616-бап. Соттарда мемлекеттiк баж төлеуден босату
Соттарда мыналар мемлекеттік баж төлеуден босатылады:
1) талапкерлер – еңбекке ақы төлеу сомаларын өндiрiп алу туралы талап қою және еңбек қызметiне байланысты басқа да талаптар бойынша;
2) талапкер авторлар, орындаушылар және олардың мүліктік құқықтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар – авторлық құқықтан және аралас құқықтардан туындайтын талап қою бойынша;
3) талапкерлер – өнеркәсіптік меншік объектілерінің авторлары – өнертабысқа, пайдалы модельдерге және өнеркәсiптiк үлгiлерге құқықтан туындайтын талап қою бойынша;
4) талапкерлер – алименттердi өндiрiп алу туралы талап қою бойынша;
5) талапкерлер – мертiгуден немесе денсаулығын өзге де зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап қою бойынша;
6) талапкерлер – қылмыстық құқық бұзушылықтан келтiрiлген материалдық залалды өтеу туралы талап қою бойынша;
7) iске қатысы жоқ тұлғалардан басқа жеке және заңды тұлғалар – оларға қылмыстық iстерге және алимент бойынша iстерге байланысты құжаттар берілгенi үшiн;
8) талапкерлер – Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасын бұзу арқылы мемлекетке келтiрiлген залалды өтеу есебіне мемлекет кiрiсiне қаражат өндiрiп алу туралы талап қою бойынша;
9) арыз берушілер – азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарының, азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің республикалық референдумға қатысу құқықтарының бұзылуы туралы арыздар бойынша;
10) бiлiктi еңбек жұмыскерлерін және бiлiктiлiгi жоғары деңгейдегi жұмысшы кадрларды даярлауды қамтамасыз ететiн кәсiптiк мектептер мен кәсiптiк лицейлер – оқу орындарын өз бетінше тастап кеткен немесе олардан шығарылған оқушыларды ұстауға мемлекет шеккен шығыстарды өндiрiп алу туралы талап қою бойынша;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауға сотқа арызбен жүгiнген жеке және заңды тұлғалар;
12) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттiк кредиттердi, сондай-ақ мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды қайтару жөнiнде талап қоюмен сотқа жүгiнген сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент);
13) талапкерлер – Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі – барлық iстер мен құжаттар бойынша;
14) талапкерлер-оралмандар – Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық iстер мен құжаттар бойынша;
15) жеке және заңды тұлғалар – сотқа мынадай арыздар бергенi үшін:
іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы сот ұйғарымының күшiн жою немесе арызды қараусыз қалдыру туралы;
шешiм орындауды кейiнге қалдыру немесе оның мерзiмiн ұзарту туралы;
шешiмдi орындаудың тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;
талап қоюды қамтамасыз ету немесе қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқаларымен ауыстыру туралы;
жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша соттың шешiмдерiн, ұйғарымдарын немесе қаулыларын қайта қарау туралы;
сот ұйғарымдарымен салынған айыппұлдарды қосу немесе азайту туралы;
өткiзiп алған мерзiмдердi қалпына келтiру туралы сот шешiмдерiнің орындалуын бұру туралы;
соттың сырттай жасалған шешімінің күшін жою туралы;
арнаулы білім беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыру туралы;
сондай-ақ:
сот орындаушыларының әрекеттерiне шағымдар;
соттардың айыппұлдарды қосудан немесе азайтудан бас тарту туралы ұйғарымдарына жеке шағымдар;
сот ұйғарымдарына басқа да жеке шағымдар;
әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға шағымдар;
16) прокуратура органдары – барлық талап қоюлар бойынша;
17) мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде;
18) мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктері және (немесе) кемінде 35 пайызы есту, сөйлеу, сондай-ақ көру қабілетінен айырылған мүгедектер жұмыс істейтін, өздері құрған ұйымдар – өздерiнiң мүдделері үшін талап қоюды берген кезде;
19) сақтандырушылар мен сақтанушылар – мiндеттi сақтандыру шарттарынан туындайтын талап қою бойынша;
20) талапкерлер мен жауапкерлер – азаматқа заңсыз сотталудан, күзетпен қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын заңсыз қолданудан не қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан келтiрiлген залалды өтеуге байланысты даулар бойынша;
21) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның филиалдары, өкілдіктері мен ведомстволары – өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша талап қою берген кезде;
22) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымдарының тарату комиссиялары – тарату ісін жүргізу мүддесінде берілген талап қою, арыздар, шағымдар бойынша;
23) мәжбүрлеп таратылатын қаржы ұйымдарының уақытша әкімшіліктері – уақытша әкімшіліктің мүддесінде берілген талап қою, арыздар, шағымдар бойынша;
24) Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттiк берілген банктер - мынадай талап қоюды берген кезде:
бюджет қаражаты есебiнен қайтарымды негiзде берiлген кредиттер бойынша берешектi өндiрiп алу туралы;
мүлікке өндіріп алуды қолдану туралы;
борышкерлердiң сыртқы мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен берiлген қарыздар бойынша мiндеттемелердi орындамауына байланысты олардың банкроттығы туралы;
25) облигация ұстаушылардың өкілдері – эмитенттердің облигация шығару проспектісінде белгіленген міндеттемелерді орындамауы мәселелері бойынша облигация ұстаушылардың атынан талап қоюды берген кезде;
26) банкроттықты және оңалтуды басқарушылар — Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында көзделген өз өкiлеттiктерi шегiнде банкроттық рәсімі, оңалту рәсiмi мүддесінде талап қоюды берген кезде;
27) ішкі істер органдары – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберуге байланысты мәселелер бойынша арыздар берген кезде;
28) талап қоюшылар (арыз берушілер) – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, оның ішінде белгіленбеген тұлғалар тобының мүдделерін көздей отырып қорғау туралы талап қоюлар (арыздар) бойынша;
РҚАО-ның ескертпесі!
29) тармақша 01.01.2027 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен.
29) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым – талаптар қою және сот шешімдеріне шағым жасау кезінде;
30) талап қоюшылар – әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою бойынша.
Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар сот актілеріне шағым жасаған кезде де соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Ескерту. 616-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |