105-бап. Қосылған құн салығын өзге де негіздер бойынша қайтару
1. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген негіздер бойынша:
1) грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген;
2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдік төлеген қосылған құн салығының сомасы бюджеттен қайтарылуға жатады.
2. Грант алушыға қайтарылуға жататын қосылған құн салығын қайтаруды салық органы грант алушының тұрған жері бойынша оның банктік шотына осы Кодекстің 102-бабына сәйкес есепке жатқызулар жүргізілгеннен кейін осы Кодекстің 435-бабында белгіленген қайтару мерзімі ішінде жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасында акредиттелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне және бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдарға, бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге қосылған құн салығын қайтаруды салық органы олардың банктік шотына осы Кодекстің 436-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.
106-бап. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын, сондай-ақ артық төленген соманы қайтару
1. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын айыппұлдың күшін жою немесе оның мөлшерін азайту салдарынан қайтару салық төлеушінің салықтық өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін – айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш) негізінде жүргізіледі.
Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішке айыппұлдың құқыққа сыйымсыз салынуы салдарынан оның күшін жоюды немесе мөлшерін азайтуды көздейтін заңды күшіне енген сот шешімі немесе жоғары тұрған салық органының (лауазымды адамның) шешімі қоса берілуге тиіс.
2. Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішті салық төлеуші жеке шоты бойынша қайтаруға жататын айыппұл сомасы есептеулі тұратын салық органына ұсынады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес айыппұлдың төленген сомасын қайтаруды салық органы салық төлеушінің банктік шотына айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізеді.
4. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындау мақсатында айыппұлды төлеу кезінде артық төленген соманы қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |