Сабит Муканов. Молдир махаббат



бет9/12
Дата14.05.2022
өлшемі269,92 Kb.
#143259
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
мөлдір мах

8. ҚЫРСЫҚҚАН ЖОЛ


«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, маңайдағы жолдардың бәрін тосқанмен, ол күні ешбір жақтан жан адам кездеспеді. Алыстағы Семиозерноеге Нұрбек жаяу кетпек еді, күн кешкіріп қалды. Ақыры, амалсыз қондық. Нұрбек ертеңіне ертемен кетті. Найзабек пен Жолдыбай жол тосуға шықты. Балқашқа да «жүр» десіп еді, «түнде денемді салқын ұстап, белім шойырылып қапты» деп барған жоқ. Өткен түні ренішпен аш қарын жатқан тамақсау байғұс, өзге еркектер кетіп қалғаннан кейін:
— Енді аштан өлетін болдық,— деп уайымдады.
— Неге, аға?—дедім мен,— орыстың наны да бар, кеуіп кеткенімен бауырсақ та бар, құрт-ірімшік те бар...
— «Қатықсыз қара көже» дегендей, жылтырары жоқ, не ас болады ол?!
Қоян қарын май бар, аға, соны жеңіз!..
Тегі, тамақсау кісінің ас дегенде ұяты болмайды ғой деймін, Нұрбек ертеңіне келгенше, Найзабек пен Жолдыбайдың жоқ уақытын аңдып, Балқаш қозы қарынды еңсеріп жеп қойды:
Нұрбек қаладан төрт-бес ат жетектеп әкелді.
- Қаладағы милицияның аттары,— деп келді ол.— Осы аттарға жегеміз де, арбаларымызды Семиозерноеге апарып тастаймыз.
— Содан кейін Нәкең екеуміз қасымызға Бәтесті аламыз да, Қостанайға ылаулап кетеміз. Жолдыбай қала тұрады. Торғайдан Қостанайға кіре тартып бара жатқан түйешілер кездесті, Семиозерноеде тоқтатып қойдым. Балқаш пен Жаңылды соларға ілестіреміз.
— Немене, біз итпіз бе, кірешілерге ілесетін?— деді Балқаш жәбірленіп.— Бәріміз бірге неге кетпейміз ылаумен?
— Кім береді бәрімізге, ылауды? Найзабек ағай мен менің ылау қағаздарымыз бар. Сізде жоқ қой ондай қағаз?
— Ылауды өздеріңе тапқанда маған таппасаңдар мейілдерің!— деді Балқаш бұртиып.
— Буынсыз жерге пышақ салу ғой, оныңыз!.. Белден омыру ғой!..
Тікіленіп келе жатқан Балқашты Найзабек тоқтатты да:
— Аттарды жегіңдер, әуелі қалаға жетейік, қалғанын содан кейін көрейік,— деді.
Кірешілер бізді қалада тосып отыр екен. Сексеннен астам түйенің біреуін олар бізге деп жүктен босатып қойыпты. «Ал, енді қайтеміз?» деген сұрау туғанда, Нұрбек:
— Қайтуші ек? Милиция штабы берем деген пар атпен Нәкең, мен, Бәтес — үшеуміз тарта береміз де, Балқаш пен Жаңыл мына түйеге мінеді,— деді.
— Барсын, жолдары болсын!— деді Жаңыл өкпелеген дауыспен.
«Найзабек не дер екен?» дегендей, сүзіле қараған Балқаш томсарып үндемей қалды.
— Өйтуге болмайды!— деді Найзабек Нұрбекке.
— Неге?
— Үйден бірге шықпағай ек. Шыққаннан кейін, жолдасымызды жолда тастап кету ұят болады, әсіресе, Бәтеске ұят, өйткені, оның д у ұ д , р , ұ , , түп жолдасы біз емес, Балқаш қой...
— Сонда?
— Бәріміз де кірешілермен бірге кетеміз!
— Ат табылып тұрғанда түйемен ілбіп жүрмекпіз бе?!—деді Нұрбек кейіп.
— Реті келсе жаяу да жүрерсің!
— Не реті бар, оның? Несі кетеді Балқаштың, Қостанайға бізден бірер күн кейін жеткеннен?
— Мәселе күннің санында емес, тәртіпте.
Ішпесе не деген ақылды, тәртіпті адам, Найзабек ағай!.. Әй, ішкілік-ай, сондай адамды да жындандырады екенсің-ау, сен!
Кірешілерге ілескен біз, Семиозерноеден жүз жиырма шақырым деген Қостанайға арада үш қонып жеттік. Жақсы пар атпен ол бір-ақ күндік жер екен. Қостанайды естуім болмаса, бұған дейін көрген жоқ ем. Қаланың шығыс жағын ала Тобыл өзені ағады екен, қала соның батыс жақ биік жар қабағының үстінде екен. Өзен арқылы тал мен балшықты араластыра салған жіңішке көпір бар екен. Әдетте солай ма, әлде астық, шөп, отын сияқты жүктер көп тасылатын уақыт болғандықтан ба, көпірдің аржағында да, бер жағында да жол босауын күтіп ошарылған халық, илеуіндегі құмырсқадай қайнайды. Нұрбектің еркіне салса, мылтық асынуын пайдаланып кезексіз өтіп кету еді, Найзабек «оның керегі не?» деп ұлықсат етпеді. Кезек күтіп тұрған шағымызда, Қостанайда қалай орналасу жәйіміз сөз болды. Найзабек пен Нұрбектің түсіп жүретін пәтерлері болады екен. Балқаштың бұл қалада туған қайнағасы бар екен. Мен туралы сөз болғанда:
— Әрине, Балқаштармен!—деді Найзабек. Жаңыл:
— Әркім мінген арбасымен жүйеленбей ме?—деп еді:
— Ондай ұят істі айтпаңыз,— деді Найзабек Жаңылға,— бір болыстың басшылары және қызыл отау басшылары Бәтесті маған емес, Балқаш екеуіңізге сеніп ертіп жіберді. Нұрбек пен мен Қостанайға дейін жөнелтіп салуға ғана келдік. Анау көрініп тұрған Қостанайдың көшесіне кіре, біздің міндетіміз бітеді... Одан әрі тиісті жеріне тапсырғанша, үкімет алдында да, ар-ұятының алдында да жауапты адам — Балқаш.
«Тиісті жер» деп тұрғаны, Қызылордадағы «Совет партия мектебі». Әсияның шамалауынша, оған түсуге менің оқуым жарайды, мектептің, «Совет құрылысы» деген бөліміне мен сияқты партияда жоқтар да алынады, кедергі боларлық жалғыз ғана нәрсе, менің байдың қызы екендігім.
- Оның да оқасы жоқ,— деген Әсия,— қазақ республикасының басқарушы партия ұйымын қазақша «Өлкелік партия комитеті» орысша — «Крайком» дейді. Оның әйелдер бөлімін Шамсия Күнтоқова деген адам басқарады. Ол әрі бірге оқыған мектептесім, әрі сырлас досым. Сол кісіге жайыңды баяндап хат жазып берем. Сені Совет партия мектебіне сол кісі өз қолынан орналастырады. Жатақханаға барғың келмесе, соның үйінде тұрып оқуға да болады.
Не жазғанын кім білсін, Әсияның «Шамсияға бер!» деп тапсырған үлкен конвертінің қалыңдығы кішігірім кітаптай. Мен оны, баяғы жұмбақ альбомның қасына қосып, шешем киімдерімді сап әкеп берген, сұр кенеппен тысталған сәкпаяштың24 түбіне салып тастағам.
Найзабектен ұялуы ма, әлде расы ма, әйелі бұртаңдаған кескін көрсеткенмен, Балқаш мені өзі түсетін үйіне ертіп апарды. «Ертең хабарласармыз» деп екі милиция бізден бөлініп кетті. Балқаштың қайнағасы да, оның әйелі де жайдары адамдар екен. Олар да менің хал-жайымды естіп қапты, Балқаш таныстырған соң-ақ, «ә, осы бала ма, сол?» деп біле кетті. «Жолың болсын, бетіңнен жарылғасын!» деген жақсы тілек айтты олар маған.
Кешкі шайды ішіп отырған шағымызда үйге: ортадан төмендеу бойлы, талдырмаш денелі, сопақ бетті, имектеу ұзын мұрынды, қалқан құлақты, орысша киінген жігіт кіріп келді.
— Ә, Мүсәпір!— деп ұшып түрегелді Балқаш орнынан.
Құлағым бұл есімге елең ете қалды: Бүркіттің Мүсәпір атты бөлесі барын жұрттан да, өзінен де естігем, бірақ, көрген жоқпын да, Қалиса маған, Бүркіт пен Мүсәпірдің өткен жаз, біздің ауылға кеп аттанғанынан кейін, далада төбелесіп қалғанын айтқан. Таластары мен туралы болғанын естігеннен кейін, ішімнен «о несі?!» дегем де қойғам.
Сол Мүсәпір осы боп шықты. Маған ол жылушырай, шүйіркелесе келді. Балқаш мені «Бәтес!» деп еді:
— Таныстырмай-ақ қой,— деді Мүсәпір,— көрмесем де таныспын. Кәне, бөле, әкел қолыңды!
Мен ішімнен: «Бөлесі несі?! Бүркітке әлі қосылған адам емеспін ғой!» деп ойладым.
Үй иелерінің өтінішімен шайға отырған Мүсәпір сөзден ауыз жапқан жоқ. Әңгімесінің әлпетіне қарағанда, Қызылордадан ел ішіне газеттің тілшісі боп келген ол, елдегі талай зорлықзомбылықтың бетін ашып, талай қиянатшыларды әшкерелеген. Сонысына қарағанда, әділеттің досы, қиянаттың қасы сияқты.
Балқаш пен ол көптен таныс, көптен әмпей адам сияқты. Өзінің қолында сүгірет түсіретін аппараты бар екен, онымен елден де көп сүгіреттер түсірген, стол басында шай ішіп отырған бізді де түсірді. Бұрын түсіргендері айқын да, жақсы да екен.
Біз поезбен ертеңіне жүретін болдық. Аттанар алдында Найзабек пен Нұрбек тарантасты пар ат алып кеп, бізді бағзалға алып барды. Балқаш «билет алам» деп бізден бұрын кеткен. Мүсәпір де бізбен бірге осы поезбен жүрмек болған екен. Балқаш пен ол билеттерін алып, бағзалда бізді күтіп тұр екен.
— Бірақ,— деді Балқаш Найзабекке,— үш ыңғайсыздығы болып тұр.
— Қандай?
— Бірінші — мына Мүсәпір бәріміз бір вагонға отырамыз деп ек, оның сәті түспей, яғни билет болмай, билетті екі-екіден екі вагонға алуға тура келді; екіншісі — бір вагонда купесі бар орын, екінші вагонда жалпы орын; үшінші — купеге кім-кім отырары қиын боп тұр...
— Не қиыны бар?—деді Нұрбек.— Қатының мен өзің купеге отырып, Бәтесті жалпыға жіберуің ұят. Оған Жаңыл мен Бәтес отыру керек те, Мүсәпірмен екеуің жалпыға орналасуларың керек.
— «Купе» деген не?— дедім мен түсінбей. Жаңыл да түсінбеді ғой деймін,— екеуміз де Балқашқа қарай қалдық.
— Вагонның ішіндегі төрт я екі кісілік есігі жабық орын. Бізге екі орындығы кездесті.
— Ә, жақсы болды ғой, онда!— деп қуанып қалды Жаңыл.
— «Жалпы» дегені не?—дедім, Балқаштың екінші сөзі құлағымда қалып.
— Бөлшектерінің есігі жоқ вагон,— деді Нұрбек.
— Қайсыңызбен болса да, мен сонда мінем,— дедім Балқашқа.

  • Қайсысына дейсің?—деді Балқаш.

— Ашығына.

  • Жабығына неге мінбейсің?

— Кіммен?

  • Мәселен, анау бөлең, — Мүсәпірмен.

Бұл сөзі ерсі көрінгендей, Нұрбек мырс етіп күліп жіберді.
— Неге күлесің?— деді Балқаш оған.
— Е, күлмей,— деді Нұрбек,— қыз бен жігітті оңаша қамағанды қай атаңнан көріп ең?
— Қазақшылық қой айтып тұрғаның!— деді Балқаш кейіп,— Европада оның түк те ұяттығы жоқ.
— Немене, Европаның қызы — бітеу, жігіті — әтек пе екен?
— Қойыңыздар жанжалды!— дедім мен,— ерік — менде болса, мен жалпыға отырам.
— Ерлі-байлы кісіні айырамыз ба?— деді Мүсәпір,— мен де жалпыға отырам...
«Қолымнан орналастырам» деп, жүгімді арқалаған Нұрбек мені вагонға алып кірді. «Жалпы» дегенінің іші құмырысқадай құжынаған адам екен. Барлық халықтың барлық жастағы адамын осынан табарлық десе де болатын. Билетте көрсетулі орын болмағандықтан, бос орынға таласып ұрсысқан, кейі төбелескен адам ың-жың. Вагонның іші ысып, ауасы ауырлап кеткен. Бізге мұнда орын жоқ сияқты. Нұрбек төбеден екі орынды зорға тапты. Мүсәпір ортадағы орынға таласпақ болып еді, қоңқақ мұрынды, қара кескінді, зор денелі біреу оны жағасынан ап лақтырып жібергенде, мұрнын қанатып алды. Терлеп-тепшіген бізді орналастырғаннан кейін, Нұрбек:
— Нәкеңе амандаспаймысың?—деді маған.
— «Нәкеңі» кім?— деді Мүсәпір.
— Найзабек Самарқановты айтам, біздің начальнигімізді.
— Оған несіне амандасады осындай абыр-сабыр боп жатқанда?
— Со да сөз бе екен?— деді Нұрбек ұнатпай,— ит арқасы қияннан, яғни, түу-түу алыстағы Торғайдан бастап әкелген серігі емес пе? Ол кісі «көппен бірге сығылыспайын» деп сыртта қалды.
— Барам!—дедім мен,— амандасам.
— Кәне, жүр, онда!— деп, сығылысқан жұрттың арасынан сынадай қысылып әрең жол ашқан Нұрбектің артынан мен де ердім.
Біз әрең, деп есікке жақындасақ, иін тіресе қаптаған жұрт вагон есігінен әлі де қаптап кіріп жатыр екен.
— Берірек тұра турайық,— деді Нұрбек, мені есік алдындағы қуысқа қарай иығымнан тартып,— жұрт өтіп болсын. Жолдарын бөгемейік.
Қуысқа оңашаланыңқыраған маған:
— Бәтес, үш сөзім бар саған айтатын,— деді Нұрбек.
— Ие?
— Бірінші сөзім: мен өзім қалжыңқойлау адаммын, сол дағдыммен аузымнан артық сөз шыға қалса кешірім ет!
— Ондай сөзіңді естіген жоқпын.
— Екінші — менің тілімді алсаң. Қызылордаға тоқырамай, тура Бүркіт оқитын Тәшкенге тарт. Онда да оқу орны көп, Бүркіт біреуіне түсірер. Және, соңынан іздеп барсаң, ол саған бар өкпесін кешеді де, бұрынғыдан да тату-тәтті боп кетеді.
— Оны көрерміз.
— Көрме, істе соны!.. Үшінші — анау жылмаңдаған кемиегіңнен сақ болғайсың.
— Кімді айтасың?
— Мүсәпірді. Ол саған «Бүркітке бөлемін» деп, тағы бірдемелерді айтып жылмаңдап жүр ғой. Жобасына қарағанда жұлынқұрт сияқты адам болар, омыртқаңның ішіне қалай кіріп, жан тамырыңды қалай жеп қойғанын білдіртпейтін. Бір жерде Тақыр мұзға отырғызып кетіп жүрмесін...
Сол кезде есік алдының адамдары сиреп, сыртта Найзабек көріне қалды. Қағылған қоңырау даусы естілді.
— Поезд жүреді екен, Найзабек ағайға тез амандас жерге түсіп!— деді Нұрбек.
— Айтпақшы,— деді вагон есігінің етегіндегі басқышқа қарай беттей берген Нұрбек құлағыма сыбырлап,— амандық болса, алдағы күзде қызметімді Қызылордаға ауыстырам ба деген талабым бар, уәде қылған кісі бар, бірақ бұл, Найзабекке әлі айтпаған сырым.
— Сағындырмай тезірек кел!— дедім мен.
— Ақырын!—деді Нұрбек,— Нәкең естіп қалар.

  • Ал, аға!—дедім жерге түсіп, Найзабектің, қасына барғаннан кейін, көзіме жас алып,— жас та болсам адам қадірін білем бе деп ойлаймын. Маған көрсеткен адамгершілік ісіңізге өмір бойы борыштымын!..

Әйелі құрғырдың ондайда босаңси қалатын дағдысы бар емес пе. Мен де сол салтқа басып, Найзабектің кеудесіне басымды сүйеп еңіреп жіберіппін!..

  • Жылама, шырағым!— деді Найзабек мені арқаға қағып,— мемлекеттік міндетімді өтеуім бұл!

— Жоқ, аға,— дедім мен жасқа булығып,— ол ғана емес!
Адамдық міндетіңізді де өтеуіңіз! Қандай жақсы адам едіңіз, сіз!..
Құлағыма үш рет қағылған қоңырау даусы естілді.

  • Поезд жүреді!—деді Найзабек.— Ал, мін!

Найзабекпен қоштасып вагонның басқышына көтерілдім де, жақсы адамнан айырылғым келмегендей, әлдекімдердің «жол бер!» деуіне қарамай, есік алдында тұрып алдым.
— Абай атаңның бір сөзін есіңе салайын, шырағым,— деді, мені де қимағандай боп, есік алдында тұрған Найзабек: Өмір жолы тар соқпақ, бір иген жақ, Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Қисық жолда тегістік, тиянақ жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!..
Құ , ур ,
Поезд жылжып жүре берді.
— Әсіресе, соңғы екі жолын ұмытпа!— деді жылдамдата жүруге айналған поезға аяңдай ерген Найзабек, қолын бұлғап.
— Тырысайын, құрметті аға!..
— Менің достық сөздерімді де ұмытпа!— деді Нұрбек.
Ойланайын, құрметті Нұрбек!..
Маған олардан айырылу, шешемнен айырылудан кем болған жоқ. Бұл жолы да жасқа булыққан қалпыммен жоғарыдағы орныма сенделіп шықтым да, онда ағаш басындағы ұясында қылқиып отыратын құзғындай боп мойыны сорая қалған Мүсәпірдің «не болды?» дегеніне жауап бермей, өксіген қалпыммен етбетімнен жата кеттім. Бір кезде бойымды шамаласам, басым айналып, жүрегім өрекпіп барады... Төменге түсуге әлім әрең жетті... Сол арада ал, кеп құс!.. Ішімде барымды түгел тауысып болғандай құрғақ лоқсып талықсуға айналған мені Мүсәпірі бар, басқалары бар, төсегіме әрең шығарып жатқызды. Содан кейін талықсығанымды, я ұйықтағанымды білмеймін, тас боп қатыппын да қалыппын...
Сол қатқаннан, мен ұзақ қаттым. «Қаттым» дегенде, ұйықтай берген жоқпын мен. Әрине, ара-тұра ұйқтап та кетемін. Бірақ көбінесе бақырайып ояу жатам да қоям. Обалы не керек, Мүсәпір байғұс Қостанайдан шыға салысымен бәйек боп, әлденені кеңеспек болады, қызық бірдемелерді айтып күлдірмек болады, поезд тоқтаған жерде, «кәне, бой жазып далаға шығып келейік!» дейді, әлденелерді сатып әкеп, «мынаны жеші!» дейді; ал, мен шала-жансар адамдай тырп етпестен орнымда жатам да қоям, ораза ұстағандай аузыма нәр салмаймын, ең, аяғы сусын да жұтпаймын, «ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, дәретке де бармаймын, «жоқтан» басқа сөз білмейтіндей, Мүсәпір не айтса да «жоқ» деймін.
Өзге сөзін өткізе алмаған ол, маған Бүркіт жағымнан кеп:
— Ақылды да, намысты да, өжет те жігіт!— деп мақтайды.
— Бар айыбы тентектігі мен бет алған жағынан бұрылмайтын тоңмойындығы,— деп кемшілік жағын да есіме салып қояды. Бір сәтте ол, Бүркітпен былтыр жанжалдасқанын айта кеп:
— Әдейі сынамақ боп қытығына тиіп ем, ер тоқымын бауырына ала, жатып тұрып туламасы бар ма?!.. Өзім сасып қалдым!.. Көзіне қарасам қан толып қызара қапты!.. Құтырған бурадай тарпа бассалатын қалпын көрген соң қаша жөнелдім!.. Қорқып емес, р р
әрине!.. Бас салғанда не істейді бір еркекке бір еркек?.. Бұрын жүз жыртыспаған адаммен жанжалдасқым келмеді, көңіліміз қалысар деп қорықтым... Артынан Қызылордада жолығып, «соның не?!» дегенде, жерге кірердей боп ұялды. Екеуміз қайтадан бұрынғыдай ауыз жаласып кеттік,— дейді.
— Сені жанындай жақсы көретіні рас!—дей кеп:—бірақ, әнеугі кетіп қалуы Бүркіттігіне лайық қылық емес!—дегенді де ескертіп қойып:—Сенің де оны жақсы көретініңді білем,— дейді Мүсәпір, — бірақ, адамның ең жақсы қасиеті, өзінің қадырын сақтай білуде. Бұрынғылар: «Малымды алсаң ал, қадірімді алма!» деген тілекті босқа айтпаған. Қадыры кеткен соң, кісі ме — кісі?.. Сен де қадырыңды сақта. Өзгені қоя тұрғанда, Бүркіттің алдында да қадырыңды төкпеуге тырыс. Ол үшін қашан өзі хат жазғанша жазба. Өзі іздеп келмей тырп етпе. Шын ғашық болса сөйтеді ол. Егер істемесе — айтып жүргендерінің бәрі «ал» тілі ғана болады.
- Бірақ, өйтпес, мен білетін Бүркіт болса!— деп дәмелендіріп қояды Мүсәпір тағы да мені,— қыңырлығына басып осылай біраз жатар да, көп болса қыс ортасына дейін шыдап, одан кейін каникул уақытында жетіп келер. Солай зарықтырып табыссаң, тәтті боласың!..
Оқу мәселесіне келгенде:
— «Совет-партия мектебі» деген не?— дейді Мүсәпір маған,— онда саясаттан басқа түк те оқытпайды. Оқуын бітіргеннен кейін партиялық, не советтік қызметкерлердің бірі боп елге кетесің. Әйелге лайық қызмет емес ол. Одан да сен Қызылордадағы педагогика институтының даярлық бөліміне түс. Оған бірдеме ғып алдырамыз. Соны бітіріп мұғалім болсаң, қалаған қалаңнан қызмет табасың. Одан кейін ешбір күйеуге жалынышты болмайсың: сүйсе тұрды, сүймесе — мейлі!..
Мүсәпірдің соңғы сөздері көкейіме қоныңқырайды.
Балқаш қызық адам екен. Поезға біз кешке қарай мінгеміз. Содан келер кешке дейін ол көрінген жоқ. Жаңылы болса болмаса да. Бірде поезд жүріп келе жатқанда, «вагон арасымен бардым» деп, бірде поезд тоқтағанда «барып келдім» деп Мүсәпірдің Балқаш туралы айтқаны: «Бұ заманның Зылиқасы мен Жүсібі осылар екен!.. Қосылғалы бірнеше ай болғанмен, құмарлары қанбаған екен: қашан барсам да сүйісіп-жаласып жатқандары!.. Кәртайғанда үйленгендіктен бе, әлде қатынжанды біреу ме, ат құйрығына байлап сүйресең, айырылар түрі жоқ, желімдегендей жапсырылып қапты!..»
Сол Балқаш екінші күні, поезд жүріп келе жатқанда келіп еді, Мүсәпірге ұстаған сақаулығым одан жаман ұстап, даусын естіген соң-ақ бақырайып жатқан көзімді тарс жұма қойдым да, не десе де естімеген боп, қозғаса оянбаған боп сұп-сұлық жаттым да алдым.
— Жап-жаңа ояу жатыр еді, бұнысы несі?!—деп таңданды Мүсәпір мені Балқашқа қосыла оятып. Мен қозғалмай, көзімді ашпай қойған соң:
— Япырай, ғажап екен бұнысы!— деді Балқаш. Қарын ұйқысын ұйықтағандай болып жатыр екен! Летаргиялық ұйқы болады деуші еді ғой, ғылымда. Сол емес пе екен өзі?!..
— Қайдам,— деді Мүсәпір,— айттым ғой, екі рет барғанда да, «тұяқ серіппестен жатыр» деп. Сол жатқаны, әлі жатқан!.. Бітеу адам ба, немене,—не дәретке шықпайды, не ас ішпейді, шөлдемейтін адам екен, сусын да татпайды!..
— Ол сенің жасықтығың!.. Бір қызды ырқыңа көндіре алмай...— деп келе жатқан Балқашқа, «тсс!» деп қалды Мүсәпір. Балқаш үнін өшіре қойды. Көзімді ақырын сығырайтып қарасам, «жап аузыңды!» дегендей Мүсәпір оған бармағын шошайтып тұр екен.
— Өтірік ұйқтап жатса қайтесің?—деген сыбыры естілді Мүсәпірдің.
«О не деген сөзі?!—деген ой кеп қалды маған,— менен жасыратын сөздері бар ма, әлі?»
«Тағы не дер екен!» деген оймен, өлік қалпымды өзгертпеп ем, мен туралы басқа ештеңе айтпай, өзара әзілдесіп кетті.
— Япырай, сен қатынжанды екенсің!—деді Мүсәпір Балқашқа.
— Неге олай дейсің?—деді Балқаш.
— Демегенде ше? Жіліктің майын соруға қажиды кісі. Сен қатыныңды аузынан сора беруге қажымайды екенсің!..
— Ойбай-ау, енді,— деді Балқаш күліп,— әйелім емес пе ол менің?.. Жаңада ғана үйленген жоқпын ба және?.. «Медовый месяц»25 демей ме орыстар бұны?.. Қылауы түсетін уақыты болды ма?..
— Тіпті, сонда да өребетейсіздеу бұның.
— Неге?
Қазақтық салтымызды сақтау керек емес пе?
— Қазақ қайтуші еді?— деді Балқаш күліп.
— Қашаннан шоқынған едің?— деді Мүсәпір ол сөзін ұнатпай,— қызды болмаса, қатынын көптің көзінше түгіл, төсегінде сүйген қазақты қайда көріп ең?
— Рас. Бірақ, кәзір оны «патриархалдық-феодалдық заман» деп жүрген жоқпыз ба?
— Бола берсін!.. Ең ірі марксистердің өздері айтпай ма, «пролетариат мәдениеті, бұрынғы мәдениеттердің заңды жалғасы» деп, «бұрынғылардың тәуір жақтарын аламыз» деп?
— Сонда, некелі қатыныңды сүймеу, сеніңше, жақсы салт па?..
— Ең оңды салт! Неге?

  • «Қатынға қадырым жоқ, етімді көреді, ағайынға қадырым жоқ, бетімді көреді» дегенді бұрынғылар босқа айтпаған. Адамның бағасы қадыры барда ғана. Қадырың кеткен соң, бағаң да кетеді. Ендеше, шамаң келгенше қадіріңді кетірмеу керек.

  • Ол үшін не істеу керек?

  • Қатынды жалап-жұқтамау да керек, яғни, жарбаң-жұрбаң сүйе беруді қою керек.

— «Мақұл-ақ екен» дейік. Сонда, ескі қазақтар қатынының, басынан таяқ айырмайтын, бізге де соны істеу керек пе?
— Ретті жерде оны да істеу керек, әйтпесе басынып кетеді.
— О-о-ой, фе-о-да-лым!— деді Балқаш күліп,— өзің қатын алсаң, істеймісің осы айтып отырғандарыңды?
— О-без-за-тельно!26
— Неге алмай жүрсің сол қатынды?
— Орыстан алғым келмейді...
— Уай, коммунисім, не деп отырсың?—деді Балқаш күліп,— ұлтшылдық қой айтып отырғаның? Ондай сөзді коммунист сен түгіл партияда жоқ мен айтпаймын.
Қатын алуда тұрған ұлтшылдық жоқ,— деді Мүсәпір салмақпен — бұл — бір. Екінші — ұлтшылдыққа күлме сен!.. Неге күлесің, өз аузыңнан ұлтшылдық қаның ағып тұрып?
— Өй, сен алысқа кетіп бара жатырсың ғой,— деді Балқаш, бұл тақырыпта сөйлесуді доғарғысы келгендей,— қасыңда жүрген жолдасыңды да білмейді екенсің ғой!.. Осындай мөңкігіш пе едің сен?!
— «Таз қатын сау қатынды «таз неме» дейді» дегендей, не ақың бар, бұғып жүрген ұлтшылдықты түрткілеп? Онсыз да оңып келе жатқан жоқ «ұлтшылдық» дегенің күн сайын көзге шұқылып!..
— Рас!— деді Балқаш демін ауыр ап:—«Бұра сөйлеген күлуге жақсы, бұра қашқан түлкі қууға жақсы» дегендей, күлу үшін айтып жатырмын да. Әйтпесе, «ұлтшылдық» деген пәледе не ақым бар?
— То-есть, как?! —деді Мүсәпір тікіленіп,—«ұлтшылдықтан таямыз» дегенің бе ол?
— Неге таямыз?— деді Балқаш шошып кеткендей,— таймаймыз!.. Ақаң мен Жақаң айтқандай, бұл жолға басты беруге әзірміз!.
- Ә, дұрыс!—деді Мүсәпір риза болғандай,— Әлекең айтқандай, ендігі ұлтшылдықты жүргізетін олар емес, яғни, Әлекең, Ақаң, Жақаңдар емес, мына — бізбіз, яғни, кәзіргі терминологиямен айтқанда, неонационалистерміз, яғни ұлтшылдардың жаңа түріміз...
— Әй, осы біз тым ашық сөйлесіп кеткен жоқпыз ба,— деді Балқаш жан-жағына жалтақтап: «Үй менікі демеңіз, үй артында ұры бар» деп Шортанбай айтқандай, тыңдап отырған жоқ па, біреулер сөздерімізді?
— Оны мен сенен алдақашан бұрын ойлағам. Бұл вагонда қазақ түгіл, тілімізді түсінетін татар мен башқұрт сияқтылар да жоқ.
— Орыстан түсінетіндер болса қайтесің?
— Қайдам, ондайын!—деп Мүсәпір толқи бастады.
«Ендеше қойдық» дегендей, екеуі де аз уақыт тын бола қалды. Міне, қайда ұлтшылдар!.. Газетке көп жазатын сырларын тереңірек біле түсетін!..
— Мүсәпір!—деді Балқаш аздан кейін.
— Әу.
Сен ойынды-шынды маған біраз күліп алдың-ау, «қатынжандысың» деп?
— Ойын ғой оным.
— «Ойынның түбі — шын, күлкінің түбі — жын» деген мақал бар. — Көңіліңе ауыр алып қалған екенсің ғой, пардон!..
— Алған жоқпын. Білемісің, менің әйелімді неге жақсы көретінімді?
— Қайдам...
— Сен ғой, алты ағайындысың? Бәріңнің де жаныңа жамандық бермесін. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, бірің өлсең бірің қаласыңдар. Ал, мен, аяққа құйған астай жалғызбын, өлдім — біттім. Әйелді адам тілеумен, артыма ұрпақ қалдырам деп алады ғой? - «Сүйіп» емес пе?— деді Мүсәпір қылжақы дауыспен.
— Қоя тұршы, сол «сүюіңді!»—деді Балқаш, жаратпаған дауыспен — өзің айтқандай, қай қазақ сүйіп қатын алып еді? Малға сатылып келген жоқ па еді, қазақ атаулының қатыны? Әлі де сүйтіп жатқан жоқ па, жең ұшынан алатын ақшаға айналдырып?
— Өзің де сөйттің бе?
- Ырымы болады да,— деді Балқаш күліп.— Қоя тұрайық қалжыңды. Тақырыбымызға көшейік. Мәселе, менің әйелім туралы еді ғой. Ұзақ жыл үйленбей жүрдім ғой мен. Олай кідірген себебім, өзің айтқандай, орыстан алғым келмеді. Татардан алайын десем, бұрын алғандарды байқасам, туыстары көп болады екен. Бір қызының артынан бір қора жан келеді екен. Оның бәрін қалай асырай алам мен?
— Менің де ойым сол,— деді Мүсәпір күліп.
— Қазақтан алуға, менімен тұстас қыз атаулының қалыңнан басы босы болған жоқ. Біреудің қалыңдығын тартып алуға бармадым, «ел бүлінер» деп ойладым. Сөйтіп жүріп жасаңқырап қаппын.
— Қаншаға келдің, «жасап»?— деді Мүсәпір,— қателеспесем, биыл отыз бірде ғана емессің бе?
— Рас. Паспортта бірер жасым кіші.
— Неге?
— Жәй, әншейін!—деді Балқаш күліп,— өзің дәлін жаздырып жүрмісің?
— Институтқа түсерде кәрі көрінбейін деп, менің де аздап қымқырғаным бар.
— Сонда, сен, нешедесің кәзір?
— Шын жасым ба?
— Әрине!
— Жи-ыр-ма же-ті-де! — деді Мүсәпір сөздерін бөле сыбырлап, «ешкім естіп қоймасын» дегендей жан-жағына жалтақтап.
— Ойбай-ау, сен де кәртайып қалған екенсің ғой — деді Балқаш күліп.— Неге үйленбейсің енді?
— Әйел, яғни, қатын ноқта емес пе, басыңды сұқсаң босатпайтын? Қайда жоғалар дейсің ол. Қажет болған шақта табылар. Отыз бірде үйленіп өлген жоқсың ғой сен. Нем бар, азат басымды ноқтаға ерте сұғатын. Сенің жасыңа келейін де тым болмаса.
— Тұқырта бердің ғой мені,— деді Балқаш,— кәрілігімді бетіме салық қып?
— Ойнаймын. Айта бер сөзіңді!
— Не туралы айтып отыр ек, өзі?
— Қатыныңды неге жақсы көруің туралы.
— Иә айтпақшы, сол екен ғой. Биыл жаз елге келгенде, бір досым маған «неге үйленбей жүрсің?» деді. «Қыз жоқ» дедім мен оған. Ол маған «тауып берейін» деді. «Қандай қыз?» деп ем, «қайтесің қандай екенін,— деді досым,— айта қалғандай сымбатты да, сұлу да қыз емес. Байдың да, атақтының да қызы емес. Момын, шаруа адамның ғана қызы. Әкесі қалың малды да көп сұрамайды. Қызынын, азынаулақ киім-кешегі мен төсек орнының ақысын берсең болды. Бәрін кәзір беруге күшің келмесе, несиеге қарайды. Бұрынғыдай емес, басын бесіктен қалыңмалға байлап қоятын. Кәзір бос қыз көбейе бастады ғой. Саған да қызды әр жерден табуға болады. Мына қызды айтып отырған себебім: жалғыз жігітсің ғой сен. Әйелді «өсемін» деген ниетпен аласың ғой. Ал, мынау қыздың шешесі, «қойдай қозылап» емес, «иттей күшіктеп» отыр. Бауыры толған бала. Өлісі бар, тірісі бар, жиырма шақты жылда, жиырмадан астамын шығарып тастады. Мына қызы, ұмытпасам, үшіншісі болу керек. Бұның ұзатқан екі апасы да бала табу жағынан шешесінен қалысар емес. Басқа жаримын десең, осы қызды ал!»
— Түсінікті!—деді Мүсәпір күліп,— үйленгеніңе қанша болды өзі?
— Екі айдан асыңқырап барады...
— Нәтиже қандай?
— Тәубасын қоса айтқанда, ырымы жаман емес. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегендей, жерігі жаңа ғана басылды...
— Құттықтаймын! Ұл болуын тілеймін!— деп Мүсәпір Балқаштың қолын алды.
Поезд да сол кезде тоқтай қалды,
— Бар енді, ғашығыңа!— деді Мүсәпір Балқашқа,— мазақтау сияқты күлкімен,— құмартып қосылған жарың ренжіп отырған шығар, «неге кешікті?» деп. Көп бала табатын адам болса, ренжіте көрме!..
Шығуға беттеген Балқаш, саусағын маған қарай бір безеп, Мүсәпірге қарай бір безеп, жұдырығын түйіп алды да, «мықты бол!» дегендей белгі көрсетті. Онысы не екеніне түсіне алмадым...
— Оян, Бәтес!—дегенге көзімді ашсам—Мүсәпір. Поезд тоқтап тұр. Таң бозарып қалған.
— Кинельге келдік,— деді ол,— Түсеміз осыдан. Тәшкен поезына мінеміз. Тұр, киін!
Киінетін түгім де жоқ, төсегіме жолдағы киіміммен қисая кеткем. Төсегімнен басымды амалсыз көтеріп, «бірге алып түсейін» деген оймен, төсегімнен жоғарырақ қойған сәкпаяшыма қол созсам, орны тып-типыл!..

  • Сәкпаяш қайда?— дедім Мүсәпірге.

  • Орнында жоқ па?—деді ол.

  • Жоқ!

  • Е, қайда кетеді ол?

  • Сіз төмен түсірген жоқсыз ба?

  • Түсірсем, сұраймын ба?

  • Қайда кетеді, сонда?—деппін аңқау басым.

  • Қайдам... ұрланбаса!..

— Кім ұрлайды?—деппін бейғам басым.
— Ойбай-ау, Бәтес-ау, не деп отырсың? Ұрының толған жері емес пе, поезд іші!..
Мүсәпір көршілерден сұрап еді, ауыз біріктіріп алғандай, «ақымақпысың, жоғалған чемоданыңды сұрап?» деп ұрысты. Сонымен, қысқасы, сәкпаяшым жоғалды!.. Үйден кетуге ниет еткеннен кейін жан адамға көрсетпестен мен оның ішіне жазғы-күзгі киімдерімнің ең тәуірлерін сыйғанша сығарлай салғам. Найзабек пен Нұрбек мені үйден жанжалмен алып шыққанда қалып қойған сәкпаяшымды, Қызыл отауға артымнан келген шешем әкеп берген. Әсияның үйінде екеуміз оңаша қарағанда, өз қолымнан салғандарым түгел болудың үстіне, әжемнің кілті өзіндегі сандығында жататын үлкен бір дорба моншақ та ішінен шыққан.
— «Бопашымнан қалдырып, бұл адыраны не істеймін» деп, әжең көзінен жасы сорғалап отырып салып жіберді,— деген шешем.
— «Тумады» дегенмен,— деген шешем жылап отырып,— туа сала бауырына басқан байғұсқа исің сіңіп қалса керек, сен кеткеннен кейін жастан көзі босамай еңіреуде. Осы дерттен құса боп өлмесе не қылсын!
Артыма емес, алдыма қарауға бекініп алған менің жүйемді шешемнің ол сөзі де босатпаған. Шешем дорбаны ақтарып, ішіндегісін маған көрсеткен. Атақты бай біреу болмаса (ондайларды өзім көрген емен), қазақ байғұстың қызға деп жиятын моншағының көбі күмістен және бағасы арзандау тастардан жасалады ғой. Әжемнің жинағандары сондай екен. Бірақ ішінде, бағасы арзан болғанмен, жасалуы өте әдемілері көп. Сақина, жүзік, қаптырма, ілгек, алқа сияқты көп сылдырмақтардың арасында, «қыз» болған алғашқы жылдарымда ғана шашыма тағып, кейін алып тастаған, екі алақанның әрқайсысында он-оннан «адал сөлкебай»27 ілген үзбелері бар шолпым да жүр. Біздің Торғайдың даласында, қау шөпке байланатын «жылан түкірік» деген, сырты бұдырмақ, әдемі бірдеме болады. Оны шөптен суырып алсаң, іші қуыс. «Жылан шақпайды» деген ырыммен, шешелері балаларының үстіне оны да қадап қояды. Өзі қылдан өргендей сынбайтын, тозбайтын нәрсе болады. Менде де сол «жылан түкіріктің» кішкене дорбаға салған бір уысы болушы еді, ол әлдеқайдағы қалтамда жүруші еді. Қалай тапқанын кім білсін, әжем дорбаға оны да салып жіберіпті. Ең қызығы: «Бір жасқа толғаныңа дейін кигіздік» дейтін кішкене жеңсіз қамзолым бар-ды. Тұтас маталары бола тұра, әжем оны барқыт пен жібектің нелер түсті қиындыларынан құрап, моншақ атаулыны үстіне жыпырлата қадай берген. Қазақта «жын, шайтан жоламайды» деп, жас баланың бесігінің басына үкінің аяғын байлап қоятыны бар. Әжем де маған сөйтіп, бесіктен шыққаннан кейін, әлгі жеңсіз камзолымның жауырынына қадап, бертінге дейін төсегімнің басына жастап қоятын. Әжем кей кезде осы қамзолды алатын еді де «кішкене күніңдегі исіңді сағындым!» деп, мұрнына қатты баса иіскейтін еді. Дорбаның ішіне әжем сол кішкене қамзолымды да салып жіберген екен!..
Міне, соның бәрі де енді жоғалды!..
Ғажапқа қараңыз: сәкпаяшыма ішім аши тұра, мен жыламақ түгіл көзіме жас та алған жоқпын!.. Несіне жылаймын?.. Өзім қашып бара жатқан ескі дүниенің мүліктері емес пе ол?.. Мүліктері түгіл өзі қайда қалды ол дүниенің?.. Ендігі тілегім: «Құдай артымнан емес, алдымнан жарылғасын!» емес пе?
Жоғалған дүниеден, ішімнің ең қатты ашығаны — Бүркіттің альбомы. Үйден кетуге ойлағаннан кейін, ол құрғырды жоғалтып алармын деген оймен, үстімнен тастамауға бекінген төс қамзолымның астарына, бетіне берік шүберек сап, мықты жіппен айнала шандып тастағам. «Шығасыға иесі басшы болады» дегендей шешем сәкпаяшты алып келгеннен кейін, «шапанымды шешкенде ұрлатып алармын» деп альбомды сөгіп ап, ең терең түкпіріне тастағам!..
Міне енді ол да жоғалды!.. Енді мен Бүркіттің кінәлілігін немен дәлелдеймін?..
Кинельге Тәшкеннің поезы кешікпей келді де, біз жүріп кеттік. Төртеуміз бір вагонның аралары алшақ екі купесіне орналастық: тағы да Балқаш әйелімен бір купеде, Мүсәпір мен мен бір купенің орталық орындарында, қарсыма-қарсымыз. Мен тағы да бүктетіліп жатып алумен болдым. Серіктерім Кинельге дейін бүктетілуімді — поезды жатырқауыма жорыса, ендігі бүктетілуімді — жоғалған нәрселерімді қайғыруға жорыды. Неге жорыса да мейілдері!..
Кинель мен Қызылорда арасы «ит өлген» жер екен!.. Күндер де өтіп жатыр, түндер де өтіп жатыр!.. Тоқтаған жерлерінде болмаса поезд зымыраған жүрісінен бірде танбайды. Бұған дейін аттан басқа жүйрікке мініп көрмеген маған поездың мына ызғындатуы желден де ұшқыр сияқты. Бірақ бұндай екпінге де үйренеді екен адам. Бастапқы күндерде басым айналған мен енді шетсіз-шексіз жазық, сұр далаға терезеден тесірейе қараймын да жатамын, оған басым айналмақ түгіл, түгім де құритын емес!.. Зымырап келе жатқан поезға қарап, Сәкен Сейфулиннің өзім мектепте жаттаған «Экспресс» атты өлеңін еске түсірем де, кей шумағын ішімнен жатқа айтып қоям:
«Айда, отарба, тынбай заулап айдап бақ!
Доңғалағың зырылдасын «тақ, тақ, тақ!»
Шаңқан жарық,
Шамға қарық,
Болсын халық,
Электр жақ, тынбай айда, жол ұзақ!..»
Осы ұзақ жолға мен де түсіп келем. Қайда барып тірелеріме көзім жетпейді. Қайда тірелсем де тезірек жеткім келеді.
«Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, жүре берсе шетіне шықпайтын жол жоқ екен. Міне біз, жеткізбестей көрінген Қызылордаға да таянып қаппыз. Оны маған Мүсәпір хабарлады. Мезгіл түн ортасы алдақашан ауған шақ. Қызыл отаудан аттанарда «Шамсияға тапсырарсың» деп қолыма хат ұстатқан Әсия:
— Барар уақытыңды мөлшерлеп телеграмма да берермін, күйеуі қызмет істейтін жерде ат бар. Алдыңнан шығар. Алда-жалда, әлде не себеппен шыға алмай қалса, хат сыртындағы конвертте көрсетілген адреспен өзің іздеп бар,— деген.
— Балқаш, сізге де тапсырам,— деген ол үйден шығарда, менің Шамсия үйіне бару жайымды айта кеп,— егер тосып алмаса, арбакеш жалда да өзің апарып сап, көзіңше орналастыр!
— Мақұл,— деген Балқаш.
«Қызылордаға жақындадық» дегеннен-ақ, «Шамсия қарсы алар ма екен, жоқ па екен?» деп қобалжи бастадым. Өзім іздеп баруға Әсияның хаты да сәкпаяшыммен бірге жоғалған. Ол жәйімді Мүсәпір білмейтін болу керек,—«ал, енді қайда түсесің?» деп еді, «Шамсияға» дедім мен.
— Қайтесің, танымайтын бөтен біреудің үйіне түсіп?— деді Мүсәпір.— Қала халқының сыпайылығы көп болғанмен, сыйы аз болады, еңбек ақыға қарап, өздері зорға қалтырап отырады, сыйлағанына ғана бір қонағасы береді, сыйламағанына ол да жоқ, бірден артықты ауырлайды. Әсияң айтса, қарсы алуы — алар. Бірер күн сыр да білдірмес. Содан кейін құтылғанша асық болады. Оқу орныңа неше күнде реттелерің мәлімсіз. Оған дейін менің пәтерімде неге тұрмайсың? Қазақ үйі. Жәйлі үй...
— Уәделескен жерге барғаным мақұл ғой,— дей салдым мен.
Поезд Қызылордаға кеп тоқтады. Біз түстік. Мені іздеп жүрген ешкім көрінбейді. Енді не істеуге біле алмай келе жатқанымда:
— Шырағым, қайдансың?—деп, қалаша киінген бір орта жасты, қара мұртты еркек көлденеңдей кетті.
— Оны қайтесің?— деп Мүсәпір киліге қалды.
— «Қайтіп» жеп қояды деймісің?— деді анау Мүсәпірдің сөзін ұнатпағандай,— іздеп жүрген кісім бар.
— Қайдан?
— Торғайдан.
— Менмін Торғайдан!—дедім мен:
— Атық кім?
— Бәтес!
— Ендеше, іздеген кісім сен екенсің, шырағым. Әсия деген апаң, Шамсия деген апаңа сені қарсы ал деп телеграмма берген екен. Ол апаң үйде жоқ еді. Мәскеу, Ленинград жағына кетіп еді. Мен сол кісінің жұбайымын. Атым — Аманжол Амандықов.
Аманжол менімен қолдасып амандасты да:
— Апаңның орнына ат алып шықтым, шырағым,— деді.
— Қашан келетін апасы ол?— деді Мүсәпір.
— Әй, сен өзің, сөздеріңнің бәрі ілгішті жігіт екенсің,— деді Аманжол оған.— Апасы болмаса, апасының үйі бар, үйінің бір , ү р, ү р
баланы асырай тұрарлық шамасы бар...
— Сіз мені қараңғыда танымай тұрсыз ба деймін, жолдас Амандықов. Мен Балқашпын!— деп Аманжолға Балқаш қолын ұсынды.
— Қай Балқаш?— деді Аманжол.
— Жидебаев!
— Ә-ә!.. Сіз қайдан келесіз?

  • Торғайдан. Бәтеспен бірге. Айтып тұрған Әсияңыз, бұл баланы маған ертіп жіберіп еді, «өз қолыңнан орналастыр» деп.

— Орналастырсаң, жүр біздің үйге! Ертең барарсыңдар, баратын жерлеріңе.

  • Өзара ақылдасайық, содан кейін айтайық,— деді Балқаш.

— Ә, жақсы!—деп, ақылдасуға бөгет болғысы келмегендей, Аманжол әрі қарай кетті.
— Өзің біл Бәтесжан,— деді Балқаш.— Алдыңнан Шамсия шыққанда жақсы болатын еді. Қызметін былай қойғанда, әйел жынысты адам. Еріне де рахмет. Әйелім үйде жоқ демей алдыңнан шықты. Ал, енді қалай болар екен бұл? Әйелсіз аңырап тұрған үйге еркекпен еріп кетуің қиын. «Бізге жүр» дер ем, тұрған бөлмем қуықтай тар еді, жаны көп үй еді, жатар қуысы жоқ еді.
— Сонда не қыл дейсіз?— дедім мен, бұл сөзді көп созғым келмей.
— Қайдам!.. Мүсәпірдің пәтері де кең еді. Үйі де; иелері де жәйлі еді. Оқуға орналасқанша сол үйге бара тұрмасаң?..
— Барайын!— дедім мен.
- Демегенде ше?.. Қай бір жолым оңып келе жатқан адаммын мен?..
Қырсықтан қырсыққа шалынып келе жатқан бетім емес пе бұл?.. Азар болса, сол қырсықтың біреуі күтіп тұрған шығар ол үйде?..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет