104-бап. Қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару
1. Қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 431, 432, 433 және 434-баптарына сәйкес, қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы Кодекстің 102-бабында көзделген есепке жатқызуды жүргізу және (немесе) салық төлеушінің банктік шотына аудару арқылы, ұсынылған салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.
2. Осы Кодекстiң 429, 431, 432, 433 және 434-баптарына сәйкес қосылған құн салығының қайтаруға жататын асып кету сомасы салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға төлем құжатын жасаған күнге қосылған құн салығы бойынша жеке шоттағы қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасынан аспауға тиiс.
3. Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтару салық төлеушінің тұрған жері бойынша, салықтық берешегі болмаған кезде қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтарудың осы Кодексте көзделген мерзімі ішінде оның банктік шотына жүргізіледі.
Салық органы салықтық берешек болған кезде, есепке жатқызуға арналған салықтық өтінішті ұсынбастан, орын алған салықтық берешекті, оның ішінде заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің салықтық берешегін өтеу есебіне қосылған құн салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуды жүргізеді.
Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасының қалдығы осы тармақта көзделген есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін қайтарылуға жатады.
4. Салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруды жүргізу мерзімін бұзған кезде мерзімін бұза отырып қайтару жүргізілген осындай асып кету сомасына салық органы салық төлеушінің пайдасына мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұлды есепке жазады. Өсімпұл қайтару күнін қоса алғанда, қайтару мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап мерзімін өткізіп алған әрбір күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.
5. Салық төлеушінің пайдасына есепке жазылған өсімпұл сомасы бюджет сыныптамасының тиісті коды бойынша бюджетке түсетін түсімдердің есебінен қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару күні салық төлеушінің банктік шотына аударылуға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |