Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің



бет2/5
Дата25.12.2016
өлшемі0,9 Mb.
#4621
түріДиссертация
1   2   3   4   5

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

1-кезеңде (2005-2006 ж.ж.) зерттеудiң теориялық-әдіснамалық негiздерi анықталды, зерттеу тақырыбына сәйкес философиялық, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдiстемелiк еңбектер мен зерттеулер оқып-үйренiлiп, теориялық тұрғыдан талданды, зерттеудің ғылыми аппараты анықталды, әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектері оқып-үйренілді, орта ғасыр тарихы бойынша материалдар жинақталды, түркі халықтарының педагогикалық ой-пікірлері бойынша ғылыми зерттеулер, еңбектер мен мақалалар талданды.

2-кезеңде (2006-2008 ж.ж.) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектері ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талданды, оның қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі екендігі ғылыми-тұжырымдамалық тұрғыдан негізделді, әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары білім беру жүйесінде ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан пайдалану үшін элективті курстардың оқу-әдістемелік кешендері, оқу құралдары мен электронды оқулықтар дайындалды.

3-кезеңде (2008 ж.) жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыланып, жүйеге келтiрiлдi, зерттеу нәтижелері бойынша тұжырымдар мен ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды, диссертацияның мәтіні өңделді.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің негізгі қағидалары мен нәтижелері зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген монография мен оқу құралдарында баяндалды, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің педагогика мамандығы бойынша бекіткен басылымдары мен шетел басылымдарында жарияланды, Қазақстан (Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Орал, Жезқазған) мен алыс (Болгария, Чехия), жақын (Ресей) шетелдерде өткен халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды:

- «Қазақстан және Ресей: ынтымақтастық жолы, мәдени байланыс, ғылым мен білім беру интеграциясы»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Көкшетау, 2006 ж.;

- «Жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Тараз, 2007 ж.;

- «Kazakhstan and the World Languages» the international scientific-practical conference. – Pavlodar, 2007;

- «Қазіргі кезеңдегі тұлғаның үйлесімді дамуына қатысты өзекті мәселелер»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Астана, 2007 ж.;

- «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Орал, 2007 ж.;

- «Көпсалалы университет: болашақ мамандардың отансүйгіштігі, көпмәдениеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігі»: VІІІ Халықаралық Байқоңыров оқулары конференция. – Жезқазған, 2008 ж.;

- «Ставайки съвременна наука» 5-а международна научна практична конференция. – София, 2007;

- IV vedecko-prakticka conference “Vedecky prumysl evropskeho kontinentu - 2007”. – Praha, 2007;

- «Образование в период детства: традиции, реальность, инновации»: международная научно-практическая конференция. – Москва-Шадринск, 2007.



Зерттеу жұмысының мазмұны баспа беттерінде жарияланған 59 ғылыми еңбекте көрініс тапты.

Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдiснамалық және теориялық негiздерi, әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы, практикалық маңыздылығы және қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, талқылануы және жүзеге асырылуы баяндалады.

«Қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуының әдіснамалық негіздері» атты бірінші тарауда қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика ғылымының құрамдас бөлігі ретінде теориялық-әдіснамалық тұрғыдан негізделеді, түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары көрсетіліп, даму генезисі жасалады.

«Қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері» атты екінші тарауда ұлы түрік ойшылдары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық іліміне қазіргі педагогика тұрғысынан салыстырмалы талдау жасалынып, олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі екендігі тұжырымдамалық тұрғыдан дәлелденеді.

«әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының қазіргі педагогикамен сабақтастығы» атты үшінші тарауда әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының өзара ықпалдастығы ашып көрсетіліп, кейінгі жылдардағы педагогтардың ой-пікірлерімен тарихи сабақтастығы баяндалады, қазіргі педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының алатын орны анықталып, оның мазмұнын ғұламалардың педагогикалық ілімдері негізінде жетілдіру мәселелері қарастырылады.

«әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларын жоғары білім беру жүйесінде пайдалануды ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты төртінші тарауда әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларын оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану мүмкіндіктері ашып көрсетіледі және «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстарының оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұны беріледі.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар беріледі.

Қосымшаларда «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстары бойынша студенттердің білімін тексеруге арналған тест тапсырмалары мен қосымша материалдар беріледі.
Негізгі бөлім
Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Әлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде.

Кеңес дәуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нәтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі әлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни және объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын әлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.

Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мәдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге әкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тәрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз үлгілері ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мәдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, әсіресе қазақ халқының бай рухани әлемімен және ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар әр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік әлемінен, тәрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.

Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мәдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің әлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануына алып келді. Әлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық және әдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тәрбие мен білім беру мәселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен әдіснамалық әлсіздікке әкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары әлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мәнін, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар әлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сәйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын әлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының әдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тәрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында әлемдік мәдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тәрбие тәжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.

Педагогика ғылымының әдіснамасы философия заңдылықтарына сүйенетіні белгілі. Философиялық ғылымдар педагогикаға тәрбиенің мағынасы мен мақсатын анықтауға, адамзат болмысы мен ойлауының жалпы заңдылықтарының әрекетін дұрыс түсінуге көмектеседі, ғылым мен қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы шұғыл ақпарат бере отырып, тәрбиенің бағытын нақтылауға жәрдемдеседі. Философия табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті идеялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді. Педагогика материалистік диалектиканың қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы және терістеуді терістеу сияқты негізгі заңдарын тәрбие, білім беру және оқыту процестерінде шығармашылықпен пайдалануды көздейді.

Қазақстанда қазақ философиясының әдіснамасы мәселесі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ең көкейкесті мәселе ретінде көтеріліп, бүгінгі таңда Ж.Алтаев, Ә.Нысанбаев, Ғ.Есім сияқты көрнекті тұлғалар бұл мәселенің түйінін шешу үшін қыруар еңбек еткенін айтқан абзал. Қазақ философиясы туралы осы ғасырдың басында академик Ә.Нысанбаев былай деген еді: «Қазақ философиясы? Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана бұл термин ойдан алынған болып көрінуші еді. Барлығымыз классикалық неміс философиясының идеялары мен маркстік принциптерді дамытқан «диалектиканың қазақстандық мектебін» білдік және құрмет тұттық. Норма мен үлгі ретінде ғылым тәріздес, жүйелі «философиялық хаттың» батыстық түрі мойындалды, оның басында үздік шебер Гегель тұрды. Қазақстан даласындағы Гегель мен Маркс – міне, кеңес дәуіріндегі философия тарихындағы философиялық парадокстар осындай болды. Әрине, дәуір тағдырын көп жағдайда анықтаған неміс ойшылдарын дала халқы түсіне де, қабылдай да алушы еді, бірақ олардың өз дауыстары, өз үндері болды. Міне, бүгін бұл дауыс, бұл үн естілетін уақыт жетті. Қазақстанда бүгін ең көкейкесті философиялық тақырып көшпелі өркениеттің дүниетанымдық сан-салалығы мен философиялық ой түйіндеуінің шығыстық ерекшеліктерін және ғылымның шығыстық әдіснамасын тұтас тұжырымдамалық тұрғыдан саналы түрде ой елегінен өткізу болып табылады».

Қазақ философиясының қалыптасуын докторлық диссертация көлемінде зерттеген белгілі философ ғалым Ж.Алтаевтың «Бұрын «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы» деген ұғымдарды білсек, енді «Қазақ философиясы» деген ұғымның біздің санамызға кіре бастауының теориялық, практикалық маңызы зор» деп айтқанындай, педагогика ғылымында да бетбұрыс жасап, егемендік алғанымыздың он жетінші жылында «Қазақ педагогикасы» ұғымын батыл енгізетін уақыт жетті. Әрбір халық «өз тарихын, философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес» - деген болатын Л.Н.Гумилев. Қазақ педагогикасы ғылымының қалыптасуы мен дамуын зерттеу болашақтағы ұлан-ғайыр ізденістердің бастамасы болуға тиіс.

Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.

Қазақтың болмысы түрлі мәдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мәдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:

- тарихи-педагогикалық танымның әдіснамасы;

- тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.

Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының әдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Оған қазақ педагогикасы нысанының, мазмұндық құрылымы мен пәндік ерекшелігінің анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тәрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тәжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, әрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының әдіснамасын жасауда мынадай мәселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:

1. Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.

2. Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік – философиялық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан талдау.

3. Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мәдениеті мен түркі өркениетінен нәр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.

4. Қазақ педагогикасы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің ұлттық деңгейі мен көрінісін қамти отырып, жалпыадамзаттың рухани мұқтажын өтеуге қызмет ететіндігін дәлелдеу.

5. Қазақ педагогикасы ғылымының әдіснамасы мен оның мазмұндық құрылымын жасау.

6. Қазақ педагогикасының келешегін айқындау, яғни болашаққа қызмет етуін қамтамасыз ету.

Қазақ педагогикасы тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның тарихи алғышарттарына назар аудару басым. Қазақ педагогикасының әзірге болашаққа қызмет ететін әдіснамасы жасалмағаны анық. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмәндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі мол тәжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тәуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның әлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау және ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.

Қазақ педагогикасы ғылыми білімдер жүйесінде арнайы ғылым болып табылады деуге толық негіз бар. Ғылым болу үшін оның зерттеу нысаны мен пәні, зерттеу әдістері мен ұғымдық аппараты болу керектігі мәлім. Сондықтан қазақ педагогикасын ғылымның басқа салаларымен тығыз байланыста қарастыра отырып, оның дербес ғылым саласы ретінде орнын анықтаудың маңызы зор.

Қазақ педагогикасы ең алдымен, түркі өркениетінен бастау алатын қазақ халқының ұрпақты тәрбиелеу, білім беру, оқыту мәселелерімен айналысады, қазақ ағартушыларының педагогикалық идеялары мен тұжырымдамалары негізінде педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтарын, бағыттары мен ағымдарын, іргелі педагогикалық теориялары мен қағидаларын айқындайды, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысына сай педагогика ғылымындағы барлық ғылыми жетістіктер мен педагогикалық мұраларды қоғамдық құбылыстармен, ғылымдармен, идеологиямен, т.с.с. байланыста зерттейді. Басқа кез келген ғылымдар сияқты, қазақ педагогика ғылымы да фактілерді тек ашып қана қоймайды, оларды түсінуге мүмкіндік жасайды. Ғылымға тән нағыз шынайы ерекшелік оның табиғаттың, қоғамның және ойлаудың даму заңдарына қатысты болуы, оларды ашу және танып-білу болып табылады. Философияда заң, заңдылықтар деп объективті, мәнді, тұрақты және қайталанатын себеп-салдар байланысты айтатыны белгілі. Осыдан қазақ педагогикасы көшпелі мәдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен ересектерді тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым деген қорытынды жасауға болады.

Қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары әлемдік педагогикамен тығыз байланысты, мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тәрбиенің болмысында өзіндік сипат болады. Әрбір заңдылықтардың арасында өзара мәнді байланыстар айқын көрінеді. Атап айтсақ:

- мектеп пен педагогиканың арасындағы, бір жағынан, қоғамның экономикалық деңгейі, екінші жағынан саяси даму деңгейі тұрғысынан;

- қоғамның саяси жағдайы мен қоғамдық-педагогикалық қозғалыстар, педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тәжірибе арасындағы;

- қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (әсіресе, қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;

- қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тәрбие жүйесі арасындағы;

- мектеп, білім беру мен тәрбие мазмұны және қоғамдық сананың басқа формалары (мәдениеті, дін және т.с.с.) арасындағы;

- қазақ педагогика ғылымының жетістіктері мен білім беру міндеттері және мазмұнының арасындағы;

- тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы және т.с.с.

Осы заңдылықтардың барлығы өзара тығыз байланыста не себеп, не салдар, не байланыстырушы дәнекер ретінде әрекет етеді, жалпы алғанда, олар қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды.

Қазақ педагогика ғылымы басқа да кез келген ғылымдар сияқты өзінің тарихымен тығыз байланысты, қазақ педагогикасының тарихы оның ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тәрбие тәжірибесінен туындап, үнемі молаюдың нәтижесінде алдымен педагогикалық ой-пікірлер, содан кейін тәжірибеге күшті ықпал ететін ғылымның қалыптасатындығын айғақтайды. Осындай ұстаным қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуының кезеңдерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді (Кесте 1).

Қазақ педагогика ғылымы өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ғасырлар сынынан өткен халықтық тәжірибе негізінде қалыптасып, өзіндік дамуға ие болды. Халық педагогикасындағы озық идеялар қазақ халқының тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырды. Өмірдің әлеуметтік жағдайларының өзгеруімен, қоғам мен тұлға қажеттіліктерінің дамуымен байланысты халық тәжірибесіндегі педагогикалық құндылықтар қайта жасалып, жаңаша сипат алып отырады. Педагогика тарихында алдыңғы теориялардың мазмұнының кеңейтіліп, тың көзқарастар мен ағымдардың қалыптасуы заңды құбылыс, мұның өзі әлемдік педагогика мазмұнын қазақ педагогика ғылымының жетекші идеяларымен толықтыру қажеттілігін дәлелдейді. Өйткені құндылық бағдарлар тұлғаның ең басты, ауқымды сипаттамасының бірі ретінде әрекет етеді, ал оларды дамыту ізгілендіру педагогикасының негізгі міндеті және қоғам дамуының маңызды жолы болып табылады.

Қазіргі таңда елін сүйген, өз халқының болашағын ойлаған, «жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деген халық даналығын санасына ұлы қағида ретінде түйген зиялы ойдың иелері қазақ халқының этногенез жағынан алғанда, үш мың жылдан аса тарихы мен мәдениеті бар екендігін барша әлемге мойындату үшін күш жұмсауда. Қазақ халқының арғы тегі Еуразиядағы ең ірі этностардың бірі түркі халықтарының әлемдік руханиятқа үлес қосуына Еуразия құрлығындағы Ұлы даланы мекендеген халықтардың көшпелі мәдениеті мен тәрбие тәжірибесі, ислам дінінің озық тәрбиелік идеялары, ежелгі түрік, византия, араб, парсы, үнді, қытай мәдениеттері тоғысқан Түркістан жеріндегі Қарахан мемлекетінің саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жағдайлары әсер етіп, барлық адамзат баласын талай ғасырлар бойы толғандырып келе жатқан адам мен оның тәрбиесі туралы ілімнің қыр-сырын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер туғызды.
Кесте 1 – Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен даму кезеңдері

Тәрбие тәжірибесі

Педагогикалық ойлар

Педагогика ғылымы

Қазақтың халық педагогикасы

1. Қазақ ауызекі шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- ұлттық ойындар;

- мақал-мәтелдер;

- жаңылтпаштар;

- жұмбақтар;

- шешендік сөздер;

- ертегілер;

- аңыз әңгімелер;

- батырлар жыры;

- эпос;

- айтыс


2. Қазақ музыкалық шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- халық әндері;

- халық күйлері

3. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріндегі тәрбие мазмұны:

- дәстүрлі қолданбалы өнер;

- ою-өрнектер

4. Салт-дәстүрлердегі тәрбиелік мазмұн:

- бала тәрбиесіне байланысты;

- тұрмыс-салт;

- ата кәсіп;

- әлеуметтік-мәдени

5. Жыраулар мен билердің, шешендердің шығармашылығындағы тәрбие мазмұны



Қазақ жеріндегі алғашқы педагогикалық ой-пікірлер

1. Еуразия даласындағы алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі тәрбие

2. Еуразия құрлығындағы Сақ империясы дәуіріндегі тәлім-тәрбие

3. Ғұн империясы мен Үйсін-Қаңлы мемлекет дәуіріндегі тәлім-тәрбие

4. Таяу және Қиыр Шығыс ежелгі мемлекеттерінің бірі – Шумер тәлім-тәрбиесі мен мектептері

5. Ұлы Түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұралары - Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі (Күлтегін, Тоныкөк) тәлім-тәрбиелік ойлар, Қорқыт тағылымдары (VІ-ІХ ғ.ғ.)




Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі

1.әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари педагогикалық ілімдері (ІХ-ХІ ғ.ғ.)

2. А.Иүгінеки, Қ.А.Иассауи, С.Бақырғани, Р.Хорезми, С.Сарай педагогикалық ілімдері (ХІІ-ХІV ғ.ғ.)

3. Ө.Тілеуқабылұлы, М.Х.Дулати, Қ.Қ.Жалайыр, т.б. педагогикалық ілімдері (ХV-ХVІІІ ғ.ғ.)

4. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев,

Ш.Құдайбердиев, т.б. педагогикалық ілімдері (ХІХ-ХХ ғ.ғ.)

5. Кеңестік дәуірдегі педагогика ғылымы С.Торайғыров, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, т.б.

С.Қожахметов, Т.Тәжібаев, С.Балаубаев, Р.Г.Лемберг, Қ.Бержанов, Ә.Сембаев, т.б.

6. Қазіргі кездегі қазақ педагогика ғылымындағы теориялар (1991 ж. кейінгі кезең)


Каталог: referats
referats -> ӘӨЖ 894. 342. 35 Ә 20 жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы меңдібай Әбілұлы А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ
referats -> Саттар Ерубаев (1914-1973) Қысқаша өмірбаяны
referats -> ӘӨЖ 951/959 ортағасырлық ТҮркі ғалымдары мен жазушылары ф. М. Махашова №36 қазақ орта мектебі, Тараз қ
referats -> Еуропалық орта ғасыр әдебиеті
referats -> Торайғыров Сұлтанмахмұт
referats -> Ілияс есенберлин
referats -> Сүйінбай Аронұлы
referats -> Сүйіктісі халықтың
referats -> С‰йіктісі халыќтыњ
referats -> Өмірбаяны мен күрескерлік ќызметі с. Д. ¤мірзаќов Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз ќ


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет