243-бап. Шығыстардың жекелеген түрлері бойынша шегерімдер
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушi шеккен тауарлар ысырабы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген табиғи кему нормалары шегiнде шегерiмге жатады.
2. Табиғи монополия субъектісі реттелетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну мақсатында шеккен ысыраптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiлеген нормативтік техникалық ысыраптар шегінде және (немесе) шектеулер ескеріле отырып, шегерiмге жатады.
3. Салық төлеушінің бұрын шегерімге жатқызылмаған тауарлардың жойылуына, бүлінуіне байланысты немесе ол бойынша нұқсан келтірген тұлғадан немесе сақтандыру ұйымынан нұқсанды өтеу сомасы алынған сақтандыру жағдайының басталуына байланысты олардың баланстық құны мөлшеріндегі шығыстары нұқсанды өтеу сомасының алыну күні тура келетін кезеңде алынған өтемақы сомасы шегінде шегерімге жатады.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін:
тауардың бүлінуі тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиетінің) нашарлауын білдіреді, оның салдарынан осы тауарды кіріс алуға бағытталған қызметте пайдалану мүмкін болмайды;
тауардың жоғалуы деп өзінің нәтижесінде тауардың жойылуы немесе жоғалуы орын алған оқиға түсініледі. Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен тауар ысырабы жоғалту болып табылмайды.
4. Салық төлеушінің келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Pecпубликасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жұмыскерлердi міндетті, мерзімді (еңбек қызметi iшiнде) медициналық тексеріп-қарауға және ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі және өзге де медициналық куәландыруға (тексеріп-қарауға), медициналық пункттерді ұстауға немесе оларды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шығыстары шегерімге жатады.
5. Салық төлеушінің Қазақстан Pecпубликасының еңбек заңнамасына, еңбек шартына, ұжымдық шартқа немесе жұмыс берушінің актілеріне сәйкес жұмыскерлерді еңбек қауiпсiздігі, еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы талаптарына, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға жауап беретін еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету жөніндегі, жұмыскерлерді арнайы жабдықталған жерде демалу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз ету жөніндегі шығыстары шегерімге жатады.
6. Салық төлеушінің жұмыскерлерді қоғамдық тамақтандыруды, мектепке дейін тәрбиелеу мен оқытуды, балаларды, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары шегерімге жатқызылуға жатады.
7. Егер осы Кодекстің 246 және 264-баптарында өзгеше белгіленбесе, ұйғарылған немесе танылған тұрақсыздық айыптары (айыппұлдар, өсімпұл) шегерімге жатады.
8. Егер мәміле шарттарында салық төлеушінің өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер сапасына кепілдік беруі көзделген жағдайда, онда мәміледе белгіленген кепілдік мерзімі ішінде жүргізілген салық төлеушінің өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің кемшіліктерін жою бойынша іс жүзіндегі шығыстарының сомасы осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылуға жатады.
9. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнында қосылған құн салығы жөніндегі мынадай шығындар:
осы Кодекстің 402-бабының 1-тармағына сәйкес есепке жатқызуға жатпайтын қосылған құн салығының сомасы;
осы Кодекстің 408, 409 және 410-баптарына сәйкес есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығының сомасы;
осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда, есепке жатқызуға жатқызылған қосылған құн салығын азайту жағына қарай түзету сомасы есепке алынады.
Қосылған құн салығын төлеуші:
1) егер бухгалтерлік есепке алуда осындай салық сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнында есепке алынбаған болса, осы Кодекстің 408-бабына сәйкес пропорционалды әдіс қолданылған кезде есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығының;
2) кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылған тіркелген активтер, запастар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша, есепке жатқызуға жатқызылған қосылған құн салығын осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда азайту жағына қарай түзету;
3) амортизацияға жатпайтын активтерді жарғылық капиталға салым ретінде беруді қоспағанда, осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, есепке жатқызуға жатқызылған қосылған құн салығын азайту сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шегерім осы Кодекстің 408-бабына сәйкес есепке жатқызуға жатқызудың пропорционалды әдісі қолданылған кезде есепке жатқызуға жатқызылуына рұқсат берілмеген қосылған құн салығы туындайтын салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген шегерімдер есепке жатқызуға жатқызылған қосылған құн салығының сомасы түзетілуге жататын салықтық кезеңде жүргізіледі.
Амортизацияға жатпайтын активтер бойынша есепке жатқызуға жатқызылған қосылған құн салығын осы Кодекстің 404-бабы 2-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайда азайту жағына қарай түзету сомасы осы Кодекстің 228-бабының 6-тармағына сәйкес есепке алынады.
Егер корпоративтік табыс салығын төлеуші жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімдерді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы болып табылған және қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелерді орындау осы Кодекстің 426-бабының 3-тармағына сәйкес операторға жүктелген жағдайда, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген қосылған құн салығы оператордың қосылған құн салығы бойынша декларациясының деректері бойынша көрсетілген жер қойнауын пайдаланушының үлесіне тиесілі мөлшерде шегерімге жатады.
Осы баптың ережелері құны осы Кодекстің 258-бабының 3-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылуға жататын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығы бойынша қолданылмайды.
10. Салық төлеуші:
1) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне жұмыскерлердің бір жыл ішіндегі орташа тізімдік санын негізге ала отырып бір жұмыскерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерінен аспайтын мөлшерде төлеген, жеке кәсіпкерлік субъектерінің мүшелік жарналары шегерімге жатады.
11. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есепке жазылған әлеуметтік аударымдар жөніндегі шығыстары шегерімге жатады.
12. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленген аударымдар бойынша:
1) есепті салықтық кезеңде – есепті салықтық кезең және (немесе) есепті салықтық кезеңнен алдыңғы салықтық кезеңдер үшін есепке жазылғандар және (немесе) есептелгендер шегіндегі;
2) есепті салықтық кезеңнен алдыңғы салықтық кезеңдерде – есепті салықтық кезең үшін есепке жазылғандар және (немесе) есептелгендер шегіндегі шығыстары шегерімге жатады.
13. Жарнамалық мақсатта өтеусіз (оның ішінде сыйға тарту түрінде) берілген тауардың құны, егер осындай тауар бірлігінің құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және осындай беру күнінде қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, осындай тауарды беру жүзеге асырылған салықтық кезеңде шегерімге жатқызылуға жатады.
14. Энергия беруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын субъектілерге электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді өтеусіз көрсетуге байланысты шеккен шығыстары шегерімге жатады.
15. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен тіркелген лицензиялық немесе қосалқы лицензиялық шарт (келісім) негізінде тауар өндіруге және (немесе) өткізуге құқығы бар салық төлеуші осындай тауарға меншік құқығының бар-жоғына қарамастан, оны сату көлемдерін ұстап тұруға және (немесе) ұлғайтуға бағытталған қызмет бойынша шығыстарды шегерімге жатқызады.
16. Осы бөлімнің мақсаттарында сенімгерлік басқарушыға осы Кодексте мүлікті сенімгерлік басқару жөніндегі қызмет бойынша салықтық міндеттемені орындау жүктелген жағдайда, осындай сенімгерлік басқарушының шығыстары шегерімге жатқызу мақсаттары үшін осы Кодекстің 40, 42, 43, 44 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |