676-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістердің және ұстап қалған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама
1. Бейрезидент Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістері және ұстап қалған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы (бұдан әрі осы баптың мақсаттары үшін – анықтама), егер осындай салық Қазақстан Республикасының бюджетіне, оның ішінде халықаралық шарт негізінде төлеуге жататын болса және осы Кодекстің 672, 673 және 674-баптарына сәйкес қайтаруға жатпайтын болса, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша салық органынан алуға құқылы.
Салық органынан анықтаманы салық агенті де осындай салық агенті бейрезидентке есептеген және (немесе) төлеген кірістердің және осындай кірістен ұстап қалған (төленген) салықтардың сомасы бойынша алуға құқылы. Бұл ретте осы Кодекстің 16-бабына сәйкес сенімхаттың болуы талап етілмейді.
2. Анықтама алу үшін бейрезидент (салық агенті) салықтық өтінішті мынадай салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның кірістері бойынша – салық агентінің тұрған жеріндегі;
2) бейрезиденттің тұрақты мекемесі – осындай тұрақты мекеменің орналасқан жеріндегі;
3) Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістерден салықты дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам – Қазақстан Республикасындағы келген (тұрғылықты) жері бойынша;
4) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілмеген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістері бойынша – салық агентінің тұрған жеріндегі салық органына ұсынуға міндетті.
3. Бейрезиденттің (салық агентінің) салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салықтық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салықтық төлем болмаған немесе салық төлеушіде және (немесе) салық агентінде салықтық өтініш берілген күні бейрезиденттің кірістерінен салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы бейрезидентке (салық агентіне) анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
4. Анықтама мынадай күндерден барынша кешіктірілмей:
салықтық өтініш берілген күннен;
бейрезиденттің есебіне жазылған және салық төлеуге жататын кірістерінің сомалары көрсетілген салықтық есептіліктің тиісті нысанын бейрезидент-салық төлеуші және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей беріледі.
5. Бейрезидент (салық агенті) салықтық өтінішті ұсынбаған жағдайда салық органы анықтаманы бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |