бытырай шауып жақындаған серіктеріме оралдым. Нұрбек шапшаңдығын істеп:
— Біз сені тартып отырған екен десек,— деп келе жатыр еді, онысын ұнатпаған дауыспен:
— Таста, жоқ, сөзді айтпай,— деді Найзабек,— өзі тіленіп келе жатқан бақытты сапарынан қашатын, жынды деймісің Бәтесті?.. Бала деймісің?..
Менің көңілімді қобалжып келе жатыр деп тұрақтатқылары келді ме, әлде, менсіз де айтыла беретін кеңестері ме, аяң жүріспен қатарласа жөнелген серіктерім, қазақ әйелдерінің Совет өкіметінен бұрынғы халы мен кәзіргі халін салыстыру төңірегінде әңгімелесе бастады. Мен үн-түнсіз тыңдадым да отырдым. Сөзді әуелі Найзабек бастап:
— Бұрын ғой, қызды өзінің қалың берген күйеуі ғана әкететін еді?
— Онда да ғой, егер әке-шешесі я туыстары қолдарынан бермей бұлтаққа салса?..
— Рас.
— Күйеуін қыздың өзі іздеп шығуын, бұл араның елінде бұдан бұрын естігенін, бар ма?
— Менімше ол, ондай оқиға, бұл аранын, елінде ғана емес, бүкіл қазақта да болған жоқ.
— Дұрыс айтасың.
— Біз ғой, тап тартысының рухында тәрбиеленген адамбыз?
— Оған таласатын кім бар?
— «Тап» деген ғой, жынысқа бөлінбейді, саяси және шаруашылық күйіне қарай бөлінеді?
— Солай деп оқытты ғой бізді.
— Орыстар айтпай ма, «правила без исключения не бывает» деп?
— Естігенім бар. Қазақша не деген сөз сол?
— Дәл мағынасын табу қиын. Жалпы мағынасын алғанда,
«түзетуге жатпайтын тәртіп жоқ» деген сөз ғой деймін.
— Мен де сол маңайда түсінем. Ал, осыны неге айтып келесің?
— Қазақтағы қанаушы тап — байлар ғой. Кедейлер мен жалшыларына ғой, олардың ері түгіл әйелінің де қожаңдағанын өзіміз көзімізбен көрдік?
— Көрдік.
— Сөйте тұра, қалыңмалға сатылып келмеген бір байдың әйелін көргенің бар ма?
— Ел ішінде болмаған оқиғаны қайдан көрем.
— Қазақтар айтпай ма, «өзіңнен тумай ұл болмайды, сатып алмай құл болмайды» деп?
— Айтады.
— Ендеше, малға сатылып келген соң, кедей былай тұрсын, байлардың әйелдері де күң емес пе?
— Солай екендігіне ешкімнің дауы болмауға тиіс.
— Қазақ арасында қай заманда шыққаны мәлімсіз, бірақ, атамзаманнан атадан балаға мирас боп келе жатқан қалыңмалды тыятын закон ғой тек совет құрылғаннан кейін шықты?
— Бұған да ешкім таласа алмайтын пәкті ғой!
— Әрине. Совет өкіметі Қазақстанда құрылғанына ғой биыл алтыншы жыл? Бұл ғой, бірталай уақыт сияқты?.. Қалыңмалды жою туралы Қазақстан өкіметінің қаулы шығаруына, оны Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің бекітуіне биыл төртінші жыл. Заң солай бола тұра, қазақ арасында қалыңмал тыйылды ма?
— Көрмей жүрмісің, тыйылмағанын? Мазмұны сол қалпында қалып, түрі ғана өзгерген жоқ па? Бұрын малдай төлейтін қалың, енді ақшаға айналған жоқ па?
— Ешбір қатесі жоқ. Ал, енді қалыңмалдың, осы түрі қайткенде тыйылады деп ойлайсың?
— Қайдам?
— Шетінен шытырлата соттай беру керек!— деді Нұрбек.
— Өйтуге болмайды!—деді Найзабек.
— Неге?
— Ауылда қалың төлемейтін жан жоқ. Солардың бәрін соттағанда, ауылыңда кім қалады?
— Сізше қалай?—деді Нұрбек тосылып қалғандай.
— Менімше, қыздардың өз санасы ашылып, қалыңға өзі қарсы тұрғанға дейін, қалыңмал жойылмайды.
— Ол рас,— деді Сақтаған,— сонда, қыздар саналы болу үшін не істеу керек?
— Шетінен оқыту керек.
— Оған бірталай уақыт бар ғой әлі.
— Әрине. Қазақ: «Ауру батпандап кіреді де, мысқалдап шығады» дейді. Халқымыздың санасына ғасырлар бойы сіңген надандық дертін аз уақытта жұлып тастауға болмайды. Оған бірталай уақыт керек. Бізге кәзіргі қуанышы — осы игілікті істің басталуы. Соның куасы — мына келе жатқан Бәтес! Бұның бостандық жолына түсуінің алды осы.
— Тек жолы болғай да бақырдың!— деді Сақтаған.
— Менің де тілегім сол,— деді Найзабек, демін соза алып.— Бірақ, жолға түсу бар да, оның шегіне жету бар. Жолдың да жолы бар: бұлтарысы, ойы-қыры көп көліктің жолы бар, тура аға беретін поездың жолы бар; ол жолдар қанша қиын және алыс болғанмен, түптеп жүріп , шегіне шықпай қоймайсың. Өмір жолы олардан басқа. Оның қайда барып, немен тынарын күн бұрын болжау қиын. Ол, тек, күреспен ғана және не үшін күресуіңді білумен ғана, күрестің әдісайласын табумен ғана, оған қоса, күш-қуатың жетумен ғана аяқтай алатын жол!..
— Не деген ақылды адам едіңіз, аға!—дедім мен, сөздері көкейіме қона кеткен Найзабекке.
— «Комплимент» деген сөзді білетін бе едің, шырағым?— деді Найзабек маған.
— Жоқ, аға!.. Ол не сөз?
— Біреуді көзінше мадақтау. Мені мадақтауына рахмет, айналайын. Жаңағы сөздерді айтып келе жатқан себебім: мен осы елде қызмет атқарып жүрген кісімін ғой және менің қызмет жайым, ел арасында болып жататын сөздерге, істерге құлақты түре жүруді тілейді. Мен ана бір жылдары «басмашы» дегендерді қуысып Памир тауында жүрдім. Ол басына мәңгіден бері қар мен мұз жамылған сұмдық биік тау ғой...
— Жағрапиядан оқығаным бар.
— Сол арадағы тұрғын адамдардың айтуынша, «ақиық» аталатын тау бүркіттері, жұмыртқасын ызғарлы қардың үстіне, желдің өтіне салады дейді. Онысы,—«ызғар мен дауылға шыдаса шыдасын, шыдамаса жарылсын» дейтіні көрінеді...
— Ғажап екен!— дедік өзгелеріміз.
— Одан да ғажабы, сол ақиықтар, қанаттанған балапандарын ылдиға емес, өрге қарай ұшырып, талып құласа, тыныққаннан кейін тағы да өрге айдайды екен. Онысы да қиындыққа үйретуі..
— Япырай, тамашасы-ай!—дедік тағы да өзгелеріміз.
— Мұны айтып келе жатқан мақсатым,— деді Найзабек, маған қарап,— егер менің бұл елде көріп жүргендерім рас болса, сенің жиегіне аяғыңды жаңа ғана аттаған мынау өмір жолыңда, Памирдан кем түспейтін нелер қиын асулар бар сияқты. Соның ыстығы мен суығына ақиықтың жұмыртқасындай шыдай білмесең, биігіне балапанындай ұша білмесең, мақсатты жеріңе жетуің қиын сияқты.
— Қорқыттың ғой баланы!— деді Сақтаған Найзабекке.
— Зәресін кетірдің ғой Бәтестің!— деді Нұрбек.
— Ағатай-ай,— дедім мен Найзабекке,— бұл сөзіңізге дейін, сіз туралы мен басқа пікірде едім ғой. Менің бұған дейінгі ұғымымда, мылтық пен қаталдықтың ғана иесі едіңіз ғой!.. Бұл уақытқа дейін, осынша әдемі және шын сөздерді ішіңізге қалай сақтап жүргенсіз?
— Тап жауларының ұғымы ғой, шырағым, айтып келе жатқандарың!— деді Сақтаған.— Бәрімізді де солай түсінеді олар. Мені, мысалы, байлардан салық жинаудан және өте қатал түрде жинаудан басқа ештеңе білмейді деп ойлайды олар. Біздің де адам екенімізді, бізде де адамдық жүрек барын жауларымыз білмейді.
— Біледі!— деді Найзабек.— Біздің оларға көрсететін өктемдігіміз, тап тартысының ісі екенін де жақсы біледі. Сөйте тұра жамандайды, дұшпанын жақсылаған кімді көріп ең?
— О да рас!— деді Сақтаған.
— Сонымен, Нәке, Бәтеске не істе дедің?— деді Нұрбек Найзабекке.
— Өзің берік болсаң,— деді Найзабек маған,— Совет өкіметі сені ешкімнің де қорлығына бермейді.
— Тырысайын, ағатай!..