302-бап. Корпоративтік табыс салығының сомасын есептеу
1. Таза кіріске салынатын корпоративтік табыс салығын және төлем көзiнен ұсталатын корпоративтік табыс салығын қоспағанда, салықтық кезең үшiн корпоративтік табыс салығы мынадай тәртiппен есептеледi:
осы Кодекстiң 313-бабының 1 немесе 2-тармағында белгiленген мөлшерлеменің және осы Кодекстiң 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайтылған, сондай-ақ осы Кодекстiң 300-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірістің көбейтiндiсi,
алу
осы Кодекстiң 303-бабына сәйкес есепке жатқызу жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
салықтық кезеңде ұтыс түріндегі кірістен төлем көзiнен ұсталған, осы баптың 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
сыйақылар, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұсталған, осы баптың 3-тармағына сәйкес өткен салықтық кезеңдерден ауыстырылған корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
салықтық кезеңде сыйақылар, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзiнен ұсталған, осы баптың 2-тармағына сәйкес азайту жүзеге асырылатын корпоративтік табыс салығының сомасы,
алу
мынадай тәртіптердің бірімен айқындалатын шама:
1) Қазақстан Республикасында дивидендтер түріндегі кірістерден төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы сомасын қоспағанда, салықтық кезеңде бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, осы Кодекстің 297-бабына сәйкес бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасында есепті немесе алдыңғы салықтық кезеңде салық салынуға жататын (салық салынған) қаржылық пайдасына қосылған кірісінен немесе салық салынатын кірісінен Қазақстан Республикасында төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы сомасы. Осы тармақшаның ережесі 20 пайыздан азды құрайтын мөлшерлеме қолданыла отырып есептелген, төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасына және егер резидент осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының ережелерін қолданбаған жағдайда қолданылады;
2) мынадай тәртіппен айқындалатын шама:
Сш = К х (Мқ - Мт)/100%, мұнда:
Сш – осы тармақшаға сәйкес шегерілуге жататын салық;
К – дивидендтер түріндегі кірістерді қоспағанда, бақыланатын шетелдік компания Қазақстан Республикасындағы көздерден алған кіріс немесе салық салынатын кіріс;
Мқ – бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірісінен немесе салық салынатын кірісінен, Қазақстан Республикасында 20 пайыздан азды құрайтын мөлшерлеме бойынша ұсталған корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі (бұдан әрі – корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі);
Мт – пайда салығының немесе осы Кодекстің 303-бабының 4-тармағына сәйкес есептелген Қазақстан Республикасындағы корпоративтік табыс салығына ұқсас өзге шетелдік салықтың тиімді мөлшерлемесі (бұдан әрі – пайда салығының тиімді мөлшерлемесі).
Егер резидент осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының ережелерін қолданса және егер бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірісінен немесе немесе салық салынатын кірісінен Қазақстан Республикасында ұсталған корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі пайда салығының тиімді мөлшерлемесінен көп болса, осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережесі пайдаланылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) немесе 2) тармақшасының ережесі резидентте мынадай:
резиденттің бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірісінен немесе салық салынатын кірісінен төлем көзінен корпоративтік табыс салығын ұстағанын және Қазақстан Республикасының бюджетіне аударғанын растайтын;
бақыланатын шетелдік компанияның Қазақстан Республикасында салық салынуға жататын (салық салынған) қаржылық пайдасына Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістің немесе салық салынатын кірістің қосылғанын растайтын, шет тілде жасалған ішкі құжаттың (құжаттардың) (қазақ немесе орыс тіліне міндетті түрде аударма жасалған);
осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасын қолданған жағдайда, осы Кодекстің 303-бабы 4-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың көшірмелері болған кезде қолданылады.
2. Бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасы ұтыс, сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығын төлем көзі ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде, осы салықтың сомасына азайтылады.
Осы тармақтың ережелері әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымға, депозиттер бойынша сыйақы түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы бойынша коммерциялық емес ұйымға қолданылмайды.
3. Егер сыйақы, дивидендтер түріндегі кірістен төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасы есептелген корпоративтік табыс салығының сомасынан артық болса, төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасы мен бюджетке төленуге жататын, есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы арасындағы айырма соңғы кезеңі қоса алынатын келесі он салықтық кезеңге ауыстырылады және осы салықтық кезеңдердің бюджетке төленуге жататын корпоративтік табыс салығының сомаларын бірте-бірте азайтады.
Достарыңызбен бөлісу: |