SalNur. – 2010. №5 Б. 28-31 Сұлтанхан А. «Қара жорғамен» қазақты таныттық Ағымдағы жылдың 15-19 шілдесі аралығында Болгарияның София қаласында өткен «София-2010»



Дата28.01.2018
өлшемі60,06 Kb.
#35407
SalNur. – 2010. - № 5-6. Б.28-31

Сұлтанхан А.



«Қара жорғамен» қазақты таныттық
Ағымдағы жылдың 15-19 шілдесі аралығында Болгарияның София қаласында өткен «София-2010» III халықаралық фолъклорлық фестиваліне С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Фараб» ән-би театры қатысып қайтқан болатын. Македония, Черногория, Сербия, Литва, Украина, Греция, Грузия, Болгария, Индия елдерімен өнер байқауына түскен жерлестеріміз, шет елдіктерге қазақтың қайсар, көңілі дархан даладай, қонақ келсе жалғыз атын сойып беретін қонақжай екендігімен қатар, әдет-ғұрыпқа бай, өзінің салт-дәстүрін сақтаған «сегіз қырлы, бір сырлы», өнерлі халық екендігін тағы бір мәрте дәлелдей білді.

Аталған университет еліміздегі белді де беделді жоғарғы оқу орындарының санатында. Мұнда студенттерге білім берумен қатар түрлі мәдени іс-шараға қатысуға толықтай мүмкіндік жасалынған.

Соның бірі қоғамдық кәсіптер факультеті. Ол 1961 жылы құрылған. Мақсаты - студенттердің бос уақыттарын тиімді пайдалануын қадағалау әрі дарынды жастардың шығармашылығын шыңдау. Қоғамдық кәсіптер факультетінің «Фараб» ән-би театры «Жас қанат» және Ш.Қалдаяқов ән байқауларының жеңімпаздары атанып та үлгерген.

Сондай-ақ университет осыдан бір жыл бұрын Болгариядағы «Предтечи» қоғамдық бірлестігімен білім және ғылым саласында келісім-шарт жасасқан болатын. Мәдени-рухани саланы дамытуға бағытталған екі жақты келісімнің алғашқы қадамы осы «София-2010» фестиваліне шақыртудан бастау алғандығын айта кеткеніміз жөн болар. Фестивальден оралған жерлестеріміздің айтуынша, болгарлықтардың басты мақсаты - болашақта олардың астанасының әлем елдерінің мәдени орталығына айналуы.

Үшінші мәрте өткізіліп отырған өнер байқауына әлемнің он екі елінен кәсіби деңгейдегі нағыз өнер майталмандары жиналыпты. Осыған қарамастан, қазақ жастары олармен тең дәрежеде өнер көрсетіп, намысты қолдан бермегендігі көңілге мақтаныш сезімін ұялататыны рас.

Бұл жетістікке жетуде дарынды жастарға қолдау көрсетіп, оларды алға жетелеген университеттің ректоры, профессор Айтбай Бұлашевтің, университеттің халықаралық және ынтымақтастық жөніндегі бастығы Сара Қытайбекова мен аталмыш оқу орнының «Фараб» ән-би театрының көркемдік жетекшісі Мейіржан Әлиакбаровтардың еңбегі ерен десек артық айтқандық болмас.

«София-2010» III халықаралық фольклорлық фестиваліне ең таңдаулы деген он студент іріктеп алынған. Олар: Асылхан Дәстүр (техникалық факультет, 3 курс), Назира Сағадулла (экономикалық факультет, 3 курс), Зарина Загипарова (агроэкономикалық факультет, 3 курс), Айдана Письмиленова (энергетикалық факультет, 4курс), Айдана Абдуллина, Азамат Бижанов, Бағдәулет Мадияров, Мадияр Абилев (энергетикалық факультет, 2 курс), Әйгерім Бозшолақова, Нұрлан Құнафин (КЖжКББ факультеті, 2 курс).

Фестивальге дайындық бірнеше ай бұрын басталған. Дарынды жастардың басын қосқан Мейіржан Нұрғалиұлы оларды кәсіби деңгейде дайындау үшін бар өнерін салғанын жасырмады. Көркемдік жетекшінің айтуынша «Фараб» ән-би театры университет атынан барғанымен, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін әлемге паш еткен.

София қаласының және қала маңында орналасқан Панчарево жерінің би алаңдарында он екі елдің фольклорлық ұжымдары өнер көрсеткен. Бір айта кетерлігі, әр ел өзінің ұлттық киімдерін киіп, туын желбіретіп қонақ үйден концерт болатын алаңға дейін жаяу барған.

Фестивальдың тағы бір ерекшелігі - әрбір өнер ұжымы жиналғандарды өздерінің ұлттық билерінің элементтерімен таныстыру мақсатында мастер кластар өткізіп отырған. Яғни мұндағы талап- әр елдің өнерпаздары бір-бірінің биін айна қатесіз қайталауы тиіс.

«Фараб» театры бұл сыннан мүдірмей өтті, есесіне басқаларына біздің қазақтың билерін көрсету қиынға соқты. Тек грузиндер ғана "Қара жорға" биіне деген икемділігін көрсете білді», - дейді Мейіржан Нұрғалиұлы.

Шара барысында София қаласының мэрі және мәдениет министрімен кездесу өтіп, ынтымақтастық пен достықты нығайту мақсатында делегация жетекшілері өзара пікір алмасқан. Ал ҚР Болгариядағы сенімді өкілі Теміртай Ізбастин делегациямен кездесіп, қазақ халқын танытуға өз үлестерін қосуға бекінген жастарға ризашылығын білдірген.

Үшінші болып өнер көрсеткен "Фараб" ән-би театрының ұжымы «Дедім-ай», «Сарыбидай», «Бипыл», «Жорғатай» сынды қазақтың халық әндері мен Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Н.Тілендиевтің «Аққу», «Баламишка», «Әлқисса» күйлерін орындап, салт-дәстүрімізді танытатын қыз бен жігіт айтысын, беташар және ұлттық ойындар көрсеткен. Аталған өнер ұжымы өзгелерден өздерінің сан қырлылығымен ерекшеленген. Яғни, фестивальге қатысушылардың басым бөлігі ән айтып немесе би билеп бір ғана өнер ұсынған болса, "Фараб" ән-би театры мың бұралған бишілерімен, бармағынан бал тамған күйшілерімен, күміс көмей әншілерімен және әр түрлі аспапта ойнайтын өнер шебері екендіктерімен басқаларынан оқ бойы озық шыққан.

«Фараб» ән-би театрының ұжымы болгар аудиториясының ерекше ықыласына бөленгендігі көрермендердің қолдау көрсетуі мен шапалақтарынан байқалып тұрды», - дейді Мейіржан Әлиакбаров.

Ал қазақ халқы мен болгарлықтардың тілдерінде ұқсастықтар көп екендігі баршаға мәлім. Оның үстіне, фестивальға қатысып қайтқан жерлестеріміз олардың ұлттық аспаптары қазақ халқының киелі домбырасына ұқсас екендігін және ол «тамбура» деп аталатынын естігенде қайран қалғандықтарын жасырмады. Ал «Фараб» ән-би театры сахнаға домбырамен шығып, күмбірлеген күйін көрерменге ұсынғанда, болгарлық көрермендердің де ерекше таңданыстағы толқулары байқалып тұрғанға ұқсайды. Фестиваль көрермендеріне қазағымыздың ежелгі биі - Қара жорғаның ұнағаны сондай фестивальдың жабылу салтанатында барлығы қосылып осы биді билеген.

Төрт-бес күннің ішінде жерлестеріміз фестивальде өнер көрсетіп қана қоймай, Болгарияның көркем жерлерін аралап та үлгеріпті. Мейіржан Нұрғалиұлының айтуынша, ұлттық мұражайды тамашалап жүргенде IV ғасырда жасалған есіктегі таңбалар көздеріне оттай басылған. Онда «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасындағы барыстың бейнесі сомдалыпты.

Сондай-ақ өнерпаздарымыз нәубет жылдары тарыдай шашырап кеткен қазақ бауырларымызбен кездесеміз бе деген үмітпен Болгарияға қазақтың ұлттық тағамдарын (қазы қарта, жент, ши бауырсақ, құрт т.б) да ала барған екен. Фестивальдың үшінші күнінде сондағы қазақтармен жолығыпты. Кездесіп, тіл қатысып, жерлестеріміз апарған тағамдардан дәм татқан шет елдегі бауырларымыз атамекеніне деген сағыныш пен қазақ бауырларымен жүздескен сәттегі қуаныштан көздеріне жас алған.

Фестиваль кейін өнерпаздарымыз Еуропаның ең көне қалаларының бірі Пловдивтегі Аграрлық университетте қонақта болып, шағын концерт көрсеткен.

Болгария халқы университет ұжымына диплом мен фестивальдың естелік белгісін табыс етсе, Болгариядағы Қазақстан елшілігінің атынан С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ ректоры Бұлашев Айтбай Қабыкешұлына алғыс хат жолданған.



Жерлестеріміз Болгарияның тамаша табиғатына тамсанып әрі жаңа дос тапқандарына шын жүректен қуанып қайтқан. Түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан фестивальден соң олардың Қазақстанға деген қызығушылығы арта түскені ақиқат. Және бұл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің халықтар арасындағы достықты дамытуға, Қазақстан мен Болгарияның арасындағы мәдени ынтымақтастығын нығайтуға қосқан сүбелі үлесі болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет