АРЫСТАН МЕН Б¥ҚА ТУРАЛЫ
ҮНДІСТАН патшасы Дәпшәлім, философтардың атасы Бейдауаға бұрылып: «Қиыспас екі досты ажыратып, жауластырған әзәзіл туралы нақыл айтшы», - дейді.
Бейдауа сонда: «Егер қиыспас екі достың арасына бір әзәзіл жымысқылап кіре қалса, ол достарды шақ-шақ қылып ажыратпай қоймайды. Бұл туралы мынадай нақыл бар. Баяғыда Дастеба1 жерінде бір бай саудагер болыпты, оның бірнеше ұлы бар екен. Олар өсіп ер жеткен соң әкесінің жиған-терген дүние- мүлкін орынсыз шашады, ал өздері тырбанып табыс табуға тіпті әрекеттенбейді. Мұндай жөнсіздікке назаланған әке балаларына кейіп, мынадай ақыл айтады: «Балаларым! Бұл дүниеде әр адам үш нәрсеге ынтық болады, ал оған жету үшін ол тағы да төрт шартты орындауға тиіс. Сол ынтықтырушы үш нәрсенің бірі - емін-еркін өмір сүру; екіншісі - жұрттың құрметіне бөлену; үшіншісі - келешекке пайдасы тиетін игі еңбектің жемісін молықтыру. Осы үш нәрсеге жету үшін қосымша төрт шартты орындау керек, соның бірі - дүние-мүлікті адалдан жинау; екіншісі - қолда бар дәулетті ұқыптап ұстап, жақсы күту; үшіншісі - жиған-тергенді күнделікті керекке, үй ішінің, туған- туысқанның қажетіне жарату; мұның пайдасы оған ақиретте тиеді. Ал төртіншісі - қолдан келгенше пәле-жәледен сақ болу. Кімде-кім осы төрт шартты толық орындамаса, яки бірлі- жарымын елеусіз қалдырса, мақсатына жете алмайды. Дүние жинап, оған ие бола алмаған адамның өзі де өмір сүре алмайды, өзгеге де себін тигізбейді. Ал адам байлыққа ие болған күнде оны ұқыптап ұстамаса дәулеті жылдам саркылады да, құр алақан қалады. Егер ақшаны қорландыруға қам істемей аздап та болса жұмсай берсең тірнектеп жинағаныңмен, тез ұшып кететін сүрме2 сияқты, ол тез сарқылады. Егер ол шалқып байып алып «шық бермес шығайбай» сараңға айналса, дәулетін игілігіне жаратудан қызғанса, ондай жанды түгі жоқ кедей деуге болады, дәулет оған құтаймайды, түрлі реттермен құлдырай береді, ауып кетеді. Осы секілді жағдай қашыртқысы жоқ су
1 Дастеба – осы кезгі Үндістанның Даснабад өлкесі болуы мүмкін.
2 Сүрме – қасты, кірпікті қарайтатын бояу. Бұл шығыс елдерінде ерте заманнан-ақ дәрі ретінде, косметикалық зат есебінде қолданылады.
бөгетінде кездеседі. Артық суды қашырткы арқылы бұрып жібермеген соң, көбейе келе іркілген су бөгетті бұзып, осал жерінен саңылау тауып шығады. Барлық су босқа ағып кетеді, пайдасы ешкімге тимейді.
Сайып келгенде, балалары саудагер әкесінің айтқанына көніп, айдауына жүреді, шаруасын соның кеңесі бойынша жолға қояды. Ең үлкені саудагерлік істеп Менуд қаласына кетеді. Жолшыбай жылымнан өтеді. Арбаға жеккен екі бұқасы бар еді, біреуі Шатраба, екіншісі Бандаба 1 болатын. Шатраба жылымға батып қалады. Саудагер мен жолдастары жабылып әрең дегенде сүйретіп шығарады. Қажыған бұқа сыртқа шыққан соң әлсіреп жығылады. Саудагер бұқаның қасына бір адам тастайды да, оған бұқаның жанынан ұзап кетуші болма, бірнеше күннен кейін тыңайтып айдап келерсің деп тапсырады.
Бұканың қасында қалған кісі бір күннен кейін-ақ зерігіп, оны тастап кетеді де, саудагерді қуып жетіп, Шатраба өліп қалды деп естіртеді. Бұқа әлгі жерден шығып, басқа бір шөбі шүйгін, суы мол көгорай шалғынға барып тұрақтайды. Ол ұзамай оңалып, семіріп алады, қоңайған соң жерді тарпып өкіре бастайды, сайды азан-қазан қылып басына көтереді.
Таяу жерде бір арыстан тұрушы еді, ол осы өлкенің патшасы болатын. Қасқыр, шибөрі, түлкі тәрізді толып жатқан жыртқыш аңдар сол арыстанды шырғалап жүруші еді. Арыстан өз айтқаны болмаса басқаның сөзіне көнбейтін өр көкірек еді, бірақ оның ойы терең болмайтын. Бұрын ешбір естіп көрмеген бұқаның мөңірегені құлағына шалынғанда, ол шошып кетеді. Бірақ қорыққанын әскеріне сездірмеу үшін, орнында тапжылмай тұрып қалады. Төңірегінде жүрген аңдардың ішінде екі шибөрі бар еді, біреуінің аты Кәлилә, екіншісінің аты Димнә2болатын; екеуі де бірінен бірі өткен жырынды ку еді. Димнә әрнеге үңіле қарайтын, залымдау-ды. Арыстан мұның екеуін де жете білмейтін. Бір күні Димнә тұрып Кәлиләға: «Ей бауырым, мынау арыстан бұрынғысындай қозғалуды қойып, міз бақпай қалшиып қалыпты ғой, мұнысы қалай?» — деп сұрайды.
1 Бұқалардың аты әр кітата әр түрлі айтылады, заты біреуі – «жақсы жолдас» екіншісі – «көңіл аулағыш» деген санскрит сөздерінен шығуы да ықтимал.
2 Шибөрілердің «панчатантрадағы» аттары «Қаратақа мен Даманака» болып жазылады, мұның мәнісі «Құзғын» мен «Жуасытқыш» деген сөз екен.
210
Кәлилә: «Өзіңе қатысы жоқ іске кірісіп нең бар? Біздің жағдайымыз өзіңе аян, қайткенмен патшаның есігінде күнелтіп журміз ғой. Патшаның сөздерін салып, қылықтарын сыртынан сынап, мінеп отыратын, ең болғанда, қоңсысы да емеспіз. Енді үніңді шығарма, сөзіңді доғар, есіңде болсын, кімде-кім өзіне қатынасы жоқ сөзге, не іске кіріссе, ол әлгі бір маймылдың кейпін киеді», - деп жауап қайырды.
Димнә отырып: «Ол қандай уақиға еді?» - деп сұрағанда, Кәлиләнін келтірген нақылы мынау болды: «Баяғыда бір маймыл балташының бөренеге атқа мініп алып, екі сынаны кезек-кезек кағып жарып жатқанын көреді. Сынаны бірінен соң бірін суырып, жылжытып ауыстыра береді, бөренені қуалап жарады. Балташы асығыс жұмыспен бір жаққа кетіп калған мезетте балтаны қолына ала салып өзіне қатысы жок іске маймыл да араласады. Бірақ ол бөрененің жарылған жағына бөксесін қойып теріс мінеді де, сынапы кезек-кезек ауыстыра бастайды. Осы кезде сынаның біреуін суырып алғанда, маймылдың жұмыртқасы жарықшаққа қысылып қалады да, ол есінен танып жығылады. Маймыл балташы келгенше осы күйде жатады. Оған бұл азабынан гөрі, балташының аямай сабағаны қатты батады», - деп сөзін түйді. Димнә: «Келтірген нақылыңды мен ұқтым. Ал, бірақ сенің де есіңде болсын, патшаға жақындасқанның бәрі бірдей қарнын тойдыру үшін ғана жүрген жоқ, қарынды басқа жерден де тойдыруға болады. Шынына келсек, досы сүйініп, дұшпаны күйінетін мәртебеге жетіп бедел тапқысы келеді. Адамның ең пасығы, аузына тістеген қу сүйекке алданған ит тәрізді азды қанағат тұтады, болмашыға мәз болады. Ал дегдар туған адам болмашыны місе тұтып қанағат етпейді, есекті көргенде жұлмалап жатқан жемтігі қоянды тастай беріп, соған ұмтылатын арыстандай әркім өзіне лайық іріге қол созбай тынбайды. Бір жапырақ нан тастағанша, иттің ұзақ уақыт кұйрығын бұлғақтата беретінін немесе құрметтеп алдына койған жемді сылап-сипап еркелетпесең, қаншама ашығып тұрса да пілдің жемейтінін сен әлде көрмеп пе едің? Өзіне де, өзгеге де мол жететін дәрежесі бар кісінің, өмірі қысқа болса да даңқы зор, ауызға ілігіп ол ұзақ дәурен сүрмек, ал тапшы өмірдің тақсіретін тартып, өзіне де, достарына да пайдасын тигізе алмайтын жан
құлазып оңаша
қалады, қысымшылық көреді, оның өмірі ұзақ болса да көретін қызығы келте болады. Жоқшылықты көп көрген адам бақытсыз деген екен. Асқазанын толтырып, кұлкынының қамын жеуден басқа ойлайтыны жоқ жанды төрт аяқты малға балаған жөн ғой», - деп сөзін аяқтады.
Кәлилә: «Мен сенің сөздеріңе түсіндім. Бірақ ойыңды өрістетіп байыптап ұғынсайшы, әркімнің өзіне лайықты жай- күйі, белгілі орны бар ғой. Ал өз қоғамындағы лайықты орнына ие болған жан, соны қанағат тұтып, барына риза болуға тиісті емес пе? Біздің жай-күйімізді мінеп-сөгуге болмайды ғой», - деді.
Димнә: «Адам түрлі-түрлі жағдайда бола береді, қажырлы адам талпынып төменнен жоғарыға қол сермейді, сол таудай талабы арқылы үлкен дәрежеге жетеді: ал кажырсыз ез өзін- өзі жоғары сатыдан құлдилатып төмен түсіреді. Ең төменгі лауазымнан сонау құрметті биік сатыға көтерілу қиын, ал құрметтен жұрдай болып, төмендеп кету, сөйтіп қорлық көру оп-оңай. Мысалы, ауыр тасты жерден көтеріп иыққа шығару қиын, ал оны иығыңнан жерге тастап жіберу оңай ғой, міне, бұ да сол сияқты. Бауырым-ау, өзіміздің әлімізге сай дәрежені біз де іздеп көрелікші, бар қажыр-қайратымызды жұмсап, ұмтылып байқалықшы, сонда дәл осы төменгі сатыда қалып қоймаймыз, өйткені біздің де үлкейіп өсуге мұршамыз келеді», — дегенді айтты.
Кәлилә: «Сонда не істемекке оңталып тұрсың?» - деп сұрады.
Димнә оған: «Менің қазір арыстанға барғым келіп отыр, оның ақылы шамалы ғой, әскерін де, оның хал-жайын да анық түсінбейді, көп нәрселердің байыбына бара бермейді. Мүмкін ретін тауып ақыл берсем оған жақындасармын да, құрметті дәрежеге жетермін», - деп жауап қайырды.
Кәлилә тұрып: «Арыстан істің байыбына бара бермейді дегенді сен не нәрсеге сүйеніп айтып отырсың?» — деп сұрады.
Димнә: «Мұны ақылдың тезіне салып болжап білдім. Ақылды жан өз қожасының сырын кейде айтпай таниды, оның кескініне, түріне қарай сырын ұғынады», - деп жауап берді.
Кәлилә: «Сенің патшаға ешбір жақындығың жоқ, патша қызметін, оның қарым-катынасын, достың ауыс-түйісін
мүлде білмейсің, онымен лебіздесуге парасатың да жетпейді, сонда да сен қай бетіңмен арыстаннан жоғары мәртебе алуға үміттенбексің?» - деп сұрады.
Сонда Димнә: «Күші мол, қайратты адамды ауыр жүк қайыстыра алмайды, ал әлсіз жанды әуреге салады. Ақылдыны жалғыздык азаптамас, аң пейіл әзіз жаннан ешкім сырт айналмас», - дейді.
Кәлилә: «Әкімдердің шапағаты төңірегіндегі игі
жақсылардан гөрі, жәмпеңдеп, жақын жүргендерге көбірек тиеді. Әкімдер бұл ретте, ағаштың жақсысына емес, жақын тұрғанына ғана орала кететін жүзім шыбығы тәрізді ғой. Оған еш жақындығың жоқ қой, сонда сен қалайша арыстаннан үлкен дәреже күтпексің?» - деп сұрады.
Сонда Димнә: «Сөзіңнің бәрін түсіндім, дұрыс айтасың. Бірақ бізден бұрын да патшаға жақын жүргендер болыпты, бірақ солардың көбі-ақ зор мәртебеге жете алмапты, ал сырт жүргендерден кейінірек келіп жауықтасқандарының кайсы бірінің зор мәртебеге қолы жетіпті, міне, мен осыны жақсы білем. Мен солардың мансабына жетуге, орындарын алуға тырысамын, сол себепті әрдайым патшаға жуықтай беруге ұмтылам. Патшаның қомсынуына, қорлауына көніп, ызасын іште сақтай білген және халайық алдында тік тұрып бәйек болған жан - патша сарайының мәртебелі мансабынан құр қалмайды деген сөз бар ғой», - деді.
Кәлилә: «Мен түсіндім. Ал жарайды, сені арыстанға жуыктады делік,сонда қандай қулыкпен мансап қажетпекшісің?» - деп сұрады.
Сонда Димнә оған: «Егер мен жақындаса алсам, ең әуелі оның мінез-құлқын білуге тырысар едім. Содан кейін нені ұнататынын жете ұғып алып, сөйлескенде өте мүләйім болып, не айтса да бәрін мақұлдап, бетіне ешбір қарсы келмес едім. Өзіме ұнарлык іске көңілі шапса, оның мақтауын да жеткізіп, әрі бұлай беттегенін де құптай түсіп, қуанышын арттырып, көңілдендіре берер едім. Ал егер мен сескенетін бір іске кіріспек болса, оны орындамаған жағдайда өзіне келетін пайда мен кірісті жете түсіндірер едім, момақансып, мәймөңкелей сөйлеп, патшаның алдында жорғалап отырар едім. Менің осындай қылықтарымды арыстан ұнатып, басқадан таппағанын
менен табар еді. Оқымысты, өткір ойлы адам, шынды өтірікке, өтірікті шынға айналдыра алады, сонда оның ісі шебер суретшінің дуалға салған суретіне ұксайды, сол суреттегі бейне сенің көзіңе әлгі дуалдан шығып келе жатқан тәрізді болып көрінеді, басқа біреулерге ол сурет дуалға кіріп бара жатқан секілденеді, ал, шынында, бұлар шығып та, кіріп те бара жаткан жоқ қой, сөйтіп арыстан менің осы қабілетімді және мендегі бар зеректікті түгел аңғарғанда, ол барынша құрметтеп, ол мені өзіне еріксіз жуықтатар еді», - дейді.
Сонда Кәлилә: «Сенің ниетің мүлде ауып кеткен екен, олай болса патшамен достасудан сақтандырғым келеді, өйткені бұл достық - үлкен қатерге итереді. Данышпандардың айтуынша мынадай үш нәрсеге тек есуастар ғана беттейді екен, ал сонда бірен сараны ақаман есен құтылса керек,соның бірі патшамен достасу, екіншісі - дәмін байқау үшін у ішу, үшіншісі - әйелге сырын айту екен. Даналар патшамен достықты көтерілуге әрі қиын, ойы-қыры мол, асқаралы таумен салыстырады, оның ұшар басында жемістер де көп болады, сонымен қатар бұл жолбарыстың, арыстанның, қасқырдың және басқа да жырткыш аңдардың паналайтын ұясы екен деседі. Таудың басына шығу ауыр, ал онда қалып қою мүлде қауіпті болса керек», -деді.
Димнә тұрып: «Сенің суреттеуің дұрыс-ақ, ал бірақ қауіпке қарсы шаппаған адам көздеген мұратына жете алмайды. Егер біреу қорқақтық істеп, үнемі қауіптене берсе, сөйтіп, өзінің қолы жетерлік ісінен де бас тартса, ол ұлы жағдайға не бола алмайды. Үш нәрсені орындап шығу үшін терең ой мен зор тәуекел керек екен, солардың бірі — патшаға қызмет ету, екіншісі
- теңізде сауда жүргізу, үшіншісі - жаумен жағаласу. Даналар айтқан
екен «Қажырлы, кайратты адамға екі-ақ жерде болу орынды: не патшаның мейір- шапағатына қарқ болу, немесе такуалыққа салыну, басқа мекен оған лайық емес», - депті. Тап осы сияқты піл де сәулеттеніп екі орында ғана дәурен сүрсін: бірі құла түзде жүрсін, не патшалар мінетін ер-тоқымының астында болсын», - деді.
Кәлилә сол арада; «Жарайды, тәңірім, сені бетіңнен жарылқасын. Ал мен бұл жөнінде сенімен келісе алмаймын»,
- деп кесіп айтты.
Сонымен Димнә сәлемдесу үшін патшаның алдына барады. Арыстан отырғандардан: - Мынау кім? - деп сұрайды. Олар: «Бұл пәленше ғой, түгеншенің баласы», - дейді. Арыстан:
- Иә, мен мұның әкесін білуші едім, - дейді де өзіне жақынырақ келуге рұксат етеді. Сөйтіп: - Сен осы уақытқа дейін қайда болдың? - деп сұрақ қойғанда, Димнә: «Мен патша қақпасының алдынан кеткенім жоқ, бірде болмаса бірде оған пайдам тиер деп ойладым. Патшаның ісі өте көп қой, бұрын зер салып, көңілін бөлмеген адамның да кейде пайдаға асуы мүмкін, деп ұқтым. Қаншалықты мансабы төмен болса да иненің жасуындай пайдасы тимейтін жан жоқ шығар. Тіпті жерде жатқан сымтемірден де пайда келеді. Әлгі сымтемір ең кұрығанда шіркей шағып қышыған құлақты қасуға жарайды ғой. Пайда мен зиянды ажырата білетін адам хайуанның да қызығын көреді ғой», - деді.
Димнәнің сөзін естігенде арыстан қатты қуанды, ақылды, ниеті адал деп шешті де, өзіне жақын тарта бастады. Сонда ол нөкерлеріне қарап:
-Ақылды да қажырлы адамның дәрежесі белгісіз, тағдырын көлеңке басқан көмескі болады. Соңынан әлгі қажыры мен ақылы бұған ырық бермей қыстығып сыртқа тебеді, әйгіленіп көрінеді, сол кезде өшіруге көнбей өршеленіп жанған оттың жалынындай көзге шалынады, - деді.
Өзі туралы арыстанның жоғары пікірде екенін сезгенде Димнә тұрып:
— Уа, патшам! Қол астыңдағы жұртың мен өзіңді қоршаған нөкерлерің саған ойындағысын ашық айтудан сақтанады, именіп білдірмейді, міне, сондықтан үлкеп мансапқа да ие болып жүр. Олар топыраққа көмілген бидайдың немесе арпаның дәні секілді, топырақтың арасында жатқанда оларды ешкім көрмейді, тек өніп-өсіп шыққанда ғана белгілі болады. Әрбір кісінің адал ниетіне, ақыл-парасатына, пайдалылығына, өнегелі ісіне қарай патша оның мансабын өзіне лайықты етіп жоғарылатқаны жөн. Екі нәрсе туралы айтылған мынадай сөз бар: ешкімге, тіпті патшаға да, екі нәрсенің бірін-біріне ауыстыруға болмайды екен, олар — бас киім мен аяқкиім. Егер біреу жақұт пен інжуді корғасынға малса, одан әлгі жақұт пен інжуді қорғасын жеңбейді, бірақ осылай істеген адамды жұрт ақымақ дейді. Осыған сәйкес мынадай да сөз бар: оң қолы мен сол қолын ажырата алмаған адаммен достаспа деседі. Жұрттың ішінен ең пайдалысын іріктеп алатын тек әкімдер болады, қолбасшы әскерін сұрыптайды, ал ғалымдар
мен дін ғұламалары - мына діннен немесе оны талқылап уағыздаушылардан өзіне керегін таңдап ала біледі. Үстемдік етушінің жеңілушіден, оқытушының оқушыдан, сөйлеушінің тыңдаушыдан басымдығы, міне, осы үш нәрседе кездесетін артықшылық - ол біріне-бірі ұқсас деседі екен. Көмекшінің көп болуы, егер олар бірінен-бірі оқшауланбаса, іске зиян келтірсе керек. Істің жемісті болуы көмекшінің көптігінен емес, жақсылығына байланысты. Мысалы, жақұт тағынған адам сияқты, ұнатып өзіне керек деп таққан соң қаншама көп болғанымен оның салмағын ауырламайды ғой. Дәл осы тәрізді момақандықпен орындалатын іске, тіпті жеңіп шыққан күнде де өрескел әрекет пайда келтірмейді. Мансабы төмендігіне қарамастан, қажырлы адамды әкімнің елемеуі жөн емес, өйткені бұрын белгісіз адам, кейде ұлы мәртебеге жетіп, қадірі артуы да мүмкін. Бұл шіріген жемтіктен суырып алған тарамыс сияқты болады, оны садаққа да пайдаланады, мықтыларына қарай патшалар да жоғары бағалайды. Ал, тіпті, патшалар мен шонжарлар мінетін ердің де ас, қапталын таспамен бекітеді ғой, - деді. Патшадан жоғары мансап алу үшін Димнә осылайша қам істеді. Арыстан оның әкесін білуші еді, бірақ сол арқылы Димнәнің көтеріле алмайтындығы да жұртка аян. Сондықтан ол тек өзінің қажыры мен санасына сүйеніп табысқа жетуге белін бекем буды. Сөйтіп, Димнә: «Тек әкесімен таныстығы үшін патша біреуді өзіне жақын тартпайды, бұрын білмеуші едім деп оны сыртқа да теппейді. Бірақ дәрежені ол әркімнің пайдалы қасиетіне қарай береді. Адамға өз денесінен жақын нәрсе жоқ, егер оған бір дерт жабысса, онда сол дертін бөгде біреуден алған дәрімен емдейді. Тышқан үйге қоңсы қонады, бірақ зияны тие бастады-ақ ол қуылады. Қаршыға жапан далада еркімен ұшып жүреді, ал оның пайдалы екенін білген соң, ұстап алып үйретеді де, тіпті патшаның өзі қолына қондырып көтеріп жүреді», - деді.
Димнә сөзін бітіргенде, арыстанның шаттануы бұрынғыдан да арта түсті. Арыстан өзіне лайықты жауап беріп, мақтап өтті де жанында отырғандарға бұрылып: «Сүйкімді мінезі бар жанды орынсыз қудалап, ұнатпау әкімге лайық емес екен, игі касиеті бар адамды сол орасан артық қасиеті үшін зәбірлеуге де болмас, сірә. Ұлық болған кісіге өзінің өткенде істеген қателіктерін
жөндеген тиімді, ал егер біреу болмашыға канағаттанып әкімнің көңілін аулап, ризалығын білдірсе, соны малданып қалу да жөн емес, өйткені адам бұл жөнінде екі түрлі болса керек: егер біреудің негізгі жаратылысында тік мінезі болса, ол жолында жатқан жыланның құйрығын басып өткен жүргіншіге ұксайды, бірақ жылан оны шаққан жоқ, сонда да алданбайды, ерегісіп оны қайта басып өлтіру үшін кері бұрылмайды, өзіне өшіктірмейді, бөгелмей ілгері тарта береді. Ал жаратылысы жұмсақ адам болса, ол суың сандал ағашына ұқсайды, егер оны қаттырақ ысқыласаң қызынып кетіп зиян келтіреді», - деді.
Арыстанмен әбден достасып алған соң Димнә бір күні оңаша отырып:
«Менің байқауымша, осы сіз бір орыннан қозғалмай ұзақ уақыт қалшиып тұрып каласыз. Мұның себебі не?» - деп сұрағанда, Арыстан (өзінің қоркынышын Димнәға сездіргісі келмей): - Мұнда бір айрықша себеп жоқ еді, - дей салды.
Екеуі осылай әңгімелесіп тұрған кезде, бұқаның өкіргені естілді. Арыстан сасқалақтап, Димнәға ойындағысын ақтарды. Сонда ол: «Осы естіліп тұрған дауыстың не екеніне көзім жетпей дал болам. Қалайда мынаның денесі даусына сай зор шығар, күші де тұлғасына лайық болар, - деп ойлаймын. Егер осы болжауым дұрыс болса, онда бұл жерде енді тұрудың бізге қажеті жоқ-ау, сірә», - дейді.
Димнә: «Патшаны бұл дауыстан басқа еш нәрсе қауіптендірмей ме екен?» - деп сұрағанда:
Арыстан: «Осыдан басқа еш нәрседен қауіптеніп тұрғаным жоқ», - деп жауап берді.
Димнә: «Осы дауысқа бола орнын тастап кету патшаға лайық емес қой. Мынадай мәтел бар: «Нашар бөгетті су бұзар, ақыл түбіне менмендік жетер, қаңқу өсектен батырлық та зиян шегер, жүрексіздің зәресін жуан дауыс ұшырар», - депті. Енді бір нақылда дауыстың бәрінен бірдей қорқа беруге болмайды деген екен», - деді.
Сонда арыстан: «Ол қандай нақыл еді?» - деп сұрады.
Димнәнің келтірген мысалы мынау болды: Баяғыда бір аш түлкі төбенің басына шықса, сондағы ағаштың түбінде барабан жатыр екен. Жел тұрса ағаштың бұтақтары барабанға соғып, дабыл көтереді. Түлкі осы дабылды естіп сол барабанның
қасына барыпты. Барабанның қалыңдығын көріп; ол: «Әрине, мына қалың дүниенің іші толған ет пен май болу керек», - депті, сөйтіп барабанды бұзбақ боп әуреленіпті. Ақыры, барабанның құр қуыс екенін көргенде ол: «Е, түйсігі аздардың денесі қауқиған зор, даусы жуан келеді деген рас екен ғой», - депті. Менің саған бұл нақылды айтып тұрған себебім, егер бізді үрейлендірген осы зор дауысқа жақын барсақ, оның сонша қорқынышты емес екенін көрер едік деймін. Ал егер патша мақұлдаса мені сол дауысқа жіберсін, оған барып хабар алып келгенімше, осы орнында күтіп тұрсын, - деді.
Арыстан келісім беріп, баруына рұқсат етті.
Димнә бұқа жүрген жаққа қарай жөнеп берді. Ол ұзап кеткеннен кейін арыстан өзінің істеген ісіне опық жеп ойға шомды, Димнәні жұмсап жібергеніне өкінді. Сонда ол өзіне- өзі: - Мен Димәға бекер сендім, өте әбес істедім. Патша қақпасының алдында жүргендердің қайсыбірі жазықсыз жәбірленеді, сөлекет ісі сезіліп кінәлі болады, кейде дүние- қоңыздығы, ашқарақтығы үшін жазғырылады, жоқшылыктың зардабын шегеді, соның қыспағынан әлі арыла алмай жүреді, бұрын қолы жеткен әкімшіліктен де, байлықтан да жұрдай болады, немесе істеп жүрген қызметінен шетке қағылады, яки оны басқа біреу иеленеді, немесе қылмыс істеп, жазадан қоркып жүреді, немесе тіпті жақсылықты сүймейтін жауыз жан болады, не масқаралық іске белшесінен батқан біреу болады, өзіндей кісілерге зақым келтірген адам болады, немесе өзі сияқтылар қатарында сыннан отпей қалып, ерекшелігі артылып, сый-сыяпатты басқа біреу алып кетеді, бұл кұр қалады, немесе әкімшілік дәрежесі және игі қасиеті басым кісі мұның қас дұшпаны болады, немесе діншілдігіне, кұмарпаздығына қарап сенім көрсетуге арзымайтын да жан болады, немесе пайдалы нәрсе үнемі зиянына шешілетін де кісі болады немесе кейде патшаның дұшпандарына қолжаулық болып жүретін де кісі болады, міне осы секілді адамдарға патшаның сенуі дұрыс емес, арты асқынатын асығыстык жасауға да болмас еді. Димнә - әрі зымиян, әрі қу, оның үстіне шетқақпай қалып, қағажу көрген жан. Мүмкін, сондықтан ол қастандык ойлап, мені азап пен қайғыға салып жүрмесе жарар еді. Мүмкін, мына өкірген хайуанат менен гөрі күштірек шығар, менен әкімшілігі де басым
болар, ол соның осындай артықшылығына елігіп, оған қосылып маған қарсы шығып, менің осал жағымды айтып қоймаса игі еді, - деп толғанды.
Осы туралы арыстан тынбай ойланып, мазасы кетіп, ілгерілі-кейінді теңселе берді, бір отырды, бір тұрды, тіпті Димнә жақындап келгенше, жолға үздіге үңіліп қараумен болды. Оның жалғыз келе жатқанына көзі жеткенде ғана арыстан қобалжыған жүрегін басты, мынау әлденеден сезіктеніп орнынан кетіп қалған ба деген Димнәнің ойына күдік келмеуі үшін, өзінің орнына қайта келіп тұрды.
Арыстан қасына келген Димнәға бетін бұрып: - Сен не тындырдың? -деп сұрады, сонда Димнә: «Мен әлгі өзіңіз естіген зор дауыстың иесі бұқаны көрдім», - деді. Арыстан: «Оның күші қандай екен?» - деп сұрады. Димнә:
«Оның күш-қуаты жоқ екен. Мен жақындап барып терезесі тең кісіше сөйлестім, ол маған ешнәрсе істей алған жоқ», - деді. Арыстан: «Сен бұған алданба, оның әлсіздігінен осылай болды деп жорамалдама; әдетте күшті дауыл жіңішке шөпті сындырмайды, ал жуан ағаштарды опырып, биік корғандарды құлатады. Сол сияқты алыптар өз теңдесімен ғана арпалысады»,
- деді. Димнә: «Патшам, мұнан кауіптенбесе де болады, жүрегі кобалжитындай мұнда ештеңе жоқ. Егер патшам дұрыс ден тапса, мен оны ертіп келер едім, сонымен ол айтқаныңыздан шықпайтын, сізге басыбайлы құл болар еді, бұл менің қолымнан келеді», - деді.
Арыстан мына сөзге қуанып кетті де: «Бара ғой, менің де тілегім сол!» -
деді.
Димнә бұқаға барып, қорықпай-үрікпей сөйледі: - Мені сатан арыстан
жіберді, егер оған өз еркіңмен тез бара қойсаң, онда сенің бұрын кездескің келмей қырындап жүргеніңді ол кешіретін болды. Алда-жалда сен келісім бермесең, онда маған тез келіп хабарлауды бұйырды, - деді.
Бұқа сонда: «Сені маған жіберген арыстан дегенің кім, оның өзі қайда тұрады?» - деп сұрады.
Димнә: «Ол аңдардың патшасы, жыртқыш аңдардан жасақтаған әскерімен бірге пәлен жерде тұрады», - деді.
Бұқа арыстанның және жыртқыштардың кім екенін естігенде қорқып кетті де Димнәға қарап: «Егер сен менің қауіпсіз болуыма сенім берсең, өзіңмен бірге еріп барайын», - деді. Димнә қауіпсіз болуына кепілдік айтып, сенім берді.
Осыдан кейін екеуі бірге ілесіп арыстанға келді. Арыстан әбден байыптап жағдайын сұрастырды да бұқаға қарап: «Сен бұл жаққа қайдан келдің және келуіңе не себеп болды?» - деп сұрады. Бұқа жағдайын бастан-аяқ баян етті.
Арыстан: «Осында болсаң мен сені әрі сыйлап, әрі кұрметтеп ұстаймын», — деді. Бұқа ризалык білдіріп, тілеуін тілеп, батасын берді де осында тұрып қалды. Арыстан оны өзіне жақын ұстап, кұрмет көрсетті. Сыннан өткізіп, оның саналы әрі ақылды екеніне кәміл сенген соң, құпия жағдайларды да айтып және өзінің жұмысы туралы да екеу ара кеңесетін болды.
Басқа достарынан гөрі бұкаға көңілін көбірек бөлетінін, оңаша отырғанда да, сауық-сайран құрғанда да арыстанның оны қасынан тастамайтынын көріп, Димнәнің көңіліне күшті қызғаныш ұялады. Ол өзінің бауырласы Кәлиләға келіп мұңын шақты. «Уа, бауырым! Бір ғана арыстанның қамын ойлап, өз басыма келетін пайдадан құр алақан қалып, зиянға ұрынғаным, бөтен біреуді ертіп келіп, ақырында соның мәртебесі өзіңнен асып кеткенін көргенде, қалай камықпассың, менің осы есуастығыма, өз түбіме өзімнің жетіп отырғаныма сен де таңырқамайсың ба?» - деді.
Сонда Кәлилә тұрып: «Тәркідүние бір тақуаның басынан кешірген уақиғасын сен де көрген екенсің», - деді.
Димнә: «Ол қандай уақиға еді?» - деп сұрады.
Сондағы Кәлиләнің айтқан нақылы мынау болды. «Баяғыда дүние қызығынан безген бір тақуа патшасынан өте сәнді, әсем киім алыпты. Мұның үстіндегі киімін көргенде, оны тонап алуға бір қарақшының көңілі ауыпты. Қарақшы оған барып: «Мен сенімен достасқалы келдім, өзіңнен оқып, бар біліміңді үйренуге құмармын», - депті. Сөйтіп қарақшы онымен дос болып, тақуаларға лайық іс істей бастапты. Мүлде момақансып, қызметін таптындырмай орындап, сыйлағансып жүріпті де, киімін ұрлап алып жөніне кетіпті. Киімі де, серігі де жоғалып шықкан соң, бұл істің қарақшыдан келгенін түсініпті. Оның жүретін жерлерін түгел тінтіпті, сөйтіп іздей жүріп бір қалаға қарай аттанып кетіпті. Жол-жөнекей ол сүзісіп жатқан екі текенің жанынан өтіпті. Олар аянбай ұзақ сүзісіпті, екеуі де қанға боялыпты, осы кезде бір түлкі тап болып, олардың жерге тамған қанын жалауға кірісіпті. Екі теке аңдаусызда жабыла сүзіп, түлкіні табан аузында сеспей қатырыпты.
Тақуа одан әрі жүре-жүре калаға жетіпті. Қалаға ол кешкұрым кіріпті, дамыл алып түнеп шығатын жай таппапты. Қыдырып келе жатып, теріс жолға түсіп, азып-тозып жүрген бір сайқал әйелдің үйіне кездесіпті де, сонда тоқтапты. Ол әйелдің жәлеп күңі болса керек, соның жәлептігімен ақша тауып, күн көреді екен, бірақ сол күні бір жігітті ғана қатты сүйіп, басқа ешкімді қаламайды. Күңнің бұл қылығынан әлгі әйел зиянға батады, ол үйіне тақуа қонған түні күңнің сүйген жігітін өлтірмекші болыпты. Сөйтіп, күңнің нақсүйеріне күшті шарап ішкізіпті, ол мас болып ұйқтап кетіпті, онымен бірге күңді де ұйқтатыпты. Екеуі бірдей манаурап қалың ұйқыға шомған кезде, үй иесі әйел алдын ала даярлап қойған уды алып келіп, қамыс түтікке кұйыпты да мас болып жатқан жігіттің артынан жібермекші болыпты. Түтіктің бір ұшын артына тығып жіберіп, екінші ұшын өзінің аузына салыпты. Дайындалып, енді үрлеп үлгергенше болмай, әлгі адамның артынан жел шығып кетіпті де түтіктегі у әйелдің өңешіне жөнеп беріпті, сонымен ол тіл тартпай өліпті. Міне, осы уақиғаның бәрін тақуа өз көзімен көріпті.
Келесі күні қарақшыны іздеуге тағы кірісіпті. Бүгін енді оны бір етікші үйіне кіргізіпті де, өзі әйеліне қарап: «Мына тақуаны құрметтеп күтерсің. Мені бір досым тойға шақырыпты, сонда барамын», - депті. Сонымен ол үйінен шығып кетіпті. Оның әйелі бөгде біреуді жақсы көреді екен, бұлардың арасына жеңгетай болып, шаштараздың әйелі жүреді екен. Етікшінің жұбайы, шаштараздың әйеліне жаушы жіберіпті, өзінің сүйген досына барып, күйеуінің қонақта жүргенін, түнде кеш қайтатынын, ішіп келетінін айтсын деп тапсырыпты. Ымырт жабыла әлгі адам етікші қақпасының алдына келіп, әйелдің шығуын күтіп отырыпты. Кешқұрым етікші мас болып үйіне келсе, есігінің алдында бөтен біреудің отырғанын көріпті, одан бұрын да өзі сезіктеніп жүреді екен, сондықтан үйіне кірісімен, әйелін өлтіре сабап, үйдің ішіндегі бағанаға таңып тастапты. Үйдегілердің көзі ұйқыға кеткен қарсаңда, шаштараздың әйелі келіп: «Досың - қақпа алдында көптен бері сарылып отыр, ал сен мұнда нені күтіп тұрсың?» - дегенде, етікшінің әйелі: «Егер маған жақсылық істегің келсе, мені шешіп босат та, өзіңді менің орныма бағанаға таң, сөйтіп, мен досыма барып келгенше тұра тұр», - деп өтініпті.
Шаштараздың әйелі айтқанын екі етпей, дәл осылай істепті. Әйелі келмей-ақ етікші оянып кетіпті де бірнеше рет дауыстап, әйелінің атын атап шақырса керек, бірақ байлаулы тұрған шаштараздың әйелі даусымды танып қояр деп сескеніпті де оған жауап қайырмапты. Ол тағы да әйелінің атын атап дауыстапты, бұл жолы да шаштараздың әйелі үн қатпапты. Ашу қысып ызаланған етікші қолына пышағын алып тура ұмтылыпты, мұрнын кесіп қолына беріпті де: «Мә, мынаны апарып, сүйген жарыңа сыйға тарт!» - депті.
Соңынан етікшінің әйелі үйіне келсе, шаштараздың әйелінің мүгедек сорлы болғанын көріпті. Өз күйеуі әлі ұйқтап жатыр екен. Ол ананы босатып, өзін оның орнына қайта таңыпты. Шаштараздың әйелі ақымақ болып, мұрнын ұстап үйіне барыпты. Тақуа осының бәрін көріп, түгел естіп жатыпты.
Әлден соң етікшінің әйелі даусын қатты шығарып, дұға оқып, тәңірісіне жалбарыныпты, сонда: «Уа, тәңірім! Егер күйеуім мені айыпсыз жазаласа, онда менің мұрнымды қайта қалпына келтіре гөр!» - деп сұраныпты. Сонда оған күйеуі: «Ей, бұл не дегенің, жәдігөй неме?» - деп кекетіпті. Әйелі: «Ей, жауыз, тұр, бері, істеген ісіңді көрші, тәңірімнің маған мейірі түсті, сенің жалаңнан ақтады. Тәңірім, менің мұрнымды баяғы қаз-қалпына келтірді ғой», — деп соғыпты. — Ол орнынан тұрып шам жағып, әйеліне үңіле қараса, мұрны бәз-баяғы қалпында екен. Осы арада ол күнәсін мойнына алып, тәңірісіне жалбарыныпты, әйелінен кешірім сұрап, мейірбандық істе деп өтініпті.
Шаштараздың әйелі неше алуан саққа жүгіртіп, олай да, бұлай да ойланып-толғаныпты. Мұрнына келген зақым туралы өз күйеуінен де, басқа жұрттан да қалай ақталып құтылсам екен, - деумен зарығыпты. Таң атысымен күйеуі ояна салып, әйеліне айқайлапты: «Маған саймандарымды әкеліп берші, осы қаладағы бір атақты адамның бүгін шашын алатын күнім еді», - депті. Әйелі оның көп саймандарының ішінен суырып алып, бір ұстараны ғана ұстата салыпты. Сол кезде шаштараз қатты ашуланып, қараңғыда ұстараны әйеліне қарай лақтырып кеп жіберіпті. Сонда әйелі етбетінен жығылып, ышқына дауыстап: «Мұрным, мұрным», - деп ойбай салыпты. Ол өзінің туған-
туысқандары келгенше, тынбай ойбайлай беріпті, туысқандары оны ертіп алып сотқа барыпты. Сот шаштараздан: «Сен не себептен әйеліңнің мұрнын бүлдірдің?» - деп сұрапты. - Ол ешбір дәлел айта алмапты. Сот қылмысты шаштаразға жаза кесіпті.
Шаштаразды жазалағалы жатқанда, тақуа соттың алдына келіп: «Уа, тақсыр, әділ сот! Саған түсініксіз еш нәрсе қалмасыншы. Менің киімімді ұрлаған қарақшы емес, түлкіні сүзіп өлтірген қос теке емес, салдақы сайқал әйелді жазым еткен у емес және әйелінің мұрнын кесіп бүлдірген мына шаштараз емес, осының баршасын істеген өзіміз екен», - дегенді айтты. Сот одан осы сөздерінің мәнісін сұрады. Сенің әңгімең де тап осылай екен, - деді Кәлилә Димнәға: - Осының бәріне де себепші болған өзіңсің ғой», - деп сөзін бітірді.
Димнә: «Мен бұл нақылды байыппен тыңдадым, шынында да, дәл менің ісіме ұқсайды екен. Ант ішіп айтайыншы, бөгде ешкім емес, мен өзіме өзім зиян шектірдім. Ал енді не істеу керек?» - деп дағдарды.
Кәлилә: «Осы туралы өз ойыңда не бар?» - деп қарсы сұрақ қойды.
Димнә: «Өз басыма келсең, мен бұл кезде бөлек-салақ еш нәрсе іздеп жүргенім жоқ, тек бұрынғы қалпыма қайта оралсам деймін. Ақылды адамның қасиеті керекті затын ұғына біліп, соны орындауға ұмтылу ғой, сонда өткендегі пайдалы, зиянды істерді ой талқысынан өткізу, өзіне бұрын кесірі тиген істен сақтану, пайдалы әсері тиген істің үлгісімен игілікке қарай беттеу, соған ұмтылу; осы кездегі пайдалы, зиянды хал-жайдан өнеге алып, ыдырамай түрып оны тұрақты ету, зиянды әсерінен арылу үшін қадағалап зерттей түсу, келесі өмірде үміттенген пайдалы затқа бет бұру, өзі қаймығатын зиянды нәрседен қорғану, осының бәрін ой елегінен өткізу. Менің бар ойлайтыным өзімнің қолымнан шығып кетіп, оған ауысқан бұрынғы мансабымды өзіме қайтару, осы жөнінде амалын тауып, бұкаға қарсы өсек жүргізіп, шатыстыра түсіп, оны өмірден ажыратудан басқа ешбір қисынын таппадым. Бұл маған жақсы болады, мүмкін арыстанға да бұқадан мен артық болармын. Бұқамен қарым- қатынасы мүлде шектен асып кетті, ақылынан адасып, жақын достарын ол өзіне қарсы қойып алды»
- деп көйітті.
Кәлилә: «Мен бұканың мәртебесі жоғары болғанынан, оның жақсы жағдайға ие болуынан туып тұрған кеселді көре алмадым», - деді.
Димнә: «Арыстан бұканы тым жақсы көріп кетті, ол тіпті өзінің басқа дос-жарларын елеусіз қалдырып, игілікті үлесінен де айырды ғой. Есіңде болсын, әкімшілікті бүлдіретін алты нәрсе бар: соның бірі - ажырасу, екіншісі - бүлік, үшіншісі - құмарлық, төртіншісі - өрескелдік, бесіншісі - тағдыр, алтыншысы - қызбалық. Ажырасу дегенім мыналар: патша қажырлы, ақылды және сенімді көмекшілерінен, ақылгөйлерінен, әкімдерінен ажырады. Бүлік дегенім кездескен дау-шарға, ұрыс-керіске жұрттың басын шатыстыру; кұмарлық дегенім - әйелдерді аңсау, әңгімешілдік, маскүнемдік тағы осы сияқтылар. Өрескелдік
- орынсыз күйіп-пісу, балағаттауға асығу, керексіз жерде жұдырық
жұмсауға ұмтылу. Тағдыр дегенім - адамның басына түсетін ауыртпалық - оба, су тасқыны, бедеулік, тағы басқа сол сияқтылар. Қызбалық, дегенім - жуастықтың орнына қатал болу немесе қатал болудың орнына жуастық істеу», - деді.
Кәлилә: «Сен бұқаны қалайша жеңбекшісің, ол сенен әрі күшті, әрі табандырақ қой», - деп салды.
Димнә: «Менің кішкентай екендігіме, әлсіздігіме қарама! Негізінде, істің орындалуы мықтылыкқа, күштілікке, әйтпесе әлсіздікке тәуелді емес. Арыстанға неше алуан титімдей әлсіз жандар жанасып жүр. Әлде сен құзғынның жыланға қалай қастық істегенін естімеп пе едің, қулық-сұмдықпен алдау-арбау арқылы оны сорлатпады ма?» - деді.
Кәлилә: «Ол қалай болып еді?» - деп сұрағанда, Димнәнің келтірген нақылы мынау болды: «Баяғыда бір құзғын таудың басындағы ағашқа ұя салыпты, оған жуық жерде жыланның іні бар екен. Жыл сайын, құзғын балапанын шығарғанда, жылан жылжып келіп жеп кететін болған. Жылан осыны әлденеше рет істеген соң, құзғын қыстыға күйзеліп, өзінің досы шибөріге мұңын шағады: «Ойыма алған бір іс туралы сенімен ақылдасқалы келдім. Сен айтқаныма құлақ асып, маған көмектеспес пе екенсің?» - депті. Сонда шибөрі: «Ол не еді?»
- деп сұрағанда, кұзғын: «Мен жыланға барып оның көзін ойып алғым
келеді», - деп жауап кайырады. Шибөрі:
- Сенің бұл қылығың есуастық. Сен ең әуелі өзің мерт болып апатқа ұшырамай тұрып, жыланды күйретудің амалын іздеуін керек. Сен шаянды өлтіремін деп өзі майып болған көкқұтанға ұксап жүрме, - дейді.
Құзғын: «Ол қандай уакиға еді?» - деп сұрады.
Шибөрінің айтқан нақылы мынау болды: «Баяғыда шаянды өлтірмекші болып, бір көкқұтан ұясын балығы мол, шөбі қалың шалшыққа салады. Сол жерде ұзак тұрып өмір сүреді, қартайып аң аулауға жарамай қалады. Сонымен ол аштықтың азабын шегеді де, мұңайып отырып қулық айла іздейді. Шаян оны алыстан көріп, бірте-бірте жуықтап қасына келеді де: «Бұл қалай? Сені кайғы-касірет билеп отыр ғой!» - дейді. Сонда көкқұтан: «Мені қайғы-касірет қалай билемесін. Осы уакытқа дейін мен балық аулап күнелтуші едім, күніне бір балық, кейде екі балық ұстап жеп, өмір сүруші едім, оған айтарлықтай балық та азая қоймайтын. Бүгін осында екі балықшы келді, олардың біреуі екіншісіне бұрылып: «Менің байқауымша, мұнда балық көп көрінеді, біраз күн осында болып балық аулайық»,—дегенде, оның жолдасы тұрып: «Алдымызда тағы бір жер бар, мен ол жерді жақсы білемін, онда балық мұнан да көп, ең әуелі сол жерден басталық, онан босанған соң; әбден балығын тауысқанша осында болалық» дегенді айтты. Егер барған жерінен осында қайта оралса, онда бұл шалшықта олар ұстамаған бір де балық қалмайды. Ал, шынында, жағдай осылай болса, онда мен үшін бұл өлім ғой», - дейді.
Балықтардың жиналған жеріне барып шаян осыны хабарлайды. Сонда балықтар көкқұтанға келіп, кеңес сұрайды.
«Біз сенен нұсқау алғалы келдік. Кеңесіңді, ақылыңды айт. Ақылға бай дұшпанының да кеңесін елеусіз тастамаған дұрыс, өйткені берген кеңесінің маңызын ол толық ұғынады, сондықтан оған пайдалы ма, зиянды ма бәрібір ойға қонымдысын айтады. Сенің ақылың бар ғой, өзің үшін де, біздің мақсатымызға да сай кеңесіңді айт!» —деді. Көкқұтан: «Балықшымен қидаласып, соғысарлықтай менде ешбір сылтау жоқ, ал менің мынадан басқа білетін шарам да жоқ — бір жерде маған мәлім бір қарасу бар, оның суы әрі таза, әрі мол, өзінің төңірегінде қамыс өседі. Егер соған жете алсаңдар, онда өздерің емін-еркін дәурен сүрер едіңдер, әрі жақсы да болар еді».
Сонда балықтар: «Біз ол жерге тек бір сенің ғана көмегіңмен жете аламыз ғой?» - дейді. Көкқұтан: «Біраз күйбең сергелдеңі болар, сонда да мен сендерге көмектесейін, тасып бітіргенімше балықшылар да мені ұстап ала қоймас», - дейді. Сонымен көкқұтан күніне екі балықтан алып кететін болды. Ол әлгі балықтарды бір төбенің басына алып барып жеп жүрді, басқалары бұл туралы еш нәрсе сезбеді. Бірақ бір жолы шаян тұрып оған: «Мен осы жерден қатты қорқам, сен мені де сол қарасуға алып баршы», - деді. - Көкқұтан оны алып ұшып, өзінің балықтарды жеп жүрген жерінен өтіп бара жатқанда, шаян толып жатқан балықтардың сүйегін көрді, бүған айыпты көкқұтан екенін түсінді, өзінің де осындай күйге ұшырайтынына көзі жетті, сонда ол: «Егер ежелден әйгілі дұшпанын осы арада өлтіреді-ау деп жүрген жерінде кездестірсе, екі қолын қусырып көне кету, енжарлық істеу адамгершілікке жатпайды, арпалысқан жөн, қорғану ардақты іс», — деп өзін-өзі қайрады. Осыдан соң шаян қышқаш сирақтарын көкқұтанның мойнына қарай созып, қылқындыра қысты, көкқұтан жерді құшты, шаян онымен бірге құлап жерге түсті. Көкқұтан мерт болды, ал шаян қыбырлай жорғалап отырып, балықтарға жетті де көрген- білгендерін баяндады.
Шибөрі құзғынға бетін бұрып: «Менің бұл нақылды келтіргендегі мақсатым, кейбір әдіс-айланың сол қолданған кісісін апатқа ұшырататынын білдіргім келді. Саған мен бір ақыл айтайын, егер сен соны орындай алсаң, онда жылан мүлдем кетеді де сенің тыныштыққа қолың жетеді», - деді.
Сонда кұзғын: «Ол қандай ақыл?» - деп сұрады.
Шибөрі: «Ұшып бара жатып, жерге үңіл, әйелдер ардақтап зейнет үшін тағынатын әшекейлі тана-моншақ таппас па екенсің. Егер тапсаң іліп ал да төмендей қалықтап ұша жөнел, бірақ асықпай айналақтай бер, көзден таса болма. Жұрт ілесе қуып сенің артыңнан қалмайды, сонда сен әлгі әшекейлі тана-моншақты алып бар да жыланның үстіне таста; ілескен ел өздерінің әшекейін ажыратып алады да сені жыланнан құтқарады», - деді. Сонымен құзғын ұшып бара жатып өзінің бөлмесінде әдемі киімін, тана-моншағын шешіп тастап жуынып жатқан әйелді көреді. Соның әдемі алқасын іліп алып жөнеледі де, ел көретіндей етіп, төмендей қалықтап, жай ұшады. Сөйтіп
ол жыланның ініне келеді де алқаны үстіне тастай салады, ілескен адамдар келіп жыланды өлтіріп, алқаны алып қайтады.
Димнә Кәлиләға бұрылып: «Бұл нақылды айтқандағы ойым - күштің шамасы келмейтін мақсатқа қулық арқылы жетудін жөнін саған ұрындырмақ едім», - деді.
Кәлилә: «Егер бұканың күшіне санасы сай келмесе, онда бірсәрі, ал батырлығының үстіне ол әрі тәжірибелі, әрі ақылды ғой, сонда сен оған не істей аласың?» - деп сұрады.
Димнә: «Шынында, бұка күшті де, тәжірибелі де, бірақ ол алданған, маған катты сенеді, сондықтан мен оны қоян алдап апатқа ұшыратқан арыстанның аяғын құштырамын», - деді.
Кәлилә: «Ол қалай болып еді?» - деп сұрағанда.
Димнәнің айтқан нақылы мынау болды: «Баяғыда, шөбі қалың, суы мол бір аймақта бір арыстан дәурен сүріпті. Ондағы жабайы аңдар су мен жайылымнан тапшылык көрмепті, бірақ осы арада арыстанның тұруы оларды үрейлендіріп, әлгі ен жайылым мен мол судың берекесін кетіріпті. Сонда аңдар өзара ақылдасыпты, жиылып арыстанға келіпті де: «Сен біздің ішімізден бір аңды күні бойы шаршап-шалдығып әрең дегенде ұстайсың ғой. Енді біз мынадай жоба құрдық, одан саған да женілдік келеді. Егер сен бізді кауіпсіз етуге уәде берсең, орынсыз қорқытып үрейлендірмейтін болсаң, онда саған күнделікті түскі асыңа бір аңды жіберіп отыралық», — деді. Арыстан бұл ұсынысты мақұлдады да, келісім жасады. Бірде кезек қоянға келді, сонда ол: «Егер маған игі ниетте болсаңдар, онда мен мүмкін сендерді де арыстаннан құтқаратын шығармын, ол істің сендерге де зияны тие қоймас», - деді.
Олар: «Сен бізге қандай игі ниетті ұсынып отырсың?» - деп сұрағанда, қоян: «Менімен бірге баратын аңға тапсырыңыздар, ол мені асықтырып шаршатпасын, мүмкін, мен бір іске айналып та қалармын, сонымен арыстанның түскі асы кешігетін де болар», - деп толғады. Олар: «Жарайды, дегенің болсын», - деді. Қоян асықпай жүріп кетті, ол жеткенше дағдылы баратын мезгіл де өтті. Арыстан ашыға бастады, ашуы келіп жатағынан тұрып, ілгерілі-кейінді теңселе берді. Осы кезде қоян көрінді. Арыстан одан: «Сен қайдан келдің, басқа аңдар қайда жүр?» — деп жеделдете сұрады. Қоян: «Мен аңдардан келген арнаулы уәкілмін. Олар менімен бірге саған бір қоянды ертіп жіберіп
еді, жуықтап қалғанымызда, қарсы алдымыздан бір арыстан шыға келіп, оны менен тартып алды да: «Бұл жерде оның аңдарына шейін менің билігімде», — деп соқты. Мен оған: «Мұны патшаның түскі асына арнап аңдар жіберіп еді, оны ашуландырмаңыз», - деп едім, өзіме дүрсе қоя беріп, балағаттап сөкті, ал мен сізге осы жағдайды айтып жеткізу үшін асығып кетіп қалдым», - деді. Сол кезде арыстан терісіне сыймай ызаланып: «Жүр менімен, маған сол арыстанды көрсетші», — деді. Қоян арыстанды суы мөлдір шыңырау құдыққа ертіп келді де: «Міне, арыстанның жатқан жері, ал мен одан қорқамын, мені омырауыңа алсаң біраз батылдау болар едім де, оны саған көрсетер едім, - деді. Арыстан оны омырауына алды, құдыққа жақындаған шамада қоян: «Мынау арыстан, ал анау қоян», - деп суға түскен көлеңкені нұсқады. Арыстан қоянды босатып, соғысуға ыңғайланып, құдықтағы көлеңкеге секіріп түсіп кетті, қу қоян қаша жөнелді», - деді.
Кәлилә: «Егер сен бұканың көзін құртатын болсаң, одан арыстанға ешбір зиян келмесе, онда өзің біл. Шынында да, бұканың мына жүрісі саған да, маған да, патшаның тағы басқа әскери қызметкерлеріне де өте зиянды. Бірақ сен бұл ісіңді арыстанды қынжылтатын болсаң, оның үстіне көңілін ауларлықтай еш нәрсе қолыңнан келмесе, онда сен опасыздық әрі ұждансыздық істеген боласың», - деді.
Осыдан кейін Димнә бірнеше күндей арыстанның алдына кірмей кетті де, бір күні арыстан оңаша отырған кезде, қабағы түсіп, мүлде мұңайып кіріп келді. Сонда оған арыстан: «Сені көрмегеніме бірнеше күн болып еді, бүгін неге көңілсізсің?»
- деп сүрады.
Димнә: «Бұны сізден жасыра алмаспын!» - деді. Арыстан:
«Жаксылық па өзі?» - деп сұрағанда, Димнә: «Жақсылық болса жарар еді!» - деп жауап берді. Арыстан: «Әлде төтеннен бір нәрсе болып қалды ма?» — деп сұрады, Димнә: «Саған да, маған да ұнамайтын бір іс болды»,
- деді. Арыстан: «Ол қандай іс?»
- деп сұрады. Димнә: «Ол әрі ауыр, әрі қатал әңгіме, мұны тек дербес отырып, оңашада ғана сөйлесуге болады», - деді. Арыстан: «Қазір оңашамыз ғой, қол да бос, ал сен ойыңдағыны баяндашы», - деді.
Димнә: «Тыңдаушы ұнатпайтын әңгімені шертуге айтушының батылы бармайды. Егер ол сөздің арты жақсылыққа
228
бейімделсе, айтушы жағынан өрескелдеу көрінген күнде де, тыңдап отырған өз қожасына ол сеніп айтады ғой. Егер тыңдаушы дана болса, ауыртпалыққа шыдайды да, әңгімені түгел естуге тырысады, өйткені мұнда тек тыңдаушыға тиетін пайда бар, ал сөйлеушіге ардақты міндетін, адал махаббатын орындаудан басқа түк жоқ. Ей, ақыл-парасаты кәміл патшам! Саған ұнамауы мүмкін, сонда да айтып өтуге, бәрін өзіңе ғана жеткізуге белімді бекем будым. Адалдығым бір өзіңізге аян, оның үстіне сені өз жанымнан да артық көремін, міне, сондықтан да айтуға белсеніп отырмын. Айтқан сөзіме сенбес дегенде маған бір ой келді, бірақ сен екеуміз де аңдар тобына жатамыз, тіршілігіміз де тығыз байланысты, сондықтан айтпа деп өзің өтінгенмен, әрине, маған сенбеуің де мүмкін, ол мен үшін зор қауіп қой, сонда да өз борышымды орындамай жалтаруды макұл көрмедім. Бұрынғылардан қалған сөз бар: «кімде-кім білген ақылын патшадан, ауруын дәрігерден, жоқшылығын бауырларынан жасырса, ол өзін-өзі алдайды», - деген екен.
Арыстан: «Ол қандай іс?» - деп сұрады.
Димнә: «Маған өте сенімді достың айтуынша, Шатраба сенің әскер басыларыңмен оңашада кездесіп, оларға: «Мен арыстанның ақылын да, күшін де, айла-амалын да сынап көрдім, бірақ осылардың бәрінде де өзімнен олқы екенін аңғардым. Екеуміздің арамызда кешікпей-ақ бір уакиға да шығуы мүмкін», - дегенді айтыпты. Осы сөз маған жеткенде, Шатрабаның опасыз алдамшы, жақсылықты білмейтін жан екенін ұқтым. Сен оған кұрмет көрсетіп, еркелетіп ұстадың, ал оның бар ынтасы, сенімен терезесі тең ұлық болу екен, егер, зәуіде, орныңнан тайсаң, онда осы патшалыққа өзі ие болмақ. Ол бұған тырысуын енді қоймаса керек. Бұрынғылар «егер біреудің әкімдігі, дәрежесі, ақылы, байлығы тағы қол жеткісіз зорлығы өзіне барабар екенін патша сезе қалса, онда әлгі адамды орнынан тайдырғаны жөн, ал егер олай істемесе, онда өзі тағынан құламақ», - деген екен. Ей, әділ патшам! Бәрі де өзіңе аян, сен істің де жон-жосығын жақсы білесің, осыған, сірә, ұластырмай кірісетін боларсың деп ойлаймын, ал басталып кетсе, онда мен білмеймін, жөндей алар ма екенсің. Үш түрлі адам бар деседі, соның екеуі саналы, біреуі жарымес болса керек. Саналының біреуі басына іс түскенде ешбір саспай,
сабырсызданбай шарасын іздеуге кіріседі екен, ауыртпалықтан қалай құтылудың жөн-жобасын, айласын ойластырады екен, жүрегі де алып ұшып қабынбаса керек. Бұған қарағанда ана екіншісі басым, ол қырағы, келешекті алдын ала болжайды, болар істің мәнін зор санап, оған қарсы қоярлықтай шара даярлайды, басталып қалғандай көріп, көз алдына елестетеді, аурудың алдын ала емдейді, бақытсыздықты басталмай тұрып тамырымен жұлып тастайды. Ал жарымес болса, оның іске батылдығы жоқ, шешімдері біріне-бірі қайшы келеді, не ойласа да, тоқырап қала береді, әрі әлсіз, әрі енжар сорлы, іс басына түскенде бірақ біледі, қансырай құлап кұриды. Бұл әлгі үш балық туралы айтылатын нақылға ұқсайды», - деп жауап қайырды.
Арыстан: «Ол қалай болып еді?» — деп сұрағанда, Димнәнің келтірген мысалы мынау болды: «Баяғыда, бір қарасуды мекендеп үлкен үш балық тұрыпты деседі, ол қарасу йен далада, елсіз байтақ жерде екен. Бірде екі балықшы осы қарасуды жанап өтеді де өзара келіседі, екінші рет осында қайта оралып, ау ала келіп, әлгі өздері көрген үш балықты ұстамақшы болады. Сонда үш балықтың ең ақылды біреуі қорқып мазасызданады. Ол алдын ала сақтық істеп, қарасудан шығатын жылғамен жүзіп отырып, өзенге жетеді де басқа жерге барып орналасады. Екіншісінің ақылы одан гөрі кемдеу еді, ол балықшылар келгенше сақтық істеп үлгере алмайды. Ол: «Мен мезгілін өткізіп алдым, міне, ақыры енді өзіме сор болды», — дейді. Балықшыларды көріп, олардың ниетін таниды, оның үстіне шығар жердің бөгелгенін аңғарады да: «Мен қателестім, ал енді басымды қорғау үшін қандай амал істеу керек? Енді асығып-сасудан келер пайда жоқ. Бірақ әлі де болса күдер үзбе, амал істеуден тоқталма», — дегенді медеу етеді. Осыдан кейін ол өлген балық тәрізденіп, қарнын жоғары қаратып, судың бетінде қалықтайды да қалады. Балықшылар оны шығарып алып, өліп қалған екен деп ұрып, осы қарасудан шығатын жылғаның, ернеуіне апарып қояды. Бір кезде ол жылғаға шоршып түсіп, аман құтылып кетеді. Жарымес балық сасқалактап ары-бері жорытып жүзіп жүргенде, оны балықшылар ұстап алады. Ей, патшам! Менің ақылым жаманшылықты таянып, төніп тұрғандай көреді, көз алдыма елестейді, сақтық шараларын
істеуге асыкканың жөн. Дертті денеңе дарытпай жұлып таста, бәленің алдын ораған макұл, - дейді.
Арыстан: «Мен сенің нақылыңат үсіндім. Бірақ бұка алдап, маған қастандық істемекші болып жүр дегенге сенгім келмейді, өйткені мен оған мейірбандық көрсеттім, көптеген жақсылық істедім. Ол мені аз да болса қиянат істеді деп айта алмайды, ал оның менен көрмеген жақсылығы жоқ», -деп түйді.
Димнә: - Әңгіме оның ақылында емес, сенің шектен тыс кұрметгеуің оған кесірін тигізді, оның ойы тіпті сенің атағыңа ие болуға шейін барды ғой. Арсыздар өз шамасының мөлшеріндегі дәрежеге көтерілгенге дейін ғана тілеулестік білдіреді, пайдалы бола қалады. Дәрежесі өз шамасына жетті-ақ, ол тояттамайды, өтірікпен, опасыздықпен болсын бәрібір, әйтеуір, жоғары мәртебеге көтерілгісі келеді де тұрады. Өрескел арсыздар патшаға қызмет істеп жүріп тек өлмешінің күнінен, не қорыққанынан ғана сүйіспеншілікке бой ұрады, ал оларға патшаның керегі болмаған жағдайда, одан қорықпайтын болса, онда табиғи тұрғысына қайтады, қалпына тартады, бұл жөнінде ол иттің қисық кұйрығы сияқты, өзінің бәз-баяғы қалпына келеді. Иттің қисық құйрығын тура болсын деп қайырып таңып қойсаң, түзу түра береді, ал шешсең-ақ болтаны қайтадан имиіп қисаяды да қалады, — деді. — Уа, патшам, есіңде болсын, кімде-кім досының өзіне берген кеңесіне құлақ аспаса, онда оның ақылы мақтауга да арзымайды. Онда ол дәрігердің кеңесін қабылдамай, өзінің ұнатқанын істеген ауруға ұқсайды. Патша алдындағы уәзірдің; міндеті, оның беделін, салтанатын арттыратын бағытқа демеуші болу, патшаны зиянды сөкет іске барудан сақтандыру. Бауырдан да, көмекшілерден де мына жүйелі кеңес беруші адам артық, ал істің ең игісі ақыры қайырлы болуында. Әйелдің ең жақсысы айтқанға жылдам көнеді, ал мақтаудың ең асылы ардақты жанның аузынан шыққаны. Достың ең жақсысы егеспейді, байдың ең жақсысы дүниеқор болмайды. Өзіне қастандық істемек болған достың ертелі-кештісін қайрағанын сезгеннен гөрі жыланды жастық, отты төсек етіп жатқан адамның ұйқысы тәттірек болса керек. Патшалардың ең нашары, істі бастарда мешеу қимылдайды, сезімтал болмайды, ол әсіресе ызалы пілге ұқсайды, еш нәрсеге көңіл бөлмейді, өзіне кездескен жағдайға жөнді мән де бермейді, - деді.
Арыстан: «Сенің сөзің ызғарлы, бірақ адал достың айтқаны қатал болса да орынды ғой. Сенің айтқаныңдай Шатраба жау болса да ол маған зияндық жасай алмайды. Ол шөп жейді, мен ет жеймін, сондықтан ол менің тамағым емес пе? Оны өзге жау деп білмеймін, сол себепті онан қорқудың орны жоқ сияқты. Осыған байланысты онымен арамыздағы қалыптасқан мызғымас достықты, барлық әскерімнің алдында оған көрсеткен кұрметті және оған өзім арқылы істелген дәріптеулерді оның ескермеуі де мүмкін емес. Енді оған сенімімді жойып қаталдық істесем, онда есуастық болар еді және өз келісімімді өзім бұзған болып табыламын ғой», - деді.
Димнә: — «Ол менің тамағым» деген бос сөзбен өзіңді өзің алдама! Егер саған бұқаның күші жетпесе, онда ол басқалар арқылы-ақ сенің титығыңа тиеді. Бұрынғының сөзі бар: «Егер үйіңе танымайтын қонақ келсе, сен оның мінезін білмесең, онда өзінді қауіптен аулақпын деп ойлама, соның өзі немесе сол арқылы да пәлеге душар болуың мүмкін»,
— депті. Осы секілді жағдайды үйіне бүргені қондырған бір бит те басынан кешкен екен, - деді.
Арыстан: — Битке не кезікті екен? — деп сұрағанда.
Димнәнің айтқан нақылы мынау еді; — Баяғыда бір атақты бай адамның төсегіне бит түсіпті деседі, ұйқтап жатқанда байдың қанын сорып, тысырын естіртпей денесінде ептеп жорғалап жүреді екен. Бір күні түнде әлгі бай адамның төсегіндегі битке бүрге келіп қонақтапты, ол қатты шаққандықтан бай оянып кетіпті де, төсекті ақтарыпты. Сонда бүрге секіріп қашып құтылыпты да, битті табан аузында ұстап алып өлтіріпті, - деді.
Бұл нақылды мен бұзық адамның зұлымдығынан сақтанудың қиын екенін дәлелдеу үшін айттым. Егер ол өзі істей алмаса, онда басқа біреу арқылы мақсатын жүзеге асырады.
Сен бұқадан қорықпасаң да мына әскери кызметкерлеріңнің арамдығынан сақтан. Бұқа саған жауыздық істеуге солардың ішінен өзіне керегін үгітіне көндіруі мүмкін ғой. Ал менің білуімше екеуіңнің аранда егес әлі-ақ туады, ол өз ісін басқаға сеніп тапсырмайды.
Арыстан Димнәнің айтқандарына құлақ асты да: «Сен маған енді қандай нұсқау бересің?» - деп сұрады.
Димнә: «Сынған немесе қажалған тісті жұлып тастамаса, ол ауырғанын қоймайды. Жұкпайтын жағымсыз ас кұсык боп қайта түседі, ал қас дұшпаннан құтылудан өзге шара жоқ», - деді.
Арыстан: «Сен мені Шатрабамен сөйлеспейтіндей етіп, мүлде билеп бара жатырсың. Сенен өтінішім оған менің ойыма келгендерді айт да, бұл арадан кет деп бұйыр, баратын жерін өзі білсін», - деді.
Бұл Димнәға ұнамады, өйткені егер арыстан бұқамен кездесіп кінәласса, оның өзін ақтап айтқан сөздерін естіп, менің өтірігім ашылып қалады деп ойлады.
Сонда Димнә арыстанға бетін бұрып: - Мен бұқаға барып оның қылмысын айтуды орынсыз деп білемін. Ей, патшам! Өзің ойланшы, сен күдігіңді оған айтпай тұрған кезде, не істеймін десең де, еркің емес пе? Егер оған ойыңды естіртсең, онда саған ойлаған жауыздығын іске асыруға ол асығар деп қорқамын, екіншіден арпалысатын болса, даярланып кіріседі ғой. Ал бұл арадан кеткен күнде де, ол саған қарағанда анағұрлым опасыз емес пе? Бұған қоса айтатыным парасатты патшалар жазығын әйгілемей, жазасын жарияламайды, айыбына қарай - жазасы, құпия жазыққа - жасырын жаза, әйгілі жазыққа - ашық жаза, - деді.
Арыстан: «Егер патша біреуді дәлелсіз, жәй күмәндануға ғана жазаласа, не зәбір көрсетсе, онда ол өзін жазалайды, өзін зәбірлейді ғой»,
- деді.
Димнә: «Иә, сөйтсе де, ол сенің алдыңа қамсыз отырғанда келіп қалып жүрмесін. Менің шамалауымша, келгенде, оған үңіле қарасаң, оның ниеті бұзық екенін ешкім айтпай-ақ өзің аңғарасың. Оның белгілері мынадай болады: кескіні өзгергенін байкайсың, аяқ-қолының қалтырағанын сезесің, оңды-солды алақтап қарай беретінін аңғарасың, мүйіздері сүзуге оңтайланып тұрғанын көресің», - деді.
Арыстан: «Жарайды, ол келгенде мен сақ болайын, егер әлгі сен айтқан белгілерді сезсем, онда оның ниетінің қара екендігіне күмәндануға болмас», -деді.
Бұқа туралы арыстанның жүрегіне қыбын тауып қаяу түсіргенін ұқты. Шығып бара жатып Димнә арыстанға шүбәсіз сенді, қобалжыған күйі бұдан кейін оның бұқадан қатты
сақтанатынын білді. Артынша енді бұкаға барып арыстанды шағыстыруды ойланды, бірақ осы барғанын бөтен біреуден естіп қояр деп қорықты да арыстанның өз аузынан жұмсағанын естігісі келіп, рұқсат сұрады: «Мен бұкаға барсам қайтер еді, оның не істеп жүргеніне зер салып әңгімелесіп сыр тартар едім, егер одан бір нәрсе сезе қойсам, өзіңе келіп жеткізген болар едім», - деді. Арыстан баруына рұксат етті.
Димнә бұқаға барғанда, жүдеп-жадап әбден қайғырған жанның кескінін көрсетті. Бұқа оны көре сала сәлем беріп амандасты да:
«Кездеспегенімізге бірнеше күн өтті той. Саған қандай жағдай бөгеу болды? Денсаулығың қалай?» - деп сұрағанда Димнә: - «Өз басын билей алмаса, тағдыры біреудің қолында болса, оған тағы тұрақтап сене қоймаса, дәйім қауіптеніп қорқынышта жүрсе, ондай адамда денсаулық бола ма? Сағат сайын жанын шүберекке түйіп, үрейлене берсе онда қандай күй болмақ?» - деді.
Бұқа: «Соншалық саған не болды?» - деп сұрағанда:
Димнә: - Жазмыштан озмыш жоқ. Тағдырмен кім күресе алады? Ұлы дәрежеге жетіп, оған дандайсып, мастанбаған кім бар? Құмартуды күйттеп, апатқа ұшырамаған кім бар? Әйелге жұғысқанда оның тұзағына түспей кеткен кім бар? Біреуге жарамсақсып жүріп, қорлыққа ұшырамаған кім бар? Жаман адамдармен дос болып арын сақтап қалған кім бар? Патшамен дос болғанның ішінен жала жабылмай, өсек ермей кеткен кім бар? Айрылғанда тебірене білмейтін, қасында жүргенде көрсететін опасы да шағын патша, келген қонақты қарсы алып, кеткенін аттандырып отыратын салдақы әйел тәрізді емес пе деп бұрынғылар тауып айтқан ғой, - деді.
Шатраба: «Тыңдап болғаннан кейін әлгі сөздеріңнен сескеніп тұрмын, зады, жүрегінде арыстан туралы әлдеқалай бір күдіктену бар тәрізді-ау!» -деді.
Димнә: - Мен оған сенбеймін, бірақ бұл менің өзім туралы емес. Маған қандай борышты екеніңді өзің білесің, екеуміздің арамыздағы сүйіспеншілік саған мәлім ғой, бір кезде арыстан саған жұмсағанда өзіңе келіп, жанымды ортаға салып, достық міндетімді орындап, еңбегімді сіңіргенім де бір өзіңе аян еді. Ендеше, әлі де мен қажетті істі орындамай отыра алмаймын, саған шұқшия төнген қауіпті біле тұрып айтпауға арым жетпейді, - деді.
Шатраба: «Ол не?» - деп сұрағанда.
Димнә: «Маған бір сенімді досым айтты, арыстан өзінің кейбір жақын жүрген сырластарына, ашыналарына: - Осы бұканың семіздігіне қатты қызығып жүрмін, ал оның маған енді керегі де шамалы ғой. Пайдаланарлық ешбір реті жоқ, менің ойымша, оны жарып тастап, етін бәріміз жесек мақұл болар еді, - депті. Осы сөздер менің құлағыма тигенде, мен оның опасыздығын, арам ниеттілігін түсіндім де, саған жолығып естігенімді айтып, сенің алдыңда міндетімді орындайын дедім. Басыңды аман сақтаудың шарасына кіріс», - деп кеңес берді.
Шатраба Димнәнің сөзін тыңдап болып, онын әрдайым өзін қорғап, сенім көрсеткенін есіне түсірді, арыстан туралы көңіліне күдік алды да, Димнәнің мына сөздерін шындық деп ұғынды.
Шатраба: - Арыстанның маған опа қылмауы орынды емес екен. Оның өзіне де, немесе әскери қызметкеріне де менің ешбір жазығым жоқ еді, тегі маған өтірік жала жауып шағыстырушы біреу бар шығар. Арыстанның достары нашар адамдар, мына қулық-сұмдык солардың ісі, жоқтан өзгеге оны иландырған да осылар ғой, сірә. Жаман адамның достығы бітпес уайым, қатты қайғыға ұрындырады, игі адамдар туралы да пасық ой тудырады, ал мұның қателігін кейін тек тәжірибе ғана әшкерелеп ашады. Суға шағылысқан жүлдыздың сәулесін көріп, балық екен деп бір үйрек соны ұстамақшы болыпты, мынау да сол үйректің қателесуі тәрізді екен. Бірнеше рет істеген әрекеті босқа кеткен соң, онда балықтың жоктығына көзі жетіпті. Осыдан кейін сол жердегі бір кішкене жылғада жүзіп жүрген балықты көреді де, бұл да әлгі тәрізді балық емес шығар деп ұстауға да әрекет істемепті, - деді.
Егер арыстанға мен туралы бір жайсыз хабар жеткен болса, онда оңаша мені өзі тексеріп, сынағаны жөн еді. Ал егер мен туралы құлағына ешбір өсек естілмесе, оған қарамастан маған себепсіз қастык ойлауы - түсініксіз бір керемет қой. Сен досыңның көңілін аулап, соның ризалығын тілеп жүрсең, оған ол ешбір қанағаттанбаса, міне бұл танқаларлық жайт! Ал сен оның қыбын тауып, толық риза еттім десең, ол саған мүлде өкпелей берсе, бұл әлгіден де бетер таңқаларлық іс деген әңгіме болушы еді. Өйткені бір себеппен ашуланса, онда
кешірімінен де үміт үзілмейді, ал ашуы ешбір себепсіз шықса, онда үміт кесіледі, оны басылады деп дәметуге болмайды. Арыстанмен екеуміздің арамызда болмашы бірдемеден басқа кайшылыктың барын мен өзім ойлап-ойлап таба алмадым. Қарғанып айтайын, ұлылы-кішілі ұнамсыздау көлденең бір нәрсе болып қалар деп өте қауіптеніп сақтана берсе, ондай жолдаспен тату жүру ұзаққа бармайды. Егер кемеліне келген ақылды кісінің досы болмашы бір қате жасап кінәлі болса, оның айыбын маңызына қарай салмақтап сарапқа салады ғой, қатеден болды ма, жоқ, әдейі істелген қастандық па, соның бәрін зерттеп тексермей ме? Ал, кешіре қойған күнде, соның зияны мен масқаралығы қауіп төндіре ала ма, жоқ па? Кешірерліктей болса жолдасын ол жазғырмауға тиіс. Кейде мен арыстанның некен-саяқ көзқарастарына өзін сүйгендіктен, сақтандыру үшін адал ниетпен қарсы келетінім болушы еді, осынымды жаманшылыққа жорып жүрмесе, басқа еш нәрсе істегенім жоқ. Кейде ол
«болмайды» дегенге мен, «болады» деуші едім, ал ол «болады» дегенде, мен «болмайды» деуші едім, әлде осыны да өрескел қарсыласқандық деп топшылады ма екен? Бұл сөздерде тұрған қандай сөкеттік бар? Игілікке жеткізетін пайдасы тиер сөз болмаса, мен ешуақытта оған әскері алдында қарсыласып сөйлеп көрген емеспін. Әскері алдында немесе шонжарлары, достарымен бірге тұрғанда, мен оған ешбір үн қатпадым, тек оңаша болған кездерде ғана өзімнің қожам есебінде қалтқысыз ашық сөйлесетін едім. Ақыл айтқанда жанашыр адамнан, ауруды емдеу жөнінде дәрігерден, күдікті мәселелер туралы заң мамандарынан жеңілдік дәметкен жан пайдалы шешімге жете алмайды, қайта аурудың дерті асқынады, дін бойынша ол күнәға батады. Егер мұның бәрі осы айтылғандай болмай шықса, онда әкімнің бұл бір еліріп мастануы шығар, ондай кезде әкім біреудің қайғысына қуанады, көрнеу себебі жоқ аңқылдаған адал жанды жақтырмайды. Даналар айтқан екен: теңіздің тұңғиық тереңіне бойлаған жан қатерге кезігеді, ал әкімнің досы бұдан гөрі де қауіпті жағдайда болады, өйткені әлгі әкімге ол қанша әділдік, сүйіспеншілік, адал ниет көрсеткенмен, түбі бір сүрінбей қоймайды, одан енсесін қайта көтеріп, оңалып кете алмайды, ал тіпті көтерілген күнде де апатқа ұшырайды, алысқа бармайды. Егер осылай болып шықпаса, мүмкін, онда менің ажалым мына
игі касиеттерімде шығар. Кейде әдемі ағаштың бүлінуіне өзінің жемісі себеп болады, өйткені қалың жемісті ауырлап бұтақтары иіледі, сонда оны жұлмалап жұрт сындырып кұртады. Тауыс деген кұстың құлпырған көркі, салтанатты сәні құйрығында, міне, пәлеге де сол душар етеді. Мысалы, кейде ол жоғары ұшып, аңдыған жауынан құтылайын десе, әлгі құйрығы кедергі жасай береді. Кейде жүйрік аттың өз бойындағы қасиеті өзінің түбіне жетеді: оны мініп алып қашағанды қууға пайдаланады, күшін кемітеді, сөйтіп діңкесін қүртып өлтіреді. Ақылы кэміл зиялы адам өзінің жаксылык қасиеттерінен жапа шегеді, іші тар жауыздар оны көре алмайды, апатқа ұшыратады, ал игі жақсы адамдардан мына жауыздар анағүрлым көп қой, ендеше, зиялылар жөнінде жабыла өсек таратып, ақыры көзін солар құртып тынады. Егер осының бәрі дәл әлгі айтқандай болмаса, онда бұл тағдырдың өзі жіберген айнымас зауалы шығар. Арыстанды күш-қуатынан айырып торға қамаған тағдыр, әлсізді көтеріп пілдің үстіне мінгізген тағдыр, жыланды арбаушыға сұс беріп, оның аузындағы уын сығып тастап қуыршақша ойнатып қойған тағдыр, мұның күші керемет кой! Бұл тағдыр қуақы сұмды ақылынан ажыратып, әлсізді саналы етеді, күштінің бетін бөгеп, ынжыққа қайрат береді. Жарлыны байытып, байды кедей ететін, жасқаншақты батыр, ал батырды қорқақ ететін де осы тағдыр! Егер тағдырдың бұйрығымен біреудің басына іс түссе, оның немен бітуі де әзелде шешілген екен, - деп түйді.
Димнә: «Арыстанның ойына алғаны, бөтен біреудің ықпалынан туған жоқ, сен айтқандардың ешқайсысы да себепкер болған жоқ, бұл тек қана опасыздықтың, содыр- сойқанның нәтижесі. Опасыз озбырдың тұңғыш сыйы - тәтті, соңы - ащы болады, ол көбінесе өлімді құштыратын удың дәл өзі»,- деді.
Шатраба: «Сөзіңнің дұрыс екеніне ант ішуге бармын! Бәрін де көріп-біліп, дәмін татқан тәріздімін, тіпті өлім аузында тұрғандай сезінем. Ал егер ажалға килікпеген күнде, арыстанмен бірге тұрған өмірде қандай ләззат болмақ? Ол ет жейді, ал менің қорегім шөп қой! Қанағатсыздыққа лағынет жаусын, үміттің үйі күйсін! Жолымнан адастырып, мына түпсіз шыңырауға әкеп киліктірген, міне осы екеуі ғой! Мен кұмыршаның мойнына тығылып кептеліп қалган бал арасы тәрізді болдым. Ол хош
иістің дәмін сезіп, ләззатына құмартыпты, сонда кұмыршаның аузы жабылмай тұрып, одан қалай шығарын ойламапты, сөйтіп ішіне түсіпті де, қысылып өліпті. Кімде-кім бұл дүниедегі еншісіне тиген несібесін місе тұтпай, көл-көсір молшылыққа, ен байлыққа ұмтылса, төніп тұрған қауіпті елемесе, сол адам мына шыбынның кейпін киеді. Баяғыда бір шыбын ағашты, хош иісті шөптерді қанағат етпей, пілдің құлағынан ағатын кұлықты көксеп, іздеп барыпты, сол кезде шыбындаған піл оны құлағымен қарып жіберіп өлтірсе керек. Кімде-кім махаббатын орынсыз ысырап етсе немесе бар ынтасын опа бермейтін кісіге жаратса, бұл да сортаңға дән шашкан немесе өлген мәйітке ақыл айтқан адам сияқты болады», - деді.
Димнә: «Бұл сөзді доғар, өз басыңның қамын ойла», - дегенде.
Шатраба: «Арыстанның өлтіргісі келсе, өз басымның қамын ойлағанда мен не бітірмекпін? Мен оның пасық пиғылын, арам ниетін анық білемін! Ол маған жақсылыктан өзге еш нәрсе ойламаған күнде де, екі араға түсіп қулық-сұмдығын асырып, өтірікті судай ағызып шағыстырушылар бар, міне осылар бірігіп өзара келіссе, дегеніне жететінін де жақсы білем, тіпті олар әлсіз, мен күшті болсам да, көзімді жойып жіберуге олардың мұршасы келеді, өйткені шектен шыққан суайт өтірікшілер, ізгі ниетті тақуаны да пәлеге шатуы мүмкін. Мысалы қасқыр мен құзғын және шибөрі үшеуі бірігіп, бір түйені апатқа ұшыратқаны да осыған ұқсас кой», - деді.
Димнә: «Ол уақиға қалай болған екен?» - деп сұрағанда.
Бұқаның айтқан нақылы мынау еді:- Баяғыда бір қалың орманда, жүргіншілер ағылып жатқан жолдың аузында бір арыстан тұрыпты. Қасқыр мен шибөрі және құзғын тәрізді оның үш жолдасы болыпты. Әлгі жолмен кетіп бара жатқан керуендерден бір түйе бөлініп осында қалып қойыпты. Түйе тоғайда жүріп арыстанға кез болыпты. Сонда арыстан:
«Қайдан келдің?» - деп сұрағанда, түйе қандай жағдайға кез болғанын бастан-аяқ баяндап өтіпті. Сол мезетте арыстан: «Енді не істегің келеді?»
- деп сұрапты. Түйе оған: «Патшамен дос болғым келеді!» - деп жауап беріпті. Арыстан: «Егер сен менімен дос болғың келсе, бола ғой, қауіптенбе, молшылықта және еркіңше жүр», - депті. Сонымен түйе арыстанның қасында мекендеп тұрып қалыпты.
Бір күні арыстан аң аулап жүріп пілге кездеседі. Екеуі аянбай соғысады. Арыстан қайтып келгенде үсті-басы қанға боялып, пілдің азуы тиген жерлерінен қан сорғалап ағып тұрады. Осыдан кейін қасқыр мен шибөрі және құзғын үшеуі қорексіз қалып аштыққа ұшырайды. Өйткені бұлар арыстанның сарқытын ішіп-жеп күнелтетін еді. Бұлар аштықтан арықтап әбден жүдейді. Арыстан осы жағдайды біліп: -Сендер аштықтан жүдеп-жадап күйзелген көрінесіңдер ғой, - дегенде олар: «- Біздің ойлағанымыз өз басымыздың қамы емес. Біз патшаның басына түскен ауыртпалықты көріп, соған ем боларлықтай ешбір шара таба алмай күйзелудеміз», - дейді.
Арыстан: «Мен сендердің маған деген махаббаттарыңды, достықтарыңды жаксы білемін, сонда да, шамаларың келсе, әр жаққатарап кетіңдер де бір нәрсе тапсаңдар маған алып келіңдер, соны сендер де, мен де тойғанымызша жеп кенелелік», - дейді. Осыдан кейін қаскыр мен шибөрі және құзғын үшеуі арыстаннан аулағырақ барып өзара кеңеседі. «Мына шөп жейтін түйенің осы бізбен қандай байланысы бар? Одан әдет-ғұрпымыз да, дүниеге көзқарасымыз да басқа. Ендеше, арыстанға түйені жеудің керек екенін дәлелдеп сендірелік те, сөйтіп оны түйенің етімен тойындыралық та», дейді. Сонда шибөрі: Сендер арыстанға бұл туралы тіпті ескертуші де болмаңдар, өйткені тимеймін деп түйе мен ол келісім жасасқан болатын», - дейді. Құзғын тұрып:
«Сендер осында қалыңдар, арыстанмен сөйлесуді маған тапсырыңдар», - дейді. Сонымен кұзғын арыстанға барады. Арыстан оны көргенде:
«Сендер бір нәрсе таптыңдар ма?» - деп сұрайды. Құзғын: «Көзі көре алатындар ғана таба алады. Біздің көзіміз аштықтың салдарынан әлдеқашан көруден қалған. Бірақ сонда да біз бір ойға келдік, бәріміз де соған келістік, ал егер сен оған келісім берсең, онда бәріміз де мол асқа жаримыз», - дейді.
Арыстан: «Ол қандай нәрсе?» - деп сұрайды.
Құзғын: «Ол түйе, жегені шөп, біздің арамызда шолжаңдап, бос жүр», - деп жауап қайырады. Сол мезетте арыстан қаһарланып: «Ой, пасық-ай! Айтқан сөзің қате, ақылың кем екен, уәдеге берік болудан, біреуге мейірбандық істеу дегеннен тым аулақсың-ау, сірә! Сенің маған мұндай сөзбен келуіңнің жөні жоқ еді. Менің түйеге тимеймін деп уәде беріп, жасасқан
шартымды білмейтін бе едің? Садақа берген жан сол садақасы қаншалықты мол болғанымен жарылқай алмайды, ал үрейі қашқанды қорғаудан және оның қанын төкпеуден мұның бағасы әлдеқайда зор ғой, сен осыны да білмеуші ме едің? Мен түйені қорғап едім, енді оған екі сөйлеп, опасыздық істей алмаймын», - дейді.
Сонда құзғын: «Мен патшаның айтқан сөзін түсініп-ақ тұрмын. Бірақ бір жан құрбан болса шаңырақты сақтап қалады, бір шаңырақ кұрбан болса ұлысты сақтайды, ұлыс құрбан болса қалаларды сақтап қалады, ал басына мұқтаждық төнсе патшаны қала болып қорғайды. Патшаны өзінің шартынан тайдырғым келіп тұрған жоқ. Опасыздықтың ауыртпалығын мойнына артпаймыз, әйтеуір, бір есебін тауып, патшаның міндетіне де нұқсан келтірмей, өзімізге керегін іске асырмақпыз», - деп түйеді. Арыстан осы арада үндемей қалады. Құзғын өзінің жолдастарына ұшып келіп: «Мен арыстанмен сөйлестім, ол пәлендей, түгендей етіп шешті. Алайда түйені өзі жайратуға қарсы, өлтір деп жарлық бергісі келмейді, - сонда не амал істеу керек?» - дейді.
Жолдастары оған: «- Бұл жөнінде біз тек сенің акыл-айлаң мен тәжірибеңе сенеміз», - дегенді айтады.
Құзғын тұрып: - Тапқан жобам мынау: бәріміз түйемен бас қосып, арыстанның әл-жайын, аштығын, басына түскен күйзелісін және оны қалай да аман сақтап қалуға міндетті екенімізді айта келіп: «Ол бізге дәйім қайырымдылық көрсететін еді, қамқоршымыз болып еді. Егер осы қарсаңда бізден жақсылык көрмесе, оған қатер төнеді де, ол бізді жақсылықты білмейтін жексұрын, опасыздарға балайды ғой. Жүріндер, арыстанға барып, оған біздің борышты екенімізді айталық, бізге көрсеткен мейірбандығын, өзінің дәуірі жүріп тұрғанда асырағанын, міне енді ол біздің көмегімізді керек ететінін сөйлеселік, біз шамамыз келгенше оған жәрдемші болуымыз керек екенін айталық, аз да болса сый көрсеткеніміз мақұл делік, ал егер еш нәрсеге шамамыз келмесе, онда өзімізді соның жолына құрбан етелік», - деп соғалық. Сонан соң әрқайсымыз түрегеліп: - Уа, патшам! Жаным құрбан, мені же, аштан өле көрме! - деп қақсалык. Ал қалғандарымыз оны қорғап қалу үшін дәлелдеп қарсы пікір айталық, сөйтіп арыстан да, біз де
аман қаламыз әрі оның міндетінен де ада-күде құтыламыз»,
- дейді.
Олар осыған келісті, оны түйе де макұлдады. Бәрі бірігіп арыстанға келгенде бірінші болып құзғын сөйледі, сонда ол: «- Уа, патшам! Саған өмір сүру керек, сенің жолыңа біздің кұрбан болғанымыз жөн. Сенің арқаңда ғана өмір сүріп жүрміз, мұнан кейін де осылай болмақ, бізден соңғылар да дәл осылай етер деп үміттенеміз. Егер де сен қаза тапсаң, онда ешкім де аман қалмайды, сен жоқта бізге жақсылық та жоқ, өтінемін, тақсыр, мені жеп өзіңе талшық етші! Егер осылай істесең өзімді бақытты санар едім!» - деді. Сол жерде қасқыр мен түйе және шибөрі үшеуі құзғынға қарап: «Жап аузыңды! Қайдан шыққан немесің? Патша сені жеп қарық болмақ па?» - деп бәрі дүрсе қоя берді. Сонда шибөрі:
«Патшам мені жесе тойынады»,
- деп салды. Енді қасқыр мен түйе және құзғын үшеуі: - Ішек-карныңның иісі мұңкиді, етің де сасық. Егер патша сені жесе, сасық иістен шошынып, ауруы ұлғайып, қаза табар деп қорқамыз, - деп қосарланды. Осы кезде қасқыр тұрып: «Менің өтім ондай емес қой! Патшам мені жесін!» - деп қалды. Құзғын мен шибөрі және түйе үшеуі:
«Кімде-кім өзін-өзі өлтіргісі келсе, қасқырдың етін сол жесін, оның етін жеген жан иіс тигендей болып ауырмақ», - дегенді айтты. Осы бір кезеңде түйе ойға түсті, егер осылай айтсам, онда мыналар бір есебін тауып, уәж айтып мені де аман сақтап қалатын шығар деп ұқты, сөйтті де түйе: «Уа, патшам, менің етім дәмді, әрі жағымды, патшаны тойындыруға да жетеді», - дегенді айтты. Сол жерде қасқыр мен құзғын және шибөрі үшеуі бірдей: «Сен шын сөйлейсің, ниетің адал, айтқаның да бізге бұрыннан мәлім», - деп түйді. Сонымен барлығы жабылып түйені жайратты да тастады.
- Мен саған арыстан мен оның достары жөнінде осы нақылды айтқан себебім, егер олар өзара келіссе, онда менің түбіме жетпей қоймайды. Арыстанның ойы мен туралы басқа болғанымен, жауыздық, шынында да, солардан келуге тиісті, тіпті арыстан маған жақсылықтан басқа еш нәрсе ойламаған күнде де мен аналардан құтыла алмаймын. Бұрынғылардан қалған сөз бар: - Әкімнің ең жақсысы топты бүркіт төнген өлексеге ұқсамайды, ол жалғыз бүркітті айнала қоршаған жемтіктер сияқты, - деген ғой. Егер арыстанда маған деген
мейірім мен махаббаттан басқа еш нәрсе болмаған күнде де, оны мына даттаушылар қобалжытпай тынбайды, өйткені әлгі даттау қайталанып айтыла берсе, нәзік сезім мен әйенкестіктің орнын зұлымдык пен өрескелдік келіп басады. Сен аңғарған жоқ па едің, су сөзден жұмсақ, ал тас жүректен қатты болады, бірақ егер су ұзақ тамшыласа, қатты тасқа дақ түсірмей қоймайды, - деді.
Димнә: «Сен енді не істемекшісің?» - деп сұрағанда.
Шатраба: «Жекпе-жек сайысудан басқа ештеңе қалған жоқ сияқты. Тәңірісіне үздіксіз жалбарынған жан да, дұға оқып мол садақа беруші де, өзіне тыйым салған тақуа да, - бәрі де мына жазықсыз адамның жанын ортаға салып, өз басын қорғап бір сағаттай болса да арпалысқанындай сыйлыққа не бола алмайды екен. Кімде-кім өзінің жанын қорғап арпалысқанда, жеңсе де, жеңілсе де бәрібір, оның табысы мол, атағы зор екен», - деді.
Димнә: «Мен дәл осылай деп ойламаймын. Шарасы әбден таусылып, лажы құрығанда ғана дұшпанмен арпалысқан жөн. Әзірлігі болмаса арпалысу - есуастық әрі ұшқалақтық. Әсіресе осындай асығыс қимылдаған жанды дұшпаны жеңіп кетсе, тіпті оның барлық дәлелдерін ескергеннің өзінде де, оны ақымаққа балайды. Ал егер оны дұшпаны өлтіріп кетсе, ол күнәға батады да, азабын ақыретте тартады. Айтылған сөз бар: жексұрын, әлсіз және көзге қораш көрінсе де, дұшпаныңды елемей кетіп жүрме, бұл жерде қуақы сұмды сөз етпейміз, өйткені ол қай кезде де дұшпанын еркіне қоймай билеп әкетеді ғой, - деуші еді. Ендеше, өзі күшті әрі батыр арыстан жөнінде не істеу керек. Әлсізді елемеген жан Тытава құс арқылы теңіз Күзетшісіне кезіккен тағдырға ұшырайды», - деді.
Шатраба: «Ол қандай уақиға?» - деп сұрағанда.
Димнәнің айтқан нақылы мынау еді: Тытава атанатын теңіз құсы өзінің мекиенімен бірге теңіздің жағасында тұрыпты. Жұмыртқалайтын уақыты таянған кезде мекиені қоразына: «Маған жұмыртқа салатын мезгіл жетті, сен бір қауіпсіз қағаберістен ыңғайлы орын ізде», - депті. Сонда қоразы: «Ол орын дәл осы жер болсын. Бұл жерден бізге керек тамақ та, су да жақын болады және бұл түс басқа жердің бәрінен де біз үшін қолайлы»,—дегенді айтыпты. Мекиені: «Жарайды, сенің дегенің болсын, бірақ менің бұл жерге сенімім жоқ, егер теңіздің суы
толқыса, біздің балапандарымыз суға кетуі мүмкін», - депті. Қоразы:
«Қажырлы күзетшісінен қорқатын теңіз, бізге қарсы осындай есуастыққа барады деп ойламаймын», - депті.
Мекиені: «Сенің осы сөзіңнен өткен есуастық бар ма екен, сірә! Сен ұялмай теңізді қорқытпақшы боласың. Өзіңді өзін білесін ғой, өзін танымауға келгенде адамнан ешкім өтпейді деп, сен тауып айтушы едің. Менің сөзіме құлақ ас, зиян шекпей тұрғанда біз осы арадан кетелік», - депті. Қоразы мекиеннің бұл сөзін елең қылмапты, қаншама айтса да өз дегенінен қайтпапты. Сонда мекиені: «Кімде-кім жолдастарының, достарының айтқанына құлақ аспаса, онда жаны ашыр досының тілін алмаған бақаның аяғын кұшады», - депті.
Қоразы: «Ол қандай уақиға?» - деп сұрағанда. Мекиеннің айтқан нақылы мынау болды: - Өткен заманда екі үйрек пен бақа бір бұлақтың жиегінде тұрыпты. Осындай көрші болғандықтан олар достасып жүріпті. Бір кезде әлгі бұлақтың суы тартылып, кұрдымға айналыпты. Үйректер судың тартылғанын көріп, бұл арадан кетуге бет алыпты. Олар бақаға қоштасқалы келіпті де: «Қош аман бол, біз кетіп барамыз», - депті. Бақа:
«Судың тартылуы, әсіресе, мен бейшараның соры, өйткені сусыз тұра алмаймын ғой. Ал сендер қалаған жерлеріңде өмір сүре аласыңдар, қайда барамын десеңдер де ерік өздеріңде. Мені мына ауыртпалықтан кұтқарыңдар, өздеріңмен бірге ала кетіңдер», - деп жалыныпты. Үйректер: «Біз сені мына шартымызды орындасаң ғана өзімізбен бірге алып кете аламыз. Мысалы, жоғарылай ұшып аспанға көтерілгенде, адамдар көріп дауыстаса, сен оларға үн қатушы болма», - депті. Көлбақа үн қатпауға уәде беріпті. Бірақ сендер мені қалай алып барасыңдар деп сұрапты. Олар: «Сен шыбықтың ортасынан тістеп аласың, сол кезде екеуміз екі ұшынан ұстап сені жоғары көтереміз», - депті. Көлбақа осыған келісіпті де, үйректер оны көтеріп жоғарылатып алып ұшыпты. Бұларды жердегі адамдар көріп, бір-біріне айқайлап: «Мына ғажайыпқа қараңыздаршы, көлбақа екі үйректің арасында аспанда ұшып бара жатыр», -деп шулапты. Көлбақа мыналардың таңданған үнін естіп айқайлап жіберіпті: «Илаһи тәңірім сендердің көздеріңді көр етсін депті. Аузын осылайша ашуы-ақ мұң екен, көлбақа жерге түсіп, жан тапсырыпты», - деді. Тытава: «Мен сөзіңді
тыңдап, әбден түсіндім, алайда сен теңізден қорықпашы», - депті. Сонымен мекиені осы араға жұмыртқа салыпты. Теңіз Күзетшісі мына Тытава қораздың сөзін естіп, теңіздің суын толқыта көтеріп, балапандарын ұясымен ағызып алып кетіпті, сөйтіп олар көзден ғайып болыпты. Мекиені балапандарының жоғалғанын көріп, қоразына қарап:
«Мен алдын ала біліп едім, сенің өзіңді өзің білмейтінің басымызға пәле болып жабысты. Көрдің бе, қандай зауалға тап болдык?» - депті. Қораз Тытава: «Мен алғашында айтып едім енді ақырында да соны тағы айтайын, егер бізге қарсы теңіз есуастық істейтін болса, онда ол менен көресісін көреді», - депті. Ол батырсынып достарына барыпты, теңіз Күзетшісінен көрген қорлығын айтып, мұңын шағыпты. - Сендер менің бауырымсыңдар, туысымсыңдар, жәбірлеушілерімді қудалағанда иек артатын сүйенішім де сендер. Маған көмектесіңдер, ара түсіңдер. Бүгін менің басыма түскен күй ертең сендердің бастарыңа да түсуі мүмкін ғой,- депті. Олар: «Жарайды, біз сенің көмекшің-ақ болайык, бірақ сонда біз теңізге қарсы қандай айла істей алмақпыз?» - депті.
Сонда Тытава: - Жиналыңдар, құстардың бас қосқан жеріне баралық, теңізден көрген зәбірімізді соларға айталық: «Сендер де біз секілді кұстарсыңдар, бүгін біздің басымызға түскен ауыртпалық ертең сендердің бастарыңа да түсуі мүмкін» делік. Сөйтіп, қораз Тытава барлық құстарды бір жерге жинапты да, басынан кешкен уақиғасын шертіпті. Сонда кұстар: «Біз сенің көмекшіңізбіз, бірақ теңізге қарсы біз не істемекпіз?» - депті. Тытава: «Уа, жиналған құстар! Біздің камқоршымыз Анкаға1 жалбарыналық, тынбай сиыналық, бар даусымызбен жад етелік, ол бізді аяп теңіз Күзетшісінен кегімізді алып береді», - депті. Бұлардың тілегі қабыл болып, Анка келіпті де: «Бұл неткен жиналыс, мені неге шақырдыңдар?» - деп сұрапты. Олар теңіз Күзетшісінің істеген зорлығын айта келіп: «Сен біздің иемізсің, саған ұлы дәреже берген патшаның теңіз Күзетшісінен күші басым ғой, содан тілене гөр», - деп өтініпті. Анка бұл өтінішті орындапты. Бір кезде теңіз Күзетшісімен соғысқанда Анканы қолдаған патша келіпті. Теңіз Күзетшісі Анкаға ұлы дәреже берген патшамен салыстырғанда өзінің әлсіздігін аңғарыпты, сонымен балапандарды қайтарып беруге асықса керек, - депті.
1 Анка – араб ертегілерінде көп кездесетін, аңыз боп кеткен самұрық тәрізді құс.
244
Димнә: «Бұл нақылды айтқан себебім мынау, мысалы, қаншама күшті болғанымен, кауіпті іске ешкім де бармауы керек, өйткені ол қаза тапса, онда өз обалы өзіне демек, ал егер жене қалса, онда бұл тағдырдың жазуы деседі. Ақылды адам соғысуға асықпайды, қулықты қолдануға оңтайлы тұрады, ен алдымен шамасы келерлік зұлымдықты жіңішкелеп іске асырады», - депті.
Бұка: «Мен енді арыстанмен соғыспаймын, онымен ашық та, жасырын да жауласпаймын, оның өз тарапынан маған бір қауіпті әрекет сезбей тұрып, бұрынғы қалыптасқан жақсы қарым-қатынаста боламын», - депті.
Димнәға бұканың әлгі айтқан сөзі «қалыптасқан жақсы қарым-қатынаста боламын» дегені ұнамапты, өйткені жоғарыда айтылғандай, арыстан өзін күдіктендіретін мінездерді бұқадан сезбесе, онда Димнәға сенімсіздік көрсетуі мүмкін ғой, - деп ойлапты. Сондыктан Димнә: «Егер сен кездескеніңде арыстанға зер салып қарай білсең, іздегеніңді сонда табар едің», - депті.
- Бұқа: «Оны қалай білемін?» - дегенде.
Димнә: «Егер арыстан саған қарағанда артқы екі аяғын астына төсеп, шоқиып отырса, кеудесін керіп, құлактарын тігіп, екі көзін телмірте қадап, саған төне қараса, аузы ашылып, құйрығымен жерді сабалай берсе, сені өлтіруге көңілінің кеткенін содан білесің», - депті.
Бұка: «Егер одан осы белгілерді анғарсам, онда ниетінің бұзыктығына, әрине, күмәнданбас едім», - депті.
Осылай арыстанды Шатрабаға қарсы, Шатрабаны арыстанға қарсы үгіттеп болған соң, Димнә енді Кәлилаға қарай жөн тартгы. Келісімен-ақ Кәлилә одан: «Ісіңнің бағыты қалай?» - деп сұрады.
Димнә: «Екеуміздің ойлағанымыздай болып аяқталуға жақын қалды. Егер бір айлакер сұм ажыратуға кіріссе, онда екі бауырдың арасындағы махаббат төзе алмайтынын ұк, оған күмәнің болмасын», - депті.
Осыдан кейін Кәлилә меп Димнә екеуі арыстанға жолығу үшін барса, есігінің алдында Шатрабаны кездестіріпті, ол да сол үйге кірмек екен. Арыстан Шатрабаны көргенде, кеудесін керіп, арткы аяқтарын астына төсеп, шокиып отырыпты да, кұлактарып тігіп, тесіле карап, аузын арандай ашып,
кұйрығымен жерді сабалай бастапты. Арыстанның оны тарпа бас салғалы отырғанына күмәні қалмаған бұқа, өзіне- өзі сыбырлап: «Әкімге толық сене қоймайтын досты, өне бойы оның ызалы ашуынан, көңіл күйінің кұбылуынан, арада жүрген пасық жауыздың өтірік-өсегіне елігіп құйқылжуынан қауіптенген досты, жыланның көршісі деп біл! Ол түнде немесе түскі дем алатын кезінде мекеніне келеді де, жыланның өзін қашан шағарын біле алмай түршігеді немесе суда жүзіп бара жатып, қолтырауын қашан соқтығар екен деп қауіптенген кісі тәрізді болады», - деп, бұқа осыны бір толғап өтті. Бұқа осылай шешті де, егер арыстан шабуылға бет алса, онда арпалыспақшы болып әзірленіп тұрды.
Арыстан бұқаға қауіптене қарағанда, көкірегіне ұялаған арамза пиғыл бел алды. Димнә ескерткен белгілердің кейбіреулерін аңғарды да, бұканың соғысқалы келгеніне енді күмәнданудан қалды. Бір кезде арыстан бұканы бас салды, сөйтіп екеуі арпалыса кетті. Олар аянбай соғысты, екеуінен де қан шүмектеп ақты.
Кәлилә арыстанның жараланғанын, бұканың қанға боялғанын көріп, Димнәға қарады: «Мына салған лаңыңды көрші өзің, ақыры қандай ауыртпалыққа, қандай жексұрын жауыздыққа соқты», - деп күйзелді.
Димнә: «Оның масқаралығы неде? Осыдан қандай жауыздық көріп тұрсың?» - деп сұрағанда.
Кәлилә оған: Арыстанның масқара болуы, бұканың апатқа ұшырауы, әскерді еліктіріп, патша туралы оларға жүйесіз, берекесіз ой түсіруі мүмкін, міне, осының бәрі сенің тұрпайы қылығыңнан туып отыр, оны сен айлалы қулығым деп ұғасың. Сен білмейсің бе, ең тұрпайы есуастық, досын қажетсіз арпалысқа душар ету ғой, жеңіске жетер жерінде тәуекелге бел байлап арпалысқа кіріспейтін, басына келер пәледен сескеніп, былай да жеңермін деген үмітте болып сәтті мезгілді пайдаланбайтын жан болмайды. Егер сөйлесіп келісіммен тынатын істе уәзірі өз ұлығын соғыска итермелесе, жоққа арандатса, міне, бұл оның тілінен де гөрі зор жауы. Жүректің нашарлығынан тіл ауруға шалдығады, сондай-ақ ерліктің дерті де ақылдың алжасуынан туады. Егер ерлік пен ақыл бірінен- бірі ажырасса, онда арпалысқа кіргенде екіншісі болмай шықса,
Достарыңызбен бөлісу: |