Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй


Күргерей қарттың төртінші жыры



Pdf көрінісі
бет10/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

Күргерей қарттың төртінші жыры 
Иә, Райханның бүлдіршіндей жас кезі, жаңа бой жеткен шағы еді. Сұлу мұрт қайтқан 
жылдың  қысында  Шарбақ  көлдегі  атай  Иван  Максимовичтің  үйіне  апарып  орыс 
школасына бергем. Соны тамамдап келген кезі. Ауылда Сұлу мұрттың алыс бір ағайыны 
болатын. Сол енді «Райханды өз қолымыздан ұзатамыз, сыртта тентіреп жүргені жетеді» 
деп қазақшылықпен көзі зағип шешесі екеуін қолына кіргізіп алған. Содан бері Райханға 
тыныштық  жоқ.  Маңайдағы  ауыл  адамдарының  құда  түсуге  келмегені  кемде-кем.  Бірақ 
Райханның өзі еш жерді қаламады. 


Ұлы  кәнпеске  болатын  жылдың  басы  еді.  Қаңтар  өтіп,  ақырған  ақпан  келді.  Апталап 
соғатын  қалың  боран  ашылып,  шытынаған  аязды  ай  басталған.  Күн  көтеріле  бере  екі 
жерінен  құлақтанып,  қырауытып  шаңытып  тұрады.  Бетті  жалап  тұрған  ғаламат  бір  күн. 
Балта  аулының  кедей-кепшіктері  қолда  бар  соғымын  сойып  алып,  жаз  шыққанша 
талғажау  ғып,  тіршілік  етіп  жатыр.  Далада  шыңылтыр  аяз  қанша  кәрін  төксе  де,  ертең 
шығар  көктемнің  қамын  жасап,  көлік-саймандарын  жөндеп,  келер  күнге  зор  үмітпен, 
тілекпен қарайды. 
Байлар жағы тоң-теріс. Биылғы аяз арқаларын қарып жіберді. Ол – кәнпескенің аязы. 
Айлы  түні  тынымсыз  жортатын  аш  қасқырдай,  байлар  жағы,  әсіресе  Малжан  тұқым-
жұрағат, зәу-зәтін іздеп ауыл-ауылды кезіп, жан ұшырды. Бұрын шашау шығармай жиып, 
малайына  бір  түгін  қимай  келген  малын  жеті  атадан  қосылатын  жақыны  болса 
тыққыштап,  жалынып-жалпайып  жүріп  қорасына  кіргізіп,  жасыра  бастады.  Сүйте  жүріп 
мүләйім емес, қайта көлденеңге ашулы, ызбарлы. Күшігін алдырған қасқырдай аласұрып, 
жатақтарға  қанды  көзімен  қарайды.  Қолынан  келген  айуандығы  болса,  барын  салып, 
аянып  қалары  жоқ.  Өлім  алдындағы  сараңдай,  дүниедегі  не  асылдың  бәрін  артында 
қалдырмай қылғып жұтып, жайпап кетпек ниеттері. Бірақ қанша өршеленіп арылдаса да, 
Балта  аулының  кедейлері  айылын  жиған  жоқ.  Бар  айла-амалын  қолданып  екі  жүзді  қу 
түлкіше  құйрығымен  алдаса,  жатақ  жаққа  сыртын  беріп,  миығынан  күлді.  Әйтеуір  бай 
аулы  күнде  әбігер  де,  кедей  аулы  тыныш.  Осындай  тыныш,  бейбіт  күннің  бірі  болатын. 
Түн ортасы ауып, нағыз шырт ұйқыда жатқан кезіміз. 
Терезе кәсегі дүрс ете қалды. Шошып ояндым. Пеш үстінде жатқан Лиза да: 
– Күргерей-ау, бұл кім болды? – деп шашы жалбырап атып тұрды. 
Қора  ішіндегі  ит  те  шабаланып  үріп,  біресе  үлкен  қақпаға  барып,  біресе  үйдің  есігін 
тырналап шапқылап жүр. 
Терезе  түбінен  әлдекімнің  ыңырсыған  даусы  шығады.  Қырау  басқан  жамаулы 
шыныны  үрлеп,  сығалап  ем,  терезе  қуысына  бүк  түсе  құлаған  біреуді  көрдім.  Ай 
жарығында ағараңдап жатыр. Әйел адам. Бірдеме деп сөйлейді, бірақ даусы әлсіз, естілер 
емес.  Сырт  киімімді  де  үстіме  ілуге  мұршам  келмей,  дамбалшаң  тысқа  ата  шықтым. 
Жылмың етіп шыққан қара ит терезе түбіндегі адамға да менен бұрын жетті. Қабаған ит 
бөтен адамды жарып тастар ма екен деп, зәре-құтым қалмай: 
–  Кет,  әй,  кет!  –  деп  зекіп,  айғай  салып  келем.  Бірақ  қара  ит  терезе  алдында  бүрісіп 
жатқан  көйлекшең  адамды  бара  иіскеп,  құйрығын  былғаңдатып  тұр.  Мен  жете  бергенде 
алдымнан шығып, секіріп «аяғыңды бассаңшы» дегендей бір-екі рет абалап, қайта жүгірді. 
Қыңсылап, шыр көбелек айналады. 
Жалаң аяқ, жалаң бас, жалғыз іш көйлегімен дірдектеп жатқан Райхан екен. Үсті пара-
пара. 
– Жаным-ау, не боп қалды? – деп көтеріп алдым. Бір түйір жас көзімнен ыршып кетті. 
Райханның  кезерген  ерні  икемге  келмейді.  Өне  бойы  қалтырап,  «үйге,  үйге,  тез»  деген 


ишарат білдірді. Қақпаның аузына жете бергенімде шыңылтыр қарды сақыр-сұқыр еткізіп 
шаналы, салт атты адамдар екінші жақтан құйындай ұшып келіп қалды. Жүрістері суыт. 
Мен  де  жан  дәрменде  қораға  жып  беріп,  иығыммен  қақпаны  тіреп,  есіктің  жуан 
қалжуырын өткізе қойдым. Сыртта қалған қара ит арс ете түсті де, лезде қаңқ етіп дыбысы 
өшті.  Соның  артынша-ақ  аттан  түсе-түсе  ұмтылған  адамдар  қамшының  сабымен, 
сойылмен қақпаны ұрғылап, айғай-сүрең салды. 
Мен  әлі  де  не  болғанын  түсінбей,  Райханды  жылы  төсекке  салып,  жалаңаш  денеге 
тонды  қоңылтақ  кие-мие  қораға  қайта  шықтым.  Босағада  тұрған  ломды  білеулей  ұстап, 
есікке келсем, қақпаның екі-үш тақтайы сынып үңірейіп қалыпты. 
– Тоқтаңдар, не керек сендерге, – деп іштен айқай салып ем, тыстағылар бәсеңсіп: 
– Аш есікті, сен ол қызды жасырып отыра алмайсың, – деп сес көрсетіп, тілге келді. 
– Сендер кімсіңдер өзі, әуелі соны айтыңдаршы?! – деймін іштен. 
– Кім екенінде не әкеңнің құны бар, аш есікті!.. 
Өмірі  адам  баласынан  боқтық  естіп  көрмеген  басым,  не  болғанымды  білмеймін.  Өне 
бойым  қалтырап,  көзім  қанға  толып  етті.  Қақпаның  көлденең  ағашын  суырып  тастап, 
тысқа  ата  шықтым.  Есік  алдына  үймелеген  үш-төрт  адам  кейін  лықсып,  анадай  жерде 
тұрған  шананың  қасына  ошарылып  тұрып  қалды.  Тап  қақпаның  түбінде  сұлап  қара  ит 
жатыр. Ай жарығында тұмсығынан дірдектеп аққан қара қанын да көрдім. Иттің үстінен 
аттап өтіп, ұзын, жуан сүйменді ұршықша үйіріп: 
–  Ал,  келе  қойыңдар.  Тура  мына  қара  иттің  жолын  құштырайын.  Ал,  қане,  ер 
екенсіңдер, – деп аузыма да жөнді сөз түспеді. Ешқайсысы батып жақындай алмады. Мен 
де орталарына түспейін деп, есік алдынан ілгерілемей тұрмын. Олар енді жай орағытып, 
ара-арасында  мысқыл  сөзбен  кекете  бастады.  Дауыстарын  сездірмеу  үшін  мыңқылдап 
сөйлейді. 
– Әй, көк көз орыс, саған не жоқ?! Қыз алып қашу ата-бабамыздың салты. Сен, немене, 
ара түсейін деп пе ең? 
– Әлде өзің қатын үстіне қатын етіп алайын деп пе ең? 
Зығырым қайнап, өне бойым қалш-қалш етеді. Амал не? 
– Әй, хайуандар, осы сөзді не беттеріңмен айтып тұрсыңдар. Әкесіз қызды басынайын 
деген  екенсіңдер.  Көзімнің  тірісінде  еш  пендеге  Сұлтанның  аруағын  аттатпаспын,  – 
дегеннен  басқа  дәрмен  жоқ.  Бірлі-жарым  адам  болса  жайратып-ақ  салар  ем.  Олар  көп. 
Оның үстіне көлденеңдей ұстаған бір-екі сойылы да бар. 
– Мұның қамқоршылына не берерсің. Қаңғыған сары орыс енді билік айтуға жараған 
екен.  Мойның  ырғайдай,  битің  торғайдай  болып  келіп  ең  баяғыда.  Тойынайын  деген 
екенсің. 


–  Не  десеңдер  о  деңдер.  Мен  қызымды  сендердің  мазағыңа  бергенше,  осы  босағада 
мына қара иттің қасында қалармын, түсіндіңдер ме?! 
– Қызым дейді-ай. 
– Масқара-ай, мұсылманға кәпір әке болыпты дегенді қайдан естіп едіңдер. Заманның 
мүлдем бүлінгені-ау. 
–  Ал  енді  заман-маман  деп  оттамай  табандарыңды  жалтыратыңдар,  –  деп  ұмтыла 
түстім. Қаным қайнап кетті. 
– Әй, мынау не дейді? Қоршаңдар, жігіттер! – деп біреуі ащы дауыстап қалып еді, салт 
аттылар да атын тебіне түсті. Ыза қысқанда мыңқылдап отырған шанадағы адам да даусын 
өзгерте  алмай  қалды.  Таныс  дауыс.  Кімнің  даусы  еді,  батыр-ау.  Бірақ  ойлануға  мұрша 
жоқ. Оң жақ бүйірден таяна берген аттылы сойылын сілтей берді. Бұға беріп сүйменді мен 
де  қарсы  сермеп  қалдым.  Қақ  сойыл  сатыр  етіп,  шорт  үзіліп,  жұмыр  басы  көкке  ұшты. 
Екінші бірі сол жағымнан атын ойнақтатып келіп, қамшымен ұрып өте шықты. 
Сүйткенше  болмай,  ауыл  үйдің  адамдары  да  оянып  қалды.  Анадайдан  айғай-сүрең 
салып, жүгіріп келеді. Көше бойы абыр-дабыр. 
Аттылар алас-күлес тұра жөнелді. Салт аттының бірі сынған сойылын еңкейіп кеп іліп 
әкетем  дегенде,  аттың  сирағын  ала  сүйменмен  тартып  жібердім.  Қиралаң  етіп,  ышқына 
секірген ат ет қызумен шоңқаңдай басып кете барды. 
– Не болды? 
–  Бұл  не  сұмдық?!  –  деп  жеңіл  киімдерімен  жеткен  адамдар,  үрпиісіп,  сынық 
сойылдың  басын  алып  үйге  енді.  Райхан  құрғақта  қалған  балықтай  бұратылып,  жанын 
қоярға  жер  таппай,  домалап  жатыр.  Оң  жақ  аяғының  башайлары  боп-боз,  үсіп  кетіпті. 
Қанша уқаласақ та жан кірер емес. Лиза құрақ ұшып біресе жермай жағып, біресе қаздың 
майын тартып не істерін білмей жылап жүр. 
Райхан ыңырсып жатып: 
– Апам қайда, апам? Апамды әкеліңдер, – дей береді. Көршінің бірі жүгіріп Сұлтанның 
үйіне кетті. 
Райханның  аяғын  жылы  орап  оқиғаның  шет  жағасын  түсінгендей  болдық.  Денесі  бір 
күйіп,  бір  жанып  аласұрған  Райхан  тістеніп  жатып,  әрең  айтты.  Жағдай  былай  болған 
екен. 
Түн ортасында біреу келіп, «есік ашыңдар, жолаушымын» деп терезе қағады. Бейқам 
үй  мынадай  сұмдық  жай  боларын  қайдан  білсін.  Алаштың  азаматы  ғой,  суықта  жаурап 
тұр-ау деп Райхан аяғына кебісін іле салып қораға шығады да, сыртқы есіктің тиегін ашып 
жібереді. Сол-ақ екен, ар жағында анталап тұрған бір топ адам баса-көктеп cay ете түседі. 
Мезгілсіз  келген  суық  жүрісті  адамдардан  секем  алған  Райхан  жалт  беріп  қараңғы 


қораның  бір  түкпіріне  жасырына  қойыпты.  Үйге  енген  адамдардың  сұмдық  ойына  көзі 
жеткен Райхан мал қораға еніп, артынан дабыр естілген соң жан дәрменде төбедегі тесікке 
ұмтылып, көйлегін жырта-мырта тысқа шығады. Кебісі де қорада қала береді. Содан үйді-
үйді тасалап, қашып отырып біздің үйге жетіпті.  «Апырау, бұлар кім болды екен? Не де 
болса алыстан келген жоқ. Малжан аулының адамдары ғой», – деп долбарлап отырғанда, 
Жәкудә деген бір шал қақ сойылдың басын олай-былай айналдыра қарап, таңдайын қақты: 
–  Мынаны  мен  танып  отырмын.  Дәу  де  болса,  осы  Қарабеттің  сойылы.  Малжанның 
жеті  атасынан  бері  келе  жатқан  сойыл  деп,  қойдың  құйрығымен  майлап  отырғанын  бір 
көргенім бар еді. Қылтадағы жез білезік те, түйенің құмалағындай мына бір-екі қара бөз де 
көз  алдымда  қалыпты.  Көз  тиеді  деп  тірі  жанға  көрсетпейді  екен.  Мен  тосыннан  барып 
қалып көріп ем. 
Отырғандар  толқып  кетті.  Қызбалау  бір  жас  жігіт  боп-боз  қуарып,  қалшылдай 
түрегелді. 
–  Бұл  не  масқара?!  Мынау  кешегі  Сұлтан  ағаның  ғана  аруағын  қорлаған  емес,  бүкіл 
Балта аулын мазақ қылғаны ғой. Қашанғы бұлар төбемізге әңгір таяқ ойнатып, басынады. 
Бостандық,  теңдік  дейміз,  мына  байлар  тұқымымен  құрымай  тұрып  бізге  күн  жоқ.  Ой, 
үрім-бұтақ, зәузәтінді... 
Осы кезде бағана Райхан үйіне кеткен адам қайта кірді. Өң жоқ, түр жоқ, сұп-сұр. 
– Оу, тағы не боп қалды? Апай қайда, неге алып келмедің?  – деп үйдегілер жамырай 
тұрды. 
– Апайды таба алмадым. 
– Ой, таба алмағаны несі?! 
– Үйіне бармадың ба? 
– Бардым. 
– Ал, иә? 
– Ой, өзің аузыңнан сөзің түсіп не былжырап тұрсың? Айтсаңшы. 
– Ойпырмай, айтады ғой. Асықпасаңдаршы. Өзің отыршы мына жерге. 
– Барып ем... есік алық-тұлық ашық жатыр. Көрпе-жастық шашылған. 
– Не дейді, жаным-ау. Тағы не сұмдықты бастап келесің? 
– Сұмдығы несі. Өзеуремей тұра тұршы. Иә, сосын. 
– Үй ішін қарамаған жерім жоқ. 


– Ой, ол аядай  жерде жасырынып жататын сайтан дедің бе, қораны неге қарамадың? 
Қызының соңынан шығам деп, көзі жоқ сорлы бір қалтарыста адасып қалған ғой. 
–  Сен  де  жоқ  сөзді  айтады  екенсің.  Өз  қорасы  түгіл  бүкіл  ауыл  үйді  жалғыз  аралап 
шығатын адам адасушы ма еді. 
– Ех, мындайда көзі жоқ адам тұрмақ, екі көзі шырағдандай адамыңнан да ес қалмас, – 
деп жұрт кимелей жөнелді. 
– Таяғы да үйде, мәсісі де төсағаштың алдында жатыр. 
– Ойбой, онда құрыған екенбіз. 
Бәріміз орнымыздан өре тұрып, Сұлтан үйіне қарай жүгірдік. Жаңа ғана аз тыныстап, 
ұйықтаған Райхан ғана бейхабар, үйде қала берді. Естісе де ілесіп шығар дәрмен жоқ. 
Бұл уақытта ай да батқан екен. Таң қараңғысымен бүкіл ауыл боп Алтыния жеңгейді 
іздедік. 
Жығылғанға  жұдырық  дегендей,  сол  түнде  Алтыния  да  дүние  салды.  Қызының 
соңынан жан дәрменде далаға шыққан марқұм үйден ұзап кеткен екен. Қайтып үйді таба 
алмай,  адасып  ауыл  сыртына  шығып,  желбегей  қалпында  қақаған  суықта  ұшып  өліпті. 
Суық мәйітті таң сәріде тауып алдық... 
Алтыния жеңгей қайтыс болған күні-ақ ел іші шулап: «Адамшылықтан безген иттерге 
құдай  тағаланың  да  бір  зауалы  бар»,  –  деп,  кәрілер  жағы  Малжан  аулын  қарғап-сілесе, 
жастар жағы кінәлі адамды тауып алып, жазалау керек деп аяғынан тік тұрып аттан салды. 
Райханды алып қашуға келген адамдар Қарабеттер екен деген сөз көп ұзамай-ақ дүңк-дүңк 
етіп, ел арасына тарап кетті. Алтынияның жетісін берісімен, бір топ жігітті ертіп Малжан 
аулына келдім. 
Бұрынғыдай  емес,  теңдік  тигеннен  бері  кедей  жастары  да  ширығып,  бай  аулының 
адамдарынан  жасқанбай,  именбей,  иық  теңестіре  отырып  сөйлесетін.  Бұл  жолы  да  тура 
Малжанның өз үйіне баса-көктеп енген жігіттер әй-түйге қарамай, байдың жағасынан ала 
түсті.  «Бұл  не  басынғандық»,  «түнделетіп  келіп  қыз  алып  қашу  қалған»,  «әйел  адамға 
бостандық,  өз  қалағанына  барады»,  «Алтыния  шешейдің  өліміне  құн  сұрай  келдік, 
Қарабеттен басқа ешкім емес мұны істеген. Қанға қан. Балаңды қолымызға бересің», – деп 
қиғылықты салып алдық. Қарабет те үйінде екен. Зәре жоқ. Жүкаяқтың қуысына тығылып 
алған, көзі жасаурап, Малжанға қарай береді. 
Малжан байдың жаны мұрнының ұшына келді. 
–  Қарақтарым,  дәт,  дәт.  Әуелі  тілге  келейікші.  Отырыңдар,  қонақ  болыңдар,  –  деп 
жылы  сөйлеп,  ішке  еніп  барады.  Бұрынғыдай  көзі  қанталап,  арс  ете  түсу  жоқ,  орнынан 
ұшып тұрып бәйек болып жатыр. Жігіттер босағадан аттаған бойы тізе де бүкпестен, сес 
көрсетіп, тапжылмады. Қамшыларын екі бүктеп, білемдей ұстаған. 


–  Айналайындар-ау,  қазақ  емессіңдер  ме,  тым  құрымаса  құйрықтарыңды  жер 
иіскетсеңдерші,  бұларың  қалай,  –  деп  Малжан  жігіттерді  отырғыза  алмаған  соң,  маған 
бұрылды. – Шырағым Күргерей, сенің кішкене есің бар ғой. Мына жастар балалық қылып 
тұр. Төрлетші өзің, сөйлесейік. 
Есік жақтан сығалаған Малжанның бәйбішесі де жігіттерге қарап: 
– Балаларым-ау, бұл тұрыстарыңа жөн болсын. Мыналарың ырымға жаман екен. Сиыр 
желіндеп  тұрғанда,  бұларың  келіспейді,  қарақтарым.  Мал  түрегеп  тұрып  бұзаулайды,  – 
деп ойынға жеңдіріп, күлген болады. 
– Жоқ, біз қонаққа келген жоқпыз. Бізге Қарабет керек. Қане, жүр! Шығамысың, жоқ 
па,  –  деп  жігіттер  Қарабетке  ұмтылып-ұмтылып  қояды.  Бірақ  көзбен  көрмеген  соң,  оны 
тарпа бас салудың ешқайсымыз ретін таба алмай тұрмыз. 
Сөйтіп тұрғанда бай ауылдың да жігіттері жиналып қалды. Бір сойқанның болуы аян. 
Біз не де болса дайынбыз. 
Сырттан келген қамқор адамдарының бойын көрісімен Қарабет те бағанадағыдай емес, 
батылданып, өз ұяластарының арасында тұрған төбеттей қайқайып шыға келді. 
–  Сендер  кімді  басынасыңдар?  Кеше  ғана  босағадан  сығалай  алмайтын  қу  кедейлер, 
енді  қоң  бітіп, құтырайын  деген  екенсіңдер.  Кәне  үйді  босатыңдар.  Кінәлі  адамдарыңды 
тауып алыңдар, сандалмай, – деп даусы да шыға бастап еді, Малжан зекіп тастады: 
– Қой әрмен, кергімей. Сенің де тілің ащы-ау. Бір ауылдың қадірлі адамы өліп жатса, 
бұлар ашынбағанда кім ашынады. Істің ақ, қарасына жетіп алмай, буынсыз жерге пышақ 
қоятын бұлар да бала дедің бе? Одан да жоғын бірге жоқтасатын сен де бір елдің азаматы 
емессің  бе!  Бетіңмен  шаптықпай,  жайыңа  отыр!  Ал,  шырақтарым,  от  ала  келген  жоқ 
шығарсыңдар,  отырыңдар,  сөйлесейік.  Бәрің  де  бір  үйдің  иесісіңдер,  жата-жастана  бір 
малдың  басын  жеп  кетіңдер.  Егер  Қарабет  кінәлі  болса,  міне,  қолдарыңда,  қайда  кетер 
дейсің. Осы күні заң бар емес пе?! 
Қанша зығырданымыз қайнап келгенмен, тап басып айтар дәлеліміз болмаған соң, біз 
амалсыздан отыра бастадық. 
Малжан маған қарап сөз бастады. Шоқша сақалын тістелеп, байыппен сөйлеп отыр. 
– Күргерей айналайын. Сұлтанның үй ішінің мынадай күйге ұшырап қалғаны бәрінен 
де саған бататыны аян. Естігеннен бері менің де белім қайысып отыр. Бір кездерде қанша 
араздасып  жүргенмен  ағайын  емеспіз  бе.  Бара  алмай  да  жатырмын.  Ал,  енді  өзің  затың 
орыс  болғанмен,  қазақтай  болып  кеткен  сен  де  бір  ағайынның  баласысың.  Мына  бір 
жайды ойыңа салып көрші: Қарабеттің он жыл отасқан әйелі, балалары бар. Қатын үстіне 
қатын  алатын  бұрынғы  заман  жоқ.  Ендеше  сол  түні  Сұлтанның  қызына  Қарабет  барды 
деудің  реті  келмейді-ау  деймін.  Лайығы  жоқ  әңгіме.  Ауылдағының  аузы  сасық  дейді. 


Әшейін бір алып қашпа өсек болар. Байыбына жетейік. Осы  маңда  басқа ауыл да, басқа 
жігіттер де бар. Қарабет деудің қисыны келер ме екен. 
– Ой, ол әшейін сандырақ қой! – деп Қарабет тағы шап ете қалды. 
– Қысқарт, саған деген сөз жоқ. – Малжан баласының бетін тағы қайтарып тастады. 
Жігіттер  тықыршып,  маған  қарай  береді.  Ендігі  сөзді  мен  сөйледім.  Бойымды  ашу 
кернеп отырған. Мүләйімси сөйлеген Малжан байға кәрімді төгіп, тілімді сұға бастадым. 
– Ағайынбыз дейсің. Бай аулы қашан біздің ағайынымыз болып еді. Қашан жел тұрып 
көтерілсе  сендер  жақтан,  өрт  шықса  сендер  жақтан  шықпаушы  ма  еді.  Қай  күні  бізді 
көздеріңе іліп, адам екен деп қатар отырып сөйлесіп едіңдер. Енді міне, ештеме көрмеген 
мысықтай мүләйім болып отырсың. 
– Әй, тіліңді тартып ұста. Сен өзің бай ағамды сіз деуден де қалыпсың ғой, көргенсіз, – 
деп Қарабет араласа түсіп еді, Малжан тағы да бетін қайырып тастады. 
–  Тоқтат,  әрі.  Иесіз  үйдің  қатыны  басшы.  Үлкен  отырып  кіші  сөйлегеннен  без. 
Күргерей  «сен»  дегеннен  хандығымнан  түсер  дедің  бе.  Сен  деп  сөйлесе,  орыс  баласы. 
Бұлар  сіз  дегенді  ежелден  білмейді,  ата-бұтасына  жазбаған  сый-сияпатты  Күргерейден 
сұрайын деп пе ең? Онда тұрған не бар, сөйлей бер, – деп шымшып алды. 


–  Ақсақал,  орыс  баласы  деп,  олай  астарламай-ақ  қойыңыз.  Күргерей  биязылықты 
бәрімізден  артық  біледі.  Бірақ  сіздің  ел  алдындағы  қадіріңізге,  құныңызға  қарай  сөйлеп 
отырған болар, – деп біздің жігіттердің бірі де іліп түсті. 
Осы  тұста  отырғандар  тағы  да  екі  ұдай  болып,  шулап  кетті.  Қамшыларын  көтерісіп, 
орындарынан  ұшып-ұшып  тұрды.  Бірақ  Малжан  үндеген  жоқ.  Төмен  тұқырайған  қалпы 
«е, заман десейші, заман» деп терең күрсініп жерден басын көтермеді. Ақыры мен: 
– Ал, ақсақал, істің байыбына заң жетер. Егер осының шындығы ашылса, аянар деме. 
Қолда қалған Қарабеттің сойылы-ақ бізге жетеді. Енді біз бұрынғыдай басындырып отыра 
алмаймыз.  Мойындар  ма  деп  келіп  едік.  Алтынияның  өшін  алмай  тынбаймыз,  –  деп 
жігіттерді ертіп шығып кеттім. 
Содан  былай  ел  ішінде  Алтыния  адасып,  үсіп  елетін  түн  туралы  әңгіме  естілсе-ақ 
құлақ түріп жүрдік. Бірақ, ауыл арасындағы өсек қырық саққа жүгіріп, біреулер Райханды 
алып қашуға бөтен бір ауылдың жігіттері келіпті деп сырттан тон пішіп долбарласа, сойыл 
Қарабеттікі  емес,  өз  басымен  әлек  болып  жүрген  адам  қызды  қайтсін  деген  де 
жанашырлар  шықты.  Сүйте-сүйте  әңгіме  арты  сұйылып,  суи  бастап  еді,  оған  ілесе  ұлы 
кәнпеске  жүріп,  мүлдем  ұмыт  болды.  Жарты  жылдай  төсек  тартып  жатқан  Райхан  да 
жазылып, қайта қатарға қосылды. Қалада оқыған Райхан бұл уақытта орысшаға жетік еді. 
Біз көбінесе орысша сөйлейтінбіз. Балта аулындағы өзі қатарлы қыздардай бұйығы емес, 
ашық, ақ жарқын болып өскен өндірдей Райхан әкесіне тартқан көрікті. Маңайдағы ауыл 
жастарының  аузының  суы  құриды.  Әйтсе  де  сөз  айтып,  көңіл  білдірсе  де  өздерін  қораш 
санайды. Шынында да сол кездегі оқыған, көзі ашық Райханның кімнен болмасын еңсесі 
биік еді. Жазғы демалысқа келгенде ауыл балаларын жиып алып ел арасына бұрын-соңды 
тарамаған  жаңа  әңгімелер  айтып,  әріп  үйретіп,  сауаттарын  ашуға  да  талпынатын.  Аяғы 
үсіп жатқаннан бері ешкіммен ашылып сөйлеспейтін бұйығы, тұйық болып алды. 
Жаз  шыққанша  үйде  жатып  жазылған  Райханды  бір  күні  жеке  алып  шығып,  ұзақ 
әңгімелестім. 
– Райханжан, Сұлу мұрт екеуміз ағайынды-інілі адамдаймыз. Оны түсіндірудің қажеті 
жоқ.  Сұлу  мұрттың  бар  тілегі  сенің  үстіңде  болып  кетіп  еді.  Райханымды  шамаң  келсе 
оқыт, бар аманатым, достық тілегім сол деп менен өтінген. Мен ақтық демім қалғанша сол 
арызын  орындаймын. Бер  тілегімді.  Бүгіннен  бастап  мен  саған  әке  орнына  әке  болайын. 
Сен  әкесіз  жетіммін  деме,  мен  баласыз  қу  баспын  демейін.  Мен  енді  әкеңмін,  сен 
қызымсың,  –  дегенде  Райхан  маған  ұзақ  қадалып  тұрды  да,  мойнымнан  құшақтай  алды. 
Үнсіз тұрып, ұзақ жылады. 
Міне, сол күннен бастап, мен оның әкесі болдым. 
Ұлы кәнпеске күрт келді. Байлардың малын шетінен шыртылдатып алып, бөліске сала 
бастады. Малайлықта жүрген жалшы-жақыбайлар бай малының мұрнынан тізіп жетелеп, 
қарық  болып  қалды.  Ұзыннан  кегі,  қысқадан  өші  бар  кедейлер  бай  малына  құрықты 
аямай-ақ салды. 


Малжан кәнпескеге еш қарсылық жасамай, малын алып жатқанда сыр бермей жүр еді, 
іш  пікірі  ішінде  екен.  Көп  ұзамай,  бір  түнде  қыруар  малымен  қашып  кетті.  Қарабет  те 
кетті. Малжан кіші тоқалын ғана алып, қалған екі әйеліне сездірмепті де. Бірақ жай кеткен 
жоқ, артынан шыққан қарусыз қуғыншылармен ұрыс салып, екі адамды мылтықпен ауыр 
жаралап кетті. Біз де бармағымызды тістеп қала бердік. 
Сол жылы ел тұрмысы түзеліп, жұрт қоңайып қалды. Балта аулының үй басы соғымды 
бірінен соң бірі сойып, етті қан сасытты. Көрші ауылдар болса, оның үстіне мойын серікке 
бірігіп, егін салып, нанға да жарыды. Бұрын талай рет егіннен аузы күйген біздің Балта ол 
жылы  мойын  серікке  біріге  қойған  жоқ.  Өзді-өзімен  болып,  алған  малдың  етіне 
тоқмейілсіп жата берді. Бірақ бұрын мұншама мал ұстап көрмеген кедей ауыл бірден мол 
байлыққа күп етіп түсе қалған соң, оның ретін тауып та жұмсай алмады. Суат ойып жүріп, 
төбесіне  сыймайтын  жарғақ  тымағын  бір  құлағынан  екінші  құлағына  қарай  қисайта 
бастырып, үнемі суықта бүрісіп жүретін Боташтың бір өзі сол қыста алты мал алған. Бос 
сөзден басқаға қыры жоқ, шаруаға ұқыпсыз сол Боташ: «жаудың малын жауша шап деген, 
биыл  бір,  ішін  ұрайын,  бүйірді  шығаратын  шығармыз»  деп  жүріп  бар  малын  қырып, 
сойып  алыпты.  Көктемге  жалғыз  арық  бурыл  атпен  шықты.  Мұндайлар  жалғыз  Боташ 
емес. 
Көктемде  ел  тағы  да  тарыға  бастады.  Күзде  азбыншы  астық  жинап  алған  көрші 
ауылдардың тұрмысы мүлдем бөлек. Осыны көріп отырып біз де енді тырбана бастадық. 
Тағы да ел ақсақалдарын жиып бас қосып, ақыры мойын серікке біріктік. 
Иә,  айта  берсек  әңгіме  көп.  Сол  жылы  Райхан  да  қаладағы  оқуын  тамамдады.  Келе 
ауыл  жастарын  басқарып,  жұмысқа  бел  шеше  кірісті.  Өзі  комсомол  қатарына  кірген. 
Жүзіктің көзінен өткен жас балалар, жігіттер жаздай үлкендермен қатар жұмыс істеп, тағы 
да  егін  ектік.  Ел  қанша  жүдеу  болғанмен,  көрші  ауылдардан  ауыс-түйіс  жасап,  әйтеуір 
күзгі бидайға жеттік-ау. 
Бір  күні  ауыл  іші  шу  ете  қалды.  Мен  ұста  дүкенінде  көрік  басып,  темір  соғып 
жатқанмын.  «Малжанды ұстап әкепті, Қарабет те бар, ауылнайдың кеңсесіне әкетті» деп 
жұрт жүгірген соң, мен де жұмысымды тастай беріп, солай қарай келдім. 
Ауылнайдың  кеңсесі  Байбосын  деген  шалдың  бір  жақ  бөлмесінде  болатын.  Үй  маңы 
ығы-жығы  толған  бала-шаға,  қатын-қалаш.  Бәрі  де  тірідей  қасқыр  ұстап  әкелгендей 
қызықтап,  Малжан  байды  көруге  ынтығып,  үйге  кіруге  жол  тимей,  есік  көзінде  үйме-
жүйме болып тұр. Албардың қасында тоқыма қорабын терімен қаптаған жеңіл ләкшеңкеге 
жегілген  пар  ат  тұр.  Сүмектей.  Қамыт,  шілиясының  асты  ақ  көбік.  Тегі  қашқынды  осы 
арбамен әкелген болуы керек. Арба ішінде кішкентай қызын алдына алып, бетінен басып 
Жәміш отыр. Сыртта тұрған әйелдер: 
– Батыр-ау, қалай ұстап әкелген, Қытай асып кетті деп жүргендері қайда? 
– Тегі жолда ұсталған ғой. 
– Қарағым-ау, осы күні милиция тескен тау өтіп кетсе де таппай қояр ма?! 


– Жерге кіріп кетсе де суырып алар. 
– Әй, өзі қандай болды екен? Жүдеген шығар ә, қашып жүру оңай дейсің бе? 
–  Жүдейтіндей  оған  не  көрініпті.  Біреу  арқасына  жүк  салды  дейсің  бе?  Суыр  інде 
жатқан сайын семірмей ме, – десіп, ішке кіре алмай дабырласып жатыр. 
Мен әйелдердің ара-арасымен үйге сыналап кірдім. Босағадан аттай бере, қара көлеңке 
бөлме ішінде отырған адамдарды көргенде өз көзіме өзім сенбей тұрып қалдым. Дөкірлеу 
жасалған биік, сом столдың қасындағы сәкіде ауылнай Жарылқаппен қатар Қарабет отыр. 
– Оһ, Күргерей де келді. Аман ба, Күргерей, үй іші, бала-шаға... – деп маған күлімсірей 
отырып сәлем берді. 
Үлкен  бір  іс  тындырғандай  шірене  түсіп,  жөткірінеді.  Жүзінде  қысылу,  қымтырылу 
дегеннен белгі жоқ. Тек бетіндегі жалпақ қара қал ғана түксиіп, анда-санда жыбыр етеді. 
Еденін  қи  араласқан  сары  балшықпен  сылаған  бөлменің  бір  бұрышында  томардай  боп 
тізерлеп Малжан отыр. Екі қолын артына байлаған. Қып-қызыл нарттай бетінде қазір қан, 
сөл  жоқ.  Екі  ұшы  ширатылып  тұратын  әдемі  жез  мұрты  топшысы  сынған  шымшықтың 
қанатындай  салбырап  аузына  түскен.  Жүзінде  ауыр  кейістік  бар.  Торсықтай  томпайып 
тұратын  қарны  ортайыпты.  Торға  түскен  құстай  басын  екі  иініне  тығып,  жерге  қарай 
береді.  Менен  бұрын  отырған  екі-үш  ақсақалмен  ақылдасқан  болуы  керек,  ауылнай 
орнынан тұрды. 
– Ал, енді бұл адамды бүгін аудан орталығына жеткізу керек, ауылдан ат дайындаңдар, 
милицияның қолына табыс етейік, – деп еді, Қарабет те орнынан тұрып: 
–  Aт  тапсаңдар  болды.  Мұны  мен  өзім-ақ  апарамын.  Неше  күн  бойы  ұйқы-күлкі 
көрмей  жеткіздім.  Енді  қалған  бір  күнге  шыдармын,  –  деп  міз  бағар  емес.  Малжан 
талаураған қанды көзімен бір қарады да, шырт түкірді. 
Соған дейін мен бұл жайға түсінген жоқ ем. 
–  Бұл  қалай  өзі.  Мына  бай  болса  байлаулы.  Қарабет  болса  «өзім  апарам»  деп  дікің-
дікің етеді. Түсінсем бұйырмасын, – деп ауылнайға қарадым. 
Менің сөзім өзіне онша қолайлы болмаса да, Қарабет сыр бермеді. Бұрынғыдай беттен 
ала түсетін мінез жоқ. Сұлу сыпайы күліп, маған жауап берді. 
–  Әрине  түсінбейсің,  Күргерей.  Менің  ұстап  әкелгеніме  таңғалып  тұрған  шығарсың. 
Мен  де  өздеріндей  ішіме  қан  қатып  амалым  құрып  жүрген  жан  едім.  Ақыры,  міне,  өмір 
бойы  малайлықта  салпақтап,  осының  малы  үшін  боранда  ығып  өлген  марқұм  әкемнің 
кегін қайтардым. Оның несіне таңданасың... 
– Олай болса неге бірге қашып кеттің? – дедім зығырым қайнап. 


–  Ә-әһ,  бұл  сұрағыңның  жөні  басқа.  Әуелде  менің  тегіме,  затыма,  әкем  марқұмның 
жалшылығына қарамай бәрің күстана қылдың. Байдың баласы, жаттың баласы, табы басқа 
деп,  бәрің  соңыма  түскен  жоқсыңдар  ма.  Содан  кейін  ел  басылсын,  ақылға  келсін,  ет 
қызуда біреудің қолынан жазықсыз мерт боп кетермін деп бас сауғаладым. Ақыры бүкіл 
малымен бөтен елге өтіп кетем деген түні, не де болса еліме қайтып оралып, ақталайын, 
шынымды айтып, арылайын, ел-жұртымның алдынан өтейін деп, қапысын тауып мынаны 
әкелдім.  Содан  Керекудің  ар  жағынан  қайттым.  Одан  әрі  күткенімде  бұл  өтіп  те  кететін 
еді.  Ал  енді,  мені  не  істесеңдер  де  қолыңдамын,  ағайын.  Талжан  әкемнің  кедей  екені, 
жалшы екені бәріңе аян. Бұл – шындық заманы. Ақ адалына хүкімет жететін шығар, – деп, 
Қарабет  көсіле  жөнелді.  Талайдан  бері  жаттап  алған  сөз  секілді,  сайрап  тұр.  Малжан 
үндеген жоқ. 
Үй иесі Байбосын араласты сөзге. 
– Әй, Қарабет, біз қазір сенің ақ адалдығыңды сарапқа салып отырғанымыз жоқ. Оны 
ертең-ақ жоғарғы жерде шешер. Бір ғана айтарым бар. Арттарыңнан шыққан қуғыншыға 
мылтық атқанда, жүрегің таза болса, неғып қарап тұрдың? 
– Бәке-ау, менің қолымда мылтық болды ма, мына қара жүрек, өз ағасын аямаған, мені 
де атып кетпес пе еді. 
– Ә, қорыққан екенсің ғой. Ол жөн. Бас сауғалағаның дұрыс болған. 
–  Оһ,  кәпірістан.  Бердеңке  сенің  қолыңда  еді  ғой,  –  деп  Малжан  оқты  көзімен 
Қарабетке тесіле қалғанда, Қарабет те түксиіп төне берді. 
Шыдай алмадым, иығынан қапсыра алып, лақтырдым. 
Қарабет маған ләм деп аузының жігін ашқан жоқ. 
–  Жала,  жала.  Қарашы  енді,  тісінің  қанын  маған  жаққысы  келеді.  Хүкімет  әділдігіне 
жетер. Оған айылымды да жимаймын, – деп Малжанға сөйлей түрегелді. 
Сол күні ауылнай екі жігітті қасына қосып, Малжан мен Қарабетті ауданға жөнелтті. 
Артынан естідік, Малжанды жер аударыпты. Ал, Қарабет екі-үш ай абақтыда отырып, 
жоғарғы  жаққа  шағым  жазып,  өзінің  кедей,  жалшы  Талжанның  баласы  екендігін  айтып 
ақталыпты.  Бірақ  көп  уақытқа  дейін  ел  жаққа  келмеді.  Тек  қар  жауып,  із  басылғаннан 
кейін ғана оралды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет