Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің



бет1/5
Дата25.12.2016
өлшемі0,9 Mb.
#4621
түріДиссертация
  1   2   3   4   5
ӘОЖ 37.022:37.015 Қолжазба құқығында



САРБАСОВА ҚАРЛЫҒАШ АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ

Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы

әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің

тәлім-тәрбиелік идеялары
13.00.01 - Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы,

этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2008

Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалған



Ғылыми кеңесшісі: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Б.Әбдікәрімұлы


Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Ж.Ж.Наурызбай


педагогика ғылымдарының докторы,

профессор А.Н.Ильясова

педагогика ғылымдарының докторы

Р.Қ.Дүйсембінова




Жетекші ұйым: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы

Диссертация 2009 жылы______________сағат 10.00-да Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28-үй, бас корпус, 1- кеңейтілген дәрісхана).


Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28-үй).
Автореферат 2008 жылы «____» _______________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы Н.Ә.Мыңжанов

Кіріспе
Зерттеу жұмысының көкейкестілігі. Қазақстан Республикасы егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпыадамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Отаршылдық езгісі әсер еткен ұлттық менталитетімізді қалпына келтіріп, нығайту және өркениетті елдер қауымдастығы қатарынан орын алу – ұлттық мемлекетімізді қалыптастырудағы басты алғышарттардың бірі. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында, «Мәдени мұра» бағдарламасында басты назарға алынған.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

Мемлекетімізде ұлттық маңызы бар бірқатар бағдарламалар болса, соның бірегейі «Мәдени мұра» бағдарламасы болып табылады. Ұлт тарихын түгендеу, ұлт руханиятын қайта түлету мақсатында жасалынған бұл бағдарлама ұзақ мерзімге бағытталған кешенді, жүйелі іс-шаралардың мазмұнын құрайды. Бағдарлама елдің рухани және білім беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Бұл мақсаттың тиімді шешімін табуда әлемдік ғылыми ой-сананың, ұлттық мәдениет пен өнердің таңдаулы жетістіктерінің негізінде гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау міндеті қойылып отыр.

«Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты алқалы жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев көшпенділердің әлемдік тарихтағы роліне тоқталып, қазақ жерінің Еуразия Кеңістігінің мәдени мәйегі, рухани түп қазығы болғанын айта отырып: «Қазақстанды Ұлы Дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалыптастыруымыз керек», – деді. Сондықтан халқымыздың өткен тарихындағы озық педагогикалық идеяларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарап, бүгінгі ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға пайдалану керектігі айқын. Біз ең алдымен, өзіміздің тарихымызды нақты айқындап алуымыз қажет, бұл - әрбір ғылымның саласына қатысты мәселе. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси жүйеде қазақ ұлтының өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Кеңес дәуірі кезінде қазақ педагогикасы жабық тақырып болғаны анық. Ол кезде Қазақстандағы педагогикалық ойлардың қалыптасуы мен дамуы бойынша барлық ғылыми-зерттеу мен білім беру саласында әл-Фараби, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы ғана сөз болды. Ғылымдағы түрлі тұжырымдамаларды қалыптастыруға тікелей ықпалы болған бұл идеологиялық ұстанымның салдары қазақ ұлтының тарихи танымынан анық байқалды: ұлт өзін өркениеттік құндылықтар жаратқан субъект ретінде сезінуден қалды, оның көңіліне өзінің этностық болмысына қатысты күдікті ойлар ұя сала бастады. Ал мемлекетіміздің тәуелсіздік алуының арқасында қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Оны біз «жаңа рухани ахуал» немесе «жаңа рухани күй» деп атаған болар едік. Тұжырымдап айтқанда, заман талабына сай кезекті сапалы өзгерістерге мұқтаж ұлт өз өткенін қайта қорытуға ден қойды.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихын академик философ Әбдімәлік Нысанбаев атап өткеніндей, түркілік кезеңнен бөліп қарастыруға болмайды. Сондықтан ата тегіміз болып келетін түркі халықтарының ділі мен дінін, дүниетанымы мен әлемді философиялық тұрғыдан игеру тәжірибесін қазіргі дамуымызда, өркениеттік жолында және ел тәуелсіздігін нығайту тұрғысында толық ескеруіміз керек. Рухани өмірдің бедерсізденуін еңсеру мен қазақ халқының өзіндік санасын жаңғырту міндеттері әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, әсіресе педагогика ғылымы саласында Шығыс, оның ішінде түркі өркениетінің ерекшеліктері мен тарихи тамырларын дүниежүзілік мәдениетпен салыстыра отырып, кешенді түрде зерттеулер жүргізу қажеттігін туындатып отыр. Шығыстың бай педагогикалық және тәлім-тәрбиелік ой-санасы, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық дүниетанымы халық шығармашылығы мен ұлы ойшылдардың тәлім-тәрбиелік идеяларынан құралады. Адам мен дүниенің арақатынасын, адамның өзін-өзі тануын, сөйтіп өзін басқаға танытуын, тұлғаның өмірдегі орны мен ролін әлеуметтік және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ педагогикасының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ педагогикасы – шығыстық педагогикадағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан педагогика болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының шоқжұлдыздары әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқариден басталып, олардың бай мұрасы педагогика ғылымындағы ұлттық тарихымыздың бастау көздері болып табылатындығын өркениетті ел болуға аяқ басқан қазіргі кезде батыл айтатын уақыт жетті. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы тәлім-тәрбиеге қатысты жинақтаған інжу-маржандарын әлем жұртшылығына танытып, әлемдік педагогиканың қатарынан орын алуына күш салуымыз елдігіміздің басты белгісі екендігін назарда ұстанған жөн деп білеміз.

Күні бүгінге дейін педагогиканың философиядан бөлініп шығуы мен оның ғылыми жүйеге енуі чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменский есімімен байланысты болып келгендігі белгілі. Дегенмен де, тарих қойнауына үңіліп қарасақ, мыңжылдық тарихы бар әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерінде қазіргі педагогика ғылымының негізгі мәселелері қарастырылып, оның ғылыми-әдіснамалық негіздері тұжырымдалғанын анық көруге болады. Сондықтан ұлы ойшылдарымыздың еңбектерінің педагогикалық мәнін ашып көрсете отырып, олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының өзінің зерттеу пәні бар ғылыми білімнің арнайы саласы ретінде қалыптасуының алғашқы көзі болғанын әдіснамалық тұрғыдан айқындау және оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде қолдану бойынша нақты ғылыми тұжырымдалған ұсыныстарды жасау қажет.

Қазіргі кезде ұлы түрік ойшылдары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің бай мұрасы философтардың, мәдениеттанушылардың, тарихшылардың, әдебиетшілер мен педагогтардың басты назарында екендігі белгілі. Түркі халықтарының педагогикалық ой-пікірлері мен қазақ педагогикасының қалыптасуын зерттеу барысында әдіснамалық тұрғыдан А.С.Аманжоловтың, Ғ.Айдаровтың, В.Бартольдтың, Э.Бертельстің, А.Валитованың, Л.Н.Гумилевтің, М.Жолдасбековтың, О.Караевтың, С.Г.Кляшторныйдың, А.Кононовтың, С.Е.Маловтың, Н.М.Мелиоранскийдің, В.Радловтың, т.б. еңбектерінің әсері мол болды.

Ұлы әл-Фарабидің Отырардан шыққан Қыпшақ тумасы екендігін алғаш дәлелдеп, кіндік Азияда фарабитанудың атасы атанған Ақжан әл-Машанидің қазақ ғылымының дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі таңда Ш.Абдраманның құрастырумен ғалымның фарабитану саласындағы мол мұрасы жинақталып, халықтың рухани игілігіне айналып отыр.

Зерттеліп отырған мәселенің ғылыми-философиялық негіздері Ж.Алтаевтың, Ж.Әбділдиннің, М.С.Бурабаевтың, Ғ.Есімнің, Ә.Нысанбаевтың, А.Х.Қасымжановтың, А.А.Қасымжанованың, М.Орынбековтің, М.М.Хайруллаевтың, т.б. еңбектерінде қарастырылған.

Әдебиеттану және тіл білімі саласында да түрік ойшылдарының әдеби мұрасы зерттеліп, олардың дүниежүзілік мәдениет пен ғылымға қосқан үлесі айқындалды. Көрнекті ғалымдар Ә.Дербісалиевтің, А.Егеубаевтың, Н.Келімбетовтің, Ә.Қоңыратбаевтың, М.Мырзахметовтың, Х.Ш.Сүйіншәлиевтің, т.б. қомақты еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Проблеманың көкейкестілігін педагогика ғылымында түркі тектес халықтардың педагогикалық идеяларының қалыптасуы мен дамуын тарихи тұрғыдан зерттеуге арналған Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының еңбектері нақтылай түседі. Орта ғасырдағы шығыс ойшылдарының педагогикалық ой-пікірлері өзбек ғалымдары Х.Х.Тллашевтің, У.Алеуовтің, түрікменстандық ғалым Г.О.Чарыевтың, қырғыз ғалымы А.Э.Измайловтың зерттеу еңбектерінің арқауы болды. Қазақстандық ғалымдар Қ.Б.Жарықбаевтың, С.Қ.Қалиевтің, А.К.Көбесовтің, Ә.Н.Көшербаеваның, К.Ж.Ибраеваның, Т.Ә.Ахметовтың, У.Жамированың, К.М.Калиеваның, А.Қ.Жұмабековтың және т.б. осы тақырып бойынша орындалған еңбектерінің құндылығы өте жоғары. Бұл еңбектерде әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық идеяларына теориялық негіздеме мен жүйелі талдау жасалынған. Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясын» құрастыра отырып, ортағасырдағы түркі халықтарының тәлімдік ой-пікірлерінің (Йоллығтегін, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері, Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари және т.б.) нұсқаларын ұсынады, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беру хақындағы педагогикалық көзқарастарына сипаттама береді. А.Көбесов әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын зерттей отырып, әл-Фараби педагогикасының философиялық және әлеуметтік-этикалық алғышарттары, жалпыпедагогикалық, дидактикалық идеялары, әл-Фарабидің математикалық еңбектерінде жалпыпедагогикалық идеяларды қолдануы және іске асыруы мәселелерін қарастырады. Ж.Баласағұнидің тәлім-тәрбиелік идеялары Ә.Н.Көшербаеваның, Т.Ә.Ахметовтың, У.Жамированың еңбектерінің зерттеу арқауы болса, М.Қашқаридің мұрасындағы педагогикалық идеялар К.М.Калиеваның зерттеуінде жүйеленді. Аталмыш зерттеулермен қатар республикамызда педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуы және ағарту ісінің тарихына байланысты ауқымды зерттеулер жүргізілді. Қазақстанда педагогика және білім беру тарихы бойынша орындалған Т.М.Әлсатовтың, К.Б.Бержановтың, Қ.Б.Жарықбаевтың, А.Н.Ильясованың, И.Б.Мадиннің, К.Қ.Құнантаеваның, А.И.Сембаевтің, Қ.Б.Сейталиевтың, Т.Тәжібаевтің, Г.А.Умановтың, I.Р.Халитованың, Г.М.Храпченковтің, В.Г.Храпченковтің еңбектері мен диссертациялық жұмыстары біздің қарастырып отырған тақырыбымызды зерделеуге және педагогика тарихының даму бағыттарын айқындауға үлкен септігін тигізді. Көрнекті ғалым Б.Әбдікәрімұлының ғылыми жетекшілігімен қазақ педагогикасының тарихы бойынша орындалған Алашорда қайраткерлерінің, саяси қуғын-сүргін құрбандары болған қазақ зиялыларының, А.И.Сембаевтың педагогикалық мұрасын зерделеуге арналған кандидаттық диссертациялардың да қазіргі қазақ педагогика ғылымының мазмұнын жетілдіруде алатын орны ерекше.

Қазақстан Республикасы егемендігін алғаннан бері қазақ халық педагогикасы мен этнопедагогикасын зерттеу бойынша едәуір жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде докторлық және кандидаттық диссертациялардың, монографиялар мен ғылыми-әдістемелік басылымдардың үлкен ерекше бір шоғыры дүниеге келді. Олардың ішінде С.Қ.Қалиевтің, С.А.Ұзақбаеваның, Ж.Ж.Наурызбайдың, К.Ж.Қожахметованың, Ә.Табылдиевтің, М.Х.Балтабаевтың, Р.Қ.Дүйсембінованың, Қ.Бөлеевтің, С.Ғаббасовтың, Қ.Қ.Шалғынбаеваның, Ш.И.Джанзакованың және т.б. еңбектері ерекше ғылыми құндылыққа ие болып отыр.

Дегенмен де, жоғарыда көрсетілген зерттеулер мен ғылыми еңбектерді жан-жақты оқып-үйрену және терең талдау оларда әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде қазақ педагогикасының мазмұны анықталмағанын көрсетті. Сондықтан қазақ ғарышында, оның ұлы даласында қалыптасқан тәлімдік-тәрбиелік ойларды әлемдік педагогика тарихының мазмұнына енгізу үшін ғұлама бабаларымыз әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерін қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретінде айқындау қажет.

Біз өз зерттеуімізде әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін талдаумен қатар, оларды білім беру іс-тәжірибесінде пайдалану мәселелерінің тұжырымдамалық негізін қарастырдық. Бұл ғұламалар еңбектеріндегі біз жаңадан ашып отырған және бұрыннан белгілі болған тәрбиелік маңызы зор идеяларды қазіргі күн талаптарына сәйкес пайдаланудың жолдарын айқындауға бағытталғандығын көрсетеді.

Зерттеу проблемасының теориялық және практикалық жағдайын талдау бірқатар қайшылықтарды айқындауға мүмкіндік берді:

- қазақ педагогикасы тарихының зерттелуіне тоталитарлық жүйенің кері әсері мен қазіргі таңдағы тәуелсіз елдің рухани ахуалына сәйкес педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуын өркениеттік бағытта қарастыруға жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігі арасындағы қайшылықтар;

- әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының теориялық тұрғыдан негізделуі мен олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының рухани бастаулары ретінде анықталмауы арасындағы қайшылықтар;

- әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының тұлға тәрбиесіндегі маңыздылығы мен оларды іс жүзінде пайдалануға жағдай жасайтын оқу құралдарының, электронды оқулықтардың және ғылыми-әдістемелік ұсыныстардың жеткіліксіздігі арасындағы қайшылықтар.

Осы қайшылықтардың шешімін табу мақсатында қазақ педагогика ғылымының қалыптасу тарихына жаңа көзқарас қалыптастырып, оның қайнар көздерін анықтау және алынған нәтижелерді қазіргі заманғы білім беру жүйесіне сәйкестендіріп пайдалануға ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасау зерттеу проблемасын айқындап, тақырыпты «Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары» деп алуға негіз болды.

Зерттеудің мақсаты: әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларын қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретінде тұжырымдамалық тұрғыдан негіздеу және оны жоғары білім беру жүйесінде пайдаланудың мазмұны мен әдістемесін жасау.

Зерттеудің нысаны: қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуы.

Зерттеудің пәні: қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының жүйесі.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының тұжырымдамалық негізі анықталса, онда педагогика ғылымының теориясы мен тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік туады, өйткенi аталған ғұламалардың еңбектері қазақ педагогика ғылымының дамуына жаңа бағыт беріп, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың тиімділігін арттыратын құнды идеяларды ұсынады.

Зерттеудің міндеттері:

1) әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі ретінде қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын көрсету және оның алғашқы рухани бастау көздерін нақтылау;

2) түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттарын анықтау;

3) түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің даму тарихын зерделеу және олардың мазмұндық сипаттамасын беру;

4) әл-Фараби педагогикасының қазіргі қазақ педагогика ғылымының негізі ретіндегі мәнін айқындау;

5) қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы Ж.Баласағұнидің «Құтты білік» дастанының ғылыми-теориялық негіздерін айқындау;

6) қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы М.Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегінің тұжырымдамалық мәнін анықтау;

7) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының өзара ықпалдастығын және кейінгі дәуірлердегі педагогикалық ойлармен тарихи сабақтастығын ашып көрсету;

8) қазіргі педагогика ғылымы мазмұнында әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының алатын орнын анықтап, оны жетілдірудің бағыттарын айқындау;

9) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары білім беру жүйесінде пайдалануды ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету жолдарын ұсыну.



Жетекші идея: әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларын қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі ретінде тұжырымдамалық тұрғыдан негіздеу қазақ педагогикасының әлемдік педагогикадағы алатын орнын анықтап, оның дамуына жаңа бағыт пен тың серпін берудің жолдарын көрсетуге ықпал етеді.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері:

- жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық өзара бірлігіне байланысты тарихи, философиялық, әлеуметтік және мәдени ілімдер;

- тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеуге аксиологиялық және жүйелілік қатынас теориясы;

- қазіргі кездегі білім беру философиясы туралы ілім;

- тұлға дамуының жалпы диалектикалық принциптері;

- тарихи, ғылыми шынайылылық және тарихи шындықты анықтау қағидалары;

- тұлғаға бағдарланған білім беру және білім беруді ізгілендіру теориясы;

- тарихи құбылыстар мен процестерді, фактілер мен оқиғаларды талдау мен педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуын зерделеуге қатысты ғалымдардың тұжырымдамалық зерттеулері.

Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы, бiлiм беру мәселесiне арналған ресми құжаттар, әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектері, зерттеу проблемасына қатысты философтардың, әдебиеттанушылардың, тіл білімі саласы мамандарының, тарихшылардың, түркітанушылардың, психологтардың, педагогтардың, әдiскерлердiң ғылыми-зерттеу еңбектерi.

Зерттеудің әдістері:

- философиялық: танымның диалектикалық әдісі; талдау және жинақтау;

- жалпығылыми: тарихи, жүйелілік-құрылымдық, логикалық талдау;

- тарихи талдау әдістері: тарихи-философиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-жүйелілік, мәдениеттану, тарихи-салыстырмалы, ретроспективті;

- салыстырмалы-педагогикалық зерттеу әдістері: жүйелілік-құрылымдық, жүйелілік-талдау, ғылыми зерттеулерді және мұрағат материалдарын оқып-үйрену және теориялық талдау, жұмыс нәтижелерін болжау.

Зерттеудiң ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:

1) қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуының әдіснамалық және функционалдық мәні негізделіп, оның әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі ретіндегі орны ашып көрсетілді;

2) түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуына ықпал еткен әлеуметтік-мәдени шарттар айқындалды;

3) қазіргі қазақ педагогика ғылымының рухани бастаулары ретінде түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің мазмұны анықталды;

4) ұлы түрік ойшылдары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдеріне қазіргі педагогика тұрғысынан салыстырмалы талдау жасалынып, соның негізінде олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретіндегі мәні алғаш рет тұжырымдалды;

5) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының өзара ықпалдастығы мен тарихи сабақтастығы ашып көрсетілді;

6) қазіргі педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының алатын орнын айқындаудың негізінде оның мазмұнын жетілдірудің негізгі бағыттары анықталды;

7) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары кәсіби білім беру жүйесінде пайдалану бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды.



Зерттеудiң практикалық маңыздылығы:

- жоғары және арнайы орта педагогикалық оқу орындары мен жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқу-тәрбие процесінде, мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру iсiнде пайдалануға арналған оқу құралдары, электронды оқулықтар және элективті курстардың оқу-әдістемелік кешендері дайындалды:

1. «әл-Фараби педагогикасы» оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2008. – 126 б. (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

2. «Ж.Баласағұни педагогикасы» оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2008. – 124 б. (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

3. «М.Қашқари педагогикасы» оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2008. – 96 б. (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

4. «әл-Фарабидің педагогикалық ілімі» электронды оқулық (зияткерлік меншік куәлігі №366, 06.08.2008ж.) (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

5. «Ж.Баласағұнидің педагогикалық ілімі» электронды оқулық (зияткерлік меншік куәлігі №365, 06.08.2008ж.) (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

6. «М.Қашқаридің педагогикалық ілімі» электронды оқулық (зияткерлік меншік куәлігі №367, 06.08.2008ж.) (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте);

7. «әл-Фараби педагогикасы» элективті курсы бойынша оқу-әдістемелік кешен. – Қарағанды: «Санат-Полиграфия», 2008. – 66 б.

8. «Ж.Баласағұни педагогикасы» элективті курсы бойынша оқу-әдістемелік кешен. – Қарағанды: «Санат-Полиграфия», 2008. – 72 б.

9. «М.Қашқари педагогикасы» элективті курсы бойынша оқу-әдістемелік кешен. – Қарағанды: «Санат-Полиграфия», 2008. – 60 б.

- зерттеу нәтижелерін «Педагогика тарихы», «Педагогика», «Этнопедагогика», «Этнопсихология», «Салыстырмалы педагогика» курстары бойынша типтік бағдарламалардың мазмұнын жетілдіру мақсатында дәріс материалдары ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: автордың педагогикалық зерттеуінің ғылыми негізімен, зерттеу тақырыбына сәйкес өзара байланыстағы әдіс-тәсілдердің нақты қолданылуымен, зерттеу мазмұнының зерттеу мақсатына сәйкес­тілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытылуымен, орта ғасырда педагогикалық ойлардың қалыптасуы мен дамуын сипаттайтын тарихи-педагогикалық, мұрағаттық деректердің ғылыми-теориялық тұрғыдан талдануымен және оларды қазіргі педагогика ғылымының мазмұнын жетілдіру мақсатында пайдалану туралы ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасауымен қамтамасыз етіледі.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

1. Қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуының әдіснамалық негіздемесі.

2. Түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары.

3. Түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің мазмұны.

4. әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері ретіндегі тұжырымдамасы.

5. әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларының өзара мазмұндық үндестігі мен кейінгі жылдардағы педагогикалық ой-сананың дамуымен жалғастығы.

6. Қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерінің алатын орнын анықтау арқылы оның мазмұнын жетілдіру бағыттары.

7. әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары білім беру жүйесінде пайдалану процесін ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету шарттары (инновациялық оқыту технологиялары, элективті курстар, оқу құралдары, электронды оқулықтар).




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет