Күргерей қарттың соңғы жыры
– Ал, балам, бірін айтқан соң, бәрін айт дедің ғой. Ойнасақ та біраз жерге шаптық
дегендей, мен өзі, өткен өмір зауалын біраз әңгімелеп бердім-ау деймін. Біздің елде
баяғыда бір ұрыншақ, төбелесқой жігіт: «Бастан қан шыққан соң, не тұрыс бар, іздегенім
бата оқыр», – деп қайда жанжал, қайда төбелеске қойып кетуші еді. Ел арасында сол сөз
бертін мәтел боп кетті. Сол айтпақшы, бір бастаған соң енді түгел айтайын, сен Қарабет
жайын сұрадың ғой. Мен соңғы жылдарда болған бір уақиғаны жыр ғып берейін.
(Күргерей қарт қайқы бел трубкасына мүкті басып-басып салды, баппен тұтатып,
аузын толтыра сорады. Сосын барып қайтадан әңгімесіне кірісті.)
Райхан ұсталып кеткеннен кейін менің халім мүшкілге айналды. Ауданнан адамдар
келіп, талай рет тексеріс жүргізіп, әлек-шәлегімді шығарды. Бірақ мен ол уақытта ештеме
деп қарсы сөзге келе алмадым. Не дейін? Шынын айтқанда, өзім де ол кезде толқып,
көңілімде екі түрлі дүдәмал ой алысып, басым даңғаза болды. Бірі: «Апырай, өмір бойы
кедейлікпен өткен, жатақтан шыққан Сұлтанның жалғызы шынымен осындай жаман атқа
ілінгені ме?! Шынымен өзі өскен алтын ұясын тепкені ме» деген түйткіл болса, екіншісі:
«Қой, Райханым ондай емес, олай болуы мүмкін емес» деген көңіл сергітер ой еді. Бірақ
екеуіне де табан тіреп, нық басып тұра алмайтынмын. Ол кездегі жағдайдың өзі солай еді-
ау.
Әбден көзге шыққан сүйелдей қыр соңымнан қалмай, артымнан жазықты сиырдай
қуалай берген соң, бір күні Омбы жаққа көшіп кетпекші болдым. Менің жағдайымды
естіп осы күнгі шопр Оспан бір күні түнде үйге келіпті. Қасында екі-үш ақсақал бар.
Оспан баяғы өзіміздің Балта аулының жігіті. Әттең оқымай қалды демесе өткірлігіне
ақылы сай, жасынан-ақ пысық, өткерілген жігіттің бірі ғой.
– Күргерей аға, – деді ол, ақсақалдарға қарап, сендердің де атыңнан сөйлеп отырмын
дегендей ишарат білдіріп. – Сізге әдейі келіп отырмыз. Жағдайыңызды көріп те, естіп те
жүрміз. Оңай емес. Кішкентайынан бауырыңызға салып, қамқорыңызға алған Райхан
жайы сізге ғана емес, бәрімізге де батады. Оның қалай алжасқанын кім білсін, әйтеуір жүз
ойланып, мың толғанып өз басым түсіне алмай-ақ қойдым. Бірақ, ол үшін кінәласа жалғыз
сізді ғана емес, бәрімізді де кінәласын. Кейбір адамдардың сіздің қыр соңыңыздан қалмай,
«отырса опақ, тұрса сопақ» дегендей мазаңызды алып жүргенін де білеміз. Бірақ битке
өкпелеп, тоныңызды отқа салмаңыз. Кеше талай ауыр жылдарда Сұлтан екеуіңіз бүкіл
ауылды арқамен көтеріп, кеудемен тартып, ел қатарына қостыңыздар. Ал бүгінде сіз сол
елден кетсеңіз, ана Сұлтанның аруағы риза емес, біз де риза емеспіз. Елдігіміз қайда?
Басқа ауыртпалық түскенде, енді керегің жоқ деп арқаға бір салып қоя берсек, елдік
қасиеттен не пайда? Райхан үшін жазалауы мүмкін емес, егер олай бола қалған күнде,
қайда барып паналамақсыз? Қашқан адамға жер ұлтарақтай. Одан да, не көрсеңіз де
еліңіздің ортасында отырып көріңіз.
Ақылды сөзге арсыз да тоқтайды. Мен райымнан қайттым. Бірге өсіп біте қайнасқан
елден ажырауға өзім де іштей қиналып, көңілім ортайып жүруші ем, әлгі сөзден кейін
қайта ширықтым. Не көрсем де артымда елім бар екен ғой, азға өкпелеп, көпке топырақ
шашпайын деп, елде қала бердім.
Келе-келе қаңқу сөз де ұмыт бола бастады. Менімен жақындасып сөйлесуге қорқып,
үркіп жүретін кейбір су жүректерге дейін бұрынғыша араласып, ауыл-үй қонып кетті.
Бірақ көресіні Қарабеттен көрдім.
Кешегі соғыс жылдары елден ер-азамат кетіп, колхоз шаруашылығы кеміп, төрт
құбыламыз түгел сөгіліп ойсырап қалған кез. Аяқ астынан «Жаңа талапқа» Қарабет
басқарма бола кетті. Бұрынғы қияпатын бес саусақтай білетін ел іші дүрлігіп, наразылық
білдіріп, оны жолатқысы келмеп еді, ол қарқыны ұзаққа бармады. Колхоз ішінен
суырылып шығар жігіт жоқ, бәрі армияда, ақыры жұрттың амалы құрыды. Көптің
ұйғарғаны да, қалауы да мен едім. Бірақ ол тілектері де қабыл болмады. Оған басты себеп,
менің қара тани білмейтін сауатсыздығым болса, қала берді Райхан жайы алдымнан кесе-
көлденең шығып, бетіме шіркеу бола берді.
Қарабет басқармалық таққа отырысымен ара-тұра жұмыс бабын сылтауратып
қиғылықты салып, басыма әңгір таяқ орната бастады. Бетпе-бет жеке кездесе қалған
жерде: «Баяғыны ұмыттың ба, Райханның әкесі? Көзіңе шыбын үймелетермін әлі», – деп,
Қосимановты аузына алып, қоқан-лоқы жасайды. Біреуге барып шағым жасауға
намыстанам. Кейбір колхоз жиналыстарында көп атынан артель шаруашылығын нашар
басқарып жүргенін, қымыз ішіп, пар атпен ел ақтаудан басқа бітіріп жүргені шамалы
екенін айтқаннан әрі аса алмаймын. Райханның тұсында тауым шағылып қалған, ұрының
арты қуыс дегендей өз-өзімнен қуыстанып, тісімді қайрағаннан басқа амалым жоқ. Өстіп
мысым құрып жүргенде, еңбек армиясына алындым...
Ақыры соғыс бітіп елге оралдық. «Жаңа талаптан» кеткен жігіттердің жартысынан
көбі келмеді. Кейбір тірі қалғандары көп уақытқа дейін әскер қатарынан босамады.
Балалары қайтпай, соғыс ауыртпалығынан күйзелген елдің шаруашылығы да төмендеп,
жүдеушілік кіріпті. Таңның атуы, күннің батуы соқа соңында, мал соңында салпақтап
жүрген қатын-қалаш, бала-шаға тамақтан да, киімнен де тарығып титықтап қалған. Тіпті,
айта берсең, қант, шай, сабын, сіріңке деген күнделікті тұрмысқа қажет дүниелердің өзі
тапшы. Бәріне ділгір, бәрі қат.
Жігіттердің ішінен он екі мүшесі сау оралған шопр Оспан. Ол келісімен, колхоз
қорасында тот басып іске алғысыз болып жатқан полуторкасын далаға сүйреп, үш айдай
жатпай-тұрмай жөндеп, Қарабетпен алысып жүріп, керекті саймандарын сатып алып,
жөндеп шығарды. Бірақ қыс болса, қақалып-шашалып, қарға малтығып, жүре алмайды.
Біздің колхоз түгіл, аудан орталығының өзі темір жолдан үш жүз шақырымдай алыс.
Ол-пұл шыға бастаған дүниелер айлап-жылдап әрең жетеді. Оспан екеуміз қасымызға екі-
үш адам алып, қыс бойы түйемен сельпоның жүгін тартатын болдық.
Сондай қыс күнінің бірі еді. Біз арада сегіз қонып, түтеген ақ боранда колхозға зорға
жеттік. Төрт шанаға бөліп салған дүниеміз бар. Бетімізді үсік шалған, дала-дала. Күртік
қарлы жолда ауыр аяңдаймыз. Әбден қажып, сенделіп құр сүлдеріміз жетіп, ауыл
қотанына күн бата ене бергенімізде, күнде жол қарап аңдып жүрген әйел, кемпір атаулы
жан-жақтан анталап, сельпоның қорасына дейін шұбырып келді.
– Шай әкелдіңдер ме, шай?!
– Қант бар ма?
– Сабын бар ма, сабын?
– Сабынды айтады ғой. Әуелі шай бар ма, соны айтсайшы!
– Ой, көсегелерің көгергір, құр ақ су ішіп, шайдан кеуіп, өлейік деп отыр ек, – десіп,
біз жолдан келген сайын айтатын мұқтаждарын қайталап, даурыға сөйледі. Қарғаның
балапандары секілді.
Қашан сельпо қоймасына өткізгенше жүктің үстіне түсіп, үймелеп кетпеді. Үскірігіңді
тыңдар емес. Қайсыбір айпара кемпірлер дүкенші баланың жағасынан алып:
– Әй, қағынғыр, ертеңге дейін біздің суымызды сарғайтпай, бүгін-ақ сатсаңшы.
– Ана сарайыңдағы қаптесерлер таң атқанша дымын қалдырмайды, – деп асығып тұр.
Дүкенші:
– Апайлар-ау, қойсаңдаршы. Осы екі кештің арасында апақ-сапақта қалай сат
дейсіздер. Ертеңге дейін шыдаңыздар. Қазір принимайттап алайын. Сосын ертең сағат
тоғызда ашамын. Тәртіп керек емес пе, – десе:
– Үйбай-ай, бү неменің тәртіпшілдігіне не бересің. Ай, атаң қазақ қай уақытта сағатпен
жүріп, күн көріп еді?
– Әй, өзің тәштиіп-ап, кісімсінуді қайдан шығарғансың осы, кешегі жаман Боташтың
баласы емес пе едің, – деп кемпірлердің одан сайын зығыры қайнай түседі. Дүкенші
баланың да даусы ащы шықты.
– Әкемде жұмыстарыңыз болмасын. Тиіспеңіз. Қане албардан шығыңыздар. Мұнда
кіруге запрешаетца. О несі-ай...
– Айналайын-ау, енді біздің ақшамызды аяйын деп пе едің? Алсақ ақшамызға аламыз,
– деп олар да тыртысып болар емес.
Дүниесін фактурамен дұрыстап алғанша көзі алақтап жүрген баланың екі аяғын бір
етікке тығып, тақымдап қоймаған соң, Оспан кірісті.
– Оу, жамағат. Бұларың не, дым көрмегендей. Шыдасаңдаршы ертеңге дейін.
Аласыңдар ғой. Бәрі сендерге келген дүние. Ешкім жеп кетпейді. Тараңыздар.
Әйелдер бәсеңсіп қалды. Сонда да, кеткісі келмеген біреуі:
– Енді көргеніміз үшін де көзақы ала ма, – деп соңғы шанадағы жүктің сыртынан
шымшылап көріп еді, бәрі сонда үймелеп буулы теңнің бір бұрышын жыртып жіберді.
Қолын сұғып, ораулы матаны жұлқылап шығарған біреуі:
– Кездеме, кездеме, – деп ішін тартып еді, сол-ақ екен, енді оларды тоқтатуға болмай
қалды.
– Мына қара, сиса әкепті, сиса.
– Мына бірі ләстік.
– Кимешегім тозып жүр еді, мына бір ақ дәйт екен.
– Өй, тұра тұр, жыртасың.
– Қарағым-ау, мына бірі терідей қалың екен, бомази ме, сөкне ме, – деп, қолдары
жеткен матаның сүйегін ұстап тамсанса, арасынан ете алмай сыртта қалғандары мойнын
созып:
– Әй, былай тұрыңдар. Болды ғой. Енді біз де көрейік.
– Ши барқыт бар ма?
– Барқыт бар ма екен?
– Өй, өзің бір барқытта басың қалғыр кемпір екенсің. Екі бірдей камзолың бар ғой. Бір
басыңа жетпей ме?!
– Кет әрмен, сандалмай. Қайдағы екі камзолды айтады. Атам заманда тозған камзолды
айтамысың, – деп шақшұқ етіп, ақыры теңкиген теңнің бір жағын түгел бөксеріп тастап
көңілдері тынды.
О жалған, кешегі соғыс зардабы да адам баласын бар жағынан зақымдап кетті ғой!
Адам баласы итжанды деген ып-ырас. Алай-түлей боранда үш жүз елу шақырым жер
жүргенде көлік соңынан қалың қарда малтығып, шанаға бір рет те аяқ артпаймыз. Таң
атқанға дейін түйемен бірге салп-салп аяңдайсың. Ұзақ жолға көндігіп, шаршағаныңды да
білмейді екенсің. Тек арамызда екі шал ғана осы жолы алдырып қалды. Соңғы күні
көздерінен жас парлап, сақалынан су ағып, жиі құлап жүре алмаған соң, тұлыпқа орап
отырғызып қойдық. Әйтеуір, үнемі қалмай шығып жүретін Оспан екеуміз. Бірақ қанша
сыр бермегенмен ауыл қотанына кіріп, жылы үйге жеткенде төсекке ұшып жығыласың.
Жастыққа басым тиісімен өлген адамдай қатып қалыппын. Біреу жұлқып-жұлқып
қалды. Аунай түсіп, тағы жансыз ұйқыға кеттім. Тағы жұлқылады. – Тұр, тұр. Күргерей,
тұр, – деп безектеген Лизаның даусы алыстан талып шыққандай еміс-еміс естіледі. Түсім
ғой деп, ұйқымды аша алмаймын. Әлгі дауыс тағы безектейді. Тарамыс қол сілкілеп-
сілкілеп қалды. Жоқ, түсім емес, өңім екен. Ояна келсем, Лиза тұр басымда.
– Оу, не боп қалды? Қай уақыт?
– Тұр, күн тал түс. Сұмдық болып жатыр, сұмдық.
Ұйқым шайдай ашылды.
– Сұмдығы несі? О не сұмдық, – деп, соғыстан зәрәзәп боп қалған басым, орнымнан
ұшып тұрдым. Тұтқиылдан тағы бірдеңе болып қалды ма деп зәрем жоқ. Сүйтсем,
қатындардың даңғазасы екен.
– Елдегі әйел біткен дүкенде. Кешегі сендер әкелген шайдан бір қайнатым да
қалмапты. Кездемеден де түк жоқ. Бәрін тік көтере әкетіпті. Қатындар шулап тұр. Жаңа
еркектер де келді. Тұр, бол, – деп Лиза кемпірімнің аузы-аузына жұқпайды.
– Ее-е, сол ма еді, – деп тағы қисая беріп ем, кемпірім шын ашуға басты.
– Тұр деймін енді. Жұрт сені де іздеп жатыр. Оспан да сонда. Қанша жер әлектеніп
әкелген дүниелеріңнен түк те жоқ. Сен үйде шалқаңнан жатқанда, бәрін тып-типыл етіпті.
– Жарайды. Сендік бірдеме қалған шығар. Жетпесе, жұрттан қарызға аларсың.
Соншама не боп қалды аптығатын?
Мен шын кейідім. «Осыншама іш тарлықтың не керегі бар? Кешегі соғыс жылында да
өлгеміз жоқ. Енді дүниенің шеті көріне бастады. Бөліп-жарып ала бермей ме». Жоқ,
кемпірімнің сөз сыңайы бөлек.
– Күргерей-ау, қарызға аларсың дейсің. Тіпті ешкім ештеме ала алмай қалды десе,
түсінемісің?! Дүкенде тұлдыр жоқ.
– Ой, өзің не айтып тұрсың, есің дұрыс па?! Сонау таршылық уақытта ел ішінде
біреудің біреу ала жібін аттап өтпейтін. Енді не боп қалды? Дүкен ұрланған ғой.
«Масқара-ай, мұндайды да көреді екеміз-ау», – деп алас-күлес киініп, жуынуға мұршам
келмей дүкенге жеттім. Шынында да, ауыл адамдары дүкен маңында иін тіреседі.
Дүкеннің терезесінде темір құрсау болмайтын. Тіпті күзетші де жоқ. Қазақ аулы зәуде
ондайды көрген бе?! Мен анадайдан үлкен терезеге қарап келем. Аңғал-саңғал. Сынған
шығар деп ішім удай ашиды. Жоқ, терезе бүтін. Со қалпы.
Енді не боп қалды? Бақсам, жағдай мынадай екен. Былай да кеш жататын ауыл іші түні
бойы ұйықтамай әйелдер жағы таңның атуын асыға күтеді. Қуығы ұстамай түнде далаға
дамыл-дамыл кіріп-шығып жүретін бір кәрі кемпір түн ортасы ауған кезде дүкен жақтан
жылтыраған шам көріпті. Алдында шайтанның оты ма деп, жасаурай беретін көзін сүртіп,
қайта қарайды да, іштей аят оқып үйге енеді. Бірақ жарық сөнбепті. Қайта бір шыққанда
тағы көреді. Содан үйдегі адамдарға айтыпты. Олар да жүгіріп далаға шығады.
Көршілерін оятып, дүкенге қарай келсе, склад жақтан күбірлеген адам даусы естіледі. Ұры
дейін десе, артынша-ақ албардан шаналы ат шығып, тура басқарма Қарабеттің үйінің
алдына барып тоқтайды. Шілтерлі қол шамы бар пркәшік баланың өзі де іштен шығып,
қара құлыпты бекітеді де, үйіне беттейді. Түндегі оқиға осы.
Ертеңінде дүкен тас-түйін ашылмапты. Пркәшік Тотайға келсе:
– Ашпаймын. Түнде ауданнан хабар келді. Ашылмасын, құлыпқа бломбы салынсын
депті. Менің енді правом жоқ, – деп маңайлатпапты.
Көпшілік қойсын ба, ақыры «складыңды ашпасаң ашпа, дүкеніңді ашамысың, сіріңке,
ол-пұл аламыз», – деп қоярда-қоймай алып келіпті.
Дүкен іші бұрынғыдан қоңылтақсып қалған. Сөреде жататын ұсақ-түйек бұйымдар
жоқ. Кейінгі кезде үш-төрт қалайыдан жасалған шелек, леген, кәпкір, ожау секілді керек-
жарақтарды әкелгенбіз. Колхозшылар алдында талапайлап алып еді, соңынан бос қалды.
Солар босағада үюлі тұратын. Енді қарасақ бірі жоқ. Жылан жалағандай.
Тотайдың көзі алақ-жұлақ етіп, шуылдаған әйелдерді дүкеннен шығара алмай:
– Ал, енді көрдіңдер ғой. Шайды түсіргеміз жоқ. Складты ашуға болмайды.
Шығыңыздар, дүкенді жабамын, – деп есіктің аузында тұр.
Оспан да сонда екен. Жұртты дүкеннен шығарып, «Ай, осының түбінде бір кәкір бар-
ау», – деп Тотайды жеке ортаға алып қыстық.
– Жұртта не жазық бар? Қаншама жерден арып-талып әкелген дүниені неге
сатпайсың? Қазір складыңды ашып, шай, кездемені түсір. Әкеңнің малы емес. Үкіметтің
дүниесі. Жұрт алса, ақшасына алады. Тәлкекті қойып, аш.
Ауданнан хабар келді деп сылтауратпа, әшейінде бір ашсаң, бес күн жабық тұрады
дүкенің. Сені қуу керек олай болса, – деп жан алқымға алып ек, баланың көзі жасаурап,
шынын айтты.
– Ағатайлар-ау, менде не жазық бар? Түнде сельпоның бастығы мен Қарекеңнің өзі
келіп, жаптырды. Ешкімге айтпа деп еді. Енді мені өлтіреді ғой.
– Немене, сені өлтіретін қасқыр деймісің олар. Одан да бұлтақтатпай дұрыстап айт.
Қане, не деді олар, – деп шопр Оспан мен кеңірдек Оспан Тотайды қыса түсті.
– Ал енді, мен айтайын. Бірақ сіздер тістеріңізден шығара көрмеңіздер. Осы жерде
қалсын.
– Ал жарайды, шығармайық. Осы арада қалсын.
– Түнде Тасқайыр ағай мен басқарма ұйықтап жатқан жерімнен оятып алып, складқа
әкелді. Қарекеңнің ақшасы мұндай көп болар ма, кішкентай қол сандығы аузы-мұрнынан
шығады. Тасқайыр ағайда онша көп емес екен. Екі түйенің жүгін екеуі тік көтере сатып
алды. Ақшаларын дүкендегі жәшікке салдырды. Складта бір-ақ түйенің жүгі қалды. Оны
жұртқа бөліп сатарсың деп тимеді. Ондағының көбі шай, кездеме жоқ. Қарекең қалған
ақшасына бүкіл шелек, легендерді түгел сатып алды. Сосын Тасқайыр ағай, енді есікке
бломба сал, ауданнан бүгін келдім, қашан хабар болғанша дүкен ашылмасын деді
петребсоюз. «Ал енді мұны ешкімге тісіңнен шығарма, басың кетеді», – деп өзі көрші
колхозға жүріп кетті.
Біз аң-таңбыз.
– Мұнысы несі?! Бұлар жынданған шығар, – деп дал болдық.
– Жоқ, олар жынданған жоқ. Қарабет Жәлел деген баласына әперуге Омбы жақта бір
саудагердің қызына құда түсіп жүр деген. Дәу де болса мына дүниелерді сонда тоғытып,
қымбат бағамен сатқызады әлі, көр де тұр, айтқаның келді дерсіңдер, – деп кеңірдек
Оспан, сала құлаш мойнын созып, көзін сығырайта қарады.
– Мына сөзіңнің жаны бар екен. Расында да осы Қарабет кейінгі кезде себкрайға көп
барғыштап жүр. Жасырын жүріп сауда да жасайды деуші еді.
– Қой, онда шай мен матаны алса да, ана темірлерді даңғыратып қайтеді, ірбіт жаба
ма? – дейді шопр Оспан.
– Әй, расында да онысы қалай? Өзі қанша леген, қанша шелек алды, – деп Тотайға
қарадық.
– Қаншасы не керек? Әйтеуір, Қарабет ең соңғы тиынына дейін салып, босағадағы
үюлі тұрған шелектерді түгел алды ғой.
– Соңғы ақшасына деймісің? Ай, айтса да, ақшалы екен-ау өзі. Шанаға теңките артқан
матаға жетіп жүрген бұл бай болды.
– Байлығы тұрыпты ғой. Ана темірлерді қайтеді деймін.
Біз осылайша басымыз қатып, жұмбақтың түйінін шеше алмадық.
– Енді не де болса артын күтейік. Әйтеуір осының түбі шикі, бір кәкір бар, – десіп
Тотайды арқаға қағып, үйді-үйімізге тарадық.
Араға күн салмай-ақ жұмбақ шешілді.
Ел ішінде гу-гу әңгіме. Өсек жата ма?! Газет, радио болмаса да, аудандағы хабар өкіл
келмей-ақ сарт ете қалды. «Ақша өзгеріпті, ақша. Жаңа ақша шығыпты», – десіп бала-
шағаға дейін шуласып кетті. Артынша өкіл де жетті. Бәрі рас: өзгеріпті.
Склад бір жұмадай жабық тұрды. Ауыл адамдары басқарма үйінің есігін босатпайды.
Дүниенің бәрі осы үйде, «біз қаңсып отырғанда, сендерге қою шай қалай батады», – деп
Қарабеттің әйелі Жәміштің құлағының етін жейді. О байғұс қайтсін. Көрші-колаңына
әшмүшкелеп шай ұстатып шығаратын көрінеді. Қарабет шу басылғанша жым-жылас
қашып кетіпті.
Бірақ, қашанғы қашып жүрсін. «Ұрының құйрығы бірақ тұтам» демекші, көп ұзамай
қайтып келді.
Артынша зерт жүрді. Соры қайнап сельпоның бастығы Тасқайыр төрт жылды арқалап
кете барды. Тотай бала да алты ай қара жұмыс алып, тотиып қалды. Қарабеттің мұрты да
қисайған жоқ. Сот алдында тұрып: «Мен қайдан білейін, Тасқайыр алып қал деген соң,
талай жылдан бері жинап жүрген маңдай теріммен тапқан ақ адал ақшамды түгел салдым.
Онда да көбін өзі алды», – деп, сельпо бастығының мойнына «мөлдіретіп» салып, міз
бақпайды. Тегі күйеу баласының күшімен де қалған болуы керек.
Бірақ ол «Жаңа талапта» қала алмады. Бұрыннан-ақ зығырданы қайнап жүрген
колхозшылар көп ұзамай орнынан түсірді. Қарабет жай өлген бе?! Бір түннің ішінде
ауылдан көшіп, «Малжан ағашының» бауырына барып, бекетші болды. «Постоялый двор»
колхоздікі. Қарабет болса колхозда мүше. Жолаушылардың көлігіне колхоз шоп шауып,
үйіп береді. Малын малдап, жанын жандап, саудасын жасап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ
жата берді.
* * *
Иә, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жата беріп еді. Тап мынадай аласапыран болар деген
ой үш ұйықтаса түсіне енген бе? Адамның екі көзі – бірде дос, бірде жау. Кең дүниені
шырағдандай жарық етіп, алысты да, жақынды да көрсететін екі көз. Жиған-терген
мүлкіңді алдыңа әкеп, енді соған тойымсыз ететін де сол екі көз. Көзсіз соқыр да
тойымсыз бола ма екен? Әй, олардың да тойымсызы болар-ау. Сонда тойымсыз – көз
емес, нәпсі болар. Иә, нәпсі. Нәпсіде қанағат жоқ. Қанағатсыз нәпсі – іштегі жегі күрт.
Ішті үңги-үңги үлкейіп, ақыры сол жегі құрт бүгін сыртқа тесіп шығып, енді қара басын
жалмайын деп тур. О, фәни жалған дүние бірде бетін...
Қарасайдың ойын қарлыға шыққан адам даусы бөліп жіберді. Терең апаннан
шыққандай өлусіреп естіледі. Бұл кезде таң сүттей ағарып, қалың қарға бөккен мидай дала
алақанға салғандай тегіс көрінетін. Дауыс алыстан емес, жақыннан шыққан екен. Жолдың
оң жағында мықырайған мегежін қырқа бар еді. Машина өте бергенде, қырқаны асып
түскен тар жолдың бойымен еңгезердей адам көтерілді. Арқасында тағы бір адам.
Бетегеден биік жалғыз қурай көрінсе зәре-құты қалмай, кірерге жер таба алмай отырған
Қарасайдың көзі шарасынан шықты. Тап қазір жағасынан шап беріп ұстап алардай
мықшиып, қобдидың бауырына кіріп барады.
Бірақ қырқаға өлусіреп шыққан адамда әл жоқ. Қарлыға айқайлап, қолын бір-екі
ербеңдетті де, арқасындағы адамын жерге түсіре салып, жан дәрменде жолды қиғаштай
кесіп жүгірді. Қайбір жүгіріс? Екі-үш аттап омбы қарға етпетінен түсіп, қала берді.
Кабинадағылар жапандағы пақырлардың даусын да естімеді, өздерін де көрмейді.
Машина қатқақ қарды сықырлатып зулап келеді. Көз көрім жерге ұзағанда барып, алыста
бұлдырап қалған екі ноқаттан көзін алмай, Қарасай «уһ» деді. Ол әлгі адамның Дерягин
екенін жазбай таныған еді. Тек арқасындағы адамның Халел екенін танымады.
Бірақ, таныса да Қарасайдың шоферге белгі берер түрі жоқ. Халел түгіл, әкесі тіріліп
келіп: «өліп барам» десе, қайырылып барып су тамызбасы хақ. Бар арманы – жалғыз үйге
тез жету. Ендігі қалған өміріндегі қызық та, қара аспандай басқан зілдей ауыр тағдырдан
айығар ем де сол қол сандықтың ішінде. Оған дейін аман жетсе, ар жағы оңай. Табан
астында зым-зия жоқ болу. Қол сандық – Қарасайды ұшыратын да, астына алып
жасыратын да сиқырлы қанат. «Одан басқа туыс та, жақын-жұрағат та, жанашыр жолдас
та жоқ.
Ә, Ағайша ше? Таста оны, жан мұрнының ұшына келгенде ондай аяққа оралғы
масылдың бұты бес тиын... Бірақ оның да жинаған қыруар дүниесі бар емес пе? Амалын
тауып оны да қымқыра кетсе!..»
Қарасай көп үйге бұрылар жолдың мүйісінде түсіп қалды. «Малжан ағашының»
бауырын жиектеп үйіне төтелей тартты. Толассыз соққан кешегі боран омбы қарды үйіріп
әкеп шоқ ағаштың алқымына тығып тастапты. Кей жерінің беті тобарсып, кей тұсы әлі
қата қоймаған қалың қар ақсақ ойылып келеді. Артынан аңшы қуған арланша жалтақтап
жүрегі алып ұшқан Қарасайдың қазіргі ойы да ақсақ ойылып келеді. Бір ой: «Бұл уақытта
Ағайша шырт ұйқыда жатыр. Есік қағып оятқанша, албар жақтағы саңылаудан жылт ете
қал да, қораның бұрышындағы көмулі сандықты алып, зым-зия зытып отыр. Сенің мұнда
келгеніңді де, қайда кеткеніңді де ешкім сезбей, қуғыншы болса ізіңнен адасады. Оның
үстіне, оятамын деп жүргенде, сыра-пыра іздеген әлдебіреу отырса, өзіңді-өзің ұстап
бергенің ғой», – десе, екінші ой: «Қой, Ағайша аз күн болса да дәмдес болды. Балтыры
бесіктей ұл не ақ маралдай қыз бүйірін түртіп іште жатқанда оған білдірмей кеткен қалай
болар екен. Және ол Жәміш емес, көрбала боп өскен. Ертең кім біледі, себкрайға сыймаса,
қырым мен қытайға кетуге тура келер. Сонда Ағайшадай әйелдер масыл емес, асыл, серік
қана емес, жолшың, басшың болады. «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» –
мұндайда ақыл қосар қасыңда біреу болғанға не жетсін». Қарасай осы екінші ойға тіреліп
тоқтағандай болып еді, үйге жете бере қайта айныды. «Осы мен не деп келем? Әбден
есімнен алжасқан шығармын. Қайдағы бір жолдан қосылған жолдаяқтың ішіндегі баланы
ойлағаным не? Ол өсіп көсегемді көгерте ме? Ол түгіл сырықтай азамат Халелдің өзі не
істеп кетті? «Байтал шауып бәйге алмас». Ғұмыр бойы біреу арқасына салып асырағандай
осы қатынға қарағаным не? Оған салған күнді итке тастаса болмай ма? Одан да амалын
тауып оның дүниесін де .қолға түсірейін. Ақша артықтық етпейді» деген жолдағы
пиғылына қайта ауды.
Бірақ үйіне таяна бергенде бастағы ой іріген бөздей жыртылып, быт-шыты шықты.
Биік қақпа аңқиып ашық жатыр. Есік алдында бейсауат із жоқ. «А, Ағайша оянып қалған
екен. Енді не де болса сыр білдірмеу керек», – деп есіктің табалдырығын асып үйілген
қалың қарды аттай бергенде, қабырғасын боран сылап тастаған меңіреу тапал үй дүр
сілкінгендей болды. Аяқ сықырын естіп, қызыл қасқа сиыр тайыншасымен қосыла
мөңіреп жіберді. Ашыққан малдың үні. Қарасай кіргенде бас жібін сүйреткен сиыр
шаңырақ мүйізі делдиіп, көзі шарасынан шығып, үріккен киіктей алдынан шыға. келді.
Қарасайдың жүрегі суылдап, өз-өзінен үрейленіп, үлкен үйдің босағасына басын сұққанда
көзінің алды қарауытып кетті. Үй іші қаңыраған бос. Кереует, жүкаяқтардан басқа тұлдыр
жоқ. Бөлме іші азынап. ұлып тұр. Терезе қырауы екі елі. Үй ішінде алай-түлей боран
соғып, бүкіл асыл заттармен қоса Ағашканы құйындай тік көтеріп, уілдеп тұрған жабусыз
пеш мойнынан суырып алып кеткен сияқты.
Қарасай атып шығып қораға жүгірді. Қабырғаға сүйеулі үшкір күректі жолда іліп
алып, түкпірдегі бұрышқа келді. Тура тапты. Топырағы босап қалған сияқты. Қарасай
жынданған азбанша көзі қанталап, топырақты карта боратты. Түбіне жете бергенде төрт
бүктеулі қағаз ілікті қолына. Одан басқа дым да жоқ.
Қарасай қораның сызына шоңқиып тізерлей кетті. Жер таянып отыр. Көзінде жас.
Ашудан, ызадан, күйініштен шыққан ащы жас. Ес біліп, есейгелі тұңғыш рет ішін өртеп
ағыл-тегіл аққан мол жас. Маңдайына басқан Жәлелі жардан құлағанда шықпаған безер
жас. Біресе қос жұдырығымен екі шекесін миы түсердей солқылдата ұрады. Біресе көрдей
қараңғы қора түкпірінде есалаң адамдай екі қолын көкке созып, әлденені қармалайды.
Бірақ қолына ілігер дәнеме жоқ. Сары жезбен айқыш-ұйқыш белдеген тоқпақтай қол
сандық ұшып барады. Өмір бойы жинаған бар дүние-мүкәммал бірге кетті. Тоқпақтай қол
сандықтың ішінде жүздеген қара кетіп барады. Құйрық-жалы күзелген, астаудай семіз
жылқылар кісінеп барады. Құйрығы тегенедей атан қойлар маңырап барады. Желіні
бұтына сыймай, шатқаяқтап қалған мама сиырлар ыңыранып барады. Бәрі-бәрі кетті.
Енді бір сәт Япишкина қол сандық емес, жүрегін суырып әкеткендей ыңырсып,
Қарасай бір жамбасына құлай берді. Күбідей домалап, жер тырмалап, өз кеудесін өзі
соғады. Жүрексіз қалған қуыс кеуде бос бөшкедей дүңк-дүңк етеді. Әлден уақытта,
қасқыр талағандай буын-буыннан әл кетіп сүйретіле басып, Қарасай ашық қақпаға келді.
Ағашка баратын жерін айтып кеткендей, ендігі үмітті алақандай қағаздан іздеді. Әрпі
шала сауатты болғанмен сөзі сауатты жазылған дымқыл суық қағазды ашып оқыды. Бірақ
Қарасайдың көзі бұлдырап көрер емес: «Сен өткерілген борсық болсаң, мен әккі түлкімін.
Сен қалған өміріңе жетерлік сабақ алғаныңа рақмет айтарсың. мен қалған өміріме
жетерлік азық алғаныма рақмет айтайын. Қош. Ағашка...»
Қарасай аяғын сүйрете басып далаға шыққанда, ішіне мұз тастап жібергендей болды.
Есік алдына гүр етіп тоқтаған жеңіл машинадан лып етіп Қосиманов түсті. Даладағы бар
аяз бетіне жиналғандай ызғар шашып, екі көзі маңдайды тесіп жіберердей қадалып,
Қарасайға жақындай берді.
* * *
Райхан ыңылдап өлең айтып келеді. Ақан серінің атақты «Сырымбеті». «Аулым
қонған Сырымбет саласына» деп нәшімен баяу бастады да, одан арғы сөзін айтпай, тек
әнге басып, машинамен бірге теңселіп келеді. Бір шумағын ырғағына келтіре аяқтап, енді
екінші шумағын бастай бергенде, қасында отырған Моргун іліп ала жөнелді. «Лашинға
лаияк карагумай-яй...» Үні күмбірлеген, звоты кең жігіт әдемі баритон даусымен шырқай
салды. Райхан да даусын шығара ілесіп кеткен. Мәнеріне келтіріп толқыта шырқаған
әйелдің жұмсақ, жіңішке үні мен ер адамның қою қоңыр үні тар машинаның ішіне сыймай
лықсып, шымырлап шығып ақ қарға бөккен жазық даланың үстінде қалықтап бара жатты.
Райхан тоқтаған жоқ. Өлеңнің аяғына дейін айтты. Бір кезде «Сырымбетті» әкесі Сұлтан
сүйіп айтатын. Қандай жиын-тойда көпшілік ең әуелі осы өнді айт деп қолқа салатын еді-
ау. Бертін келе екінші әкесі Күргерей үйреніп алып, қосылатын болды. Әнге шорқақтау
болса да, күндей күркіреген жуан даусымен гүрілдегенде, естіген жұрт Сұлу мұрт пен
Күргерейді тамсана түсіп тыңдайтын. Енді, міне, сол әнге Моргун қосылып отыр.
Ән аяқталғанда, бағанадан бері машина жүрісін баяулатып, сәл ырғап қалса қабақ
шытып, барынша қайықтай сызып келе жатқан Жантас арт жағына жалтақ-жұлтақ қарай
береді. «Тағы да айта түсіңіздер! Түһ, қандай әсем ән еді. Қосыла шырқағанда тіпті әдемі
екен», – деп, талай рет естісе де, бүкіл қан тамырын қуалап, өне бойын балқытқан
Сырымбетке құмар көңілден, сұлу әнге жеңсік көңілден туған қарас. Ән аяқталса да,
ортасынан шорт үзіліп қалғандай өкініп, қайта жалғаса екен деп отыр.
Енді бір кезде Райханның есіне бюро түсіп, өз-өзінен ойға кетті. Бір елі түбіті
бұрқыраған мол, қоңыр шәлісінің ұшын ағытып, бос тастап, әлденеге ырза көңілмен, беті
бал-бұл жанып, жымиып отыр. Қызылы жұқарып, сұйыла бастаған ақша беттің ұшындағы
шұңқыры да тереңдеп, күліп отырған тәрізді.
«Тыңның бір жылғы өмірін қорытындылаған аудандық партия комитетінің бюросы өте
қызықты өтті. Бірінші болып Моргун баяндама жасап, совхоз жұмысы туралы есеп берді.
Одан кейін басқа совхоздың директорлары, Райхан шығып өз совхоздарының келешек
жоспары туралы, жалпы тың өміріндегі қайсыбір қажетті мәселелерді ортаға сала сөйледі.
Бұған дейін айтарлықтай талас болмай, отырғандар шын ойланып, толғанып сөйлеп еді,
бірінші секретарь Досанов күн тәртібінің екінші мәселесі – ең озат совхозға ауыспалы
қызыл ту беру жөнінде шағын баяндама жасап, қызыл туды «Қайыңды» совхозына беру
туралы ұйғарымды ортаға салғанда, екінші секретарь Алагөзов орнынан атып тұрды.
Жасы алпысқа тақаған Алагөзов былай қарағанда қырықтардың ішіндегі адам сияқты
қимылы ширақ, көп бастықтарда болатын қарын да жоқ. Қарын болмаған соң бұғақ та
жоқ. Шашын өмір бойы бокс етіп қысқа алдырады. Маңдай шашы балалардың кекілі
сияқты. Қорасаннан қалған сирек дағы бар екі беті пышақ жанығандай. Тек бет сүйегі ғана
ірі, терісін жыртып жіберердей шодырайып тур. Осы түріне қарамай сұсты. Шаруашылық
соңында жүргенде біреуге күле қарап, әсте езу тартқан пенде емес. Өмірінде не курорт, не
демалыс дегенді білмей, таңның атуы, күннің батуы жұмыс соңында жүреді де,
басқалардың да солай болуын қалайды.
Ол қолындағы бір топ қағазды көтере тұрды.
– Жолдас Досанов, сіздің «Қайыңды» совхозына ту беруіңіз жөн. Бірақ, бұл ту – совхоз
жұмысының ыстық-суығына күйіп, еңбек етіп жүрген еңбекші, жұмысшыларға беріледі
деп, айқындай кетіңіз. Ал, Райхан Сұлтановнаның орынсыз істерін осы бюрода әйгілеуіміз
керек. Райхан Сұлтановнаның кемшіліктерін мойындауымыз керек.
Досанов шыдай алмай, мырс етті:
– Нұреке, ол жөнінен келіскен сияқты едік қой. Аудан бойынша ең өнімді астық алған
жер «Қайыңды». Орақты ең бұрын бітіріп, мемлекетке ең алдымен жоспардан тыс астық
құйып үлгерген «Қайыңды». Алғаш рет бес прицеплен жүрген Оспан Жылқайдаровтан
кейін үш, төрт нормамен жұмыс істеген бүгінгі ауданымыздың озаттары Кузьменко,
Атаманчук, Попов, Талжановтар сияқты шоферлер сол «Қайыңдыдан» шықты. Құрылыс
жағынан ең алдыңғы қатарлы совхоз – «Қайыңды». Тұңғыш рет ақ тасты пайдаланып,
экономикалық жағынан да, еңбек өнімділігі жағынан да ұтқан совхоз – «Қайыңды». Туды
совхоз еңбекшілері үшін береміз дегеніңіз өте орынды. Бірақ, Райхан Сұлтановнаны
совхоз еңбекшілерінен бөліп алып, жеке кінәлау – тап бұл арада логикаға сыя қояр ма
екен?!
– Мен жазғырсам, Сұлтановнаның моральдық жағын, идеялық басшылығының
нашарлығын жазғырам. Ол, ең алдымен, совхоз парторгі.
– Идеялық, моральдық жағы дегеніміздің өзі еңбек арқылы, совхоз өмірінің
байлығынан көрінбей ме?
– Жоқ, жолдас Досанов, байлық пен идеялық басшылықта айырма бар. Именно
Сұлтановнаның басшылығында. Кеше сіз мына қағаздарға көңіл аударғыңыз келмеді, –
деп Алагөзов Қарасай ұйымдастырып, әркімге жаздырған бір топ арызды көрсетті. – Міне,
осы хаттар бойынша және жаңа Райхан Сұлтановнаның сөйлеген сөзі бойынша мен біраз
қарсылық білдіргім кеп тұр. Тыңдаңыздар: біріншіден, «Жаңа талаптың» отызыншы
жылдан бері баққан, өсірген малын колхоз совхозға ауыспай жатып талан-таражға салу –
еңбекшілердің наразылығын тудырып отыр. Мұның аты жергілікті адамдар мен тыңға
келгендердің арасына іріткі салу, қала берді жеке меншікті уағыздау деген сөз. Екіншіден,
жоспарлап берген жерді түгелдей жыртпай, мал жайылымы үшін жер үнемдеу – бүгінгі
тың көтеру деген ұлы ұранымызға кереғар қайшы келеді. Үшіншіден, Дерягин секілді
совхоз жұмысшысына – тыңға келген жас комсомолға қол көтеру – байсалды басшылық
ісі емес, әпербақандық, егер саяси мән берсек, ескі феодалдық билікті көксеу деген сөз.
Комсомолдық жалынмен, патриоттық үлкен сезіммен, жүрек әмірімен келген советтік
жастарды мұқап, жасқанту деген сөз. Төртіншіден, Дерягин, Талжанов деген жас
шоферлердің бір-біріне қырғи қабақ болып жүрулерін дер кезінде елемей, комсомол не
партия органы тарапынан эсер етпеу салдарынан, Дерягин Талжановтың машинасын
қасастықпен жандырып жіберген. Міне, ол туралы бүгін хат түсіп отыр... Мұның бәрі
Сұлтановнаның идеялық басшылығының осалдығын дәлелдейтін мысалдар. Егер
еңбекшілердің хатын атүсті қарап, мән бермесек, ертең олар жоғарғы жерге дейін жазады.
Оны көрмей отыруға хақымыз жоқ.
– Мүмкін, еңбекшілер деп отырғаныңыз бірді-екілі арызқойлар шығар, – деді біреу
көлденеңнен.
– Мәселе оның санында емес, фактысында.
– Бірақ ондай фактыларды жақсы ниеттен болған іс деуге де сыярлық емес пе, – деп еді
Досанов.
– Олай болса, оны бюроға қатысушылар айтсын. Мүмкін, мен түсінбейтін шығармын,
– деп Алагөзов отыра кетті.
Бюроға қатысқан адамдардың көпшілігі совхоз директорлары. Олар Райханның совхоз
өмірі жайындағы келешек жоспарларына ден қойып, мақұлдаумен болды. Бюро Райханды
кінәлау орнына, Алагөзовтің өзін сипай қамшылап кетті. Тіпті, талай жыл Украина
жерінде ең алдыңғы қатарлы совхозда директор боп келген Вагин Алагөзовті тура
жазғыра сөйледі. Алпамсадай ірі денелі, алпыстарға таянған алып адамның арыстандай
гүрілдеп украин акцентімен аузын толтыра сөйлеген сөзі Райханның әлі құлағында.
– Жолдас Нурғалэ Алагузович, сіздің Райхан Сұлтановнаға артқан кінәларыңыз
ойланып-толғанбай айтылған кілең жазғыру болып шықты. Қазір «Қайында» совхозы
еңбекшілердің тұрмысы, құрылыс, астық тапсыру, механизацияның үнемді пайдаланылуы
жағынан ауданымыздағы ең алдыңғы қатарлы совхоз болып отыр. Биылғы күздің өзінде
жүзге жуық семья көшіп келген мұндай совхоз әлі жоқ десе де болады. Егер бір жылдың
ішінде тұрғызған үй саны – мектеп, балалар бақшасы, мәдениет үйі болмаса бала-
шағасымен көшіп келетін адам да аз болар еді. Жұмыс иесі көбеймей еңбек те өнімсіз
болмақ. Семьялы адам соқа басты салт адам емес. Ол орнықты, тиянақты еңбекші.
Ендеше, осы бір-екі жылда ең басым күшті жұмысшылардың үй-жайы, қора-қопсысына
жұмсаған «Қайында» совхозының басшыларын жазғырудың реті жоқ. Сіздіңше адамдар
күздің қара суығында, нөсер жауынның астында палатка, вагондарда жатса да, олардың
семьясы аузы жарып жеміс те, ақ көрмесе де жапан түзді қарсы айырып тілдей жерді
қалдырмай жыртып, жоспарды орындаса болғаны ғой. Жоқ, Райхан Сұлтановнаның
ұсынысын ойлану керек. Отанымызды астықпен байыту үшін алдымен тыңдағы
совхоздардың өзі бай болуы қажет. Жерді байыппен жыртып, мал жайылымдарына да
көңіл бөлген дұрыс. Тың жер – ұшан-теңіз дария. Бірақ дарияны да үнемдемей, ысырап
етсең, лайлайсың, сарқып аласың. Ен даланы көшеге дейін жырту, жолдас Алагузович,
жаңа Райхан айтып кеткендей, жұртты жалаң бидай көжеге қамау деген сөз. Халыққа
астық қандай керек болса, малдың еті, сүті, майы да сондай қажет. Сондықтан мәселе –
Райхан Сұлтановнаны бюроға салуда емес, мәселе – Райхан Сұлтановнаның жоспарын,
ойын бюроға салып талқылауда. Бұл мәселе – кіші-гірім нәрсе емес, бүкіл еліміздің,
халқымыздың әл-ауқаты жөніндегі үлкен программа. Ендеше, жолдас Нурғалэ
Алагузович, тым таусыла сөйлеудің арты, келешекте сөйленер сөзді, парасатты ойды
жұтатып алмайық, – Вагин ауыр денесімен жұмсақ, былғары креслоны пыс еткізіп отыра
бергенде, омырауындағы алтын жұлдыз шам жарығына жарқ етті.
Директор Аяғанов асықпай, саспай әр сөзін мәнеріне келтіре баппен сөйлейтін адам.
Осы жолы да маңдай қыртыстары жиілеп, екі шекесі қушықтау, сарғыш келген ноғай
тақылеттес жүзі сәл қызараңдап, ашуланыңқырап тұрғанмен әдеттегі қалпынан айныған
жоқ.
– Ақ түстен гөрі қара түс бұрын көзге түскіш, үйткені өмірде ақ көп те, қара аз. Сол
сияқты ақ ниеттен, адал пиғылдан гөрі, біреудің қара ниеті, арам пиғылы тез көрінеді.
Бірақ ниет, пиғыл бетке жаққан күйе емес, іштегі жасырын дүние. Оны көру бар да, көзді
жеткізе білу бар. Көзің жетпей тұрып көрдім десең, жаңылғаның, шын адалды арамға
шығарсаң, кешпес күнә арқалағаның, – деп бастады сөзін. – Алагөзов жолдас, сіз Райхан
Сұлтановнаның ісіне үлкен мән, саяси астар бердіңіз. Тым ауыр кеттіңіз, менімше. Жаңа
сөйлеп кеткен Вагин жолдастың бір сөзін тірілтейін деп тұрмын. Мен Бурабай маңында
өскен қазақпын. Бала кезімде өз көзіммен көрдім. Столыпин реакциясы кезінде сол жерге
талай орыс шаруасы кошіп келіп еді. Сауып ішер сиыры, көлік етер аты болмады
көпшілігінің. Сол кезде қазақ ауылдары, қазақ кедейлері батырақтарға қол ұшын берді.
Батырақтар шөбін шауып көмектессе, кедейлер малын беріп қоян-қолтық араласып кетті.
Оларды ешкім зорлаған жоқ. Тағдыры, мақсаты қосты. Біріктірді. Ал қазір, заман мүлдем
басқа. Баяғы уақытта, таршылық заманда сыр бермеген меймандос адамдар енді совхоз
малы үшін бұл күнде сөз шығарды дегенге өз басым сенбеймін. Өтірік әрі ұят нәрсе.
Мұндай нәрсеге саяси астар беріп қуыстанудың өзі қате. Сұлтановнаны емес, арызшыны
тексеріп білу керек. Кім екен өзі. Ондайдың ініне су құятын уақыт жетті.
– Жеке меншікке мал берілсін деген указание жоқ, – деді Алагөзов шыдай алмай.
– Нұсқау дегеніңіз сол халықтың мүддесінен туатын нәрсе, жолдас Алагөзов. Ол
аспаннан жауар жауын емес, – деп Аяғанов та іле жауап берді.
Бұдан кейінгі сөйлегендер де Райхан Сұлтановнаны жазғырған жоқ. Бірақ, әлі тың
көтерудің өзіндік ерекшелігіне анық түсіне алмай, көп нәрсеге әзір болжамы жетпей
отырған көпшілік, оның жоспарын түгелдей мақұлдауға батылдары жетпейді. Тек бәріне
ортақ, күмәнсыз нәрсе – Райхан Сұлтановнаның адалдығы. Мұны Досановтың сөзі
дәлелдей түсті, мық шегемен шегелегендей болды.
– Мен өз түйгенімді ортаға салайын, – деп соңғы сөзді Досанов бітірді. Бір істің
байыбына барып алмай әсте кесімді сөз айтпайтын. Өзінің мол, ауыр денесіндей
салмақты, орнықты секретарь егіле тұрып, қабағын шыта түсіп, әлденеге кейіп сөйледі. –
Қазақ даласына тараған ең үлкен індет – сонау атам заманнан бері сілімтігін сүйретіп, осы
күні өлексесі қалған домалақ арыз. Мен сізге кеше мұндай аты-жөні жоқ, анонимно
жазылған шатпақтарды урнаға тастаңыз дедім. Көнбедіңіз. Егер де ақ қағазды қара қағаз
деп жазған арыз болса, көзді жұмып: «Иә, қара қағаз екен» деуге бола ма? Партия органы
– халықтың көзі, ұжданы емес пе?! Ендеше Райхан секілді адамдарды көретін, танитын
уақыт жетпеді ме? Райхан шыр етіп осы қазақ жеріне, осы кең-байтақ даланың
топырағына түсіпті де, Сұлтан секілді кедей қолы жөргекке орап алыпты. Көзін ашып,
адам санатына қосылам деп ұмтылғанда, Малжан секілді байлардың тегеурінін көріп,
мазағына қарсы тұрып, ашынып өсіпті. Әкеден айырылып жетім қалғанда, Федоров
секілді орыс адамы бауырына салды, қанатының астына алып, түзу жолынан
жаңылдырмады. Кешегі ұлы өзгеріс жылдарында ер жігітше атқа қонып, жастардың көшін
бастап, осы жатқан жалпақ түзге ең алғаш жаңалық әкелді. Құйқалы жерді қарс айырып,
бірінші рет трактор салды. Өзін құндақтап, тербеткен алтын бесігін енді өзі тербетуге
жараған еді. Сүйтіп жүрген адамның артынан сөз еріп, аяғына арыз оралып, нағыз
кемеліне келген шағында қапастағы құстай тағдыр тауқыметін тартты. Асыра сілтеудің
азабын шекті. Ақыры тірі оралды. Құлыншақтай секірген жас еді, көбең тартыпты. Қара
шашын аққа малып қайтты. Ауыр жылдар ізі сұлу бетін айғыздап, аяусыз әжім салыпты.
Шеше деген атты құрсау ішінде қалдырып, «мәңгі жесірсің» деген аяусыз атты алып
шығыпты. Ғұмыр бақи перзентсіз қалған адам. Оның енді жалғыз ғана перзенті бар.
Көкірегіне басып аялар, жүрегімен қымтап әлдилер бір-ақ перзенті бар. Ол сенім емес пе?!
Сол сенімді Райханға қалайша қимаймыз, қалайша сенімнен айырамыз. Мен осындай
адамның бойынан өзгермеген, кемімеген, мұқалмаған бір ғана нәрсені көрдім. Ол қажыр
екен. Еліне, жұртына еңбек етер қажыр. Қажырынан, қайратынан танбапты. Райхан
Сұлтановнадай адамдардың, ақ жүрек аналардың топшысын қайырып мұқау үшін, сынау
үшін қай адамның жүзі батып, тілі барады. Өз басым Райханды сынау орнына, сырласа
білген адам елге де, өзіне де ұшан-теңіз пайда келтірер еді деймін. Оның білімі де, ақыл-
парасаты да, елі-жұрты үшін ойлаған ойы да заңғар, биік. Биікті тұқырта білмей, көтере
білсек... Иә, тек көтере білсек...»
– Федор Васильевич, – деді Райхан жол бойына қадалған өткір көзі күлімсіреген
қалпы. – Есіңде ме, мен анада саған Алагөзов туралы айтып ем? Жасыратын не бар, сонда
ел басқарудағы партиялық этиканы, партиялық принципті дұрыс ұстай білмейтін адамдар
арамызда әлі көп-ау деп қынжылып ем. Кешегі отырыстан кейін ол ойымнан қайттым. Ол
бір, әшейін, талай жыл бойы басылған жүдеу көңілден туған сұрықсыз ой екен. Енді
бақсам, өскен елде парасатты ой иесі, кемеңгер адамдар қандай көп еді.
– Әрине бар ғой, Райхан Сұлтановна, – деп Моргун әлі күлімсіреп отырып сөйлеген
Райханға қарады. – Бірақ, басқа өз алдына, Алагөзов сияқты басшы адамға ой саяздығы,
білім саяздығы, мәдениет деңгейінің төмен жатуы үйлесімсіз. Ондай адамдар басқалардан
да биік, жоғары тұруы тиіс.
– Оныңа қосылуға болады. Әйтсе де қазақта мақал бар, «бір биеден ала да туады, құла
да туады» дейді. Орыстың «семья не без уродов» дегеніне жуық. Әрине «урод» деген
балама бұл арада келмейді. Басшы адамның өзі ең алдымен пенде. Механизм емес. Оның
да кемшілігі, жетімсіздігі болатыны заңды.
– Сонда да, Алагөзов сияқты әпербақан болу, жоқ нәрсеге бола түйткілденіп, түңілу
деген, менімше, үлкен басшыға қисынсыз.
– Мен бірақ соған ренжіп отырған жоқпын. Себебі, тыңдаңыз. Алагөзов те, Досанов та
қалың жұрттан шыққан басшы. Бірақ екеуінің деңгейі екі бөлек. Алагөзов көп жыл
үздіксіз жұмыс атқарған басшы. Өмір тәжірибесінің молдығына талас жоқ. Халықтың
жақсы тұрмыста тұру үшін жанын аямай, сол үшін ғұмыр бойы тынымсыз еңбек ете
беруге жалықпайтын адам. Бірақ сүйтіп жүріп ол тек қана жұмыс басты болып, бір жақпен
кеткен. Досановтай емес, Алагөзов мәдениеті де, білімі де келе-келе бұрынғы өзі шыққан
қауымнан төмендеп қалғанын аңғармаған сияқты. Қауымнан төмендеу деген, уақыттан,
заман тілегінен артта қалу деген сөз. Мәдениеті, білімі төмен адам жұмысқа физикалық
қабілетін аямай салғанмен, творчестволық қабілет көрсете алмайды. Сол себептен де ол
дәрменсіз, Дәрменсіз адам қорқақ. Алагөзовтің жергілікті жерден қажетіне қарай, өмір
ағымына қарай шаруашылықты да батыл бейімдеуге батылы жетпеуінің өзі осы
дәрменсіздігінен. Оның үстіне, сонау бір жылдары қызмет істеп, үрейленіп қалған адам –
қазір жалтақ. Біреу екіншi адамның үстінен арыз, шағым түсірсе-ақ, зәре-құты қалмай
дегбірі қашады. Ол арамдығынан емес, жасқаншақтығынан. Қазіргі уақыт – жасқаншақ,
үркектердің заманы емес, творчестволық ойдың заманы. Менің кеше бюродан қуанып
шыққаным да сол. Онда жалғыз адамның сөзі емес, көптің сөзі, көпшілік ұйғарымы басым
күш көрсетті. Жаза басқан, қате түсінген жеке адам болса, түзу жолға бастайтын,
байыппен отырып ұғындыратын, қағажу көрсетпей, ақылмен қағатын көпшілік күші белең
алған екен. Мен осыған қуандым...
Райханның сөзін Жантастың үні бөліп жіберді.
– Мыналар кім? Біреуі отыр ма, қалай?
Бәрі алға қарады. Машина жақындап кеп тоқтағанда таныды: Дерягин мен Халел.
Моргун, Райхан, Жантастар машинадан лық етіп төгіліп түскендей болды. Еңгезердей
Дерягин еңкіш тартып, екі иіні құнысып, бүрісіп тұр. Үстінде көнетоз костюмнен басқа
лыпа жоқ. Жақ түгі сорайып, өзі бозарған. Көзі де жанарсыз. Халелдің халі одан мүшкіл.
Баса алмай қалған жансыз аяғы Дерягиннің пальтосымен ораулы, қымтаулы күйде жол
үстінде шоқиып отыр.
Екеуін де жылы машинаға кіргізген жолаушылар жалма-жан үсік шалған жерлерін
қармен ысқылап жатыр. Моргун Жантастың қылпылдаған өткір бәкісімен Халелдің етігін
тіліп жіберді. Құрысқан етікке жабысқан күптей аяқтың түрінен адам шошырлық. Аязда
мұздаған картоп секілді дың-дың етеді. Жан жоқ. Тілінген етікті сыпырып алғанда сезбеп
еді. Ұзақ уқалағанда барып, сол жан кіргендей болды. Халел ауырсынып, қабағы тыржың
етті.
Райхан Дерягиннің бетін, жағын қармен ысқылап-ысқылап жібергенде, добардай боп
іскен торсиған құлақ ұшы қанталап барып бырс еткен. Домбығып, талаураған құлақтан
қара қан саулап қоя берді. Бетін қармен ысқылаған алақан емес, ыстық жалын секілді.
Тура, ана жолы, склад алдында жағына сарт ете қалған шапалақтай сезілді.
Бірақ ол жолы Дерягиннің бетіне зәрлі ашу теуіп еді. Осы он бойына жылы қан тарап
барады. Артқы отырғышқа шалқалай жатқан Дерягиннің басына түбіт шалысын жұлып
алып орағанда, Райханның ақ қырау самай шашы дудырап қалған. Райханның жүзіне көзі
түсіп еді, аянышпен қараған ана көзінен мөлтілдеген жас көрді. Ыстық темір басқандай
күйіп-жанған Дерягиннің бетінде де бармақтай жас иегіне қарай домалап бара жатты.
Бетіне тиген ана қолының, құдіретті қолдың ыстық шарпуына, қамқор ананың жып-жылы
алақанына шыдай алмай, қайратты қайсар жігіттің ырқынан тыс шыққан жас.
«Ке-е-шіріңіз! Кінәлімін. Қорқақ екемін. Сол үшін ұрыңыз мені, ұрыңыз аямай» деп
Дерягин іштей кешірім сұрап қарағандай болды.
Райхан Дерягинге қарап сәл езу тартты. Оның есіне ел арасындағы бір мысал түсіп еді.
«Әйелі ұрған жер о дүниеде қап-қара болып кетеді. Анасы ұрған жер тамұққа түссе де
отқа күймейді». «Сен де кешір! Бірақ есіңде болсын, Вася, ана қолынан дақ түспейді!» –
деді іштей...
Райхандар совхозға таянғанда күн де көтеріле берген. Ақ қар сылап кеткен егінжайда
жыпырлаған адам. Әр жерде топ-топ шоғырланып, қар тоқтатқандар жалпақ жонның
бетінде қаптап жүр. Тракторлар соңына тіркеген үш бұрышты алып ағаш тілгішпен қалың
қарды жосылтып, қақ айырып, жапанның сары даласын шимайлап барады. Ертең шығар
көктем қамы, ертең көктер егін қамы.
Сақылдаған таңғы аязда мұржасынан түтіні тік ұшқан совхоз үйлерінің арасына жеңіл
машина сүңгіп кіре берді. Көгілдір аспан қандай мөп-мөлдір. Көсіле жатқан кең даланың
ауасы қандай кіршіксіз таза еді.
ЭПИЛОГ
Арада он жыл өтті.
Күз. Жасыл мауытыға малынған ақ балтыр қайыңдар күз шапанын киген. Бүріскен
сары бауыр қаңылшақ жапырақтар жел өтінде дірілдеп, боз қыраулы түнде қалбаң ойнап
үзіліп түсіп жатыр. Аткөпір боп төгіліп жатыр. Күн өткен сайын тоғай жапырағынан,
қурай бүрінен, сыбызғы гүлінен айырылып сидам тартып келеді. Биыл бітік шыққан
қалың егін үстінде жыртыла айырылып, бөтегесі шығып семірген құс атаулы біртіндеп
жылы мекенге қайта бастаған. Сүттей жарық ай астында, сирек қонақтаған ақ шуда бұлт
бауырында сызылған аққу үні, бір үйір көш бастап тыраулаған тырна үні анда-санда саңқ
ете қалады. Құс ішіндегі әлі бейқамы барылдауық қоңыр үйрек пен қараша қаз ғана: ну
қамыстың ортасындағы жалтырда дыңдай балапандарымен жайбарақат балдыр сүзіп
шығып таранып отырады. Басын қанатының астына тығып алған. Осы жақта қыстап
қалатындай кәперіне түк кіріп шығар емес.
Сондай бір салқын айлы түн еді. Шамы самаладай жайнаған үлкен қала шетінде көлік
күткен адам тас жолдың бойымен зымыраған жеңіл машинаға қол көтеріп тоқтатты.
Үстіндегі киімі қалың әжім басқан бетіндей жүдеу. Милығы тар малақайдың шықшытқа
ғана жеткен тілдей құлағы молақ. Кілегей көзін жаңа сығырайтып аша бере сүтсіз қалған
жетім күшіктің жарғақ құлағындай шолтиып тұр. Киімі ұсқынсыз, арып-шаршаған
мүләйім жолаушы:
– Қызыл жалауға баратын ем. Ала кетпейсің бе, – деп ашық терезеден басын сұқты.
– Отыр.
Жолаушы қарны қабысқан көне дорбасын аяғының астына тастап, «Волганың» алдына
жайғасты. Қасқа маңдайдағы айға шағылысқан күміс киік төрт аяғын бірдей көсілте
тастап, қайтадан оқша атылғандай болды. Машина ытқи жөнелді.
Машинаның артқы жағында екі адам отырған. Жолаушы қараған жоқ. Тірі жанға өзін
танытқысы келмейді. Бар ғаламнан ұрланып түнде ұшатын жапалақша құнысып, бұға
түседі. Арттағының бірі:
– Райхан апа, – дегенде, ауыр гүрзімен аңдаусызда еңбегінен түйіп қалғандай, бүкіл
өне бойы зірк етті. – Әңгіме айтыңыз, жол қысқарсын.
Жолаушы бетінен басып, артына қарай алмады. Әрі намыстанып, әрі ұялып, сілейген
қалпы кейінгі отырғандардың әңгімесін амалсыздан тыңдай берді.
Артта отырғандар Райхан мен баяғы шофер бала Жантас. Жантас қазір бала емес.
Отыздарға таянған ересек жігіт. Тың жерде бір жыл шофер болып істеп, келесі күзде
Алматыға оқуға кеткен. Университеттің журналистер дайындайтын факультетін бітірген
Жантастың Қызыл жалауға он жылдан соң, міне, қайта оралуы. Бұл жолы шофер емес,
жазушы болып оралды. Екі-үш жұқа кітаптың авторы енді тың туралы шығарма жазбақ.
Ана бір жылдары Күргерей қарттың әңгімесін құмарта тыңдаған Жантас енді шамасы
келсе, көкейде қалған ескі жырды қағаздың соны бетіне түсірмек. Бұл кезде Көкшетау
обкомында істейтін Райхан Жантасты кеше поездан күтіп алған. Ұзақ жыл көрмеген өз
баласындай Жантаспен сағынып табысып, бүгін соның тілегімен бұрынғы совхозға бірге
шықты.
– Оқуға түскелі басқа облыстарда болдым. Бірақ бұл жаққа келудің сәті түспей-ақ
қойды. Қатты сағыныппын, Райхан апа!
– Әрине сағынасың. Он жыл көрмеген сен түгіл, жиі барып тұратын менің өзім бір ай
көрмесем, жалғыз қалғандай өз-өзімнен құлазып қаламын. Кеше ғана көзіңнің алдында
қаланған үйлер, жыртылған әр клетка жер, кеше ғана доп қуып жүгіріп жүрген балалар,
совхоз адамдары – бәрі, бәрі ыстық.
– Иә, айтқандай, совхоз адамдары демекші, қазір бұрынғы мен білетін жігіттерден
кімдер бар? Бұрынғы совхоз директоры қайда?
– Федор Моргун басқа жерге ауысқан, естіген шығарсың. Целиноградта үлкен қызмет
атқарады. Сен білетін жігіттерден Халел қазір бас инженер.
– Халел?
Алдағы жолаушы да «Халел?!» деп, артына жалт бұрыла жаздады. «Ақбөпе қайда?
Дика қайда? Жәміш не күйде, тірі ме?» деген сұрақтар тізбектеле қалды. Бірақ сұрай
алмады. Өзін зорға тежеп отыр.
– Иә, Халел. Өзің кететін жылы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, сырттай
бітірген. Қызыл жалау ауданындағы ең сыйлы адамдардың бірі. – Райхан Халелді ұзақ
әңгіме етті. – Мінезіне көркі сай, біліміне ақылы сай, байсалды, деген ел ағасы жігіт
болды. Қазір балалы-шағалы, үйлі-баранды. Бұрынғы жалғыз үй тұратын жерге совхоз
алты бөлмелі особняк салып берген. Келешекте совхозға директор болуға лайық адамның
бірі – осы Халел. – Жолаушының беті жыбыр етті. – Одан кейін, Оспанды – шопр
Оспанды білесің ғой. Ол әлі күнге дейін шофер. Бүкіл облысқа аты белгілі шофер.
Депутат, Еңбек Ері.
– Ол кісінің жұбайы қайтыс болып еді. Әлі үйленген жоқ па?
– Үйленген.
– Ол кімге үйленді?
– Ақбөпеге...
Жантас та, бейтаныс жолаушы да демдерін ішінен алып отырып қалды.
– Иә. Ақбөпеге. Әттең, кезінде оқымай қалған. Әйтпесе Ақбөпе қазақ қыздарының
ішіндегі кеудесіндегі оты бар, нағыз аузынан жалыны шыққан өткір, алғыр қыздардың
бірі. Аз уақыттың ішінде тынымсыз жүріп механизация мектебін бітіріп алды. Бұрынғы
завгар Морозов қазір совхозда құрылған автобазаның начальнигі. Ақбөпе соның
қарамағында, екі жүз машинасы бар гараждың диспетчері.
– Ал баяғы Рудакова Тамара ма еді, Рубцова ма еді, ол қайда?
– Рубцова ғой. Ол қазір совхозда. Екі жылдай комсомол комитетінің секретары болып
жүрді де, үшінші жылы жоғарғы партия мектебіне оқуға түсті. Алагөзовті білесің ғой.
– Райкомның екінші секретары емес пе?
– Иә, сол Алагөзов осы совхозға парторг болып келген. Былтыр пенсияға шықты.
Тамара қазір соның орнында.
«Апырай, ө, – деп Жантас таңданып отыр. – Он жыл деген былай қарағанда аз ғана
уақыт секілді. Зымырап өте шығады. Бірақ осы он жылдың ішінде совхоз қалай тез
өзгерген, кеше ғана бірі тракторда, бірі машинада жүрген адамдар қалай тез арада ел
басқарып кеткен. Бүгінгі жастар тез көтерілген балауса құрақ секілді-ау. Мен бір-екі
шағын кітап жазғанға дүниені тындырып тастағандай төбем көкке бір-ақ елі тимей жүр.
Халел, Тамаралардың еңбегі одан кем бе?! Жоқ, артық. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне
қарай шабады». Тегі әліне қарай шауып жүрген мен болармын. Қалада жүріп Алатаудың
бауырындағы гүлдер мен парктағы қыздарды жырлағаннан басқа не тындырдым.
Махаббат, махаббат деп шумақ-шумақ өлең жазамыз. Мына отырған Райхан апайдың,
Халелдің, Тамаралардың еліне, жеріне деген ыстық махаббаты қайда?! Жоқ, енді мен де
шын жарысқа түстім».
– Апырай, ә, – деді Жантас, – Алагөзов осы совхозға келген екен ғой. Мінезі тік,
шайпау адам еді-ау. Мұндағы адамдармен үйлесіп кете алды ма?!
– Үйлескенде қандай. Алғашқыда бұрынғы қалпынан танбай, жұртты тек бұйрық,
әмірмен жұмсап совхоз өміріне көндіге алмай жүрді де, артынан көпшілікпен ортақ тіл
тауып, кімнің жерін жерлесең, соның суын сула дегендей, совхоз жыртысын жыртатын
нағыз қамқор басшы болып шықты, – деп Райхан өткен бір оқиғаны есіне алып күлді. –
Саған осындай детальдардың бәрі керек, Жантас. Тыңдай бер. Мен бір қызық жағдайды
айтайын... Қызыл жалаудың өндіріс басқармасында жүрген кезім. Алагөзов үш күн
сабылып, менің кабинетімнің есігін босатпай қойды. Со жолы бір тығыз шаруа болып,
Алагөзовті қабылдай алмадым. Таңнан күтіп, есік алдында қадалып отырған Нұрекең
үшінші күні менімен бірге кірді ішке. Шала ұйқы адамда он бола ма, жағының түгі
шығып, күрең түсі қара қошқылданып, түтігіп алыпты. Оның үстіне сол жылы егіннің
нашар шыққан жылы. Орақта жүрген адамның қабағы қатыңқы болады ғой.
– Райхан Сұлтановна, – деді отырар-отырмаста ызбарлы үнмен. – Үш күн бойы сізбен
тілдесе алмай қойдым. Бұл не? Шаруашылық мекемесі ме, әлде бюрократтардың мекемесі
ме?
Ашынған адамның сөзінің жаны бар. Әйтсе де әдейі қабағымды бермей отырмын.
– Сіз мекемені тексере келдіңіз бе, әлде шаруашылық жайымен келдіңіз бе? Не
айтайын деп едіңіз? – деп мен де жібімедім.
– Айтарым сол – енді совхоз элеваторға астық құя алмайды.
– О не деген сөз? Қанша құйдыңыздар? Жоспарларыңыз қанша еді?
– Жоспар, жоспар, – деп Алагөзов әрі қарай ештеме айта алмай тығылып, булығып
қалды. Қабағы қарс жабылып, кейіп отыр. – Жоспар деген егін ормай тұрып айтылған
көктемдегі уәде. Бірақ оған биыл күн райы жіберді ме? Жаз бойы жауын бір тамбай, қара
жерді қуартып, қылтиып шыққан бидайды қуырып тастамады ма? Енді міне, бір ай бойы
тынымсыз жауған қара жауын ес жиғызар емес, болмашы егіннің өзін жиғызбай тұр.
Қалған астық енді көп емес. Келесі жылғы тұқымнан артылмайды.
– Тұқымды заготзернодан аласыздар.
– Сіз не айтып отырсыз өзі. Совхозда істемеген адамның сөзін сөйлейсіз, – деп
Алагөзов одан сайын шыжалақтап қалды. – Бүгін мемлекет қоймасына төгіп, ертең қайтып
тасымалдаудың не қажеті бар? Оның аты екі жұмыс жасау деген сөз. Сосын, совхоз
еңбекшілері ертең нанды қайдан жейді? Жоспар өз алдына. Әркім өз бойына шақтап тон
пішеді. Ендігі қалған астықты совхоз қоймасына құямыз.
– Алагөзов, оныңыз болмас. Жоспарлаған екенсіздер, уәде берген екенсіздер,
орындайсыздар, – деп ем, Алагөзов орнынан ұшып тұрды.
– Жоқ, оныңызға көне алмаспыз. Совхоз қорын құюға ешкімнің хақы жоқ. Мейлі,
сосын маған не істесеңіздер де көндім. Аудан басында отырып алып бұйрық бергеннен
басқа не білесіздер?! Шаруашылықты уақытқа, жағдайға қарай икемдеу деген жоқ, – деп
есікке қарай беттей берді.
– Нұреке, – деп тоқтатып, шыдай алмай күліп жібердім. – Сіз өзіңіз ел тұрмысын,
шаруа жайын бұрынғыдан көбірек біліп, «тонның ішкі бауындай» болып алыпсыз. Бұрын
тек «Жоспар, жоспар» деп қана тұратын едіңіз.
Алагөзов те менің жұмсарғанымды көріп, күліп жіберді:
– Райхан-ау, оның рас, – деп мойындап отыр. – Бұрын миллиард, миллиард деп, бір
центнері жетпей қалса, құр қиғылықты салады екенбіз ғой. Қазір қоян-қолтық араласқан
соң, көзім қайта ашылғандай болды. Дақпырт салып айқайлау оңай екен де, оны
орындауға еңбек ету қажет екен. Биылғы жыл талай құпия сырдың бетін ашар.
Жиделібайсынды іздегендей тың жерді қуалап, асты-үстіне келтіріп аудара бергеннен
гөрі, жыртылған жерді баптап, кей жерге дем алдырып, қысы-жазы тынымсыз жұмыс
жүргізгенде ғана миллиард болады екен. Қоры мол совхоз ғана бай. Қор жинамай береке
жоқ.
– Олай болса, ендігі астықты совхоз қоймасына құйыңыздар. Директорыңызға айта
барыңыз, жоспарларыңызды келесі жылы екі есе орындарсыздар, – деп ем, Алагөзов те
маңдайынан шып-шып тер шығып, көңілденіп күліп жіберді.
Оқуы аз болса да, көргені көп ескі көз ғой. Қазірде сол совхозда отырып шаруа жайын
ақылдаса жүреді. Бәрі ақсақал тұтып, құрметтейді.
– Сонымен, еңдігі парторг Тамара деңіз.
– Иә, Тамара Рубцова. Жолдасы Дерягин.
– Дерягин? Райхан апа-ау, ол да түзеліп, адам болып кетті ме? Тамара ұнатпаушы еді
ғой.
– Түзелгенде қандай. Ол бұрын да жаман жігіт болмайтын. Сәл қисық, қыңырлау еді.
Бәрі жастық қой. Көпшілік қоя ма?! Ағаш емес, адам қисығы түзеледі. Баяғы жанған
машинаны совхоз жұмысшылары қалпына келтіріп еді, оны Дерягин ақтай да білді. Осы
күні көрсең, бұрын ішімдікке салынған жігіт деп еш ойламайсың. Жұртқа ақыл айтатын
екі баланың әкесі, совхозда завгар.
– Апырай, ә, – деп Жантас ырза көңілмен таңдайын қақты. – Бәрі совхоз кадрлары.
Бәрі ілгерілеп өскен. Орнында қалған ешкім жоқ. Диалектика заңы деген осы-ау, Райхан
апа.
– Диалектика заңы үнемі осу, өркендеу ғана ма, Жантас? Қайсыбір өшіп, жоғалып
кететіндер де болмай ма?
– Ол өлген адамдар ғой. Оның орнын жаңа туғандар баспай ма?
– Жоқ, тірісінде де өшетіндер бар.
Алда отырған жолаушы тіксініп қалды. Өз атын атағанда кірерге жер таба алмады.
Бірақ амал не, үнсіз тыңдап отыр.
– Мысалы, баяғы бекетші Қарабетті ұмытқан жоқ шығарсың, – деді Райхан. – Сол
қартайған шағында не боп кетті? Қара басын күйттеп жүрген адам көптің шаңына ере
алмай, өз-өзінен масқара халге ұшырады. Оның ендігі тірлігінде, жер басып, күн көрген
өмірінде не қадір-қасиет бар? Өз ұлы Халелді, Ақбөпені былай қойғанда, кешегі қол бала
боп жүрген Диканың ширегіне тати ма?
– Айтқандай, Райхан апа, Дика бар ма? – Жантас таныс адамдарын естігенше асығып
отыр.
– Бар болғанда қандай. Мақтаулы құрылысшы. Борщей бұрын тамаша семьянин: төрт
баласы бар. Кунзила дейтін әйелі аспазшы. Қазақша айтқанда, шалқып, толқып, кемеліне
келіп отырған совхоздағы бай адамның бірі.
– Апырай, ә! – деп Жантас ұзақ жыл көрмеген совхоз өмірін ойлап отырып, қалғи
бастады.
Райхан кей уақыттарда өз-өзінен жалғызсырап, әлдененің орны толмай үңірейіп
тұрғандай, көңілі омсырайып қалатын кездері болатын. Өзімен бірге жасасып қуанышына
да, қайғысына да ортақтас болар жар құшып, бала сүймей өткен тағдыр салған зілдей ауыр
салмақты ойлап таусыла күйзелетін. Сүюге, мәпелеуге жаралған ана жүрегі езіліп, семья
махаббатын аңсаған шақтарында іштей егіліп, қатты ойсырап қалады. Тек әлгіндей әңгіме
айтылып, өткен-кеткенді, жолдас-жораларды еске алғанда ғана қайта жадырап,
ұмытқандай болады. Өзі қызмет еткен жердегі бар халық құрмет тұтып, қошеметпен
құшақ жая қарсы алғанда, ел махаббатына көңілі өсіп, бар ауыртпалық есінен шығады.
Міне, қазір, машина ішінде теңселе түсіп, туған жердің топырағына жақындаған сайын ел
адамдарын көз алдынан аса бір ыстық сағынышпен өткізіп отырып, тәтті ұйқыға енді.
Көзі ілінбей отырған Қарасай мен шофер жігіт қана.
Таң атып көрім жер анық көріне бастағанда шофер бейтаныс жолаушының бетіндегі
жалпақ қара қалға қарап қойып тіл қатты.
– Сіз Қызыл жалауға барам деп едіңіз. Өтіп кеттіңіз ғой.
– Жоқ, мен «Қайыңды» совхозына барамын.
Шофер таңырқай қарады.
– Қайдағы «Қайыңды»? Сіз өзі бұл жаққа көптен бері келмегенсіз ғой, тегі. Ол
совхоздың аты баяғыда өзгеріп кеткен.
– Әһ, солай ма? Қазіргі аты қалай? – деп Қарасай арттағылар даусымды естіп қоя ма
дегендей сыбырлап сөйледі.
– Қазіргі аты «Сұлу мұрт».
– Сұлу мұрт? – Қарасайдың ұры көзі жыпылықтап, жігітке қарай берді.
– Иә, Сұлу мұрт. Естуіңіз бар ма? Өзі де бір керемет адам болыпты ғой. Жергілікті
жұрт осы күнге дейін аузынан тастамайды. Былтыр совхоз жұмысшылары сұрап жүріп,
ақыры совхоз атын өзгертіп алды. «Жаңа талап» та өзгерді.
– Ол бөлімше емес пе еді.
– Жоқ, қазір ол жеке совхоз. Мал совхозы. Оның аты Күргерей.
– Күргерей?
– Иә, Күргерей! – шофер жігіт Қарасайдың әлсін-әлсін құбылып отырған өңіне зер
салған жоқ. Тас жолдың бойына қарап отырып, сөйлеп келеді. – Күргерейдің шын аты
Григорий Федоров екен ғой. Сұлу мұрт – Сұлтан екеуі осы жердің ардагер адамдары
болыпты деседі... Өмірлері зая кетпеген адамдар солар. Аттары мәңгіге қалды ғой,
мәңгіге...
Машина совхозға күн шыға жетті. Қарасай сағынып оралған өз жерінен көз алмай,
шыр көбелек айналған далаға тесіле қарап келеді. Ғасырлар бойы қалың кәде басқан көне
даланың реңі мүлдем өзгерген. Ойы, қыры тұнып тұрған егін. Анау көрінген Есдәулет
қыстауының тұсы емес пе. Одан әрмен Сәлім шүйгіні, есіз қоралар бар еді-ау. Бәрі жер
жұтқандай қайда сіңіп кеткен? Оның орнында шағаладай ақ үйлер, алды-артында иін
тірескен машиналар – комбайн, трактор. Тегі совхоз бөлімшелері не бригадалар болар.
Батыр-ау, сонау төбеден құлай бере мен мұндалап тұратын жетім қайыңның орнына
сүмбідей сұлу ағаштар орнай қалыпты. Күзелген жалдай түп-түзу. Тегі қолдан еккен-ау.
Аз жылдың ішінде адам танымастай болып, қалай өзгеріп кеткен. Тіпті қу мекиен түзге
ағаш егіп, жапан түзді бұғалықтап, шідерлеп тастапты.
Жеті атасынан бері Малжанның иелігіндегі жерді өзінің маңдайына басқан жердей
меншіктенетін Қарасай қазір бөтен елде, танымайтын жат жұрттың мекенінде келе
жатқандай бәріне тосырқап отыр. Жүрегінің терең бір қалтарысында жасырын жатқан
қызғаныш та бар. Өз даласының, өз елінің қасиетті топырағына бір шыбық қадай алмай,
бір тамшы маңдай терін тамыза алмай шет қалған, думанды тойға бара алмай тобан аяқ
болып тойтиып, көпшіліктен жырақ қалған адамның қызғанышы. Машина қыратқа қылт
етіп көтеріле бергенде:
– Ана көрінген «Сұлу мұрт» совхозы, – деді шофер бала. Қарасай кеткенде небары
қырыққа тарта үйі бар совхоз қазір етек-жеңі кең жайылып жатқан қала сияқты.
Терезелері күнге шағылысқан еңселі үйлер анадайдан аппақ жұмыртқаша жұтынады.
Малжан ағашы деп аталатын бір шоқ қайыңды іздесең таба алмайсың. Совхоздың бір шеті
мен екінші шетіне дейін тұтасқан мәуелі ағаш. Үйлердің бір шеті «Қыземшекке» дейін
жетіп, екінші басы баяғы Балта аулының жатақтарынан қалған ескі жұрттан асыпты.
Жәлелдің зиратын тұрғызған «тақия төбе» ояна бастады. Қарасай Райханға көрінгісі
келмей, көшеге кіре берісте, қоржынын арқалап, түсіп қалды.
Бұл арада суы мол терең котлован бар еді. Соған қарай ентелей жүгірген бықырлаған
қара ала қаздар қасынан өте берген бейтаныс адамды жатырқағандай қаңқылдай жөнелді.
«Қа-қа-Қарасай келді, Қа-Қарасай» дегендей қаңқ-қаңқ етіп, құс фермасын басына
көтерді. Бейқам құстардан басқа, совхоз шетіндегі тау-тау бидай үйілген қырманға қарай
беттеген жұмысшылар, жүк машинасындағы, трактор, комбайн үстінде кетіп бара жатқан
адамдардың бірі Қарасайды елеген жоқ. Кез тоқтатып қарамады да. Бәрі өз шаруасына, өз
жұмысына қарай басып кетіп барады, өтіп барады.
Қарасай ұзыннан-ұзақ тартылған оқтай түзу көшені бойлай отырып, Малжан
ағашының тұсынан шықты. Қартайып жасаурай бастаған көзін ағаштың бауырына қадап,
төрт бұрышын бірдей тінтіп келеді. Өңкей шифрлы ақ үйлер. Жайпақ төбелі, албарлы өз
үйі жоқ. Жапандағы жалғыз үйді, Қарасайдың қара шаңырағын бульдозермен тік көтере
сыпырып тастаған. Оның орнында жаңа қоныс – жаңа үй. Халел үйі.
Қарасай аз уақыт үнсіз тұрып қалды. Талай жылдан бері Малжан ағашының
бауырындағы жапан түзде түтін түтеткен жалғыз үй – атадан қалған ескі көз, көне жұрт
еді. Қарасай елу жылдай алысып жүріп, ақсүйек ата дәстүрінің қалпын бұзбай, ескі
дастарқан кенеуін кетірмей келіп еді. Бүгінде көне дәстүр көңге айналды, ескі дастарқан
өрім-өрім болды. Жапандағы жалғыз үйдің үйіндісі де жоқ. Жалғыз үйдей дараланып жеке
бастың қамымен өмір кешкен Қарасайдың өзі де қазір толқын айдап шыққан салынды
сияқты: не қызуы, не жылуы жоқ бойында. Су сорған салындыда нор де, дом де жоқ.
Қызусыз, нәрсізде мән де жоқ. Мәнсізді ешкім іздемейді, мәнсізді ешкім жоқтамайды.
Төрінен көрі жуық Қарасай қатты күйзеліп тұр. Алпыс жыл жасаған ғұмыры да бір,
қадірсіз, құнсыз болған соңғы бір күні де бір. Есіл өмір. Зая кеткен жасына қайғырып
тұрып, терең күрсінді: «Елу жылда ел жаңа. Елін тапқан ер жаңа. Бабын тапқан жер жаңа.
Жалғыз үйдей жым-жылас, жұрнақсыз қалған мен дара, ұрпақ та жоқ, дос та жоқ, адасқан
қаздай мен ғана», – деп жетім көңіл торға түскен тотыдай бұлқынып, жүрегін тырнап
тұр...
Бұл кезде Райхан мен Жантас совхоз сыртындағы «Қыземшектің» төбесіне жаяу
көтерілген. Биік төскейде тұрып жан-жағына көз тастады. Аппақ күмістей шашын таңғы
самалға тосып, қасиетті даланың жұпар иісін мейірлене жұтқан Райхан қызара шыққан
күн шапағына малынған шағаладай аппақ совхоз үйлеріне масаттана қарады. Кеше ғана
жапырайған жалғыз үйлі жапанда мыңдаған жаңа үйлер. Кеудесін керіп, көсіле жатқан
дарқан дала көптің мекені.
– Анау ортадағы екі қатарлы биік үй мектеп. Одан арғы стадион, балалар бақшасы,
емхана, парк. Ана бір шеттегі құс фермасы, онымен қатарлас сиыр фермасы. Автобаза,
темір-бетон заводы, кірпіш заводы, – деп қолымен нұсқап санай бастады.
«Қыземшектің» батыс жақ беткейі «Күргерей» совхозының жері де, шығысы «Сұлу
мұрт» совхозының жері. Екі совхоздың жерін ершікті төбенің ұзыннан-ұзын шұбатылған
жотасы ғана бөліп тұр. Жер жобасына қарап қоңсы ауылдың шекарасын айырып
болмайды. Екеуі де бірдей. Екі жақ бүйіріне жарыса көтерілген қою егіннің әр тал
сабағына дейін егіз, таңғы самалға судырап жайқалған тербелісіне дейін егіз.
«Қыземшектің» шошайған қос төбесін де бір-бірінен ажыратып болмайды. Қос төбенің
ең ұшына орнатқан қос зират та, зират алдына қойған құлпытастар да бір-бірінен
айнымайды. Бірінде: «Григорий Матвеевич Федоров (Күргерей)», екіншісінде: «Сұлтан
Омаров (Сұлу мұрт)», – деп жазылған жазулары ғана екі бөлек. Тосын қарағанда екеуінің
тұрған орындары да екі бөлек.
Жоқ, анықтап қараңыз. Күргерей де, Сұлу мұрт та жер емшегінің екі басында, бір
төстегі алпыс тамыры, ақ сүті бір қос анардай қосылып мәңгі бірге жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |