372-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым
1. Тауарларды өткізу бойынша айналым:
1) мыналарды:
тауарды сатуды, тауарды тиеп-жөнелтуді, оның ішінде төлемді бөліп төлеу шарттарымен және (немесе) басқа тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге айырбастай отырып, тауарды сатуды, тиеп-жөнелтуді;
кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде тұтастай сатуды;
тауарды өтеусіз беруді;
жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы берешекті өтеу есебіне жұмыскерге тауарды беруін;
кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті сатып алушының немесе кепіл ұстаушының меншігіне беруін қоса алғанда, тауарға меншік құқығын беруді;
2) тауар экспортын;
3) тауарды тиеп-жөнелтуді, оның ішінде төлемді бөліп төлеу шарттарымен және (немесе) басқа тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге айырбастай отырып, тауарды тиеп-жөнелтуді;
4) лизинг нысанасы берілген құн бөлігінде мүлікті қаржы лизингіне беруді;
5) тауарды комиссия шарты немесе тапсырма шарты бойынша тиеп-жөнелтуді;
6) бұрын экспорт кедендік рәсімімен орналастырыла отырып әкетілген тауарды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыруды;
7) осы Кодекстің 394-бабында көрсетілген тауардан басқа, еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, қосылған құн салығынсыз сатып алынған тауарды жоғалтуды білдіреді.
2. Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым кез келген жұмыстар орындауды немесе қызметтер көрсетуді, оның ішінде өтеусіз орындауды немесе көрсетуді, сондай-ақ тауарды өткізуден ерекшеленетін, сыйақы үшін кез келген қызметті, оның ішінде:
1) лизинг шарттарынан басқа, мүліктік жалдау шарттары бойынша мүлікті уақытша иеленуге және пайдалануға беруді;
2) лизинг шарты бойынша мүлікті қаржы лизингіне беру кезіндегі сыйақыны;
3) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар беруді;
4) жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы берешекті өтеу есебіне жұмыскерге жұмыстарды орындауын, қызметтер көрсетуін;
5) аванстарды және айыппұл санкцияларын қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуге байланысты талап ету құқықтарын басқаға беруді;
6) кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісуді;
7) кредит (қарыз, микрокредит) беруді;
8) Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес ислам банкінің үшінші тұлғаға тауарды кейіннен сату шарттарымен не мұндай шарттарсыз коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыруын білдіреді.
3. Шет мемлекеттің аумағында тіркелген резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің өткізу орны Қазақстан Республикасы болып танылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымы осындай заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымы болып табылмайды.
4. Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер мынадай шарттардың бірі сақталған кезде:
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жасасқан келісімшарт болса;
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша жазып берген шот-фактура болса;
бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі қол қойған орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі болса;
бейрезидент-заңды тұлғамен жасалған, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді осындай бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады деп көзделген келісімшарт болса;
бейрезидент-заңды тұлға қол қойған орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінде осындай бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі жұмыстарды орындады, қызметтерді көрсетті деп көрсетілсе;
орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін кірісті төлеу бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне жүзеге асырылса, осындай құрылымдық бөлімшенің жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымын таниды.
5. Мыналар өткізу бойынша айналым болып табылмайды:
1) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру;
2) мүлікті бөлу кезінде акционерге, қатысушыға, құрылтайшыға тауарды:
заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде – жарғылык капиталды азайту жүзеге асырылатын қатысу үлесіне, акциялар санына тура келетін, төленген жарғылық капитал мөлшерінің шегінде;
заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғадағы қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде – сатып алынатын қатысу үлесіне тура келетін, төленген жарғылық капитал мөлшерінің шегінде;
эмитент-заңды тұлға акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алған кезде – сатып алынатын акциялар санына тура келетін, төленген жарғылық капитал мөлшерінің шегінде беру;
3) егер тауар бірлігінің құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, осындай тауарды жарнама мақсатында өтеусіз беру;
4) тапсырыс берушінің мердігерге дайын өнімді соңғысының дайындауы, қайта өңдеуі, құрастыруы (монтаждауы, орнатуы), жөндеуі және (немесе) объектілер салуы үшін алыс-беріс тауарларын тиеп-жөнелтуі. Тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде дайындалған, қайта өңделген, құрастырылған, жөнделген жағдайда, егер оларды әкету Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік аумақтан тыс жерде қайта өңдеу кедендік рәсімінде жүзеге асырылса, көрсетілген тауарларды тиеп-жөнелту өткізу бойынша айналым болып табылмайды;
5) қайтарылатын ыдысты тиеп-жөнелту. Құны онымен жiберiлетiн өнiмдi өткiзу құнына енгізілмейтін және осы өнiмдi жеткізуге арналған шартта (келiсiмшартта) белгiленген талаптармен және мерзiмдерде, бiрақ ұзақтығы алты айдан аспайтын мерзiмде өнiм берушiге қайтаруға жататын ыдыс қайтарылатын ыдыс болып табылады. Егер ыдыс белгiленген мерзiмде қайтарылмаса, мұндай ыдыстың құны осы Кодекстің 381-бабының 14-тармағына сәйкес өткiзу бойынша айналымға енгiзiледi;
6) қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын алушының (сатып алушының) тауарды қайтаруы;
7) бұрын "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы" арнайы экономикалық аймағының аумағына еркін кедендік аймақ кедендік рәсімінде әкелінген тауарды тиеп-жөнелту;
8) егер мұндай әкету Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес уақытша әкету кедендік рәсімінде ресімделсе, шартта белгіленген талаптармен және мерзімдерде қайта әкелуге жататын тауарды көрмелер, басқа да мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу үшін Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерге әкету;
9) жер қойнауын пайдаланушы жаңадан жасаған және (немесе) сатып алған, жер қойнауын пайдалану жөніндегi операцияларды орындау үшiн пайдаланылған және жер қойнауын пайдалануға арналған жасалған келiсiмшарт талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасына беруге жататын мүлiктi жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының меншiгiне беруi;
10) эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруы;
11) қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның негізгі құралдарын, материалдық емес активтерін және өзге де мүлкін, оның ішінде осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес тауарлардың қалдықтары түріндегі айналым танылған тауарларды оның құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына) беру;
12) концессия объектісін концедентке беру, сондай-ақ концессия шарты шеңберінде пайдалану үшін концессия объектісін кейіннен концессионерге (құқықтық мирасқорға немесе концессия шартын іске асыру үшін тек қана концессионер арнайы құрған заңды тұлғаға) беру;
13) дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаның жеке мүлкін осындай жеке тұлғаның өткізуі бойынша айналым;
14) сенімгерлік басқару құрылтайшысының мүлікті сенімгерлік басқарушыға беруі;
15) сенімгерлік басқарудың туындау негізі қолданылуын тоқтатқан кезде сенімгерлік басқарушының мүлікті қайтаруы;
16) сенімгерлік басқарушының сенімгерлік басқарудан түсетін таза кірісті сенімгерлік басқару құрылтайшысына беруі;
17) салымшының (клиенттің) банктік шот және (немесе) банктік салым шарттары бойынша өзіне есепке жазылған және (немесе) төленген сыйақы сомасын алуы;
18) концессионердің мемлекеттік меншіктегі объектіні пайдалануды тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша қолжетімділік үшін төлемақыны қолдана отырып жүзеге асыруы;
19) концессионердің концессия объектісін тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша қолжетімділік үшін төлемақыны қолдана отырып басқаруы;
20) тауарлардың бір заңды тұлға шегінде берілуіне (өткізілуіне) байланысты оларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету;
21) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторларының қалдықтарды жинауды, тасуды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы алуы;
22) Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарының (4 және одан жоғары экологиялық сыныпқа сай келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрамдастарының өндірісін ынталандыру шеңберінде кәсіпорындардың қаржыландыруды алуы:
23) жер қойнауын пайдаланушының салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушыға беруі;
24) мемлекет атынан алушының немесе мемлекет атынан алушы осындай өткізуге уәкілеттік берген тұлғаның жер қойнауын пайдаланушы салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды өткізуі;
25) мемлекет атынан алушының немесе мемлекет атынан алушы осындай өткізуге уәкілеттік берген тұлғаның жер қойнауын пайдаланушы салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берген пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты шығыстарды өтеуді білдіретін комиссиялық сыйақы үшін осындай пайдалы қазбаларды өткізу бойынша қызметтер көрсетуі;
26) қаржыландырылуы өтеусіз негізде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген нысаналы салым есебінен қамтамасыз етілетін қызмет;
27) Қазақстан Республикасының инновациялық кластер туралы заңнамасында айқындалған дербес кластерлік қордың тек қана трансұлттық корпорациялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарды құру үшін, сондай-ақ шетелдік инвестициялық қорларға үлестік қатысу үшін нысаналы аударымға бағытталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде бюджеттен төлемдер алуы;
РҚАО-ның ескертпесі!
28) тармақша 01.01.2021 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
28) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымның есептелген қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығы сомасының бюджеттік субсидиясы;
29) демеушілік көмекті алушының шартта көзделген оны көрсету талаптарын орындауы;
30) кірістер мен шығыстар арасындағы теріс айырма түрінде айқындалған залалдар және (немесе) шығыстар бойынша бюджеттік субсидия.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін кірістер мен шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады;
31) энергия беруші ұйымдардың жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын субъектілерге электр энергиясын беру бойынша қызметтерді өтеусіз көрсетуі;
РҚАО-ның ескертпесі!
32) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
32) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның қаржыландырылуын қамтамасыз ету үшін ғана қор ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымның осындай коммерциялық емес ұйым нысаналы аударымға бағытталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде алған ақшаны алуы;
РҚАО-ның ескертпесі!
33) тармақша 01.01.2020 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
33) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның осы тармақтың 32) тармақшасында көрсетілген ұйымнан осындай коммерциялық емес ұйым нысаналы аударымға бағытталған бюджеттік бағдарлама шеңберінде алған ақшаны алуы;
34) 01.01.2019 дейін қолданыста болды - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |