3. ҚАНДАЙӘЗӘЗІЛ ЕКЕН? Бүркіт пен менің қалтқысыз сенісуімізге, Қалисаның қуануында шек болған жоқ. Менің оқуға баруды сылтау ғып, Бүркітпен осы жазда еріп кетуімді де ол қатты ұнатты.
— Енді қарайлайтын ештеңе жоқ,— деді ол,— ұялатын да ештеңе жоқ. Әке-шешесінің ошағына тас болған қызды көрген де, естіген де емен. Жат жұрттыққа жаралған баласың, кемелді жасыңа да келіп қалдың, не бар ұялатын?.. Оқуды сылтау қылғаның да дұрыс. Былайша бірге кетемін десең, амалсыз көнген әке-шешең, «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу жоқ» деп, «той жасап жөнелтем» деп ырың-жырың қылар еді. Оның да оқасы болмас еді, егер Бүркіттің әкесінің бұл игілікке құлқы шауып тұрса. Ол да сексеуіл сияқты, қисайған жағынан икемге келмей сіресіп жатқан бірдеме. Той жасауға ол өлсе де көнбейді. Бұндағылар «тойсыз бермейміз» дейді. Сөйтіп, Бүркіттің де, сенің де басыңды қатырып, әуре-сарсаң етеді. Не ақыларың бар, ондай азаптың ноқтасына бастарыңды сұғатын? «Көп сөз — боқ сөз» депті аталарың. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» депті. «Оқуға барамын» дедің — бітті. Әке-шешең көлденең тұрып көрер. Өздерінің күші жетпесе, тағы да Құба-екеңді салып байқар. Кішкене шағың емес. Енді көнбе оған. Елден оқуға кетіп жатқан қыз жалғыз сен емессің. Екінің бірі кетіп жатқан уақыт. Енді саған Құба-екең де, басқа да бөгет бола, алмайды.
Қалиса екеуміз де осыған келістік. Мен әке-шешеме елеусіз түрде жинала бастадым. Сол бір күндері Бүркіттің біздің ауылға мініп келген атының күзеліп қалу хабары дүңк, ете түсті. Бұған зәрем кетіп Қалисаға барсам, естіп отыр екен. Бірақ, оның қабағында қатулану жоқ. Мен «осылай да осылай» деп үрейлі дауыспен жылдамдата дәттеткеннен кейін:
— Абыржыма!—деді Қалиса,— үйіңнен тезірек аттануға жақсы болды бұл!..
— Қалай?!
— «Ашынған тілді болады» дегендей, Бүркіт енді аянбайды. Құдай біледі, ол үйіне кеткен жоқ, болыстық кеңсеге кетті. Болысымыз Еркінмен көңілі жақын ғой Бүркіттің. Ол Еркінге шынын айтады да, милиция әкеп, сені алады да жөнеледі. Сен енді тартынба. Бет ашылғаннан кейін, ауылда қалуыңның сәні жоқ.
Менің де осыған бел байлағаныма көзі жеткеннен кейін, Қалиса құшақтап бетімнен сүйді де:
— Бекіндік қой осыған!— деді қайталап.
— Бекіндік.
— Ендеше, сенен бір өтінішім бар, Еркежан!
— Ие?
— Аманшылық болса, Бүркіт, әрі салса, бүрсігүні, әйтпесе, ертең келіп қалар. Ол келгенде менің үйде болмауым жөн.
— Неге?
— Қазақшылықты білесің. Сен кететін болсаң, үйіңде жылаусықтау көбейеді. Әрі намысқа шапқан, әрі сені қимаған әке-шешең, «тоқтатар-ау» деген амалдың бәрін қолданып бағады. Екеуміздің жандай дос, сырлас екенімізді олар жақсы біледі. Сондықтан, өзге амалдары таусылғанда, саған мені жұмсауы мүмкін. Ауылда қалатын адам болғандықтан, мен олардың тілін алмай тұра алмаймын. Бұның арты өзімді де, сені де қинауға соғады. Неміз бар, олай қиналатын?..
— Сен қайда барасың, сонда?— дедім, бұл сөзі де көкейіме қона кеткен Қалисаға.
— Осы арадан қоналқаға жететін жерде апам бар. «Қызымды ұзататын едім» деп әнеукүні шақырып кеткен. Соған ертең ертемен кетем де қалам.
Ертеңіне оянсам, шаңырақтың күлдіреуішінен сығалаған күн түске тармасып қалған екен. Бүгін бір аса жақсы ұйықтаған күнім екен: бірер күннен бері зеңгіңкіреп жүрген басым да жазылып қапты, бойым да мейлінше сергіп қапты. Үйде жан адам жоқ... Керіліпсозылып... дегендей, төсекте құрысқан бойымды жатқан қалпымда аз уақыт жазып ап, басымды жаңа ғана көтере бергенде, үйге інім Сейіл кіріп келді. Оны мен жанымдай жақсы көрем. Қанымның біргелігінен бе, жынысы басқа болғанмен, кескін кейпінің аумай маған тартуынан ба, әлде біздің үйдегі еркек кіндікті бала жалғыз осы болғандықтан ба. Жасы биыл сегізге толып, алдағы күзде мектепке барғалы жүргенмен, тұқымымызға тартып, бойы да серейіп қалғанмен, маған Сейіл әлі күнге дейін бесіктегі баладай көрінетін, сондықтан, мен оны үйде көрейін, далада көрейін, кездескен жерде құшақтай ап бауырыма қысып, құшырлана сүйетінмін. Ол да мені жанындай жақсы кәріп, өзге тентек мінезінің бірін көрсетпейтін, күндізгі үйірлігі былай тұрсын, түндердің де көбінде менің қасыма жататын. ү р ұр ү р
Мені ол, тілі шыққан күннен бастап «Бота» дейтін. Бүркіт те содан үйреніп, «Ботаның» алдына «ақ» деген сөзді қосып, «Ақбота» деп кеткен. Маған Сейілдің «Ботасы» мен Бүркіттің «Ақботасынан» жылы сөз дүниеде жоқ сияқтанатын. Сейілді сонша жақсы көретінім Бүркітке аян да. Соңғы рет жолығып оқуға бірге кету жайын кеңескен шағымызда:
— Мен бәрін де қиям,— дегем Бүркітке,— жалғыз ғана қимайтыным,— Сейілжан. Ол жылап жабысса айырылып кетуім қиын.
— «Айырылып», сен өлімге барамысың?—деген Бүркіт күліп,— бақыт сапарына аттанбаймысың? Олай солқылдауды қой сен!.. Биыл мектепке баратын жылы. Әзір сонда оқи тұрсын. Екеуміз оқуымызды бітіріп алайық. Сонан кейін Сейілді қолға алып оқытамыз.
— О да дұрыс екен!—дегем мен, көзіме жас ап.
Аз жылға болса да айырыларым есіме түссе, ішім уылжып, оңашада жылап алатынмын, кісі көзінше күрсініп алатынмын. Өткен түнде де есіме осы түсіп, жастығымды біраз шылап алғам...
Сол Сейіл есіктен кіре бергенде:
— Күнім!— дедім оған.
— Әу!— деді ол тоқырай қап.
— Келші!— деп құшағымды жайдым.
Дағдылы қалпымен жүгіріп кеп құшағыма енген оның қолында, әлде не қағаз жүр. Бауырыма басып сүйгеннен кейін қағазына қарасам, ішінде томпайған бірдемесі бар үлкендеу конверт... Адресіне қарасам — маған арналған...
— Бұны кім берді?— дедім баланың қолындағы конвертті алып.
— Почта тасушы.
Конвертті ашсам, ішінде қатырмамен тыстаған қалыңша кінешке жүр. Кінешкенің сыртына қарасам —«Бүркіттің альбомы» деп жазылған. «Альбом» деген сөзді естігенім де бар, оның не екенінен де хабардармын.
Кінешкенің ішіндегі қатырма қағаздарды саусағыммен сыдырта қарап қалғанымда, ішіне жапсырылған бірнеше фотокарточке елестей кетті. «Неткен карточкелер екен?» деген оймен, мен енді басынан ақтарып қарай бастадым. Әр беттегі карточкенің астына «Фото 1... 2... 3... 4...» деген сияқты цифрлар қойылған. Ол уақытта ашулана қарап, лақтырып тастаған альбомның фотоларын енді ретімен санап көрейік:
Фото 1: Жеңсіз, омырауы ашық, етегі әрі тар, әрі шолақ жазғы жұқа көйлекті, шаштары дударланған бірі орыс, бірі қазақ екі қызды қолтықтап Бүркіт және бір орыс жігіті келе жатыр; төртеуінің де езулері құлақтарында...
Фото 2: Жемісті қалың бақшаның ішінде тығылынбақ ойнағандай, Бүркіт пен орыс қысы бір ағаштың түбінде жасырынып отыр, оларды аңдыған адамдай, қазақ қызы екінші ағаштың түбінде жапырақ арасынан сығалап түр...
Фото 3: Әлде не судың жағасы. Тегі, шомылуға әзірленген болу керек, жағада өскен бұтақты ағаштардың бір саясында қыздар, екінші саясында жігіттер шешініп жатыр. Қыздардың ішінде манағы орыс қызы мен қазақ қызы; жігіттердің ішінде — Бүркіт пен манағы орыс жігіті.
Фото 4: Труси ғана киген әлгі жігіттер мен шомылу костюмін ғана киген әлгі қыздар, араласа су жағасында тұр; Бүркіт пен орыс қызы бір-біріне ыржиысып қарайды, ал, қазақ қызы, тегі, Бүркітті орыс қызынан қызғана ма екен, қалай, анадай жерден бұртия қарайды...
Фото 5: Су ішінен бастары ғана қылтиып бір топ жастар (қызы да, жігіті де бар) жарысып келеді, солардың ішінде бір-біріне күлісе қараған орыс қызы мен Бүркіт қатар келеді...
Фото 6: Судың жағасы, құмның үсті болу керек, әлгі шомылған киімдерімен, манағы қыз бозбалалар, біреулері етбетінен, біреулері шалқасынан, біреулері қырынан, енді біреулері біреулеріне сүйеніп... дегендей, аралас-қоралас жатыр!.. (Алда, ұят-ай!..) Манағы орыс қызы, қырынан жатып біріне бірі қарсы қараған Бүркіт пен манағы орыс жігіттің ортасында, «қайсыңа болса да әзірмін» дегендей, күлген кескінмен шалқасынан жатыр...
Фото 7: Тегі, бірталай жігіт және бірталай қыз, әлде не үйде қонақта отырған болу керек: кең, бөлме, ортада стол, оның үстінде ыдыстар мен тамақтар, бөтелкелер... Столды айнала отырған қыздар мен жігіттердің ішінде, ерекше сәнденген манағы орыс қызы отыр, бір жағында манағы орыс жігіті, бір жағында Бүркіт. Ол екеуі осы қызға талас па екен, қалай екен, өзеурей қарай қалысыпты; қыздың көңілі, тегі, Бүркіт жақта ма, қалай, күлімсіреген беті соған қарай бәлкім бұрылыңқыраған.
Фото 8: Неге екенін кім білсін, орыс қызы мен орыс жігіті сүйісіп жатыр, Бүркіт оған ыза болғандай, қастарында түрегеп қарап тұр...
Фото 9: Екіқабат боп іші шермиген манағы орыс қызы...
Фото 10: Маңдайшасында арабша «Босану үйі» деген, орысша «Родильный дом» деген айқын жазуы бар, есік алдына ағаш және гүлдер өскен, ұзынша, көркем, бір қабат үй...
Фото 11: Сол үйдің есігінің алдында, ақ жөргекке ораған кішкене баланы көтеріп Бүркіт, оның қасында іші жіңішкерген манағы орыс әйелі, оның қасында мұртын өсірген манағы жігіт тұр...
Фото 12: Тегі, қырқынан жаңа ғана шыққан болу керек, шашы бұп-бұйра, кескіні қазаққа тартқан бала стол үстіне төсеген аппақ шүберекке, ақпен тысталған кішкене жастықты кеудесіне басып, басын көтере етпетінен жатқан қалпында, қатпарланған семіз денесімен жалаңаш сүгіретке түсіпті; аржағында басын ғана көрсетіп мұртты орыс жігіті отыр, Бүркіт баланы алдандырып өзіне тартқандай, бас жағында түрегеп тұр!..
Фото 13: Мойны бекіп пісіп қалған, үстінде тілдей ғана ит-көйлегі бар, балтыры бесіктей семіз ұлды, үстінде майкесі ғана бар Бүркіт, кескініне құмарлана қараған түрмен қолына көтеріп тұр...
Осы фотолардың аяғына өте шебер қолмен,— «Бүркіттің қазіргі бақытты өмірі осындай» деп жазылған...
Жұртым-ау, айтыңдаршы, өздерің: көңілді аударатын карточкелер ме, бұлар, жоқ па?.. Басынан аяғына дейін қарап шыққанда, бұл карточкелер жүйелі әңгіменің жеке бөлшектері сияқты емес пе?.. Бәрін алғанда, тұтас бір оқиға және өте ашық, түсінікті оқиға емес пе?.. Бұндай оқиғаға Бүркітті шын сүйетін адам қалайша салқын қанмен қарай алар?..
Карточкелерге тесіле қарағанда, есіме әлдекімдерден тараған «қатын-өсектер» де түсіп кетті. Мен ол өсектердің де кейбір негізділерін номерлей санап көрейін:
Өсек 1: Сақыпжан деген жігіт Метрөпке деген қалаға барып, Метрей деген тамырының үйіне қонып отырса, сол үйге кешке орысша киінген бір қазақ жігіті келіп, қонуға ұлықсат сұрайды. Атыжөнің кім, десе, «Әбдеудің баласы Бүркіт деген жігітпін, оқудан келем» дейді жігіт. Қонуға ұлықсат алып, нәрсесін сол үйге кіргізеді де, «қарным ашты» деп тамақ сұрайды. «Шошқа етін жемесең, басқа ас жоқ еді» дейді Метрей ойнап. «Шошқа болса қайтеді, құдай бір, дін ғана басқа, реті келсе кәпір де болып жүре береміз. Шошқа болса да әкел!» деп Бүркіт үстелдің басында жалақтап отырып алады. Метрей әлгі сөзді ести сала қатынына «әкел» деген екен, шошқаның сүбесін табаққа салып алып келеді. Төрт елі боп туырылып тұрған майдан Бүркіт жиренбей қолына ұстай бергенде Сақыпжан тұрып: «Жарықтығым, мұсылман емеспісің, мен ойнап айтады екен десем, о не қылғаның? Өзің орынды жердің баласы екенсің, мынауың ұят!» деген екен, Бүркіт оған жауап бермей, орысқа «қазақ былшылдайды» деп нанға қосып, майды соғып алыпты. Артынан кекіріп отырып: «Жарықтықтың қабырғасы шидей екен!» деп күледі, дейді.
Өсек 2: Әуелбек дейтін жігіт Бүркіт оқып жүрген қалаға барып, әдейі амандасқалы кірсе, ол орыстың сары шаш қызымен төсекте құшақтасып жатыр дейді. Ортадағы үстелдің үсті толған арақ, және шошқаның шұжығы дейді... Қыз да, Бүркіт те бырылдап ұйықтап жатыр дейді... Әуелбектің көзі Бүркіттің мойнына түсіп кетсе, байлап алған кіреші бар екен дейді... Әуелбек жағасын ұстап далаға шығып, сол үйдің қатынынан сұраса, ноғай қатын шүлдірлеп: «Орыстың қызын алды, кеше шіркеуге барып мойнына кіреш тағып келді» дейді... Онысы бойынан иманын қашырғаны болса керек... Елге сәлем айт. Әкесі алып кетсін» депті дейді...
Өсек 3: Орыстың сол қызын алыпты дейді, одан қазір бала туыпты дейді... қатын, баласымен еліне келе жатқанда, Әбеу алдынан кісі жіберіп кейін қайтарыпты дейді...
Өсек 4: Бірдеме деген елге төре болып барып, бір байдың жалғыз қызын алып қашып, қалаға апарыпты. Шошқа етін же, арақ іш десе, қыз көнбепті. Айтқанымды істемедің деп күнде көк ала қойдай қып сабап, екі-үш айдан кейін, киім-кешегін тонап алып, тұлымын кесіп, қайыршы сықылдандырып, біреудің арбасына салып еліне қайтарыпты дейді.
Өсек 5: «Бәтеске орыс қатынымды айтқам жоқ. Алып болғаннан кейін тоқалдыққа көнеді ғой. Көнбегенде қайда барады» деп біреуге айтып отырғанын осы елдің ертеде ұзатқан қызы естіп қалып, елге хабар айтыпты дейді.
Өсек 6: Құс келгенде еліретін ауруға ұшырапты. Сол аурудың аяғы қояншыққа айналыпты. Өткен жаз, Бегембет деген бір жігіт, Бүркітке амандасамын деп пәтеріне барса, аузы көпіріп, шиқылдап, талып жатыр екен. Қояншығы ұстағанда қасындағы кісіні тарпа бассалып, шайнап тастайтын әдеті бар деседі. Сол аурудың салдарынан қазір шыжыңға айналыпты. Бір жақтан келе жатып Алдайбай деген кісінің үйіне қонған екен, түнде төсегіне несебі жүріп, ұялғаннан таң біліне аттанып кетіпті.
Өсек 7: Қалада қызға таласып, бір жігітті пышақпен жарып өлтірген екен. Адам қаны жіберсін бе? Ауруға шалдығуы соның салдары болса керек. Әкесі Алакөз деген бақсыны алдырып қаратқан екен, ол: «Сұм қара деген жын жабысқан екен, сүйегімен бірге кетеді» депті...
Бүркітпен әнеугі күндері жолыққанда, мен оған бұл өсектердің біреуін де айтпағам. Несіне айтам? Ең, алдымен, иланатын өсектер сияқты емес, ондай халге түсті деуге Бүркітті қимаймын; екіншіден, Бүркітті сынап байқасам, есі дұп-дұрыс; кәзір бұрынғыдан да байсалданып, ақылды, парасатты, білімді бопты; үшіншіден, ол өсектерді айту, Бүркіттің көңіліне жарықшақ түсіруі мүмкін ғой, оның кімге пайдасы бар? Төртіншіден, өсектердің шет-жағасын, жандай досым көретін Қалисаға айтып байқасам, «оттай берсін— дейді ол күліп,— дұшпандардың өсегі бұл. Аманшылық, болса, Бүркіт ертең келеді ғой. Бұл сөздердің жалған екеніне көзің сонда жетеді».
Мына құлағымнан кіріп, ана құлағымнан алдақашан шығып кеткен бұл есектер, «альбомды» көргеннен кейін екі құлағымнан да қайтадан сарылдай құйылып, бар бойымды тасқыны биледі де кетті. Сол тасқын кезімнен жас боп саулап, бетімді баса қалай еңіреп жібергенімді білмей де қаппын. Онымнан қорқып кеткен Сейіл, «Бота, не болды?!» деп құшақтай алды. Мен де оны құшақтай ап, екеуміз ал, кеп көріс!..
Осындай халде қаншалық отырарымызды құдайым білер еді, егер құлағыма Қайназардың «ыңғайсыздау шапқын келе жатыр!» деген сөзі сап ете қалмаса. Басымды жұлып ап, оған жалт қараппын.
— Рас айтам,— деді Қайназар,— бір пар атты, екі салт атты. Өте қатты келеді!
«Бүркіт болар ма?» деген ой сап ете қалды басыма. Оған кектеніп үлгергенмін ғой деймін,— суық суға малып алған қызу темірдей лезде қатая қалдым. Осы кезде әжем үйге кіре беріп жыламсырады да:
— Қарағым-ай, тұршы тезірек!— деді маған.— Киінші жылдамырақ!.. Өкімет адамдары ма, немене, осы үйге қатты шапқын келе жатыр. Жәй келе жатыр деймісің олар? Қағынып тұрған заман емес пе?.. Ала келе жатқан пәлелері болмаса жарар еді. Өзге пәлесі болса, көріп алар ек. Саған келе жатпаса не қылсын. Ондай болған күнде, анау сорлы әкең мен мені бейшараны тірідей өлтіріп кете көрме, қалқам!.. Кімге барам десең де қолымыздан берейік!..
Балалық қып еріп кете барып, бізді досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме, күнім!.. Әсіресе, әкеңді!.. Сенен басқа кімі бар оның?!.
— Жылама, әже!— дедім, жеңіл киімдерімді үстіме тез арта сап.— Мен ешқайда да бармаймын...
— Садағаң кетейін!— деп әжем жылап жіберді. Сол кезде үрейлі кескінмен үйге кіре берген әкеме,— қорықпа, бейшара,— деді әжем. —«Ешқайда бармаймын» деді Бопашжан!
— Өзің біл, балам!—деді әкем жыламсырап,—өлтіретін де, тірілтетін де жерің осы!..
Сыртта салдырлаған тарантас пен дүсірлеген ат аяғының дыбысы сап бола қалды. Үйге Бүркіт, Еркін және болыстық милицияның начальнигі Найзабек Самарқанов кіріп келді. Ашудың ой-санамды буып тастауы болу керек, келгендердің әкем мен немесе, менімен не сөйлескені есімде жоқ. Менің есімде қалғаны: «Сендер кеткенше бұл үйге кірмеймін» деп шығып жүре беруім. Сол бетіммен Құба-екемнің үйіне қалай кіріп кеткенімді өзім де аңғармай қаппын. Ол үйде Сақпан, Құба-екем және Жұман отыр екен. Бүркіттің кіммен кеп біздің үйге түскенін Жұман хабарлаған болу керек:
— Ойпырай, қарағым-ай, келдің бе?— деді Сақпан жылап жіберіп, — өзіміз де: «Әулие атамның аруағын сілкіндіріп қалай кете қояр екен!» деп ек, сілкіндірмесең, аруақ та риза, біз де риза!..
Құба-екем де риза болғанын білдіргісі келгендей: «О, тоба, жасаған!» деп сақалын сипап қойды.
— Жұман, сен бар сол жаққа!— деді ол.— Біздің үйге де кіреміз деп әуре болмасын. Менің елігімді аттамай, бұл үйдің босағасынан аттай алмайды...
Шығып кеткен Жұман, біраздан кейін қайтып келді. «Кетті!» деп келді ол. Қиядағы сыбдырды еститін құлағым ашудан керен, боп қалса керек, кеткендердің аттарының дүбірін де, арбалардың салдырын да сезген жоқпын...
Аздан кейін, ал кеп ағыл-тегіл жыла!.. Сол қалпыммен төсегіме бүктетіліп жаттым да қалдым. Менің бұл халымды көлденең кісілерге көрсеткісі келмегендей, әлдекім бауына асулы тұрған шымылдықты түсіріп жіберді...
Біраздан кейін жылаудан шаршағандай боп жасымды тыйдым да ойға кеттім. Ойым Бүркітпен арамыздағы қарым-қатынас қана. Ол қарым-қатынастың барлық егжей-тегжейі шұбалған көштей көз алдымнан ағыл-тегіл өтіп жатыр, өтіп жатыр... Не деген қызғылықты, сәнді көш!... Бір кезде сол көшім, бір тұйыққа кеп тірелген сияқтанды. Өте тар тұйық боп көрінді ол маған. Тұйықтың жан-жағы түпсіз терең жар. Қимылдасаң құлап кететінсің. Кейін қайтарлық орам жоқ!.. Не істеу керек!
Бұдан былайғы өмірдің керегі жоғына мен іштей бекіндім. Онда не істеу керек? Бұл араның құлап өлетін жары жоқ, тұншығып өлетін суы жоқ, ішіп өлетін уы жоқ, асылып өлетін ағашы жоқ. Тек қана бары — бауыздалып өлетін пышақ, немесе, асыла қоятын шаңырақ.
Маған қолайлысы соңғысы керінді. Оған жағдай да бар: әкем мен шешемнің отау боп шыққан үйі көбінесе бос тұрады, егер әкем жолаушылап кетсе, ол үйге ешкім де қонбай, есігін сыртынан байлап қана қояды.
Бүркіттен қалып қойған менің ауыр халіме жаны ашыды ма екен, болмаса, басқа бір себебі болды ма екен, әкемнің салбыраған қабағы жазылмай жүрді де, ертеңіне атқа мініп, әлдеқайда кете барды... Енді «құдайым бергендей боп», күндіз отауға кірсем, кеше жел болғанда қазыққа байлаған желбауы тұзақталып, қашан асылам десең де даяр тұр екен. Бұл үйде үстіне шығып тұзаққа бойын, жететін тікшіл үстел де тұр, тұзақты мойнына кигеннен кейін теуіп жіберсең болғаны, асыласың да қаласың!.. Бірақ бұны күндіз көз барда істеуге болмайды. Ал кешке не шешем, не Қайназар бұнда жатам десе қайтпекпін?
Бұған да қауіптене тұра, түнді күттім. Ол маған «сәтті» түн болды: шешем де, Қайназар да үлкен үйге қонып, отаудың есігі сыртынан ғана байланды. Оған қуанғанымды көрсең!..
Ертерек жатқан үйдің іші лезде ұйықтап та үлгергені, пысылдаған я қорылдаған дыбыстарынан сезіліп тұр. Мен төсегімде ояу жатырмын. Мұрны үлкен Қайназар қорылдағанда, танауына бүкіл дүниені тартып ап жұтып жіберердей болады. Іңірде көтерілген жел түнде қатайып ап, үйдің кигіздерін желпе сабалап тұр. «Оны азсынсаң, мынауым бар» дегендей, біраздан кейін жаңбыр жауып, даланың шуын үдетіп жіберді... Бұның бәрі, өлімге бел буған маған, табиғаттың жәрдемі сияқтанды.
Бір кезде төсектен басымды көтеріп ап аз уақыт отырдым. Үйдің жандары қор-қор, пыс-пыс... Қасыма жатқан Сейіл де шырт ұйқыда. Төсектен түстім. Сезген адам жоқ сияқты. Сейілді маңдайынан иіскегім кеп кетіп еді, «жүйем босар да, мақсатыма жетуге бөгет жасар» деген оймен қатая қалдым... Үйдегі кердей қараңғылықтан ба, буындарымның босауынан ба, шелек, ләген, құман сияқты әлденелерге сүрініп, салдыратып та алдым, бірақ, онымды да сезген жан жоқ сияқты.
Жалаңбас, жалаңаяқ, көйлекшең ғана қалпыммен тысқа шықсам, жаңбыр да нөсерлей төпеп тұр. Аяғым басқан жер шылпылдаған саз. Өлімге асығуым ба, салқын жел мен жаңбырдан тоңуым ба, отауға қарай жүгіре жөнелдім. Есіктің жібі шие боп байланған екен. Және, суға малшынып шиыршық атқан қыл арқан тіпті қатайып, байлауын шешкізбейді. Оны шешем деп бірер тырнағымның көбесі де сөгілгендей боп, саусақтарымның басы удай ашыды. Шиеленісіп қалған байлауға қолым батпайтынын көргеннен кейін, тісіммен шешпек боп, түйінге азуымды баса бергенімде, ту сыртымнан:
— Өй, оның не?!—деген дауыс құлағыма сап ете қалды.
Шошып кеткен мен, «алла!» деп ыршып түсіп артыма жалт қарасам, қараңдаған біреу ұмтылып келе жатыр. Бар денемді қорқыныш билеп алған адам, қаша жөнелуге ыңғайлана бергенде:
— Еркежан!— деген даусы естілді Қалисаның.
Оны бассалып, бауырына қалай тығылғанымды аңғармай да қаппын.
— Күнім-ау, не істегелі жүр едің?!—деді ол, тоңудан ба, қорқудан ба, қалшылдап ұшып кете жаздаған мені желбегей киген желеңінің ішіне орап, денемді жылы бауырына қысып.
Жылаудан басқаға шамам жоғын түсінген ол, қолына балаша көтеріп алды да, үйіне кеп, есігін сыбдырсыз ашып, қараңғы үйде ағаш төсегін жазбай, ешнәрсеге соқтықпай тауып үстіне жатқызды, құп-құрғақ, жып-жылы әлденені айқара жапты. Содан кейін төс жағымды бауырына ала, қасыма құшақтай отырған Қалисаға:
— Кіші ағам21 қайда?— деппін.
— Ол жолда балаларымен қайынында қалды.
— Сен қашан келдің?
— Түйемнен жаңа ғана түскенім сол. Жолаушылап шығар алдында ыңғайсыз көзім тартып, жаманат бірдеме боларын жорамалдаған едім. Одан апамның үйіне барып қонған күннің ертеңінде ыңғайсыз түс кердім: екеуміз тас құдыққа суға барған екеміз деймін, сен құдық аузынан үңіле бергенде, ішіне күмп беріп түсіп кеткен екенсің деймін, мен жанталасып шелекті тастасам, сен одан ұстайсың да, су бетіне басыңды шығарасың ал, мен сені тартып ала алмай мықшыңдаймын да, «жәрдем!» деп айғай салам; өз дауысымнан өзім шошып оянсам, тіпті қатты айғайласам керек, үйде ұйықтағандардың бәрі үрпиісіп түрегепті... Содан кейін апама сенің мән-жайыңды айттым да, сол бейшара аман болса игі еді деп, тойына да қарамай қайтып кеттім. Әуелгі жобамыз, қайтарда менің төркініме соға келу еді. Апама да солай дегеніммен, былай шыға, Кіші-ағаңа: «Жүрегі құрғырым өрекпіп барады, Еркежан тегін болмау керек: Қайның жолдан бұрыстау екен, үйге тура тартсақ қайтеді?» деп ем, ол: «Кеше хабарлап қойдық қой. Күтініп отырған жандарға соқпауымыз ұят емес пе?» деді. «Ендеше жиендерің ерт те сен бар» дедім. «Сені қайда деймін?» деп еді, «биыл баяғыдан ұстаған безгегінің қайталап жүргені, тіпті қатты ұстайды, апасының үйіне де тоқтай алмаған себебі сол, хабарласып қойған соң жиендерің мен маған барып қайт деді» дей сал дедім.
Қалисаның ұзағырақ айтқан кеңесіне көңілім бөлінді ме, жамылтқыдан жылындым ба, денемнің қалшылдауы басылып, жүрегім орнына түскендей боп, аздап жадырай бастадым. Онымды сезгендей,—«ал, не болды, шырағым?» деген Қалисаға, ол жолаушылағаннан кейін басыма түскен халды айтып бердім. Сөзімді үн-түнсіз тыңдаған Қалиса:
— Бұның бәрі әлде не әзәзілдің, әдейі ұйымдастырған ісі екен, шырағым!— деді.
— Солай-ақ болсын дейік. Сонда да Бүркіттің бұлтара алмайтын ісі ғой бұл?
— Әй, олай болмас!..
Одан әрі сөйлесуге, әлдекім есіктен сыбдырлап кіре берді. Біз тың бола қалдық.
— Қалиса, әу Қалиса!— деді кірген адам, қалтырай шыққан даусынан тани кеттім,— шешем Жәния.
— Әу!— деді Қалиса!
— Қашан келіп ең?
— Жаңа ғана!
— Сұмдық болды, Қалиса!— деді шешем жылап жіберіп. «Дыбыс бермей жата тұр!» дегендей, Қалиса мені төсімнен қолымен ақырын басып қойды да:
— Не сұмдық?— деді шешеме.
— Бәтес жоқ!..
— Қойшы?!—деді Қалиса қорқып қалған боп,—«үндеме!» дегендей, мені кеудемнен қысып.
— Рас!— деді шешем. Мұнда жоқ па?
— Жоқ!..
— Рас па?— деді шешем, даусы қалтырай түсіп.
— Ондай ойын бола ма?
— Енді қайтейін, құдай-ай!— деп шешем жылап жіберді.
— Ақырын!—деді Қалиса.
— Не деп отырсың, Қалиса?!—деді шешем жасқа булығып,— ақырын дауыстайтын іс пе бұл?.. Бетімді жыртып, ауылды басыма көтеріп дауыс қылатын іс емес пе бұл?!.
— Мүмкін, ұрланып Бүркітпен кетіп қалған болар?..
— Кетпейді, ойбай, кетпейді!.. Кететін қылық болған жоқ!..— деп жылаған шешемнің даусы көтеріліп бара жатқан соң, әрі оны аяп кетіп, әрі айғайынан ауыл шошып оянар деп:
— Мен мұндамын!— деппін.
Көрден шыққан дауысты естігендей, шешем «не дейді?!» деп шошып кетті де:
— Не естіп тұрмын, Қалиса?— деді дыбысын ақырын шығарып, жасқа булығып.— Өңім бе бұл, түсім бе?
— Өңің!—деді Қалиса.— Еркежан осында!.. Кел, бері!..
Сыбдырлап төсекке жақындаған шешемді мен құшақтай алдым.
— Тәуба, жасаған, тәуба!— деді шешем мені бауырына басып, ықылық аттырған өксігін әрең жеңіп,— енді жыламаймын, құлыным!.. Мың бір шүкір, құдайға!..
— Кемпірдің баласын өзімсініп кеттің ғой,— деді Қалиса қалжыңды дауыспен.
— Кемпірі құрысын!— деді шешем.— Тумағанның аты — тумаған. Бәтестің орнында жоғын айтып мені оятқан сол. Өзі абыржудың орнына, «тысқа шықшы, білші қайда екенін!» деді де жатқан жерінен қозғалмады. Мен ойға-қырға жүгіріп таба алмай барсам, қорылдап ұйықтап жатыр. «Несіне оятам» деп тысқа тағы шықсам, үйіңнің қасында шөккен түйе қараңдайды. Келсем, сен мініп кеткен түйе. «Ә, келген екен ғой!» деп кіріп ем...
— Қалжыңдап айтам,— деді Қалиса,— туғанның аты «туған», тумағанның аты «тумаған». Сен осы Еркежанның жолына құрмалдыққа шалынуға әзір боп жүгіріп жүргенде, ол қақбас қара албасты, бір рет сабырсызданған емес. Жақсы көрем дегенінің бәрі жалған. Реті келген жерде Еркежанды ол өкпе түгіл өлімге де қияды... — Рас!— деді шешем ауыр күрсініп.
«Ал, енді, сенен жасыратын ештеңе жоқ!»—деп, Қалиса шешеме көрген-білгенін түгел айтып берді. Альбомның жайын шешем Сейілден естіген екен. Әжем де естіп Бүркіт пен менің айырылуыма ол альбомның себеп болуына қуанған екен. Альбомды ол көрмек боп іздесе керек. Бірақ, қайдан тапсын, жан адам білмейтін жерге тығып тастағам.
Альбомды Қалисаның «әзәзілдің ісі» деген пікіріне шешем де қосылды. Екеуінің маған берген ақылы: Бүркіт бұл маңайдан кетіп қалмаса, іздеп барып жолығу керек те, сүгіреттердің не нәрсе екенін анықтау керек. «Егер елден кетіп үлгерсе?» деген сұрауға, әйелдердің пікірі екіге жарылды.
— Соңынан қуып баруы керек Еркежанның,— деді Қалиса.
— Қыздың жігітті іздеуі ұят болмай ма?—деген шешеме:
— Түк те ұяты жоқ!— деді Қалиса,— ғашық екені рас болса, қыз жігітті іздеді не?.. Жігіт қызды іздеді не?.. Әсіресе мынадай, қыз бен жігіттің теңеліп тұрған шағында?
— Сонда, сен Бүркітті артына алаңдамай тарта берді деп ойлайсың ба?
— Өйтуіне де мүмкін, мінезі қатты жігіт оның. Бірақ, жуық арада не өзі, не сөзі келмей қоймас!
Әңгімелері осыған тұйықтала қалған әйелдердің айтқан өкініштері: «Тілеуі құрғыр, қандай әзәзіл болды екен, сүйіскен екі жастың арасын айыратын от жаққан!»
«Иә, қандай әзәзіл екен!» дедім мен де ішімнен.