721-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық мiндеттемелерді есептеу осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы бейрезидент осы Кодекстің 651 – 653-баптарына сәйкес қосымша салық салуға жатады.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау жер қойнауын пайдаланушыны салықтық міндеттеме туындаған күнге қолданыста болатын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салықтық міндеттемені орындаудан босатпайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға құқығы бар жеке тұлғалар жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар үшін айқындалған тәртіппен осындай құқықтың шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары және бөлек есепке алуды жүргізу бойынша салықтық міндеттемелерді орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |