442-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым, салық салынатын импорт жасалған күн
1. Тауарларды экспортқа өткізу кезінде қосылған құн салығын есептеу мақсатында тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын, тауарларды сатып алушыға (бірінші тасымалдаушыға) ресімделген бастапқы бухгалтерлік (есептік) құжаттың жасалу уақыты бойынша алғашқы күн ретінде айқындалатын тиеп-жөнелту күні тауарларды өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші импортталған тауарларды (оның ішінде оларды дайындау туралы шарттар (келісімшарттар) бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарларды), сондай-ақ алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын заттар, тауарлар түрінде қарыз беруді көздейтін шарт (келісімшарт) бойынша алынған тауарларды есепке қабылдаған күн салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.
Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, осы тараудың мақсаттары үшiн:
1) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай тауарларды бухгалтерлік есепте тану (көрсету) күндерінің неғұрлым ертерегі;
2) мұндай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Салық төлеушіде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген күндердің екеуі де болған жағдайда, көрсетілген күндердің неғұрлым кешірегі импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін мыналар тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген күн болып табылады:
тауарларды әуе немесе теңіз кемелерімен тасымалдау кезінде – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуежайға немесе портқа әкелген күн;
тауарларды халықаралық автомобиль қатынасымен тасымалдау кезінде – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту күні Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері беретін мемлекеттік бақылаудан өту туралы талонның (не мемлекеттік бақылаудан өту туралы талон көшірмесінің) негізінде айқындалады, оның нысанын және ұсыну тәртібін уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп белгілейді. Салықтық әкімшілендіру мақсатында уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы беру бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастырады;
тауарларды халықаралық және мемлекетаралық теміржол көлігі қатынасымен тасымалдау кезінде – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген шекара маңындағы бiрiншi өткiзу пунктiне (станциясына) әкелген күн;
тауарларды магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы тасымалдау кезінде – тауарларды тапсыру пунктiне әкелген күн;
тауарларды халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберу кезінде – Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында пошта штемпелі қойылған күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні туралы мәліметтер болмаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарларды бухгалтерлік есепте тану (көрсету) болмаған кезде осы тармақтың екінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген күн импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.
Осы тармақтың екінші – жетінші бөліктерінде көрсетілмеген өзге де жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында бухгалтерлік есеп жүргізуді жүзеге асыру міндеті көзделмеген тұлғалар үшін импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн осындай тауарларды алуды (не сатып алуды) растайтын құжат жазып берілген күн бойынша айқындалады. Бұл ретте тауарлардың жеткізілуін растайтын құжаттар болған кезде тасымалдаушының тауарларды сатып алушыға берген күні импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн деп танылады.
3. Сыйақыны есепке алмағандағы лизинг шартында көзделген (төлемнің іс жүзіндегі мөлшері мен жүзеге асырылу күніне қарамастан) тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу күні лизинг алушыға осы тауарларға (лизинг нысаналарына) меншік құқығының өтуін көздейтін лизинг шарты бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды (лизинг нысаналарын) әкелген кезде салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.
Егер лизинг шарты бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің басталу күні тауарларды (лизинг нысанасын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін күнге дейін белгіленсе, импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн салық салынатын импортты жасаудың бірінші күні болып табылады.
Егер лизинг алушы лизинг шартында көзделген лизингтік төлемдерді мерзімінен бұрын өтеуді үш жыл өткеннен кейін жүзеге асырса, түпкілікті есеп айырысу күні осы лизинг шарты бойынша салық салынатын импортты жасаудың соңғы күні болып табылады.
Осы Кодекстiң 437-бабының 2-тармағында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ мүлікті (лизинг нысанасын) берген кезден бастап үш жыл өткеннен кейін лизинг шарты (келісімшарты) бұзылған жағдайда, импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған күн салық салынатын импорт жасалған күн болып табылады.
4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жұмыстарды орындаған, қызметтерді көрсеткен күн жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
Жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын құжатқа қол қойылған күн жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген күн деп танылады.
Егер жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тұрақты (үздіксіз) негізде өткізілетін болса, онда:
шот-фактура жазып берілген күннің;
әрбір төлемді (есеп айырысу нысанына қарамастан) алған күннің бірінші басталатын күні өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады.
Тұрақты (үздіксіз) негізде өткізу жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы олардың нәтижелерін өзінің өндірістік қызметінде жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету күні пайдалана алатын жағдайда, он екі ай және одан астам мерзімге жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт негізінде жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді білдіреді.
Қазақстан Республикасының салық төлеушісі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын, қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асырмайтын және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі (төлеушісі) болып табылатын бейрезиденттен сатып алған жағдайда жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын құжаттарға қол қою күні айналым жасалған күн болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |