617-бап. Нотариаттық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босату
Нотариаттық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден мыналар босатылады:
1) жеке тұлғалар - өздерiнің мүлiктi мемлекет пайдасына сыйға тарту өсиеттерiн, шарттарын куәландырғаны үшiн;
2) мемлекеттiк мекемелер - оларға мемлекеттің мұраға құқығы туралы куәлiктердi (куәлiктердiң телнұсқаларын) бергенi үшiн, сондай-ақ осы куәлiктердi (куәлiктердiң телнұсқаларын) алу үшiн қажеттi барлық құжаттар үшiн;
3) жеке тұлғалар - оларға:
Қазақстан Республикасын қорғау кезiнде, өзге де мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындауға байланысты не адам өмiрiн құтқарып қалу, мемлекеттiк меншiктi және құқықтық тәртiптi қорғау жөнiндегi Қазақстан Республикасы азаматының борышын орындауға байланысты қаза тапқан адамдардың мүлкiне;
егер мұрагер мұра қалдырушы қайтыс болған күнге мұра қалдырушымен кемiнде үш жыл тұрған болса және ол қайтыс болғаннан кейiн де осы тұрғынжайда тұрып жатса, тұрғынжайға немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiндегi пайға;
сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерiне, мемлекеттiк қарыз облигацияларына, еңбекке ақы төлеу сомаларына, авторлық құқықтарға, авторлық гонорар және ашқан жаңалықтар, өнертабыстар мен өнеркәсiптiк үлгiлер үшiн сыйақы сомаларына;
ақталған азаматтардың мүлкiне мұрагерлік құқық туралы куәлiктер бергенi үшін;
4) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі - барлық нотариаттық іс-әрекеттер бойынша;
5) оралмандар - Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
6) "Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен қорғаншылық тағайындалған созылмалы жүйке ауруымен ауыратын жеке тұлғалар - өздерiнiң мүлiкке мұрагерлiгi туралы куәлiктер алғаны үшiн;
8) "Қазақстан мүгедектерiнiң ерiктi қоғамы" одағы (ҚМЕҚ), Қазақ саңыраулар қоғамы (ҚСҚ), Қазақ зағиптар қоғамы (ҚЗҚ), сондай-ақ олардың өндiрiстiк кәсiпорындары – барлық нотариаттық iс-әрекеттер бойынша;
9) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар он сегіз жасқа толғанға дейін – оларға мұрагерлікке құқық туралы куәліктер берілгені үшін.
Достарыңызбен бөлісу: |