Саяси партиялар және партиялық жүйелер



бет1/5
Дата28.01.2018
өлшемі0,91 Mb.
#34609
  1   2   3   4   5
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Д. Қ. Сулекеев



Саяси партиялар және партиялық жүйелер
Саясаттану мамандықтарының студенттеріне арналған

оқу құралы

Павлодар

Кереку


2010
ӘОЖ 329(075.8)

КБК 66.6я73

С85
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылды

Пікірсарапшылар:

А. А. Ақышев – саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, «Тарих және құқық» факультетінің деканы;

Қ. Ж. Нұрбаев - тарих ғылымдарының докторы, профессор;

З. Ш. Айткенов - тарих ғылымдарының кандидаты, Павлодар мемлекеттік педагогигалық институтінің доценті


Сулекеев Д. Қ.
С85 Саяси партиялар және партиялық жүйелер : саясаттану мамандықтарының студенттеріне арналған оқу құралы / Д. Қ. Сулекеев. – Павлодар : Кереку, 2010. – 60 б.

Оқу құралында саяси партиялар мен партиялық жүйелердің мәні, түрлері және іске асыруы қарастырылған. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның партиялық жүйенің дамуы және саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың маңыздылығы, атқаратың рөлі анықталған.

Оқу құралы саясаттану мамандықтарының студенттеріне арналған.

ӘОЖ 329(075.8)

КБК 66.6я73

© Сулекеев Д. Қ., 2010

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдық дурыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты

Кіріспе
Қазіргі таңдағы қоғамның саяси өмірі — аса күрделі, әр қилы әрі қарама-қайшылықтарға да толы. Оған қатысушылардың (саясат субъектілерінің) саны орасан көп, олардың ішінде ең көрнекті орын саяси партияларға тиесілі. Партия феодалдық қоғамның буржуазияға өту кезеңінде, яғни XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында қалыптаса бастаған еді. Феодалдық мемлекетке қарсы әрекеттегі буржуазиялық, жаңа таптық қоғамның өмірге келуі секілді факторлар осы үрдістердің тезірек қалыптасуына ықпал етті. XIX ғасырда нақты пайда бола бастаған қоғамдық дамудың тенденциялары саяси партиялардың қалыптасуына елеулі ықпал етті.

Қоғамдық дамудың әр түрлі бағыттарына тұжырымдар жасаған қалыптасқан идеологияның нақты түрде көрініс беруі (либерализм, социализм, анархизм) осы істе зор маңызға ие болды. Ал осы идеологияны қалың бұқараға жеткізетін және сол мүддені білдіретін бірден-бір қозғалыс саяси партиялар еді. Шындығында да, демократияның ережелері солардың идеологияларында көрініс тапты. Олар мынандай бағыттар ұстанды: адамдардың келісімінсіз ешкім де оларды басқаруға тиісті емес; өздерінің мүдделерін қорғау үшін азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін жібере алады; өздерінің саяси ұйымдарын құруға құқылы. Бұдан басқа да бірқатар демократиялық қағидаттар керсетілген болатын. Осы аса мәнді демократиялық принциптерді өмірге енгізу енді партиялардың қажеттілігі туралы мәселені күн тәртібіне койды.

Парламенттік, конституциялық, буржуазиялық мемлекеттердің дамуына орай бірте-бірте партиялар өздерінің саяси және құқықтық мәртебелерін нығайта бастады, қоғамның саяси өмірінің аса қажетті элементі екендіктерін танытты.

Саяси партия — әлеуметтік топтың немесе таптың, неғұрлым белсенді және ұйымдасқан бөлігі. Олар саяси билікке қол жеткізу үшін күреседі. Партиялар ұйымдасқан таптар мен әлеуметтік топтардың қажеттіліктерін, мүдделері мен мақсаттарын білдіреді. Саяси биліктің тетіктерінің жұмыс істеуіне белсенді түрде қатысады немесе оған белгілі бірдәрежеде ықпал етеді.

Партияның атқаратын қызметінін, тұжырымды мәні мынада: ол халыққа идеологиялық әсер етеді, саяси сананы қалыптастыруда роль атқарады. Саяси партиялар халықты үкіметпен, азаматтық қоғамды саяси қоғаммен, мемлекетпен байланыстыратын тетік болып табылады. Саяси партиялардың басқа ұйымдардан, қозғалыстар мен клубтардан негізгі ерекшеліктері мыналар — олар саяси билікке, билік тетігіне қатысуға таласады.

Партия саясаттың маңызды құрылымы болып саналады. Қазіргі танда көз алдыңа ең болмағанда бір партиясы жоқ мемлекетті елестету мүмкін емес.

Халық партия арқылы өздерінің топтық талаптарын билікке мәлім етеді, басшылықты сынайды, саяси бағыттың және биліктің өзінің өзгеруіне қол жеткізеді.

1 Тақырып. Саяси партия саяси жүйенің институты ретінде

Жоспар:

1) Партия ұғымы, мәні;

2) Партияның қызметтері, белгілері;

3) Партиялардың пайда болуы, қалыптасуы эволюциясы.


Партия ұғымы, мәні

Саяси жүйеге мемлекетпен қатар саяси партиялар да кіреді. «Партия» деген сөз латын тілінен шыққан, бөлу,бөлшек деген мағынаны білдіреді.

Саяси партия қоғамның саяси өміріндегі ең күрделі және сан қырлы құбылыс болғандықтан саяси партияның мәнін дәлірек анықтаған жөн. Қазіргі саясаттануда саясатты дәріптеушілердің арасында саяси партияның мәні мен мазмұны туралы әр түрлі пікірлер бар. Партияға анықтама да көп. Партия деген не дейтін болсақ, ол туралы түсінікті бірнеше бағытқа бөлуге болады.

Бірінші бағыттағылар: партия-адамдардың идеологиялық байланыстарына негізделген тобы деп анықтама береді. Бұл бағыттың пікірінше, партия-өзара идеологиялық байланыста болатын топтар. Б. Констан былай деп жазады: «Партия-бір ғана саяси доктринаны мойындайтын адамдар тобы».

Екінші бағыт партияның мәнін ашуда оның саяси жүйесімен байланыстығына баса назар аударады. Сондықтан саяси партия сайлау жүйесіне ықпал етіп отыратын, өз өкілдерінің сайлауда жеңіске жетуін қамтамасыз етуге тырысатын және сол арқылы мемлекетті бақылап тұратын «ерікті ассоциация» ретінде түсіндіріледі. Италия саясаттанушысы Дж. Сартори саяси партияны сайлау процесінде өз өкілдерін ұсынуды мақсат етіп қоятын және оның сайлауда жеңіске жетуін қадағалайтын, ол үшін күресетін азаматтардың автономиялы тобы ретінде түсіндіреді. Сонымен бірге олардың пікірінше, заң шығарушы органдарға өз өкілдерін ұсынуды мақсат етіп қоятын және оның сайлауда жеңіске жетуін қадағалайтын, ол үшін күресетін азаматтардың автономиялы тобы ретінде түсіндіреді. Сонымен бірге олардың пікірінше, заң шығарушы органдарға өз өкілдерін ұсынып отыру кез келген саяси партиының негізгі қасиеттерінің бірі болып есептеледі. Мысалы, гректің революционер-демократы Фереос Ригас былай деген: «Барлық партиялар заң шығарушы органдардағы орынға кандидаттарын ұсынуы тиіс, әйтпесе олар партия бола алмайды».

Жоғарыда көрсетілген тенденцияларының кемшілігінің бірі партияның мәнін ашуда олар оңның бірі ғана жеке қасиетіне көңіл бөледі. Мұнда партияның функциялық қызметінің ауқымы тарылып отыр, алайда партияның қызметі дәстүрлі саяси жүйеге, нақты елдің саяси дамуының ерекешелігіне байланысты көпжақтылы болып отырады. Сондай-ақ, саяси партияға сипат беріп отыратын оның басқа да қасиеттері бар. Мысалы, оның таптық және бағдарламалық негізі, мақсаты, идеологиясы, партияны ұйымдастыру тәртібі.

Батыс саясаттануындағы партияның мәнін түсіндіретін үшінші бағыт партияның құрылымдылық ерекешелігін, ұйымдастыру ерекешеліктерін бірінші орынға қоюмен байланысты. Бұл бағыт бойынша, партия ерекеше құрылымы бар, ұзақ уақыт өмір сүретін әлеуметтік құрылым ретіндегі адамдардың қауымдастығы тұрғысынан қарастырады. Мұндай партия мемлекеттік билікті жеңіп алуға тырысуы қажет. Ол өзінің қатарына парламенттік көшбасшылардырды біріктіруі тиіс. Әрине мұндай партия өмір сүруге құқылы, бірақ мұндай партия да өзінің бір жақтылығымен шектеледі.

Батыс зерттеушілерінің келесі төртінші тобы партияның мәнін ашуда оның қызметіне баса назар аударады. Осы бағытты қуаттаушы ағылшын саясаттанушысы К. Лоусон былай деп көрсетеді: «Партияға анықтамалардың ешқайсысы оның мәнін толық ашып көрсете алмайды, дегенмен оның қызметі тұрғысынан берілген анықтама біршама дұрыс, партия мәніне жақын анықтама».

Бұл бағыттың өзіндік кемшіліктеріне келсек:

1) партияны негізгі қызметтерін әр автор әр түрлі көрсетеді;

2) партияның кейбір негізгі қызметтері көрсетілмейді, мысалы, партияның иделогиялық қызмет;

3) партияның түпкі мақсаты ескерілмейді.

Партияға құрылымдық және оның қызметі тұрғысынан берілген анықтамалардың біржақтылығын жоюға тырысқан батыс саясаттанушыларының бір бөлігі партияға «синтездік» тұрғыдан анықтама береді. Осы бағытты ұстанушы С. Нойман партия-ол қоғамның белсенді саяси агенттерінің жарлығы бар ұйымы деп көрсетеді. Олар өкімет билігін қадағалайды және халықтың қолдауына сүйенеді. Партия, Нойманның пікірінше, әлеуметтік күштер мен идеологияны өкімет органдарымен байланыстырушы қызметін атқаруы керек. Бұл пікір партияның ішкі мазмұнына біршама жақын болғанына саяси партияның шынай мәнін, әлеуметтік табиғатын толық аша алмайды.

Бесіншісі әлеуметтік-таптық көзқарастағы бағыт. Бұл негізінен марксистік көзқарас. Осы бағыт бойынша, саяси партияға былайша анықтама беріледі: «Саяси партия-таптың не әлеуметтік таптың мүддесін білдіретін, олардың белсенді өкілдерін біріктіретін, саяси күресіне басшылық ететін саяси ұйым». (Қаз. Совет. Энцклопедия. 10т.: 71 бет.). Марксизм тұрғысынан алғанда партия белгілі бір тап пен топтың саяси және идеологиялық ұйымы.

Осы тұрғыда саяси партиялардың мәні негізінен олардың қай таптың немесе әлеуметтік топтың мүдделерін көрсетіп, соны қорғау үшін дүниеге келген ұйым болып есептеледі.

Батыстың кейбір саясаттанушылары да партияға марксистік көзқарасты, яғни оған таптық-әлеуметтік пікірді жақтайды. Американ социолігі Липсет Сеймур Мартин өзінің «Саяси адам » деген еңбегінде: «Кез келген демократия жағдайындағы әр түрлі топтар арсындағы шиеліністер саяси партия арқылы көрініп отырады.» - деп көрсеткен. Оның пікірінше де, партия белгілі бір таптың мүддесін қорғайды.

Партиялардың құрылу әдістері де әр қилы. Негізінен партиялардың кұрылуының үш жолы: «жоғарыдан», «төменнен», «бірігу әдісі» туралы айтуға болады.

«Жоғарыдан» - бұл әр түрлі парламенттік топтардың, саяси элитаның, қысым жасау топтарының негізінде құрылған партиялар.

«Төменнен» - бұл қоғамдық қозғалыстар негізінде (кәсіподақ, кооператив) құрылған, яғни этникалық қауымдастықтардың әлеуметтік топтарының мүдделерін қорғау мақсатында ұйымдастырылған партиялар. Мұндай партиялардың мынандай қағидаттары болады:

1) олардың мүшелерінің тәртіптілігі;

2) өз қағидаттары мен өз мұраттарына мейлінше идеялық адалдық.

«Бірігу әдісі» - бұл элиталық адамдар мен қатардағы азаматтардың күш біріктіруі нәтижесінде ортақтасуы (мәселен, әлде бір кандидатты немесе саяси лидерді қолдау жөніндегі парламенттік топтардың азаматтармен бірігуі). Ресейде партиялар XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында құрыла бастады. Ресейдегі алғашқы бұқаралық партия – бұл РСДРП (1898 ж.) еді. Ресейлік социал-демократиялық жұмысшы партиясы, бұдан соң 1901 — 1902 жылдардағы социалист-революцио-нерлер партиясы осының негізі болды. 1906 жылы оларды мынандай түрлерге бөлуге болатын еді:

1) қаражүздіктер;

2) октябристер;

3) кадеттер;

4) еңбекшілдер;

5) социалдемократтар. Осы партиялардың әрқайсысының өзіндік әлеуметтік негіздері болды, олар өз табының әлеуметтік тобының мүдделерін білдіруге ұмтылды.

Саяси партияларды зерттеумен айналысатын ғылым қазіргі танда партология деп аталады. Оның көшбасында Дж.Брайс, М. Я. Острогорский және Р.Михельс тұрды. Саяси партиялардың жалпы теориясының негізін француз ғалымы М.Дюверже қалады.

Сонымен, партия деп мемлекеттік билікті қолға алуға немесе билік жүргізуге қатынасуға бағытталған, ортақ мүдде, бір идеология негізінде құралған адамдардың ерікті одағын айтады. Партиялар сайлауға, мемлекеттік органдар құруға, мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдауға және оларды іс жүзіне асыруға белсенді қатынасады.
Партияның белгілері мен қызметтері

Американың белгілі саясаттанушысы Дж. Ла Паломбараның ойынша партиялар мынадай 4 белгімен сипатталады:

1) партия белгілі бір идеологияны қорғайды немесе кем дегенде адамды, дүниені ерекше көре біледі;

2) партия – адамдарды жергілікті ұйымнан бастап, халықаралық дәрежеге дейін саясаттың әр түрлі деңгейінде әжептәуір ұзақ біріктіретін ұйым;

3) партияның басты мақсаты – билікті қолға алып, жүзеге асыру (көбінесе ол коалициялық жолмен жасалады);

4) әр партия өзіне халықтың дауыс беруінен бастап, мүше болуына дейінгі қолдауын қамтамасыз еткісі келеді.

Саяси партия тапты немесе әлеуметтік топты ұйымдастырады, олардың саяси сауаттылығын арттырады, жұмысына ұйымшылдық және мақсаттылық сипат береді. Оның белгілі бір идеологиясы болады. Ол идеология саясаттың басты принциптерін белгілеуге, саяси партияның ұйымдық құрылысы мен практикалық іс-әрекетін анықтауға негіз болады. Олар партияның бағдарламалары мен жарғыларында айқындалады.

Саяси жүйеде партиялар үлкен әлеуметтік жіктердің (топтардың, таптардың, бірлестіктердің) мүддесін көздейді. Партиялардың өмір сүруінің өзі сол жіктеудің арасында дау-жанжалдардың тууы мен оларды шешу қажеттігінен шығады.

Поляктың белгілі саясаттанушысы А. Боднардың көрсеткеніндей, қазіргі қоғамда саяси партиялар мынадай қызметтерді атқарады:

1) қоғамның ірі топтарының мақсат-мүдделерін анықтау, тұжырымдау және негіздеу;

2) олардың белсенділігін арттырып, жинақтау;

3) саяси идеология мен саяси ілімдерді жасау;

4) саяси жүйелерді, оның жалпы принциптерін, элементтерін, құрылымдарын қалыптастыруға қатысу және т.б.;

5) мемлекетте билік үшін күреске қатынасу және оның жұмысының бағдарламасын жасау;

6) мемлекеттік билікті іске асыруға қатынасу;

7) қоғамдық пікірді қалыптастыру;

8) жалпы қоғамды, яки оның белгілі бір бөлігін (топты, тапты, жікті) саяси тәрбиелеу;

9) мемлекеттің, кәсіподақтарының, қоғамдық ұйымдардың аппараты үшін кадрлар даярлау мен ұсыну және т.б..

Ең басты қызметі – мемлекет билігі үшін күрес. Қазір дүниежүзі көлемінде алатын болсақ, көптеген партиялар өмір сүріп, қызмет етуде. Олар өздерінің сипатына, шығу тегіне қарай, саяси жүйеде алатын орны мен рөліне қарай әр түрлі болып келеді. Дегенмен оған қарамастан оларды жоғарыда көрсетілген критерий бойынша бір-бірімен жақындастыратын ортақ белгілері де бар. Осы ортақ белгілеріне байланысты саяси партияларды белгілі бір топқа немесе түрге біріктіруге болады.

Сонымен қатар партиялар сайлау науқанын дайындау мен өткізу, өз мүшелерінің санын көбейту, орталық және жергілікті ұйымдардың материалдық ахуалын күшейту, өз еліндегі және шетелдердің мақсаттары жақын партияларымен байланысты нығайтумен үнемі байланысады.

Қазіргі демократиялық қоғамдағы партилардың маңызды міндеті – азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланысты баянды ету. Партиялар арқылы әр түрлі әлеуметтік топтар өздерінің саяси талаптарын мәлімдейді. Бұрынғы әлеуметтік-экономикалық саясатты одан әрі жүргізу немесе оны өзгерту керектігі жөнінде өздерінің көзқарастарын білдіреді. Соның арқасында қоғамның саяси саласындағы қайшылықтардың басы ашылады, әлеуметтік қопарылысқа соқтырарлық өткір, ойда жоқ шиеліністердің мүмкіншілігі азаяды.

Саяси партиялардың бір-біріне ұқсас міндеттері және белгілі бір ортақ сипаттары болады. Осыған орай саяси партияларды әр түрлі белгілері бойынша - шығу тегі, орны мен саяси жүйедегі ролі, ішкі құрылымы мен қызмет тәсілдері, әлеуметтік негізі мен идеологиясы бойынша сұрыптауға болады.

Партия құрылымдары былайша жіктеледі:

1) партиялық аппарат;

2) партиялық актив;

3) қатардағы мүшелері (партиялық көпшілік);

4) партияның жақтастары.

Сонымен саяси партиялардың негізгі қызметтері томендегідей.



Саяси: Билік үшін күрес. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатың жасауға, қалыптастыруға, іске асыруға тікелей қатынасу. Балама ұсыныстар асыру. Сайлау науқаңына белсенді түрде ат салысып, оған байланысты бағдарламаны орындау. Саяси бағатты тұжырымдау.

Ұйымдастырушылық: Бағдарламалықмақсаттар мен шешімдерді жүзіге асыру. Сайлау науқанын өткізу. Сайлап қойылатың қызметтерге үміткерлерді іріктеу. Басқару элитасына кадрлар дайындап ұсыну. Үкімет құрамын, сол сияқты басқа да билік құрылымдарды құрастыруға қатысу.

Теориялық: Қоғам дамуының негізгі салалары бойынша және оның даму жолдарын талдап, теориялық жағынан бағалау. Әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерің анықтап үйлестіру. Қоғамды жаңартудың стратегиясы мен тәсілін тұжырымдап, бұқараны қимыл бірлігіне теориялық жағынан әзірлеу.

Идеологиялық: Еңбекші бұқара арсында өз көзқарасын, ізгі мұраттарды тарату, оны іскерлікпен ұштастыру. Өз бағдарламасы мен саясатын насихаттау. Азаматтардың түбегейлі мүдделеріңн ескере отырып өз бағытың қолдауға жұмылдыру және партия қатарына тарту, т.с.с.

Қоғамның қай жігіне партияның ықпалы күшті жүріп, олардан ұзақ уақыт қолдау тапса, сол топ партияның әлеуметтік негізін қалайды. Ал оған сайлау кезінде әрдайым дауысын беруші сайлаушылар оның электоратын (латынның сайлаушылар тобы деген сөзінен) құрайды. Еуропадағы социал-демократиялық партиялардың дәстүрлі әлеуметтік негізіне жұмысшылар жататын. Либералдық-демократилық патияларды орта жіктегі қызметкерлер, зиялы қауым, ұсақ кәсіпкерлер және т.б. қолдайтын. аграрлық партия шаруаларға сүйенетін. Консервативтік партилар ірі меншік иелерін, шаруалар мен орта буындылардың бір бөлігін тірек ететін. XXғ. ортасынан бастап жағдай өзгерді. Ірі партиялар сайлауда халықтың әр түрлі топтарының даусын жинады. Демек, солардың мүддесін де көздейді.




Партиялардың пайда болуы, қалыптасу эволюциясы

Тарихқа белгілі алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грецияда пайда болды. Олардың мүшелері аз, тұрақтылығы шамалы, жөнді ұйымдаспаған шағын топтар болатын. Олар, негізінен, құл иеленушілердің әр түрлі ағымдарының мүдделерін қорғады. Мұндай партиялар феодалдық қоғамда да болады. Бірақ шексіз әкімшілік билеген дәуірде олардың айтарлықтай маңызы болмады. Еңбекші топтар болса экономикалық бытыраңқылық пен рухани езгінің астында еді. Сондықтан олардың саяси партиялар құруға мүмкіндіктері жоқ болатын. Олардың мүддесін ара-тұра билеуші топтың алдыңғы қатарлы мүшелері қорғады.

Қазіргі біздің түсінігіміздегідей саяси партиялар Еуропада XIX ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастады. Бұған сол кезде болған буржуазиялық революциялар тікелей ықпал етті. Мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу түрі және жүзеге асырылу ретінде парламенттер мен парламентаризм дүниеге келді. Жалпыға бірдей сайлау құқығының енгізілуі бұқара халықтың саясатқа қатысу аясын одан әрі кеңейте түсті. Жұмысшы тобының ұйымшылдығы күшейді. Олар парламентте өз мүдделерін қорғайтын көпшілік партияларда құра бастады. Саясатқа көптеген адамдар қосылып, әлеуметтік қайшылықтар шиеленіседі. Осыған байланысты саяси партиялардың рөлі одан әрі өсті. Олар саясаттың негізгі субъектісіне айналды.

Бірақ саяси партиялар бірден көпшілік партия бола қалған жоқ. Оның ұзақ тарихы бар. Мысалы, немістің көрнекті саясаттанушы Макс Вебер саяси партиялардың дамуында мынадай кезеңдерді атап көрсетті:

1) аристократиялық үйірмелер;

2) саяси клубтар;

3) көпшілік партиялар.

Саяси клубтардың аристократиялық үйірмелерден ерекшелігі – олар ең алдымен буржуазияның мүддесін білдірді. Олардың тұрақты идеологиялық байланыстары мен ұйымы болды. Мұның бәрі оларға қоғамдық жұмысты кең өрістетуіне мүмкіндік туғызды.

Ал көпшілік партиялардың саяси клубтардан ерекшелігі – олар жұмысын тек сайлау кезінде ғана емес, сонымен қатар әдеттегі, дағдылы уақытта да көпшілікке ықпал етуге тырысты. өз қатарына барынша көбірек адамдарды тартты. өздерінің үгіт-насихат жұмысында саяси ағартушылық, үгіт, тәрбие, мәдени қызмет т.с.с. саяси әсер етудің бай мүмкіндіктерін пайдаланды.

Дегенмен, көрсетілген үш кезеңді толығымен Ұлыбританияның екі партиясы ғана басынан кешірді. Олар либералдық (виги) және консервативтік (тори) партиялары. Ал қазір өмір сүріп отырған партияларының көбінің даму жолы қысқа. Олардың біразы бірден көпшілік партия болып қалыптасты.

Бірінші саяси көпшілік партия болып 1861 жылы Англияда либералдық партия құрылды. Сонымен қатар мұндай партиялардың дамуына жұмысшы қозғалысы да зор әсер етті. Жұмысшылардың өзіндік жарғысы, кең тараған жергілікті ұйымдары бар, жазба түрде мүшелік жарна төлейтін, мерзімімен съездер өткізетін партиялары ұйымдасады. Бірінші көпшілік жұмысшы партиясы болып 1863 жылы Жалпы Германияның Жұмысшы Одағы (Ф.Лассальдың басшылығымен) құрылды. XIXғ. аяғына қарай Батыс Еуропа елдерінде түгелге жақын көпшілік партиялар пайда болды. Мұндай партиялар басқа континенттерде де құрыла бастады.

Тәуелсіздік жолындағы (1775-1783жж.) болған соғыстан кейін ХVІІІ ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдардың басында АҚШ-та федералшылар және республикашылар партиялары өмірге келді. Бұдан кейінірек бұқаралық саяси партиялар ХІХ ғасырдың екінші жартысында Европада құрыла бастады. 1831 жылы Ұлыбританияда құрылған либералдық (Реформ клаб-виги) партия - тұңғыш бұқаралық саяси партия болды. 1847жылы косервативтік (Карлтон клаб-тори) партия, 1832 жылы Италияда республикалық, 1847жылы Швейцарияда - радикалды – демократиялық партия құрылды. Сонымен қатар мұндай партиялардың дамуына жұмысшы қозғалысы да зор әсер етті. Жұмысшылардың өзіндік жарғысы, кең тараған жергілікті ұйымдары бар, жазба түрде мүшелік жарна төлейтін, мерзімімен съездер өткізетін партиялары ұйымдасады. Бірінші көпшілік жұмысшы партиясы болып 1863 жылы Жалпы Германияның Жұмысшы Одағы (Ф.Лассальдың басшылығымен) құрылды. 1854 жылы Канадада прогресшіл – консервативтік партиялар өмірге келген еді. ХІХғасырдың соңына қарай Батыс Европа елдерінің көпшілігінде бұқаралық (негізінен социал-демократиялық) партиялар құрылды.

Қазіргі кезде саяси партияларға қоғамды ұйымдастырудың саяси түрі ретінде оның қалыптасу эволюциясына, дүние жүзілік тәжірибесіне көңіл аударудың маңызы зор және оған қажеттілік туып отыр.

Себебі, саяси партия өзінің үш-төрт ғасырлық өміріне қарамастан адамзат өркениетінің ең негізгі жетістіктерінің бірі болып есептелетін институт. Екіншіден, кез келген қоғамда қоғамдық өмірінің негізгі жақтарының бірі-саясат. Ал саясат-мемлекеттік билік мәселесі бойынша әр түрлі қоғамдық күштер өзара қарым-қатынас жасайтын орталық. Ол қоғамдық күштер міндетті түрде белгілі бір топтың, таптың мүддесін қорғап отырады да, сонымен бірге, олар саяси қатынастың алғашқы қатысушылары болып есептеледі. Сол әлеуметтік мүдденің ортақ болуынан пайда болған қоғамдық күштер ең алдымен өздерінің ұйымын құрады, ол ұйымдар көп жағдайда саяси партия болып құралады.

Саяси партияның пайда болып қалыптасуы, қоғамның тапқа бөлініп күресінің өріс алуына, әсіресе саяси өкімет үшін таластың шиеленісуіне байланысты. «Таптардың бөлінуіне негізделген қоғамда бір-біріне жау таптардың арасындағы күрес өзінің белгілі бір даму деңгейінде сөзсіз күреске айналады. Таптардың саяси күресінің ең тұтасталған, толыққан және қалыптасқан көрінісі-партиялардың күресі болып табылады»-деген болатын Ленин. Сонымен саяси партияның өмірге келуі таптың саналы өкілдерінің таптық міндетті танып білуінен және белгілі бір идеология, саяси бағдарлама түрінде көрініс табуынан көрінеді.
2 Тақырып. Саяси партиялардың және партиялық жүйенің түрлері
Жоспар:

1) Партияның жіктелуі, түрлері;

2) Партиялық жүйенің түрлері.
Партияның жіктелуі

Саяси партияларды жіктеп, жүйелеудің көптеген белгілері мен өлшемдері бар. Мысалы, институциондық тәсіл партияларды топтастырғанда ұйымдастыру ерекшелігін басшылыққа алады, либералдық дәстүр идеологиялық байланыстардың сипатына басты назар аударады, марксистер болса таптық белгілеріне айрықша мән береді.

Бұл мәселені терең зерттеген саясаттанушылардың бірі француз ғалымы М.Дюверже XX ғасырдың 50 жылдарында сайлаушылар мен белсенділер қатарына байланысты партияларды кадрлық және бұқаралық деп екіге бөледі (оларды ұйымдық қалыптасқан және ұйымдық қалыптаспаған деп те атайды).



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет