Күргерей қарттың бірінші жыры
– Мен жасымда ұры болғамын. Ұры болғанда да анау-мынау емес, деген баукеспенің
өзі едім, – деді еңгезердей Григорий Матвеевич Федоров жастыққа шынтақтай түсіп. –
Мына өзіндей қылшылдаған, атжалмандай шұлғыған жас күнім. Омбы қаласында он
шақты жігіттің шайқасына қосылдым. Кілең сойталдай-сойталдай жігіттер. Не оқиын десе
оқу жоқ, істейін десе даяр тұрған жұмыс жоқ, барар жер, басар тау таба алмаған соң,
өмірдегі бар жоқшылық зардабын, қайыршылық өшін осы ұрлықтан алатындай, әбден
қанына қарайып алған жандар. Ол кезде Омбы ең бір тәртіпсіз қалалардың бірі. Қазіргідей
сымдай тартылған сұлу көшелер жоқ. Арнасы кең Ертіс өзенінің бойында шашыла жатқан
қала үйлері ығы-жығы. Онан қашқан, мұнан қашқан өңкей жалаңдаған кезбелер үйірлі
жылқыдай топтанып жүреміз. Соқтыға кеткенді қан қақсатып, кірген жерге бүйідей тиіп,
ұлардай шулатып, ойымызға келгенді істейміз.
Біздің көбінесе торуылдайтын жеріміз базар маңы. Осы күнгі «Казачий базарды»
естіген шығарсыңдар. Ол уақытта қазіргіден үлкен болатын. Келетін адам да көп,
маңайдағы кіші-гірім қалалардың купецтері мен қазақ ауылдарының саудагерлері араға
күн салмай қатынап сапырылысып жатады. Біз күндіз кімге қанша ақша түскенін сырттай
бақылап аламыз да, түн болса-ақ жатқан үйлерін торып, қапысын тауып тонап аламыз.
Сәті түспеген кезде, баратын тұрағын жасырын сұрастырып біліп, жол тосып, сымпитып
қоя береміз.
Ондай адамдардың хабарын бізге жеткізіп тұратын жансызымыз Халауиддин дейтін
татар малайы. Омбыдағы аты шулы бір саудагердің баласы. Өзі мата дүкенін ұстайды.
Маңайдағы келімді-кетімді саудагерлердің бәрімен әмпәй, білмейтіні жоқ. Бірақ оның
бізбен байланысы барын ешкім сезбейді...
Қыс іші. Сақылдаған қызыл шұнақ аяз. Күн жексенбі еді. Казачий базарға келдік.
Аңдыған адамымыз бар.
Базар іші ың-шың. Біз көзге түсіп сезікті болмас үшін мұндай жерде қашанда
топтанбай, дара-дара жүретінбіз. Осы жолы да базардың тұс-тұсынан бөлініп кірдік.
Шөгеріп тастаған түйелердің ара-арасымен жылқы сататын жерге қарай аяңдадым.
Базардың шет жағындағы қадаларда жал-құйрығы төгілген кілең пар аттар қаңтарулы тұр.
Тұлыптарын сүйретіп қазақтар әдеттегіше кезіп жүр. Бір жерде иіріп тастаған жұп-жұмыр
семіз қойлар, енді бір арада пышақтарын жалаңдатып қасапшылар жүр.
Базардың ең қызу жері – жылқы саудасы. Жер-жерден келетін қазақ байлары,
Омбының орыс-татар саудагерлері ертеден қара кешке сол арадан айналшықтап
шықпайды. Көшпелі сығандар неше бір сүліктей арғымақтарын осы араға әкеп сатады.
Көзі қызарған желікпе байлар сол жерге қызыл көрген қарғаша үймелейді. Мен солай
қарай аяңдадым.
Өңкей қасқыр ішік кигендердің шетіне таяй бергенімде алдымнан жылмың етіп
Халауиддин шыға келді. Қасымнан жанамалай өте беріп, көзін қысып қалды. Ол бері жүр
дегені. Мен де іркіліп кейін шегіндім. Халауиддинді көзден таса қылмай, соңынан ілесіп
келем.
Оның сақ, әккілігіне не берерсің. Базардың екінші жақ түкпіріне жеткенше артына бір
қайырылып қараған жоқ. Қарсы кездесіп қалған таныстарына басын сауысқанша шұлғып
қалып, жорғалап барады. Базардың қиян бір шетіне үркіте салған үркердей бес-алты дүкен
бар-ды. Онда Малтай, Шарбақкөл қалаларының диірменші орыстары үн сататын.
Халауиддин соған жетіп бір-ақ тоқтады. Қасы мен кірпігіне дейін ақ айран үн басқан
саудагерлер бұл кезде самогон ішіп есіріңкіреп алса керек. Бірі ысқырып, бірі әндетіп, у-
шу болып жатыр. Біз де араласып кеттік. Дүкеннің тасасына қарай бұрыла беріп
Халауиддин мені күтіп алды. Алтынмен қаптатқан екі қасқыр тісі жылтырап ыржия күлігі
тұр.
– Сәті түсетін болды, – деді де, көңілімді бір көтеріп алып, жан-жағына ұрлана қарады.
– Қалада Сұлу мұртты қолға түсіру қиын. Маңайында адамдары көп. Бірақ бүгін қайтсем
де елге жүрем, бір жолдасымның қарындасы ертең ұзатылушы еді, соған мата керек деді.
Мен: біраздан соң кел, берейін деп уәде еттім. Мүмкіндігінше бөгеймін. Өзі жалғыз
жүреді екен. Сендер қазірден бастап адамдарыңды жөнелтіңдер. Жол тоссын. Барар жері
Балта аулы.
– Балта-а!
– Иә, Балта. Білетін бе едің?
– Білемін... – Ішім мұздап кетті. «Халауиддин, сенен сұрайтыным болсын, осыны
тісіңнен шығармашы», – деп айтуға оқтала беріп, өзімді-өзім қайта тежедім. Үйткені ол
сенімсіз жігіт. Күндердің күнінде сатып жіберуіне шек жоқ.
– Ендеше, тіпті жақсы. Жолын біледі екенсің ғой. Ал, мен кеттім. Қабанға тез жеткіз.
Бәрінен қиыны осы болды. Қабан деген біздің атаманымыз. Қабан десе Қабан. Дүние
жүзінде адам баласына мейірімсіз ондай нойыс жанды бұл өмірімде көрген емен. Біздер
үшін оның ақ дегені алғыс. Шайкада онымен иық теңестіріп, қатар отырып сөйлей алатын
мен ғана. Менен сәл қаймығады. Алыса кетсе тең түсетін адамым осы болар деп
сезіктенетін секілді. Бірақ шын ерегіссе қапысын тауып кететін қаныпезер.
Сол себепті мен оған әлгі хабарды жеткізбеуге табан тіреп тұра алмадым. Иә,
айтқандай, оны неге жасырғым келеді. Соны айтайын.
Біздің аңдыған адамымыз жауырыны қақпақтай, екі беті шиқандай, әдемі қияқ мұртты,
орта жастарға келген қазақ. Нағыз жігіттің нары. Оны жұрт «Сұлу мұрт» деп атайды. Біз
де солай атап кеттік. Оның қарап тұрсаң көз тоймас, суреттей сұлу, әрі жүйрік, жүзіктің
көзінен өткен қос жирен аты бар. Омбыдағы бай купецтердің бәрі осы аттарды көрген
сайын сүқтанып, ауыздарының суы құрып, есінен айырылады. Қанша алтын беріп, мал
беріп саудаласқанмен, Сұлу мұрт солардың біріне келіскен емес. Тіпті маңына
жуытпайды.
Енді осы аттарға біздің Қабан құштар болып алды. Бір сығандармен келісіп, алдын ала
мәгерешін де ішкен. Қашан қолына түсірген күні, сығандар ақшаны алақанына санап
салып, қос жиренді басқа қалалардың біріне апарып тоғытып жібермекші.
Міне енді, сол Сұлу мұрт Балта аулынікі болып шықты. Балта аулы үш жерге бытырай
қонған қарасы елу шақты үй – кедей ауыл. 1907 жылы жиырма шақты семья Орталық
Россиядан көшіп келіп, осы ауылдың маңынан жер алып, деревня салған. Менің өгей әкем
Дмитрий Павлович қолының ебі бар, ісмер адам еді. Келе қазақ аулында ұсталық етіп, бос
уақытында кедейлердің қара табан балаларын оқытып бүкіл төңірекке аты жайылды.
Содан бері біздің үй орыс деревнясында емес, Балта аулында тұрады. Соңғы жылы
балалық жасап, өгей әкеммен жоқ нәрсеге тарбиысып, ақыры Омбыға қашып кеткемін.
Енді міне, сол ауылдың адамын тонамақшымыз.
Амал не, ұрлықта аяушылық жоқ. Қабанға келіп бар жайды жеткіздім.
Қалың қыртысты бетін сояудай ірі-ірі сирек түк басқан Қабан, бір жақ езуі тыртық,
жырық аузынан сарымсақ пен арақ иісі мүңкіп, көзі жайнап кетті. Ұрыларын менсінбей,
салып жіберейін деп тұрған адамдай төне түсіп айнала қарап тұрды да, қанталаған зәрлі
көзін маған қадады:
– Гриша, бұған сен өзің барасың. Қасыңа мына сұмырайлардың бірін ал!
Мен Василек деген тоқпақтай ықшам денелі, пысық жігітті қасыма ерттім. Сол жерде,
екі-үш стакан самогонды тастап алып, Балта аулына қарай жүретін жолаушылардың
шанасына сәті түсіп лезде отырып кеттік. Ауылға қарай бұрылатын айырық жолға түс ауа
жетіп түстік. Бұл ара тұнып тұрған ну орман. Одан әрі екі-үш шақырымдай жер жаяу
жүріп, ит мұрны өтпейтін қалың бір жеріне келіп аялдадық. Жазық далада жүріп жатқан
алағаншық сырғыма борасын да бұл арада жоқ. Тым-тырыс, құлаққа ұрған танадай.
Осы арада бой жылыту үшін қойынға тығып алған бір шөлмекті бөліп іштік. Содан
соң:
– Василек, пышағың қайда? – дедім.
– Міне, қашанда даяр ғой, – деп Василек жымыңдап қонышынан жарқ еткізіп ұзын
селебесін суырып алды. Мен қолынан алдым да, тоғай арасына құлаштап тұрып лақтырып
жібердім. Василек аң-таң.
– Василек, біз екі адамбыз. Оны өлтірмей-ақ атын тартып әкетейік. Сен осы арада қал,
мен сәл ілгері барып тұрамын. Жолға жалғыз шыққан адам сақ келеді. Жасырынып тұрып,
бас салғайсың. Бөгесең болды, мен көмекке келемін. Байқа, қамшылар жағына шықпа, –
деп ескерттім де, өзім сәл ғана ілгерірек барып, бой тасаладым. Қамшылар жағына шықпа
дегенім, Сұлу мұрт аты шулы қамшыгер адам деп естігем. Омбыда, бір жиында бәс тігіп,
атан өгіздің төрт бүктеулі шикі терісін бір салғанда тіліп түсіпті дегенді көргендер жыр
ғып айтатынды.
Уақыт ақырын жылжып өтіп барады. Ақпанның ақырған аязы тұла бойды шымшылай
бастады. Әлден уақытта қысқа күн біз тұрған тоғайдың иіліп келген мүйісіне жете беріп
жерге қызара құлады. Қарсы беттегі өн бойын ақ қырау көмген ағаштар қанға бояғандай
қызарып, қызыл көзденіп тұрды да, күн тасаға еніп көлеңке бойын ұзартқан сайын
күреңітіп ара-арасы суық тарта берді.
Орта беліне дейін қарға бөгіп тұрған тоғайдан ала бөтен жеке шыққан бір түп қайың
бұтағында отырған сауысқан әлденеден секем алып, шық-шық етіп ұша жөнелді. Жесір
ағаш та бұтағына қонған ұлпа қарды гу еткізе сілкіп, селт еткендей болды. Сауысқан
қалың тоғайға жып берді. Тоғай жиі-жиі таңдайын қақты да, қайтадан демін ішіне тартып
үңірейе қалды.
Сақ құлақ сауысқан бізден бұрын естіген екен. Сонау алыстан шана табанының
сырылы келді құлаққа. Сақылдаған шыңылтыр аяздағы кешкі дауыс қандай анық, әлгіндей
болмай-ақ құлаққа талып жеткен қар шықыры тап қасымыздан шыққандай, шақырлап
кетті.
Көп күткендікі ме, әлде күткен адамымыздың бұрын-соңды кездесіп жүретін
мәлпектердей бос белбеу біреу еместігінен бе, әйтеуір тақтайдай жолды сырылдатып келе
жатқан темір табан құйқамды шымырлатып, шекемді шағып барады. Жүрегім өз-өзінен
алқынып, өкпем аузыма тығылғандай болады. Енді бір кезде аттың әлсін-әлсін
пысқырғаны да естілді. Соның артынша-ақ тоғай арасына жыланша сүңгіген қысқы жол
бойындағы шаналы көз көрім жердегі ағаш баурынан бұлдырап шыға келді де, туралай
салды. Алғашқыда төрт бұрышты қап-қара сандық құйындай ұшып келе жатқан сияқты
еді, енді үлкейе-үлкейе пар жеккен ат пен салаң етіп шанасы да көрінді.
Сұлу мұрт. Соның өзі. Қос жирен сілтеп келеді. Әлден уақытта жолдың екі жақ
қапталына дейін төніп, тұнып тұрған қалың ағаштың тар қуысына жете бергенде,
тосқауылдан аңдып тұрған Василек бір бүйірден жолбарысша атылып, ортадағы аттың
шылбырына жармаса кетті.
Тосыннан шыққан адамнан үркіп қалған қос жирен шоқ басқандай жолдың екінші жақ
езуіне қарай орғып түсігі, қайта жұла тартқанша болған жоқ, Сұлу мұрт сол жағына
жантая беріп, дырау қамшымен салып жіберді. Василек кескен баудай бүктеле құлап жол
табанында қала берді.
Алғашқы жүрісінен айырылған қос жирен қайта қарқындағанша менің қасыма да жетіп
қалды. Мен де қарсы алдынан қолымды ербеңдетіп жол үстіне атып шықтым, Екпіндей
жеткен пар ат ішін тартып осқырып тұра қалғанда, тізгінге де салдым қолды. Еті қызған
аттар көкке қарғып, кісінеп жіберді. Қара көлеңкені пайдаланып, аттарды жанамалай
келіп, шанаға секірдім. Сұлу мұрт та тұлыбын шешіп үлгірген екен. Ұмар-жұмар алыса
кеттік. Божысы бос қалған қос жирен жол бойымен құйындай ағызып, ала қашты.
Шетін терімен қаптаған жеңіл қашабаның ішінде арыстанша арылдасып, екеуміз кете
бардық. Алғашқыда сарт-сұрт қол салысып, артынан тіресіп қалдық. Ұстаған жерде қол
қарысып, бір-бірімізге көзімізден от шашып жатырмыз. Енді бір кезде, ойламаған жерден,
Сұлу мұрт кеңірдектен ала түсті де, жұтқыншағымды бытырлатып жіберді. Жан дәрменде
ышқына бұлқынып қалдым. Сұлу мұрт аунап барып, шананың қырына шалқалай құлады.
Бірақ, мені де бір жұлқып қасына түсірді. Екеуміз де басымыз төмен салбырап шананың
қалдайшасында шалқамыздан жатырмыз. Әйтсе де қарысқан қолдар ажырасар емес. Күш
көрсетіп қимылдаса-ақ болды, екеуміздің де шанадан түсіп қалар қаупіміз бар. Бар қаруды
тек қолдың күшіне салып, бір-бірімізді мыти бердік. Аттар әлі де құйындай ұшып келеді.
Шана табаны сыр-сыр етіп, құлақ түбін кесіп бара жатқан сияқтанады. Делебесі қозған қос
жирен тоқтар емес. Сілтей берді, сілтей берді.
Көгілдір аспан қоюланып күңгірт тартқан сайын, шалқалай қарағанда шыр айналып
тұрған қалың тоғай шеңбері тарыла-тарыла іңір қараңғылығымен тұтасып кетті. Енді
бүкіл дала дөңбекшіп төңкеріліп бара жатқандай, түк көрінбей, айдай әлем бұлдыр тартты.
Тар қапаста қалғандай тынысым тарылып, темір құрсау қыса берді. Бір мезетте қарысқан
қолдың буын-буынынан әл кетіп, жазыла бергенше болған жоқ, көзім алды жарқ етті,
сылқ етіп биік бір құздан құлағандай болдым. Бетім суық қарға тиді. Бағанадан бері
сырылдатып кесіп келе жатқан шана табанының үні құлағымды түп орнымен ойып алып
кеткендей үзілді де, бар дүние тым-тырыс тына қалды...
Қанша уақыт өткенін білмеймін. Әйтеуір әлдебір кезде ес кіріп, бойыма жылы қан
жүгіргендей болды. Жансыз қалған көсеудей аяқ-қолым қимылдай бастады. Сірескен
денемді жазып, қозғап көріп ем, он екі мүшем сау секілді. Енді бір сәт көзімді ашып,
көтеріле беріп ем, басым шыр көбелек айналып, көзім қарауытып кетті. Аузымда түйір-
түйір бірдемелер жүрген секілденді. Түкірейін деп ем, аузым икемге көнбейді.
Саусағымды сала беріп, өне бойым қалтырап кетті. Сылдырап бос жүрген тістерім екен.
Алдыңғы күрек тістерім қаусап түсіпті...
Ақырын ілбіп жол бойымен ілгері аяңдадым. Дала тымтырыс. Түн бағанадан да қатты
суытқан. Шыңылтыр қар аяқ басқан сайын сақыр-сұқыр етеді. Қалың тоғай арасы желсіз,
тымық болғанмен бет жалаған қызыл шұнақ аязда пана болар жері жоқ. Түрпідей қырау
басқан әр ағашы түксиіп, ызғар шашып, шаңытып тұр. Бұл – айдың өліарасына тақаған кез
болатын. Жіңішкеріп тозған жез түстес қылдырықтай жарты ай шалқасынан түсіп
тоғайдың етегіне қарай жасырынып, қылмиып батып барады. Ол да мені мазақтап, жапан
түзде жалғыз қалдырып кетіп бара жатқан секілді. Сырт киімімнің түймелері үзілген.
Алқам-салқам ашылған кеудемді аяз қарып жіберді. Бір жерде аялдап болар емес. Сылбыр
аяндап жүріп келем. Бетім Омбы емес, ауыл жақ. Ойым – қос жиренді қайтсем де енді
қолға түсіру.
Қанша жүргенімді қайдам, әйтеуір ай батып, үркер иыққа көтерілген түннің бір
уағында, артымнан шана сырылы естілді. Аттарын cap желдіріп, суыт жүріп келе жатқан
екі-үш шаналы әлгіндей болмай мені қуып жетіп, есік пен төрдей қалғанда ошарылып
тұрып қалды. Алдыңғы шанадағылар өзді-өзі күбірлеп сөйлесті де:
– Бүгім-ай! – деп біреу ащы дауыспен үн қатты. Бейуақытта, жапан түзде тұрған
жалғыз жаяулы шынында да сезікті. Жол тосып жүрген ұрылардың бірі болмасына кім
кепіл. Қасыма таяп келуге бата алмай тұрғандары да содан болар. Артқы шаналардан да
үрейлі дауыстар шығып:
– Әй, ояныңдар, тұрындар.
– Балталарың қайда?!
– Мылтықтарыңды алыңдар, – десіп, сес көрсетіп дабырлап кетті. Қарасы үш-төрт
адам он шақты адамның үніне салып, дауыстарын мың құбылтады.
– Менмін, – деп қазақша жауап беріп, өздеріне қарай жақындап ем, үндері бәсеңдеп,
бір-біріне «тұра тұршылап», бөгеп, жаңағы ащы дауысты тағы да қадалды:
– Менің кім? Не ғып жүрген жансың?
– Мен Гришамын. Митрийдің баласымын.
– Кришаң кім? Қайдағы Митрий?
– Балта аулындағы ұста Митрийдің баласымын.
– Әһ, не дейді. Әй, Митрийдің баласымын дейді ғой. Біліп тұр, – деп енді өзді-өзі
сөйлесіп кетті.
– Е-е, Митрийдің баласы алдыңғы жылы үйімен ренжісіп, Омбыға кетті деген.
– Әй, өзі ішіп алғаннан сау ма? Болжырап әрең сөйлеп тұр ғой.
– Мына суықта қайбір жетісіп келеді дейсің. Аузы бозарып икемге келмей тұрған да.
Айтқандай, шешесі Мәриәм қатты науқас деген, соған жаяу-жалпылап келе жатқан
ғой, пахыр, қайтсін! – деп мүсіркеп шаналарынан түсті.
Бұлар мені білетін адамдар боп шықты. Бірақ Омбыдағы «кәсібімнен» бейхабар
секілді. Өздері бүгінгі базарда болып, үн сатып алып қайтқан беттері екен. Әр жайдақ
шанада екі-үш қап теңкиіп жатыр. Екінші шанада бір-ақ адам екен. Мені соған
отырғызды. Көнектей аузымды көлегейлеп келіп отырдым, Қараңғыда оны ешкім
аңдамады.
– Е-ей, балам-ай, үстің де жұқа екен. Қалай үсімей келесің, – деп, домаланған
кішкентай шарқы шал үстіндегі тұлыбын шешіп беріп, өзі күпісімен қалды. Шал киіп
отырғанда тұлып қанша мол көрінгенмен менің жұқа киімімнің сыртынан тырсылдап
зорға сыйды. Алдында алуға дәтім шыдамай тұрып ем, «мә, киіп ал» деп үстіме жаба
салған соң амалсыз кидім. Оның үстіне суық та бір жағынан қысып, алмасыма қояр емес.
Шолақ та болса, сеңсең қойдың терісінен тігілген тұлып үстіме тиген соң ене бойым
жылынып қоя берді. (Григорий Матвеевич қайқы бел қоңыр трубкасының үңгісін толтыра
темекі салып тұтатты да, бір-екі сорып, әңгімесін жалғай түсті.)
Сонымен жолда бір қонып, келесі күні таң сәріде Балта аулына жеттік. Үйдің алдына
әкеп түсіріп кетті.
Балта аулының біз тұратын бөлегінде жиырмаға тарта үй бар. Кілең жермен-жексен
жер кепе. Бір қораның астында екі үй, үш үйден отыратындары да бар. Өңкей сіңірі
шыққан кедей аулы. Біздің үй ауылдың шет жағында. Осы елдегі ең бір жібі түзу баспана
сол. Алғашқы келген жылы осындағы ер-азамат жиылып помыштап көтеріп берген. Қолы
іс білетін әкей оның есік, терезесін өзі жасап, бұрыштарын тақтаймен сылап,
жұмыртқадай ғып жұтындырып алған.
Ал қазір байқаймын, үй сырты бұрынғыдай емес. Жадау. Қабырға сылаулары
жаңбақтай-жаңбақтай боп қопсып түсіпті. Қора, сарай маңында да бұрынғы ықтияттылық
жоқ. Шашылған шөп-шалам, көң-қоқыр.
Таң сібірлеп атқанмен, төр үйдің оты сөнбепті, Терезеден көмескі шам жарығы
көрінеді. Мен ақырын тықылдатып, әйнек қақтым.
Үйге ене жүрегім су ете қалды. Төр бөлменің оң жақ бұрышындағы ағаш кереуетте
сұлық түсіп, жансыз дене жатыр. Қу шүберектей жүдеу өңі төбеге қарап, ішке тереңдей
енген шүңет көздің айналасы көкшіл тартып, кірпіктері айқасып қалған. Таң жарығынан
қорғалап өлусіреген пеш кенересіндегі сықсима шамдай сөніп бара жатқан менің анам –
Мария Федоровна. Үйге кірген бойда қасына келіп, үнсіз қарап тұрмын. Ішім алай-түлей
өртеніп барады.
Төрде қисайып жатқан ауыл-үйдің кемпірлері бастарын көтеріп:
– Жаңа ғана көзі ілінді. Әзір оятпа. Әлі жоқ. Сені көріп жылап, тағы шаршап қалар.
– Беті бері қарамай тұр-ау Мариямның. Қайдам... Кішкентай күшіктерінің бақытына
қарай адам боп кетсе жарар еді, – деп шүңкілдесіп, менімен тілге келгенше болған жоқ,
анамның кірпіктері көтеріліп, көзі кең ашыла беріп, маған тесіле қарады. Аузы жыбырлап,
иегі сол дірілдеп, кезерген ерні кемсеңдегендей болды.
– Келдің бе? – деген сыбырлаған үн зорға шықты. Бет әлпетіне қарағанда жылап
жатыр-ау дедім, бірақ суалған кезден бір тамшы жас шықпады...
Сол күні мен төргі бұрыштағы темір кереуетке төсек салғызып, күні бойы бүркеніп
жатып алдым. Үй ішінің тұрмысы мен үшін әзір жұмбақ. Әкей қайда? Анам қашаннан бері
сырқат? Бәрін сұрар ем, сөйлеуге батылым жоқ.
Үй ішіне тағы да түн орнады. Пеш кенересіндегі сықсима шам тағы да мүләйімсіп
көзін ашты. Шытыр-шытыр етіп тұрған қысқа білте бір кезде жалп етіп, қайта түзелді. Сол
кезде дөңгелек столды жағалай, қағаз қиып ойнап отырған, қарындары жалтыраған
кішкентай жетімек інілерім таудан құлаған қойтастай отырған орындарынан есікке қарай
домалай жүгірді.
– Сұлтан аға-а!
– Сұлтан ағам келді!
– Алақай!..
Үш інім, он үш жасар қарындасым Дуняша босағасы тар, тапал есіктен еңкейе кірген
еңгезердей адамның – бірі мойнына, бірі иығына асылып, аяғына оралып, мәз-мейрам боп
қалды, Мен бетімді бүркей қойдым. Үй іші маған бұлай қуанбап еді. Бұл кім болды
соншама?
Сұлтан отырысымен шешемнің халін сұрады да, балаларға базарлық үлестірді. Тегі
кәмпит болуы керек, «Петушок, петушок» деп жетімектер у-шу болды. Содан кейін
Дуняша ішін тартып, қуанғаннан шыңғырып жіберді.
– Мама, мама, маған көйлек... Ой, қандай әдемі... Paxмет, Сұлтан аға!
Қарындасымның қуанған түрін көрейін деп, көрпені саңылаулап аша беріп ем:
– Мына жатқан кім? – деп Султан мен жаққа қарағандай болды.
– Ол Гриша.
– Біздің Гриша ғой.
– Кеше Омбыдан келген, – деп балалар жарыса жауап берді.
– Әһ, Гриша келді ме, ойбай-ау, қуаныш сендерде екен ғой. Қане оятыңдар. Мен оны
әлі күнге дейін көрген емен.
Балалар жапа-тармағай келіп, бас салып мені жұлқылай бастады.
– Тұр-тұр, Гриша, Гриша, Сұлтан ағам келді.
Мен жорта ыңыранып, бір аунап түсіп, басымды көтердім. Екі шекесі торсықтай,
қасқия қарап отырған жігіттің қаршыға көзі шарасынан шығып, өңі қуарып кетті. Менің
де жүрегім солқ етіп төмен түсіп кеткендей, ішім әлем-тапырық болып, сұп-суық жалын
он бойымды аралап өткендей болды. Қарсы алдымда отырған – Сұлу мұрт.
Біз үн-түнсіз көзбен арбасып, отырып қалыппыз. Балалар жаутаң-жаутаң екеумізге
алма-кезек қарай береді. Бірақ, не түсінсін. Әлден уақытта Сұлтан орнынан тұрып, қып-
қызыл қырдың түлкісінен тіккен үш құлақты тымағын киіп:
– Қораға бір қап үн қойып кеттім. Енгізіп аларсыңдар, – деп шығып кетті.
Дуняшада ес жоқ. Нәзік денесі бұрала билеп, секіріп қуанады: көк жапырақты сәтен
көйлектің ішінде пейіштің бағында жүрген періштедей бір жасап қалды.
Сол күні анам да тілге келіп, соңғы рет бой жасады. Алғашқы көктем күнінде еріген
тау бұлағындай көзінен жас сорғалай отырып ақтық сөзін құлағыма құйды. Қазақ
даласында 1905 жылғы революция туралы әңгіме таратып, үгіт жүргізген деп, Омбыдан
полиция адамдары келіп әкейді ұстап әкеткелі екінші жылға айналып барады екен.
– Содан бері төсек тартып жатып алдым. Ендігі бар таянышымыз деп үміт еткен сен де
ат ізін салмай кеттің. Кедей ауыл болса да барын бөліп беріп, осы елдің бас көтерер ер-
азаматтары әйтеуір сақтап отыр. Өмірімде көрмеген жақсылықты әлгі Сұлтан секілді
қазақтардан көрдім. Әкеңді бәрі де сыйлаушы еді. Бауырмал жанды ел болып бауырына
тартып еді. Мына қызыл қарын жас балаға енді сен бас-көз бол. Адам ет, осы елдің бір
азаматы болуға тырыс, – деп, хал үстінде жатқан анам сөзін үзіп-үзіп құрап, соңғы
ақылын, ақтық тілегін айтты...
Міне, сол күннен бастап ұрлық атаулыдан іргемді аулақ салып, пышақ кескендей
тыйылдым. Қазақтың кең сахарасынан, жүдеу, кедей ауылдан тапқан достық, қамқорлық
мені түзу жолға түсірді. Содан былай еті тірі Сұлтанмен тізе қоса отырып, Балта аулының
жоқшысы болдық.
Достарыңызбен бөлісу: |